1. ҰҢҒЫМАМЕН МҰНАЙГАЗ ӨНДІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ 1.1. Мұнай жəне газ кен орындарын игеру технологиясы жəне игеру кезеңдері Қазіргі таңда көптеген мұнай кен орындарын игеруде қабаттарға
жасанды əсер етуді қолдану маңызды болып табылады. Бұл жағдайда
қабаттың жұмыс тəртібі деген түсінік жер қыртысынан мұнайды өндіру
үрдісін(процесін) толығымен сипаттамайды. Мысалға, кейбір мұнай кен
орындарын игеру белгілі бір уақыт бойына қабатқа сұйық көмірқышқыл
газын айдап, сонан соң оны қабат бойымен ығыстыру үшін су айдауды
қолдану арқылы жүзеге асырылады. Əрине, мұндай жағдайда қабаттың
жұмыс тəртібі қолдан жасалған суарынды болады. Бірақ бұл мұнайды
өндіру үрдісін сипаттау үшін аз мəлімет болып табылады. Бұл жерде тек
қабаттың жұмыс тəртібін ғана ескермей оған қоса қабаттарды игеру
технологияларымен байланысты мұнайды қабаттардан өндіру механизмін
де ескерген жөн.
Кен орындарды игеруді жүзеге асыру үшін тек жүйені ғана негіздеп
таңдау емес, оған қоса игеру технологиясын да анықтап алған дұрыс
болады.
Мұнай кен орындарын игеру технологиясы – деп, мұнайды жер
қыртысынан өндіріп алу үшін қолданылатын əдістердің топтамасын
айтады. Жоғарыда келтірілген игеру жүйесі түсінігін анықтайтын
факторлардың бірі ретінде қабатқа əсер етудің болуы немесе болмауы
қарастырылады. Бұл факторға су айдау ұңғымаларының қазылу қажеттігі
тəуелді болып табылады. Ал мұнай кен орындарын игеру технологиясы
игеру жүйесіне кірмейді. Яғни сол немесе басқа игеру жүйелері кезінде əр
түрлі технологияларды қолдануға болады. Əдетте, кен орындарды жобалау
кезінде таңдап алынған игеру технологиясына қай игеру жүйесі барынша
тиімді болатынын жəне қандай игеру жүйесін қолданғанда берілген
көрсеткіштерді оңай алуға болатынын ескерген жөн.
Осыған байланысты, мұнай-газ өндіруші өнеркəсібінің қазіргі
жағдайын жəне дамуын бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. Əрқайсысы
өздігімен əрдайым өзгеру барысында, бұл бір жағынан - мұнай жəне газды
пайдалану масштабына байланысты болса, ал екінші жағынан – мұнай
жəне газды өдірудің күрделілігінде.
Мұнай кен орнын өндіру процесі негізінен төрт кезеңге бөлінеді.
Бірінші кезең барысында (сурет 1.1, I) мұнай өндіру өседі. Ол бұрғылау
жылдамдығына, жаңа ұңғымалардың іске қосылуына, кен орынды
орналастыруға жəне бұрғылау жəне өндірістік құрылыс басқармаларының
жұмыстары қарқындылығына байланысты болады.