Әбдіреде жансыздай жатып қалам фразеологизмінің коннотациясында назар әбдіре сөзіне аударылады. Әбдіре – үй әбзелдерінің бірі. Әбдіреде күнделікті қолданыла бермейтін заттар, киімдер ұзақ уақыт сақталынатын болған. Ұлттық мәдениеттен көрініс беретін де – әбдіре лексемасы. Осы жерде ақын өзінің өнерін «тастауға қимай, әбдіреге салып, ұзақ уақыт пайдаланбай сақтап қойған» затқа балап, ассоциациялайды. Айта кететін жайт, фразеологизм бойындағы бейнелі-уәжді компонент мәдениет аясында интерпретацияланған кезде мәдени коннотацияны туғызады.
Ұлттық тіл семантикасында бекіген образдар жүйесі тілдегі мәдени ақпараттың негізі болмақ. Нәтижесінде мәдени кодтар мәдени ұлттық коннотация мазмұнын құрайды. Осындай мәдени коннотациялар Мәшһүр Жүсіп қолданысындағы фразеологизмдерде, олар қолданылатын мәтін мағынасына да қажетті мәдени сипат береді.
Демек, коннотацияның пайда болуына ұлттық-танымдық стереотиптер, ассоциациялар күшті негіз бола алады. Коннотациялар бағалаушы рөлінде келіп, әлем бейнесін құрайтын тілдің ұлттық ерекшелігін айқын байқатады.
Мәшһүр Жүсіп қолданысындағы кез келген фразеологизм құрамында мәдени коннотация бар және ол ұлттық мәдениет бейнесіне өз үлесін қосады.
«Фразеологиялық коннотацияның прагматика-стилистикалық аспектісі» деп аталатын екінші бөлімде фразеологизмдердің символдық және бағалағыштық коннотациясы, олардың стилистикалық амал-тәсілдер арқылы көріну жолдары анықталады.
2.1 Фразеологиялық коннотацияның стилистикалық сипаты
Фразеологизмдердің негізгі және орныққан, жүйеге енген қасиеттері – бейнелілік болуы немесе стилистикалық коннотация құрауы прагмастилистикалық мақсатқа сай үйлестірілуінде. Фразеологиялық тіркестер автордың ойын мәнерлі түрде жеткізу үшін жұмсалатын әсерлі, бейнелі сөздер жиынтығы. Фразеологизмдердің нормадан ауытқуының бәрі бірдей сәтсіз, теріс әрекет бола бермейді. Керісінше нормадан белгілі бір қарым-қатынастық мақсатта ауытқудың оқырманға тигізер ықпалы зор. Осы тұста Н.Уәлиев: «Белгілі бір мақсатты көздеп, нормадан ауытқуды прагматикалық ауытқу деп атаймыз»,-дейді [3, 108б].
Көркем әдебиетте фразеологизмдер көріктеуші бейнелі тәсіл, көркемдік нәр беру, эмоциялық уыттылық таныту үшін алынатыны әсерлі ой, сезімге бөленуді көрсетеді, олардың әрқайсысының астарында жасырын қосымша мағына және прагматикалық бағдар жатады. Қай қаламгер болмасын өз шығармасында фразеологизмдерді дайын күйінде де, авторлық өңдеумен де қолданады. Фразеологизмдердің шығарма тілінде өзгеріске ұшырауы автордың өзіне тән стилі әрі көркем тілдің аясының емін-еркін екендігін көрсетеді.
Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдер өзінің коннотациясы, стилистикалық сипаты жағынан сан алуан. Себебі автор фразеологизмдерге жаңартулар жасап, өңдеп, құбылтып көрсетеді:
Достарыңызбен бөлісу: |