9-бап. Баланың даралық ерекшелiкке және оны сақтауға құқығы
Әрбiр бала туған сәтiнен бастап аты, әкесiнiң аты, тегi, ұлты және азаматтығы болуына құқылы, ал Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда оларды сақтауға құқылы. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. Z980321 56, 86-баптар (4-тармақ), 98-бап (3-тармақ); Z914800 (24, 26, 27, 28-баптар).
10-бап. Баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы
1. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.
2. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.
11-бап. Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмiрге араласуға құқығы
1. Әрбiр баланың сөз бостандығына және өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және оны таратуға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ басқа да коммерциялық емес ұйымдардың нысандарына және Қазақстан Республикасының заңдарымен рұқсат етiлген бейбiт жиналыстарға өз еркiмен қатысуға құқығы бар.
2. Мемлекеттiк органдар балалардың жеке адами тұлғасын, олардың шығармашылық бейiмдiлiгiн, әлеуметтiк белсендiлiгiн, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамытуды, олардың интеллектуалдық меншiгiн қорғауды, балалардың өмiрi мен денсаулығын сақтауды, қоршаған табиғи ортаны, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауды өзiне мақсат тұтатын, қайырымдылық iстерiне қатысатын, мәдени және спорттық өмiрге қатысуға тартатын, демалысты ұйымдастыратын қоғамдық ұйымдарға жәрдемдеседi.
12-бап. Баланың қажеттi тұрмыс деңгейiне құқығы
1. Әрбiр баланың дене бiтiмiнiң, психикасы мен жан дүниесiнiң толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар.
2. Мемлекет бұл жағдайлардың жасалуын әлеуметтiк және экономикалық шаралар жүйесi арқылы қамтамасыз етедi.
13-бап. Баланың мүлiктiк құқықтары
1. Әрбiр баланың заңмен белгiленген тәртiппен және мөлшерде өз ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен қаражат алуға құқығы бар. Балаға алименттер, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтiк төлемдер ретiндегi тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және олар баланы күтiп-бағуға, оған бiлiм беруге және оны тәрбиелеуге жұмсалады. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. (5-бөлiм).
2. Әрбiр баланың заңдарда белгiленген тәртiппен өз бетiнше немесе өзiнiң заңды өкiлдерi арқылы мәмiлелер жасауға, банктерде салымы болуға және жалақысына, стипендиясына немесе өзге де кiрiстерiне және интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне билiк етуге, өзге де мүлiктiк құқықтарды иемденiп алуға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. 22-25-баптар).
Ата-аналар немесе заңды өкiлдер баланың жәрдемақысын немесе материалдық көмек ретiнде мемлекет бөлген ақшалай қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы.
3. Әрбiр баланың өзi тапқан табысқа, өзi сыйға немесе мұра ретiнде алған мүлiкке, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар.
Өз еңбегiмен табыс табатын бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұратын болса, отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды бөлiсуге қатысуға құқылы.
Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.
14-бап. Баланың тұрғын үйге құқығы
1. Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар.
2. Жетiм баланың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және тәрбиелеу, емдеу және басқа да мекемелердегi баланың тұрғын үй-жайға меншiк құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды, ал құқығы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының тұрғын үй туралы заңдарына сәйкес тұрғын үй-жай алуға құқығы бар. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. (9-10-тараулар).
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, оның iшiнде жетiм балаларды оларға басқа үй-жай берiлмейiнше олар тұрып жатқан тұрғын үйден шығаруға болмайды.
15-бап. Баланың бiлiм алуға құқығы
1. Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн орта бiлiм, бастапқы кәсiби бiлiм және конкурстық негiзде тегiн орта кәсiби және жоғары кәсiби бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.
2. Тегiн жалпы орта бiлiм немесе бастапқы кәсiби бiлiм алғанға дейiн баланы мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртiбiн сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн кемтар балаларға мемлекеттiк бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бередi.
4. Мемлекет балалардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнiң күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектiң мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. ).
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы
1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.
2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсiп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.
3. Он сегiз жасқа толмаған балалармен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және еңбек қатынастарының басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленедi.
4. Баланы ауыр қара жұмысқа, зиянды және (немесе) еңбек жағдайы қауiптi жұмыстарға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.
Жұмыс iстеу оқу процесiн бұзбауға тиiс.
Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 Заңымен.
17-бап. Баланың мемлекеттiк көмекке құқығы
1. Мемлекеттiк көмек оны алуға құқығы бар әрбiр балаға тағайындалады. Мемлекеттiк көмектiң мөлшерi және оны көрсетудiң шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттiк қамсыздандырылуда болады.
