Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет51/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   85
Жұбаева монография

Сабақты етіс тұлғалары мен сол арқылы актив қолданысқа түсетін «белсенділік» мәні арқылы жоғарыдағы факторлардың көмегімен грамматикалық және лексика-грамматикалық сипаты бар төмендегі мәндер түзіледі:
нысанды (объектілік) белсенділік бастауыш қызметіндегі субъектінің іс-әрекеті белгілі бір нысанға бағытталғанын білдіреді. Бұл мән сабақты етістің көмегімен түзіледі. Бұл тұлғалар морфологиялық жолмен берілетін етіс концептін актив қолданысқа түсіре отырып, оның мазмұнындағы «белсенділік» мәнін актуалдандырады. Морфологиялық репрезентацияда бұл жалпылама мән синтаксистік және семантикалық сияқты қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен нақтылана түседі. Синтаксистік фактор тура толықтауыштық және жанама толықтауыштық құрылымдарды қажет етеді. Семантикалық фактор бұл мәнді беруде тура толықтауыштық немесе жанама толықтауыштық қатынастағы етістіктерді талап етеді. Мысалы: Жасауын жайнатып жиып, кілем, көрпе, төсеген, оюлы ақ отауға әкеп кіргізеді. Құрулы шымылдық ішіне бықырлаған қыз-келіншектердің ортасына Ақбілек отырады. «Келінді көреміз» деп үлкен қатындар келгенде, Ақбілек сызылып түрегеледі (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Жазы-қысы төртті-бесті қарасын өзі айналдырып, қаласына да өзі шығады, қорасының жыртық-тесігін өзі бүтіндейді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Сөзі тік, мінезі дөйіт осы әйелді қашан, қалай ұнатқанын да білмейді (Ә.Кекілбайұлы. Ақырғы аялдама). Кей жағдайда бір етістік әрі тура толықтауыштық, әрі жанама толықтауыштық қатынаста қолданылады. Мысалы: Айналайын Тарланым, Сен құлында емдің, тайда емдің, Құнан жаста арда емдің… Бес жасыңа келгенде, Белдің қызығын көрсін деп, Бес бедеуге салдырдым. Алты жаста ақтаттым, Аттай мұрның тонаттым, Алшақтатып ойнаттым, Арпа-бидай асаттым (Батырлар жыры).
трансформативті қатынас: субъект нысанның орнын не күйін өзгертеді. Ол үшін қозғалыс мәнді (трансформативті семантикалы) етістіктер қолданылады: Мен байқаймын ғой. Менен бойын қашықтата береді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Сескеніп ғашық үшін жүрек қайтпас, Магниті сұлу қыздың күшті емес пе, Жігітті көңілі сүйген қайтіп тартпас, Астынан ақ тамақтың деміңді алсаң, Мойныңнан ақ білекті қайтіп артпас?! (М.Дулатов, Шығ.).
Адресативті қатынас: субъект нысанға бағытталады. Бұл жағдайда сөйлеу етістіктері қолданылады. Мысалы: Ақбалаға жауап қайырдым: сөзіңізді дұрыс көрдім. Бірақ ақылдасатын кісім бар еді. Аз күннен соң ақтық жауабымды айтармын. Шыдаңыз. Ренжімеңіз, – дедім (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Ей, Ардақ! Ат қайда Ақбақайдай ақсай желген?! Қыз қайда Ардақжандай көзі күлген?! Алыстан әдейі іздеп келгенімде, Айттырмай ішкі сырды өзі білген (Ә.Найманбаев, Шығ.). Жапырақты жаз, Жаңбырлы жаз, Бұлбұл жаз. Ақ жаныңмен айттың маған құрбым наз (С.Мәуленов, Рауан).
