Өздік етісте қимыл іс-әрекеттің орындаушысына (иесіне), субъектіге қарай бағытталып, сабақты етістікке -ын/-ін қосымшасы қосылып жасалады: ки – ки-ін-ді, көр (дәрігерге) – көр-ін-ді, шеш – шеш-ін-ді, тара – тара-н-ды, сұра – сұра-н-ды, сүрт – сүрт-ін-ді т.б. Осы мысалдан көрінетіндей, біріншіден, қимыл, іс-әрекет іс иесі субъектіге қарай бағытталады, сөйтіп, субъекті әрі тура объекті мәнінде қызмет атқарады [78, 509-б.].
S1
Ол өзіне-өзі субъекті әрі тура объекті мәнінде қызмет атқарады. Мысалы: Ақ шәйнек, сары самауырын тұрса қайнап, Отырса қыз, бозбала күліп-ойнап, Киінген қызғалдақтай қыз, келіншек, Сапырса сары қымыз құлан ойнақ (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Жуынды ақ білегін жең сыбанып, Тарқатты қара шашын шолпыны алып. Көпіртіп жұпар сабын бұрқыратып, Жуынды саумал суға мойнын керіп. Аққудай көлде жүзген, жүз толғанған (Ә.Найманбаев, Шығ.).
Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып, тек сабақты етістіктерден -ыл/ -іл қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын/-ін қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін атаймыз [78, 509-б.].
Мысалы: Ағынан ақтарылып сыр айтылды, Екі достың арасында жыр айтылды; Сенімі серік болды бір-біріне, Жүздерінде туысқандық шырай тұрды (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды болды («Қазақ»).
С.Исаев өздік етіс пен ырықсыз етістің ұқсастықтары мен өзгешеліктерін былайша көрсетеді: «Ұқсастығы: 1) қосымшалардың кейде бірдей болып келетіні, кейде өздік я ырықсыз етіс екені контекспен ғана байқалады, сөйтіп, бір-бірімен омоформа да жасайды: ол дәрігерге көрінді және алыстан бір қара көрінді; 2) екеуі де сабақты етістікті салт етістікке айналдырады. Негізгі айырмашылығы: олардың білдіретін семантикасында: өздік етісте логикалық (іс иесі) субъект-грамматикалық субъект (бастауыш) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объект болады» [34, 180-б.].
Ырықсыз етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі айтылмайды, яғни ол сөйлемде қимыл иесінің кім екені белгісіз болады. Былайша айтқанда, бастауыш қызметінде жұмсалған қимыл иесі өзі қимыл-әрекет істемейді, керісінше, ол басқа біреудің қимыл-әрекетінің объектісі болады. Ы.Маманов ырықсыз етіс те, өздік етіс те сабақты етістен жасалатынын айта келіп, өздік етіс тұлғасындағы салт етістіктер актив етістіктер, ырықсыз етіс тұлғасындағы етістіктер пассив етістіктер болатынын ескертеді. Ғалым етістік тұлғасының өздік немесе ырықсыз екендігі сол сөздің мағынасына, яғни актив пен пассив болып қолданылуына байланысты аңғарылатынын, кейде контекске (мәнмәтінге) байланысты білінетінін айта келіп: «Алыну, тырмалану, сулану, маялану етістіктері өзінің табиғатына, ішкі мағынасына байланысты өздік етіс бола алмайды. Бұлар – пассив қимылды білдіретін ырықсыз етістер. Ал тазалану, майлану, әдемілену сияқты етістіктер өздік етіс те, ырықсыз етіс те бола алады. Бұлардың қай етіске жататындығы контекске байланысты аңғарылады», – дейді [76, 39-б.].
Ғалым өздік етіс пен ырықсыз етіс тұлғасындағы етістіктердің бірінші қасиетін грамматикамен байланыстырып, екінші қасиеті сол грамматикалық формамен байланысты туатын ішкі семантикасы болатынын (өздік, ырықсыздық) ескертеді: «Өздік, ырықсыз етіс жұрнақтарының басты қызметі – сабақты етістікті салт етістікке айналдыру деп қараған жөн. Ал оның өздік, ырықсыздық мағынасы сол салт етістік формасынан шығатын логикалық мағынасы екінші орында қаралады» [76, 44-б.].
Біздің ойымызша, салт, сабақтылықты орыс тілінің үлгісімен переходность/непереходность категориясына байланысты сөз етпей, дербес етіс түрі ретінде арнайы қарастыру керек. Сондықтан өздік және ырықсыз етістердің негізгі мәнін етістерді салт-сабақты етістікке айналдыру қызметімен шектеуге болмайды.
Бүгінгі таңда тілімізде ырықсыз етіс тұлғаларының орнына сабақты етіс тұлғасының қолданылып келе жатқан тұстары кездеседі. Бұл туды және туылды сөздеріне байланысты. Академик Р.Сыздық морфология нормасы бойынша, бұл сөз ырықсыз етіс тұлғасында (туылды) деп айтылуы керектігін, алайда тілде узустық норма, яғни нормадан ауытқып қолданылып кеткен тұлғалар аз кездеспейтінін ескерте келіп: «Атты ерттеді (ер салу) дегенді қазақ тілінің морфологиялық нормасына салсақ, атты ерледі деуіміз керек, өйткені атқа салатын ер сөзінен қимыл есімін жасау үшін -ле жұрнағы жалғанып, ерледі болуы керек (түбірдің соңғы дыбысы үнсіз р дыбысы болғандықтан, оған жалғанатын қосымшалар не ұяң не үнді дыбыстан басталуы керек: ер+дің, ер+ге, ер+ле. Немесе қой қоздады дейміз, ал грамматикалық норма бойынша қой қозылады болуы керек. Мұндай қолданыстар – узустық көріністер: бала туылды дегеннің орнына бала туды (менің тұңғышым былтыр туды деген сияқты). Ал туған (дүниеге келген баланың (адамның) өзі емес, оны дүние келтірген анасы жайында әңгіме болса, көбінесе бұл сөйлемде толықтауыш (әйел бала туды, тұңғышын туды) қоса айтылады. Сондықтан өмірден озған тарихи тұлғаларды әңгімелегенде, олардың туған-өлген (туылған-өлген емес) жылдарын мынадай деп сөз қозғаймыз. Туу етістігінің осындай екі түрлі қызметпен келетініне қарай туған әке (туылған әке емес), туған-туысқан (туылған-туысқан емес), туған жер (жердің өзі туып тұр деген сөз емес) дейміз... Оңтүстік өлкелерде жиірек қолданылатындығына қарамастан, грамматикалық нормасына сай келмейтіндігіне қарамастан, адамның дүниеге келуін туылды деп айтпай, туды деген тұлғаны әдеби норма деп тану керек», – деп жазады [176].
Достарыңызбен бөлісу: |