ЖҮРЕК ҚАН-ТАМЫР ЖҮЙЕСІНІҢ АУРУЛАРЫ
5.5.1. Жүрек қан-тамыр жүйесінің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері
Балалық шақта жүрек-қан тамыр жүйесінде жүректің функциялық қабілетіне әсер ететін бірнеше анатомияллық ерекшеліктер бар.
Жүрек. Жаңа туған баланың жүрегі қатыстық үлкен болады, дене салмағының 0,8% болады. Екі жасқа дейін қарқынды жүрекшелері өседі, 10 жасынан бастап – қарыншалары. Жаңа туған бала жүрегі дөңгелекше келген, осы жағдай жүрекшелердің салыстырмалы үлкен көлемімен және қарыншалардың шала дамуымен түсіндіріледі. Көкеттің жоғары тұруынан жаңа туған және екі жасқа жетпеген балалардың жүреегі көлденен жатады, 2-3 жасқа таман - қиғаш жағдайда орналасады. Жаңа туған балада оң және сол жақ қарыншаларының қалыңдығы бірдей. Сол жақ қарыншаға соңынан салмақ көп түскеннен, сол қарыншаның қалыңдығы оң қарынша қалыңдығымен салыстырғанда едәуір үлкейеді. Бірінші айлардағы бала жүрегінің сол және оң жақтары бойынша қан тамырлар арасында байланыс сақталады: олар - жүрекшеаралық перде, артериялық өзек, кіші қанайналым шеңберінің атриовентрикулярлы анастомозы және т. б. Осыған байланысты қан, қысымы жоғары камерадан қысымы төмен камераға құйылады. Мысалы, өкпелік гипертензияда немесе тыныс тапшылық дамуында, өкпе артериясының және жүректің оң жақ бөлігінің қысымы үлкен қанайналым шеңберінің артериялары қысымынан жоғары болады да, қанның құйылу бағыты өзгереді (шунт оңнан солға), артериялық қан көк тамырлық қанмен араласады.
Қан тамырлары. Ерте жастағы балалар қан тамырларының кеңдігі бірдей кең болып келеді. Көк тамырлар саңлауы артериялар саңлауымен тең, ал 15-16 жасар баланың көк тамырлар саңлауы артериялар саңлауынан екі есе кең болады. Капиллярлары жақсы дамыған, ересектермен салыстырғанда олардың өткізгіштігі едәуір жоғары. Капиллярлар кеңдігі және молшылығы қанның тоқырауына (застой) бейімділік туғызады. Осыған байланысты бір жасқа дейінгі балаларда кейбір аурулар (өкпе қабынуы және остеомиелиттер) жиі кездеседі.
Балалардың артериялық пульсі ересектерден жиі болып келеді. Жаңа туған балалар пульсі жиілігі ең жоғары (120-140), 1 жаста - 110-120, 5 жаста - 100, 10 жаста - 90, 12-13 жаста - 70-80 минутасына. Бала жылағанда, айқайлағанда – пульс жиіленеді.
Артериялық қысым ересектерге қарағанда төмен. Ол сол жүрекшенің кішкене көлеміне, қан тамырлардың кеңдігіне, артериялар қабырғаларының иілімдігіне байланысты. Артериялық қысымды тек қолдарда ғана емес, аяқтарда да өлшеу мүмкін.
Жүректің үлкен көлеміне және қан тамырлар саңлауының кеңдігіне байланысты балалар қан айналымы ересектер қан айналымынан қолайлы жағдайда болады. Балалар жүрегінің жұмысқа қабілеттілігі ересектердің жүрегіне қарағанда жоғары болады.
|