Өмір философиясы. XIX ғасырдың 60-70 жылдары Еуропа елдерінде «Өмір философиясы» деген атауға ие болған жаңа ағым өмірге енеді. Осы ағымның негізін қалаушылар барлық өмір сүретінді сезімдік және рационалдық танымдарға түсініксіз, тек интуитивті тікелей әсерленушілік арқылы түсінілетін алғашқы белгісіз ақиқат өмірдің көрінісі деп қарастырды.
Философиялық ағымның тікелей идеялық бастауы болған – неміс философы А. Шопенгауэрдің (1778-1860 жж.) иррационалистік және волюнтаристік (ерікті барлық ғаламның негізі деп қарастыратын философиялық тұжырымдама) еңбектері. Кант идеяларына сүйенген Шопенгауэр оның «өзіндік заттарын» ой елегінен өткізіп, оны ерік, танымға түсініксіз мистикалық соқыр күш есебінде дәріптеді. Тірі жөне өлі табиғатта өз көрінісін тапқан ерік ұсақ еріктерге бөлінбейді, барлық ғаламмен теңдес, дара, әлемдік ерік болып көрінеді. Әлем – Шопенгауэр ойынша, ерік, өмірге еріктілік. Әлем субъектінің санасында түсінік есебінде өмір сүреді, ол субъектімен қамтамасыз етіледі және оны субъектісіз ойлау мүмкін емес. «Не өмір сүрсе, бәрі тек қана субъект үшін өмір сүреді», – дейді Шопенгауэр (Мырзалы С. Философия. – А.: Бастау, 2014. –81 б.).
Өмірге деген ерікпен туындаған адам зердесі өзін сақтау, өмір сүру үшін күрес, сұраныстарды қанағаттандыру мақсаттарымен шектеледі. Сол сияқты, ерікпен туындаған әлем зерде танымына түсініксіз. Ол тек ішкі тәжірибемен, ерікке негізделген жоғарғы саналы интуициямен түсінілуі мүмкін.
Сезімдік және рационалдық таным проблемаларына мистикалық
интуицияның қарсы қойылуынан Шопенгауэр философиясының және өмір философиясының барлық бағытына тән иррационализм көрінісін тапты.
Шопенгауэр философиясына өмірден торығушылық тән. Өмірге еріктілік – ызақор, ібілістік күш, қайғы-қасірет бастауы. Ол билеген әлем кездейсоқтықтарға бағынады, оның мәнінің, құндылығының мақсатқа сәйкестігі де жоқ. Адам онда еш нәрсе өзгерте алмайды, дегенмен егер қайғы-қасіреттің себебі еріктің зорлануы болса, онда еріктің күштенуін шектеу қайғы-қасіреттің азаюына алып келеді. Өзіндікті және ерікті басу, одан нирванаға қашу, тақуалық өмір салты – адамның күйініш, азаптан құтылуының, сонымен әлемдік қасіретті азайтуының жалғыз амалы.
Шопенгауэр ілімінің волюнтаристік және иррационалистік жақтарын өмір философиясының көрнекті өкілдері Ф. Ницше (Германия) мен А. Бергсон (Франция) жалғастырады.
Неміс философы Ф. Ницшенің (1844-1900 жж.) шығармашылық қызметі үш кезеңге бөлінеді. Дегенмен, негізгі философиялық шығармалары: «Заратустра осылай айтты», «Моральдың шығу тегі», «Билікке ерік» және т.б. үшінші кезеңде, 1883-1889 жылдар аралығында жазылды.
Ницше шығармалары афоризмдер мен аңыздық астарлы сөзбен жазылған, бұл оны әр түрлі пайымдауға және еркін талдап, түсіндіруге әкелді.
Шопенгауэрдің волюнтаризмі бұл ілімнің тікелей бастауы болады. Ғылыми еңбектерінің мазмұны әр түрлілігіне қарамай, Ницше бүкіл шығармашылық өмірінде өзінің билікке ерік туралы негізгі ілімін дамытты. Ерік – өмірдің негізі, оның барлық көрінісінде болатын инстинкті иррационалдық бастау. Бірақ, бұл Шопенгауэрдегі дара әлемдік ерік емес, билікке нақты бағытталған ерік. Мұндай ерікті Ницше «билікті көрсетуге тоймайтын ұмтылыс немесе билікті қолдану, шығармашылық инстинкті есебінде билікті пайдалану және т.б.» (Ницще Ф. Воля к власти. – М., 1994. –291 б.) деп пайымдайды.
Ницше ілімінде әлем – негізінде «күш орталықтарының» күресі немесе «ерік тынысының белгілері» болатын мәңгі, бастауы мен соңы жоқ қалыптасу. Қалыптасу ешқандай заңға бағынбайды, бағыты да, мақсаты да болмайды. Онда бірлік те, тәртіп те, мағына да жоқ. Бұл – «ешқайда алып келмейтін үдеріс». Қалыптасушы әлем танылмайды, ол парасатқа түсініксіз. ол туралы тек артықшылық үшін күресетін еріктердің ортасындағы тартыстардың нәтижесі деуге болады. Бұл қандай да бір түсіндіруді және оның шығу тегін көрсетуді керексінбейтін дерек.
