Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші бір субъекті (ол екінші субъекті қимылды, іс-әрекетті тікелей орындап, іске асырушы субъекті агенс деп аталады) арқылы істелінетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі бір қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып табылады. Демек, өзгелік етісте қимылды, әрекетті іске асырушы субъекті бір емес, екеу болады: бірі – іс-әрекетті, қимылды орындатушыие, сөйлемде ол грамматикалық бастауыш қызметінде болады, яғни бұл логикалық субъекті әрі грамматикалық субъекті болады, екіншісі, іс-әрекетті, қимылды тікелей орындаушы субъекті (агенс). Ол сөйлемде берілмеуі де мүмкін, берілсе, барыс септік тұлғасында тұрып, ол сөз сөйлемде жанама толықтауыш қызметін атқарады. Бұл – бір. Екіншіден, өзгелік етіс тек сабақты етістікпен жасалады, сабақты етістікке өзгелік етіс қосымшасы үстелгенде, ол баяндауыш болып тұрған сөйлемде тек іс-әрекет, қимылды тікелей атқарушы барыс септіктегі екінші субъект (агенс) қана пайда болады, баяндауыш сабақты етістікті сөйлемде іс-әрекетті орындатушы субъект пен объект өзгелік етіс қосымшасы қосылмай тұрғанның өзінде бар болатын [77, 510-б.].
Қазақ тілінің ғылыми бейнесін қалыптастыруға атсалысқан ғалымдардың еңбектерін сараптай келе, Қ.Кемеңгерұлы мен Қ.Жұбанов беделді (өзгелік) етістің өзіндік ерекшелігін түсінгенін көреміз. Ғалымдар -т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтары салт етіске жалғанса, беделді етіс емес, сабақты етіс жасалатынын, ал беделді етіс болуы үшін аталған қосымшалар сабақты етістіктерге жалғануы керектігін айтады. Сонымен қатар Қ.Кемеңгерұлы беделді етіс болу үшін тура толықтауышпен қатар жанама толықтауыштың да болуы шарт екенін ескертеді. Ғалым сындыр, отырғыз сияқты сабақты етістер мен сындырт, жүргіздір, қаздыр, сұрат секілді беделді етістерді салыстыра отырып, көрсеткіштері бір болғанмен, олар түрлі етіске жататынын айтады. Сонда, Қ.Кемеңгерұлының түсіндіруінше, тура толықтауышты ғана қажет ететін, салт етістерге -т, -тыр, -қыз, -р жұрнақтары жалғану арқылы жасалған етіс түрі – сабақты етіс те, сабақты етіске (негізгі, туынды) аталған қосымшалар үстеліп, сөйлемде тура толықтауышпен (прямое дополнение – Қ.К.) қатар барыс септікті жанама толықтауыштың (косвенное дополнение – Қ.К.) да болуын қажет ететін етіс түрі беделді етіс болуы керек.
Ғалым тұжырымдары кейін Ы.Маманов еңбектерінде сабақтастық тапқан. Зерттеуші өзгелік етісті субъектінің қимылы объектіге тікелей емес, екінші біреу арқылы бағытталатынын білдіретін сабақты етістіктің грамматикалық формасы ретінде сипаттай келіп, қимыл иесі бір істі тікелей өзі істемей, екінші біреуге істетіндігін көрсететінін айтады. Ы.Маманов өзгелік етіске былайша анықтама береді: «Өзгелік етістің анықтамасы: қимылдың түп иесі атау септігінде, бастауыш қызметінде жұмсалады да, қимылды тікелей орындаушы барыс септігінде жанама толықтауыш қызметін атқарады... Сөйтіп, өзгелік етістік болу үшін, ол сөйлемде барыс септігіндегі жанама толықтауыш қызметіндегі агенсті керек етеді. Агенс сөйлемде айтылуы да, айтылмауы да мүмкін. Салт етістіктен өзгелік етіс жұрнағы арқылы жасалған сабақты етістіктер агенсті керек етпейді. Салт етістіктен сабақты етістікке айналған етістік тұлғасын өзгелік етіске айналдыру үшін оның үстіне тағы да өзгелік етс жұрнақтарының біреуі жалғануы шарт» [76, 42-б.]. Өзгелік етістің сабақты етістен ғана жасалатыны туралы С.Исаев та атап көрсеткен болатын: «Өзгелік етіс қосымшасы салт етістікке жалғанғанда, салт етістіктен бірден өзгелік етіс тудырмайды, тек салт етістікті сабақты етіскке айналдырады, енді осы сабақты етістікке екінші рет етіс қосымшасы жалғанғанда барып өзгелік етіс жасалады [34, 181-б.]