3. Мемлекеттiк органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбiр балаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық нысанына қарамастан, бiрдей материалдық және өзге де жағдайларды қамтамасыз етедi.
18-бап. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу
1. Балалардың мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар әлеуметтiк қызмет көрсетулер бойынша белгiленген ең төменгi көлемде мыналарды:
1) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес кепiлдiк берiлген, жалпыға бiрдей қолжетiмдi тегiн жалпы орта және бастапқы кәсiптiк бiлiм мен конкурстық негiзде тегiн орта және жоғары кәсiптiк бiлiм берудi;
2) балаларға тегiн медициналық қызмет көрсетудi, оларды тамақтандырудың ең төменгi нормаларына сәйкес тамақтандыруды қамтамасыз етудi;
3) он бес жасқа толған балалардың кәсiби бағдарлау, қызмет саласын таңдау, жұмысқа орналасу, еңбегiнiң қорғалу, еңбегiне ақы төлену құқығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепiлдi қамтамасыз етудi;
4) балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету, оларды әлеуметтiк қорғау, соның iшiнде туылуы мен тәрбиеленуiне байланысты, балалары бар азаматтарға мемлекеттiк жәрдемақы төлеу жолымен кепiлдi материалдық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өмiрлiк қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк бейiмдеу және әлеуметтiк оңалту жөнiндегi шараларды;
5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етудi;
6) балаларды сауықтыру мен олардың демалысын ұйымдастыруды, соның iшiнде төтенше жағдайларда, сондай-ақ экологиялық жағынан қолайсыз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сондай деп танылған аумақтарда тұратын балаларды сауықтыруды ұйымдастыруды;
7) бiлiктi заң көмегiн көрсетудi қамтиды.
3. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар олардың өмiр сүру жағдайларындағы аймақтық айырмашылықтар ескерiле отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың органдары қосымша әлеуметтiк стандарттар белгiлей алады.
4. Тиiстi бiлiм беру ұйымдарындағы, арнаулы оқу-тәрбие ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарындағы немесе өзге де мекемелер мен ұйымдардағы балалардың өздерiне ұсынылған қызмет көрсетулердiң мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарға сәйкестiгiн мезгiл-мезгiл бағалап отыруға құқығы бар.
19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы
1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.
2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады.
4. Мемлекет балалардың демалуға, сауығуға және бос уақытын пайдалануға құқығын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
20-бап. Баланың мiндеттерi
Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттiк нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
4-тарау. БАЛА ЖӘНЕ ОТБАСЫ
21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы
Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.
22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары
Бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында , осы заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген құқықтарға ие.
23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттiк
қолдау
Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.
24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөнiндегi мiндетi
1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкiлдерi өздерiнiң қабiлетi мен қаржы мүмкiндiктерi шегiнде баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi жағдай жасауға мiндеттi.
2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге мiндеттi.
25-бап. Баланың ата-анасымен бiрге тұру құқығы
1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкiлдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.
2. Баланың, ата-анасының немесе заңды өкiлдерiнiң ықтиярынсыз баланы ата-анасынан немесе заңды өкiлдерiнен айыруға тыйым салынады. Оларды айыру туралы шешiмдi ерекше жағдайларда және баланы қорғау мақсатында қандай дәрежеде қажет болуына қарай сот қана қабылдайды.
3. Ата-анасы бiр-бiрiнен бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын жерi ата-анасының келiсiмiмен, ал ол болмаған жағдайда, ата-аналар арасындағы дау сот арқылы шешiледi. Бұл орайда сот бала ата-анасының жеке қасиеттерi мен жағдайларын, сондай-ақ баланың мүдделерi мен пiкiрiн ескередi.
26-бап. Баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығы
1. Баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлардың болуын қоспағанда, баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасы туралы ақпарат алуға, олармен кездесiп, араласып тұруға құқығы бар.
2. Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртiбiмен шешiледi.
5-тарау. АТА-АНАСЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ
27-бап. Қорғаншылық, қамқоршылық және патронат
1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға оның мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаншы немесе қамқоршы белгiленедi. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. (4-бөлiм); Р991346_ ).
2. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға белгiленедi, ал қамқоршылық он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарға белгiленедi.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.
4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның iшiнде тәрбиелеушi, емдеушi немесе басқа мекемедегi балаға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес патронат белгiленуi мүмкiн. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. (16-тарау); ).
5. Қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленген баланың аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi бар болса, олардың бiрге тұруы үшiн жағдай жасалады.
