Ортақ етіс қимыл, іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъекті арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс/-іс қосымшасы арқылы жасалады. Біріншіден, ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей емес те болуы мүмкін (субъект көптік тұлғадағы бір зат атауы, немесе бірыңғай бастауыштар, немесе біреуі грамматикалық субъект те, екіншісі грамматикалық жанама объекті болуы мүмкін т.б. (ҚТГ, 174-175), екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғанып, ортақ етіс жасай береді: олар хат жаз-ыс-ып тұрады [77, 511-б.].
Ортақ етісті схема түрінде былайша беруге болады:
Мұнда іс-әрекетке қатысушы субъектілер өзара тең дәрежеде (қызметі, лауазымы, жасы т.с.с.) болуы мүмкін немесе жасы үлкен адам іш тарту, жақын тарту мақсатымен ортақ етіс қосымшаларын мақсатты түрде қолдануы мүмкін. Мысалы: Байқамас оны ешкім жақындаспай, Істес боп ой сынасып, ақылдаспай. Бөшкеде не зат барын білеміз бе, Қақпағын я бір жерін тесіп ашпай? (А.Байтұрсынов, Шығ.). Мәселені ақылдасудың, талқылаудың, кеңесу мен дәйектеудің, келісудің, шешім қабылдаудың өркениетті тәсілдерін білу – кәсіби парыз («Егемен Қазақстан»). Ақылдассаң – шешерсің, Ақылдаспасаң – кем кесерсің (Мақал-мәтел).
Ортақ етіс формаларының бір немесе бірнеше субъектіге қатысты қолданылатынын айта келіп, Ы.Маманов: «Ортақ етіс формасы етістікке тән грамматикалық формалармен өзгергенде, қимылдың бірнеше субъектіге ортақ қатыста екендігін көрсетеді. Ортақ етіс етіс формасы баяндауыш қызметінде жұмсалса, оның бастауышы адам не басқа жанды заттың ұғымын білдіретін зат есім болады. Өйткені өзі қимыл-әрекет істей алатын заттар ғана бір қимылға ортақ бола алады... Ортақ етіс формасы есім сөздер сияқты тәуелдік, септік және көптік категорияларымен өзгеріп, бір ғана субъектіге қатысты қимылды білдіреді. Яғни етістік формаларындағы тәрізді бірнеше субъектіге қатысты ортақтық мағына білдірмейді», – деп жазады [76, 48-б.].
Ғалым ортақ етіс тұлғасындағы етістіктің субъектілермен қатысы мәнмәтінге байланысты әртүрлі мағынада болатынын көрсетеді:
Субъектілердің бір-бірімен қарама-қарсылық іс-әрекеттерін білдіреді. Мысалы: қамшыласу, сүзісу, тебісу т.б.
Қимыл иелерінің бірі қимылға түп ие болады да, екіншісі оған көмекші болып келеді. Мұндай мағына білдіретін ортақ етіс тұлғасы сабақты етістіктен жасалады. Үй салысу, құдық қазысу, шөп шабысу, малын бағысу т.т. Елтай каникул кезінде ағасына көмектесті, бақшасын шөптесті, сарайының төбесін жабысты.
Салт етістік түбірінен болған ортақ етіс тұлғасы қимыл иесінің көптігін білдіреді. Мұнда қимыл иелерінің қарама-қарсылық немесе біріне-бірі көмектесу мағынасын білдірмейді. Отырысу, шуласу, гуілдесу, мұңайысу, қуанысу, қозғалысу т.б. Жолаушылар түс ауа орындарынан қозғалысып, аттарына міністі (Ғ. Мұстафин) [76, 48-б.].
Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде етіс тұлғаларының етіс тұлғасына қатысы, қай етіс тұлғасында қолданылып тұрғаны тұрғысынан сипатталған:
ҮРЛЕ е т. Екі ұртты желге толтырып, ауыздан қайта-қайта дем шығару, дүркін-дүркін үру. Бәзіл орнынан тұрды да май шамды ү р л е п өшіріп тастады (Б. Соқпақбаев, Бастан кеш.). Мақтанбасаң қуанышың өледі Үрлемесең оттың өзі сөнеді. Жыр тұрғанда дабыл қағып жер жүзін Аяғынан тік тұрғызғың келеді. (Қ.Мырзалиев. Қорамсақ.). Көк ала түтіні көз ашытып бықсып жатқан отты бірнешеуі жата қалып үрледі. (Ә.Нұрпейісов. Сең.). Ол түтін мен жұпар иісі аңқыған ыстық шәйді темір күрішкеден ү р л е й сораптап ұзақ отырды (А.Нұрманов, Құлан.).
ҮРЛЕН ы р. е т і с. Үрле-н. Сау өкпе дем алғанда көріктей ү р л е н і п, дем шығарғанда семіп отырады (Е. Оразақов, Қайта.). Ол жел ү р л е н г е н резеңке дөңгелегін қыстырып, әлгіндегі Бәтимаша секіре адымдап суға кірді (М. Сқақбаев, Сұлутөр.). Енді біраздан соң оттегі ү р л е н і п, от жағылады, сонда бірсыпырасы осында жиналар. (Ш.Есмұрзаев. Мәртебе.).
ҮРЛЕС о р т. е т і с. Үрле-с. Жарқын оймен жүрем ылғи түн кешіп, Біреулердің жоғын бірге іздесіп, Қой қайырып, ит айтақтап қысы-жаз, Шопандардың қоламтасын ү р л е с і п (Ж. Кәрбозин, Бір шоқ.).
ҮРЛЕТ ө з г. е т і с. Үрле-т. Сырқат адам 1-2 жыл бойы әрбір жеті, он күн сайын плеврааралық қуысқа жел ү р л ет і п жүреді (М. Сисекенов, Өкпе ауру.). Туберкулез ауруларының арасында өкпесін ү р л е т і п жүргендер де болады (Бұл да).
Бұл орайда сөздіктің тілі мамандарға ғана емес, қалың көпшілікке арналатынын, сөздікпен танысып отырған кез келген адамның етіс тұлғаларын айыра бермейтінін, яғни лингвистикалық білімі бола бермейтінін ескеру қажет деп ойлаймыз. Сондықтан етістіктің түбір тұлғасында жоқ, етіс тұлғасында ғана кездесетін мәндерді анықтауда соңғы тәсілдің берері мол. Бұл тұрғыдан соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде жарыққа шығып жатқан (зерттеу жұмысының авторы да құрастырушы, жауапты шығарушы ретінде қатысып жүр) «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» етіс тұлғаларының мәнін көрсетуде бірқатар оң қадамдар жасалып жатқанын атап өткіміз келеді. Мұнда етіс тұлғаларының мағыналары нақты айқындалып, мәнмәтінімен қоса берілген:
Достарыңызбен бөлісу: |