Перцептивті қатынас: субъект нысанды сезім мүшелері арқылы қабылдайды, ол үшін перцепция етістіктері қолданылады. Мысалы: Ұлық пен төреге ақ етек, ишан боп монтиюын қарашы (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер.). Басында жіңішке жиек ақ пике панамы, аяғында еркек өкшелеу ақ брезент, башмақ, үстінде ақ кенеп пәлте, бойына киімі құйып қойғандай, ақ құба, қара көз әйел палубаның шарбағына сүйеніп, пристаньдағы жыбырлаған жұртқа көз салып тұр еді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Эмотивті қатынас: субъектінің нысанға қандай да бір сезімі бар, ол сезім етістіктері арқылы беріледі. Мысалы: Ақсақалдың өшті-қасты кісілерін қылға тізіп, он-он беске апарып, біреуі үй – деп, біреуі – бүй деп жорығанмен, байлаулы түйін шықпады. Өйткені біреу партиялықпен, біреу жекжаттықпен, біреу алымсағы, біреу берімсегі үшін, біреу ұрланған малы тимегені үшін, біреу қатыны кеткені үшін немесе қатынына, қызына барғаны үшін, ең болмаса тілі тигені үшін біреуді айыптап, біреуді қорғағаннан басқа, әркім өз есебін ойлап, бүйрегі бұрғаннан басқа, дәл жанашырлық қылып, әділ қағушы, әділ тексеруші жоқ болды (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Сонымен, сабақты етіске «белсенділік» сияқты жалпыланған морфологиялық мән негіз болған. Ол сабақты етіс тұлғалары арқылы актив қолданысқа түскен. Әрі қарай қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен мәндері нақтыланып, «қатынас» негізгі концептінің сипаты түзілген.
Тура толықтауышты ғана қажет ететін, салт етістерге -т, -тыр, -қыз, -р жұрнақтары жалғану арқылы жасалған етіс түрі – сабақты етіс те, сабақты етіске (негізгі, туынды) аталған қосымшалар үстеліп, сөйлемде тура толықтауышпен қатар барыс септікті жанама толықтауыштың да болуын қажет ететін етіс түрі өзгелік етіс болуы керек. Бұл орайда «Қазақ грамматикасында» С.Исаев етістіктің салттылық және сабақтылық сипаты оның жалпы грамматикалық семантикасына, яғни тура объективтіні қажет ету-етпеуіне байланысты екенін айта келіп: «Салттылық-сабақтылық мәнді көрсетерлік етістіктің арнайы грамматикалық (парадигмалық) формалары жоқ (ерекшелеген – біз, О.Ж.). Етіс жұрнақтарының көпшілігі салттылық-сабақтылық мәнмен, яғни өзгелік етіс сабақтылықпен, өздік етіс пен ырықсыз етіс салт етістікпен байланысты, бірақ бұл қасиет оның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші емес. Салттылық-сабақтылық мән етістіктің грамматикалық мағынасы арқылы түсініліп, сөйлеу процесінде тура толықтауышты (тура объектіні) меңгеру-меңгермеу сипаты негізінде көрінеді. Сөйтіп, бұл құбылыс етістіктің таза грамматикалық сипаты емес, әрі тікелей семантикалық, әрі синтаксистік-қатынастық қасиеттерінің көрінісі болып табылады. Сондықтан салттылық-сабақтылық сипатты (грамматикалық ерекшелікті) етістіктің лексика-грамматикалық категориясы деп таныған жөн», – дейді [77, 499-б.]. Бұл орайда бір нәрсені ескеру қажет: қазақ тілінде салт етістің арнайы көрсеткіштері болмағанмен, сабақты етістің көрсеткіштері бар: -т, -тыр, -қыз, -р. Алайда бұл көрсеткіштер өзгелік етіс қосымшаларымен ұқсас, омонимдес жұрнақтар болып табылады. Осындай тұлғалық ұқсастығына байланысты А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанұлы еңбектерінде етіс категориясы ретінде танылған салт, сабақты етістер 30-жылдардың аяғынан бастап оқулықтар мен грамматикаларда етіс қатарынан ығыстырыла бастайды. І.Кеңесбаев 1939 жылы жарық көрген «Қазақ тілі» атты оқулығында Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбановтардың үлгісімен етістің 6 түрін көрсетіп, салт, сабақты етістіктерді етіс ретінде танығанмен, кейінгі еңбектерінде етістің 4 түрін ғана атайды. 