28-бап. Бала асырап алу
Отбасында өсiрiп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкiн. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. (12-тарау).
29-бап. Баланы тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелерде күтiп-бағу мен тәрбиелеу
1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, оны отбасында тәрбиелеуге беруге мүмкiндiк болмаған жағдайда, тәрбиелейтiн, емдейтiн немесе сол сияқты өзге де балалар мекемелерiне орналастырылуға тиiс.
2. Балаға тиесiн алимент, жәрдемақы және басқа әлеуметтiк төлемдер оның жеке шотына аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен төленедi.
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелердегi балаға отбасылық тәрбиеге жақындатылған жағдай жасалады. Баланың күтiп-бағуды пайдалануға, тәрбие, бiлiм алуға, жан-жақты дамуға, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, өз мүдделерiнiң қамтамасыз етiлуiне, ана тiлiнiң, мәдениетiнiң, ұлттық әдет-ғұрпы мен дәстүрiнiң сақталуына құқығы бар.
4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетiн, емделетiн және сол сияқты өзге де мекемелердiң аталған мекемелердегi балаларға қатысты педагогикаға жат немесе азғындық әрекеттер жасаған қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауаптылықта болады. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. (131, 132, 137-баптар); (111-бап).
5. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және соған ұқсас басқа да мекемелердегi баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды, оның жұмысқа орналасуына жәрдемдесудi жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. Ата-анасынан кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн айрылған жетiм балаларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес пайдалануға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiледi. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. (9-10-тараулар).
30-бап. Баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияны жүзеге асыратын ұйымдар
1. Балалар үйлерiне туғаннан бастап үш жасқа дейiнгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Балаларды Балалар үйiнде уақытша күтiп-бағу үшiн арнаулы бөлiмше ашылады.
Мамандандырылған Балалар үйлерiне туғаннан бастап төрт жасқа дейiнгi, психикасының және дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балалар қабылданады.
Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына он бiр жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, мiнез-құлқы ауытқымалы балалар орналастырылады.
Интернаттық ұйымдарға үш жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.
Жалпы үлгiдегi жалпы бiлiм беретiн мектеп-интернатқа жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ күн көрiсi төмен және көп балалы отбасылардың алты жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, осы үлгiдегi ұйымдарда күтiп-бағылуға қайшы келетiн медициналық көрсеткiштерi жоқ балалар қабылданады. Интернаттық ұйымдар кәмелетке толмағандарға тұратын орын бере отырып, тәрбиелеуге, бiлiм беруге және күтiп-бағуға мемлекеттiк кепiлдiктi қамтамасыз етедi.
Ақыл-есi кем балаларға арналған интернат-үйлерге төрт жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, күтiп-бағуды, медициналық, тұрмыстық қызмет көрсетудi және әлеуметтiк-еңбекке бейiмделудi қажет ететiн балалар қабылданады.
Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына он сегiз жасқа дейiнгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Балаларды отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына қабылдаудың және оларды күтiп-бағу жағдайының тәртiбi отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және Жасөспiрiмдер үйлерi туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. ; Р011613_ ).
Балалар ауылы (балалар үйi) әкiмшiлiгiнiң шешiмi негiзiнде балалар үйлерi мен балалар ауылының жиырма үш жасқа дейiнгi түлектерi, он алты жастан бастап балалар ауылы мен балалар үйлерiнен көшiрiлген тәрбиеленушiлер Жасөспiрiмдер үйлерiнде әлеуметтiк бейiмделуден өтуi мүмкiн.
Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарына қадағалаусыз және қараусыз қалған үш жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi балалар олардың ата-аналарын немесе басқа заңды өкiлдерiн анықтау үшiн қабылданады.
2. Баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға балаларды қабылдау және оларды күтiп-бағу талаптары, осы Заңмен белгiленбеген бөлiгiнде, Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген орган бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. ; ).
6-тарау. МҮГЕДЕК БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ
31-бап. Мүгедек баланың толымды өмiрге құқықтары
1. Мүгедек баланың қоғам өмiрiне белсене араласуына ықпал ететiн өз қадiр-қасиетiн қамтамасыз ету жағдайындағы толымды өмiрге денi сау балалармен бiрдей құқығы бар.
2. Мүгедек бала өзiнiң дене бiтiмiне, ақыл-ес қабiлетiне және тiлегiне сай бiлiм алуға, қызмет түрi мен кәсiптi таңдауға, шығармашылық және қоғамдық қызметтерге қатысуға құқылы.