. Ғалым өзгелік етістің өзіндік ерекшелігін толық түсініп, оны былайша сипаттайды: «Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші субъекті (ол екінші субъекті, қимылды, іс-әрекетті тікелей орындап, іске асырушы субъекті агенс деп аталады) арқылы істелетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып табылады. Демек, өзгелік етісте қимылды, әрекетті іске асырушы субъекті бір емес, екеу болады: бірі – іс-әрекетті, қимылды орындатушы иесі, сөйлемде ол грамматикалық бастауыш қазметінде болады, яғни бұл логикалық субъекті әрі грамматикалық субъекті болады, екіншісі, іс-әрекетті, қимылды тікелей орындаушы субъекті (агенс) ол сөйлемде берілмеуі де мүмкін, берілсе, барыс септік тұлғасында тұрып, ол сөз сөйлемде жанама толықтауыш қызметін атқарады. Бұл – бір. Екіншіден, өзгелік етіс тек сабақты етістіктен жасалады, сабақты етістікке өзгелік етіс қосымшасы үстелгенде, ол баяндауыш болып тұрған сөйлемде тек іс-әрекет, қимылды тікелей атқарушы барыс септіктегі екінші субъект (агенс) ғана пайда болады, баяндауыш сабақты етістікті сөйлемде іс-әрекетті орындатушы субъекті мен объекті өзгелік етіс қосымшасы қосылмай тұрғанның өзінде бар болатын» [34, 181-б.].
Өзгелік етісті схема түрінде былайша беруге болады:
S1 S2 O
Яғни мұнда іс-әрекетке екі субъект те қатысады: оның бірі – тура толықтауыш тұлғалы субъект, екіншісі – барыс септіктегі жанама толықтауыш тұлғалы субъект. Бірінші субъект (S1) екінші субъектінің (S2) істі орындауына түрткі болады, қозғау салады. Мысалы: Астыма жорға мінгізді. Үстіме торқа кигізді, Оқытып білім білгізді, Қызық дәурен сүргізді. Ақ тұйғын беріп қолыма, Көлінен аққу ілгізді. Бай мен ханның баласы Бәрімен бірге жүргізді (Бақтыбай ақын, Жел қобыз). Ақтөбенің ақтарысына баратын түйекеш-керуендер ертең таң сәріден жүрмек. Соған дейін керуенге қосатын түйені жеткізіп, жазы салып, ноқта кигізіп даярлау керек (Ө.Тұрманжанов, Адам.). Мұнда қимыл-әрекетке қатысушылар өзара тәуелді, бағынышты деңгейде болады. Ол бағыныштылық әлеуметтік немесе жас ерекшелігіне байланысты болуы да мүмкін: Ақ тілек үстінде отырғанда қалыңдығымызға қисық-қыңыр өлең айтқызып, бұл қай басынғандарың? – деді Мамырбай (С.Омаров, Қайырлы.). Жасы үлкен адамға немесе қызмет, шені үлкен адамға белгілі бір іс-әрекетті мәжбүрлеп істету, орындату мүмкін емес. Сондықтан мұнда бірінші субъекті мен екінші субъектінің арасындағы қатынас бағыныштылық қатынасқа негізделген.
З.К.Дербишева қырғыз тілінің материалдарын негізге ала отырып, түркі тілдеріндегі өзгелік етіс мәнінің қалыптасуы туралы былай дейді: «Для грамматической системы тюркских языков особо значимой является категория каузативности. Иначе она называется категорией понудительности, которая пронизывает всю глагольную систему тюркских языков. Семантика этой категории состоит в том, что с помощью специальных грамматических аффиксов выражается значение принуждения осуществить то или иное действие: жаздыр, тургуз, иштет, ичир, ойнот, байлат, уктат и т.д. Эта категория представляет специфику грамматического строя тюркских языков. Нам представляется, что и здесь напрашивается экстралингвистическая мотивация, связанная, с одной стороны, с политической системой, существовавшей у многих тюркских народов, живших несколько тысячелетий в условиях военных государственных образований, с жесткой системой принуждения, и с другой стороны, многовековая традиция возрастной иерархии, связанная с почитанием старших, выражающимся в беспрекословном им подчинении. В этой иерархии взаимоотношений воля старшего по чину или по возрасту передается через посредника третьему лицу. Укоренившись в менталитете тюркского человека, такой стиль отношений не мог не найти отражения в языковой системе. Так, в кыргызском языке почти каждый глагол уточняется с точки зрения каузативности» [65].
Достарыңызбен бөлісу: |