30-жылдардың аяғынан бастап, көрсеткіштері бірдей болғандықтан, сабақты етіс пен беделді (өзгелік) етіс біріктіріліп, салт, сабақты етістер етіске тән мағынасы мен қызметіне қарамастан, етіс аясынан алшақтатыла бастады. Бұл үрдіс 1957 жылы Уфада өткен етіс мәселесін қарастырған координациялық кеңесте де өріс алды. Бұл арада, сабақты етіс пен беделді (өзгелік) етістің басын біріктіру керек дегенде, аталған етістердің өзіндік ерекшеліктері ескерілмей қалып отыр. Біріншіден, сабақты етісте тура толықтауыш қана қатысады, ал өзгелік етісте тура толықтауышпен қатар барыс септігіндегі жанама толықтауыш та болуы шарт; екіншіден, сабақты етіс салт етістікке -т, -қыз, -тыр, -р сияқты қосымшалардың жалғануы арқылы жасалса, беделді (өзгелік) етіс осындай туынды сабақты етістіктерге немесе негізгі сабақты етістіктерге аталған жұрнақтардың үстелуінің нәтижесінде ғана жасалады. Осындай ерекшеліктеріне байланысты Ы.Маманов, С.Исаев еңбектерінде сабақты етістік пен өзгелік етісті біріктіру қисынсыз болатыны туралы айтылады. Ы.Маманов өткізу, түсіру, көбейту, көңілдендіру, пісіру – сабақты етістік, көріну, созылу, үзілу, жырылу, салыну, сүйіну етістіктерін салт етістіктерге жатқызып: «Салт және сабақты етістіктердің арнайы морфема арқылы жасалған тұлғасы олардың ауыспалы түрі болып табылады. Себебі арнайы морфемалар арқылы салт етістіктердің бір-біріне ауысуы етіс формаларымен ұштасып жатады. Яғни өздік және етістіктердің жұрнақтары сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфема қызметін атқарса, өзгелік етіс жұрнағы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфема болып табылады... Салт етістіктер екі түрде жұмсалады. Біріншісі, тура салт етістік бұған түбір етістік (негізгі түбір, туынды түбір, қос түбір, тіркесті түбір) күйінде түрып табыс септігін меңгермейтін етістіктер жатады. Олардың салт етістік мағынасын білдіретін арнайы грамматикалық көрсеткіші болмайды. Салттық мағына бұлардың өз бойында, яғни лексикалық мағынасында сақталады... Салт етістіктің екінші түрі – ауыспалы салт етістік. Бұл сабақты етістіктерге өздік және ырықсыз етіс жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы: көріну, басылу, көтерілу, зарлану т.б.», – деп жазады [76, 37-б.]. Сабақты етіс етіске тән өзіндік мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері болуына байланысты (-т, -тыр, -қыз, -р) етіс категориясынан өз орнын алуы керек. Ал сабақты етіс етіс ретінде танылатын болса, онымен оппозиция құрайтын, яғни тура толықтауышты (объектіні) керек етпейтін салт етіс те осы категория шеңберінде қарастырылуы қажет.
Ы.Маманов орыс топтарына қазақ тілін үйретуге арналған оқу құралында етіс түрлерін салт-сабақты етістіктерге қатысына қарай сипаттайды: «Сабақты етістік в казахском языке бывают лексические и каузативные. Лексические переходные глаголы – это основы глагола, а каузативные переходные глаголы образуются путем присоединение к основе непереходного глагола суффиксов: -дыр, -дір, -тыр, -тір, -ғыз, -гіз, -қыз, -кіз, -т. Например: Бала ұйықтады. – Мальчик уснул. Айша баланы ұйықтатты. – Айша усыпляла ребенка. Машина жүрді. – Машина завелась. Шофер машинаны жүргізді. – Шофер завел машину. Каузативные глаголы в казахском языке образуются от всех непереходных глаголов без исключения и обозначают действие, которое совершается от воздействия со стороны. Салт етістік обозначает действие, которое не переходит на объект и не имеет при себе прямого дополнения, выраженного винительным падежом. Салт етістіктер в казахском языке делятся на лексичекие и грамматические. Лексические непереходные глаголы – это основы глагола, без специального грамматического показателя. Например: жүру – ходить, жүргізу – бегать, ұйықтау – спать, қуану – радоваться и т.д. Грамматические непереходные глаголы образуются от основы переходного глагола с помощью суффиксов: -ын, -ін, -ыл, -іл. Они по значению соответсвуют в русском языке возвратному и страдательному залогами. Например: хат жазылды – письмо написано, кітап оқылды – книга прочитана, бала жуынды – мальчик умылся, Катя киінді – Катя оделась» [76, 320-б.].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет