Зерттеу тақырыбының өзектілігі.. Ұлттық әдебиеттану ғылымы бастау арнасын тереңнен алады. Оның өзіндік даму жолы, бел-белестері бар. Басқа да қоғамдық ғылымдар секілді қазақ әдебиеттануы да жеке ғылым саласы ретінде туып, қалыптасу жолын зерделеуге, әр кезеңдегі жетістіктері мен кемшіліктеріне баға беруге, қазіргі ахуалын бағамдауға ұмтылуда. Онсыз қандай да ғылым саласының өсіп-өркендемейтіні белгілі.
Ұлттық әдебиет туралы ғылым белгілі бір білімдер жиынтығы мен әдебиеттегі құбылыстарды танып-білу құралы ретінде өзінің ұғым-түсінігі, теориясы мен әдіснамасы қалыптасқан ғылым ретінде күрделі тарихи жолды басынан кешіре отырып, қазіргі кезге жетті.
Ұлттық әдебиеттану ғылымының бүгінгі жай-күйін, жетістіктері мен жетіспеушіліктерін, негізгі бағыт-бағдарын, он бес жылдық тарихын ғылыми саралау – бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелердің бірі екендігі айқын. Бұл қазақ әдебиеттануындағы жаңадан игеріліп, іздестіріліп жатқан тақырып, ендеше, бұл аталмыш тақырыптың өзектілігі, көкейкестілігі болып табылады.
Зерттеу нысаны. Қазақ әдебиеттану ғылымының тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінге дейін, яғни 1991-2006 жылдар аралығында жарық көрген зерттеу еңбектері мен монографиялар қарастырылды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ әдебиетінің азаттық, тәуелсіздік тағылымдарының тамыры тереңде екендігіне басты назар аударып және еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы он бес жылда аталған тақырыптың жаңа мазмұнға ие болғандығы белгілі. Жұмыста осы құбылысты әр қырынан ашу көзделген.
Жұмыстың басты мақсаты – тәуелсіздік тұсындағы әдебиеттану ғылымының негізгі бағыт-бағдарын айқындау. Қоғамның әр саласы бір-бірімен өте тығыз байланыста өмір сүреді. Олай болса, еліміздің ұлттық тәуелсіздігі әдебиеттануға әсер етпей қоймайтыны белгілі. Әсер етсе, ол қандай сипатта көрініс тапты, еліміздің тәуелсіздік алған соңғы он бес жыл төңірегінде қазақ әдебиеттану ғылымының негізгі ұстанымы қандай болды, негізгі өкілдері кімдер, ғылымның әдіснамалық негізі мен мәдени мұраға деген көзқарас қандай деген мәселелерді анықтау мақсатында мына міндеттерді орындаудың қажеттілігі туды:
қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына ден қою;
тәуелсіздік тұсындағы әдебиеттанудың әдіснамалық негізін айқындау;
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы маңызын саралау;
әдебиеттану ғылымына тәуелсіздік әкелген жаңалықтар мен өзгерістерге мән беру;
әдебиет тарихы, теориясы, сынына қатысты ізденістерді зерделеу;
соңғы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектерінің бағыты мен мәнін, ғылыми-теориялық, әдіснамалық сипатын зерделеу;
Достарыңызбен бөлісу: |