3. Ақыл-есiнiң немесе дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балаларды қоса алғанда, мүгедек балалар мамандандырылған балалар ұйымдарында медициналық-әлеуметтiк көмек алуға құқылы.
32-бап. Мүгедек баланы жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк кепiлдiктер
1. Мемлекеттiк органдар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүгедек баланың денсаулық жағдайын, қажеттерi мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, оны оқыту, кәсiптiк даярлау, лайықты жұмыс тауып беру және жұмысқа орналастыру үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндеттi.
2. Мүгедек балалардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, оларды кәсiби даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жеке жүзеге асыратын және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен жеңiлдiктер белгiленуi мүмкiн.
33-бап. Мүгедек балаларға мемлекеттiк көмек
1. Мемлекет мүгедек балаларды қолдауға бағытталған медициналық, құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық шаралар кешенiн жүзеге асырады.
2. Мүгедек балаларға көрсетiлетiн мемлекеттiк көмек Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi. (РҚАО-ның ескертуi: қараңыз. ).
3. Мүгедек балаларды тәрбиелеушi және оларды күтiп-бағуды жүзеге асырушы ата-аналардың және басқа да заңды өкiлдердiң мемлекеттiк көмек алуға құқығы бар.
7-тарау. БАЛА ЖӘНЕ ҚОҒАМ
34-бап. Ұлттық және әлемдiк мәдениетке баулу
1. Мемлекет балалардың Қазақстан халқының тарихымен, дәстүрлерiмен, рухани қазыналарымен және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiмен танысуына мүмкiндiк жасайды.
2. Мемлекет балалардың шығармашылық және ғылыми қабiлетiн дамыту үшiн ұйымдар құруды, кино және бейнефильмдер, теледидар және радио хабарларын шығаруды, балаларға арналған газеттер, журналдар, кiтаптар басып шығаруды көтермелейдi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оларға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi.
3. Порнографияны, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты дәрiптейтiн, адамның қадiр-қасиетiн қорлайтын, балаларға зиянды әсер ететiн және құқық бұзушылыққа ықпал ететiн бұқаралық ақпарат құралдарын, әдебиеттi, ойын-сауық және басқа iс-шараларды пайдалану заң бойынша қудаланады.
35-бап. Бала және дiн
1. Мемлекет баланың ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың дiни дүниетанымына негiзделген тәрбиеге араласпауға, бiлiм беру, тәрбиелеу, емдеу ұйымдарының және өзге де сол сияқты мекемелердiң шегiнен тыс жерлерде баланың қатысуымен дiни жоралардың жасалуына, аталған әрекеттер баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн, оның құқығын бұзатын және жауапкершiлiгiн шектейтiн жағдайларды қоспағанда, кепiлдiк бередi.
2. Кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға қатысты дiни жоралар ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың келiсiмiмен жасалады. Балаларды дiнге тарту жөнiндегi мәжбүрлеу шараларына жол берiлмейдi.
36-бап. Баланы әлеуметтiк ортаның терiс ықпалынан қорғау
1. Мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы оның денсаулығына, имандылық жағынан және рухани дамуына зиян келтiретiн әлеуметтiк ортаның, ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндеттi.
2. Салауатты өмiр салтын насихаттау мен балаға құқықтық бiлiм берудi мемлекет өз саясатының басым бағыттарының бiрi деп таниды.
3. Қылмыстың, зорлық-зомбылықтың немесе өзге де заңсыз әрекеттiң салдарынан тән немесе жан жарақатын алған балаға денсаулығын қалпына келтiру және әлеуметтiк бейiмделу үшiн қажеттi көмек көрсетiлуге тиiс.
37-бап. Баланы алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды әсерiнен қорғау
1. Баланың ата-анасы, басқа да заңды өкiлдерi, мемлекеттiк органдар, сондай-ақ баланы тәрбиелеу мен оған бiлiм беру функциясын жүзеге асыратын ұйымдар салауатты өмiр салтын және алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды екенiн насихаттауға мiндеттi.
2. Балаға алкогольдi iшiмдiктердi, темекiнi және темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады.
3. Алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарын өндiруде немесе сатуда бала еңбегiн пайдалануға тыйым салынады.
4. Балалар тауарларын сататын сауда ұйымдарында және мәдениет мекемелерiнде, сондай-ақ балаларға арналған iс-шараларды жүргiзу кезiнде шылым шегуге, темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады.
5. Балалар мекемелерiнде, бiлiм беру ұйымдарында және оларға iргелес жүз метр радиустегi аумақта алкоголь өнiмдерiн сатуға тыйым салынады.
Достарыңызбен бөлісу: |