Прогрессивтік, үдемелі дамуды Ницше әлемдік мақсат қиялына негізделген өнбейтін іс деп есептейді. Әлемнің соңғы мақсатының болмайтыны себебінен, оның қандай да бір жетілген қалыпқа жақындауы мүмкін емес, болашақ үшін осы күн өмір сүрмейді. Қалыптасу билікке еріктің көрінісі есебінде ұшы-қиыры жоқты, бірақ шекті сандар қисындасуын туындатады. Уақыт шексіздігінен ертерек болғандардың бәрі де мәңгілік болашақта шексіз қайталанады. Бұл идеясын Ницше мәңгі кайталану ілімінде нақтылы, аңыз түрінде – бүркіт пен жыланның Заратустраға үндеуі ретінде көрсетеді. «Сенің нені оқытатыныңды біз білеміз, барлық Ғаламдық дене мәңгі қайталанады, солармен бірге әрқашан біздің өзіміз де, бізбен бірге заттар да сансыз көп рет өмір сүрдік. Осы күнмен, осы жермен, осы бүркітпен және жыланмен бірге мен қандай да бір жаңа, жақсы немесе ұқсас өмір үшін емес, осы өмірдің өзіне қайта ораламын. Қалай ең бір үлкенде, солай ең кішіде, тағы да барлық заттың Ұлы қайта келуі туралы айтып, оқыту үшін мен мәңгі қайта ораламын» (Ницще Ф. Так говорил Заратустра. – М., 1990. –197 б.).
Қайта келу немесе кайта оралу идеясының ежелгі гректер, стоиктер және т.б. мектептерде дамытылғаны философия тарихынан белгілі. Мәңгі қайталану идеясын төңкеріс, нұр сәуле шашушылық, ұлылық, жеңімпаздық, пайғамбарлық деп, өзінің пайымдауларына айрықша маңыздылық берген Ницшенің мәңгі қайталану ілімі болмыстың ұйқы-тұйқылығынан бір тұрақтылықты табуға ұмтылыстан туындайды. «Жалпыға ортақ қиратылудың аяқталмағанынан берекесі кеткен сезімге қарсы, мен «мәңгі қайта келу» идеясын алға тарттым» (Ницще Ф. Воля к власти. – М., 1994. –125-126 б.).
Ницше философиясының назар аударарлық маңызды, тартысты жағы – оның Заратустра сөзімен көрсетілген қоғамнан аса туған адам (сверхчеловек) туралы ілімі. «Мен аса туған адам туралы сіздерге айтамын... Адам – бір нәрсені билеп алуы керек болатын белгісіздік. Сіз оны еркіңізге бағындыру үшін не істедіңіз?.. Адаммен салыстырғанда маймыл не нәрсе? Ол келеке болған немесе азапты масқаралық. Аса туған адам үшін, пенде де сол сияқты болуы керек... Мейлі, сіздің де еркіңіз айтсын: Ия, аса туған адам жердің мәні болсын» (Ницще Ф. Так говорил Заратустра. – М., 1990. –10 б.).
Қоғамнан тыс, аса туған адам үшін «адамды билеп алу» нені білдіреді? Ницше қоғамнан тыс адамға қандай ерекшелік белгі береді? Бұл сұрақтардың жауабын Ницшенің барлық құндылықты қайта бағалау ілімінен іздеуіміз керек.
«Билікке ерік» кітабының «Барлық құндылықты қайта бағалау тәжірибелері» тақырыпшасы бар. Ницше бұл кітабында қоғамның кедейлік жағдайы, физиологиялық азғындауы, адамдардың бұзылуы туындатқан «еуропалық өткенді аңсауды» сынға алды (Ницще Ф. Воля к власти. – М., 1994. –35 б.). «Жоғарғы құндылықтар өзінің бағасын жоғалтады, – дейді Ницше, – белгілі бір әлемнің даму барысына, оның құндылығына, ақиқатқа, мақсатқа сенім жоқ. Қоғамда өмірден торығушылық, түңілушілік үстемдік етеді. Бұл жағдайдан шығу – барлық «өткен жоғарғы құндылықтарды» – құлдырауға ұшыраған «декаденттік» мәдениетті, қоғамда үстемдік жүргізуші моральді, христиан дінін қайта бағалау болады.
Ницше христиан дінін айрықша сынға алады. Ол адамның күштілік сезімі, билікке еркі, құдіреті неден артатын болса, соның бәрі жақсы деген алғышарттан бастау алады. Әлсіздіктен шығатынның бәрі де жаман. «...Артығырақ күш, артығырақ билік! Бейбітшілік емес – соғыс; рақымшылдық емес, айбындылық...
Әлсіздер мен кемтарлар, жарымжандар құрысын – бұл біздің адамсүйгіштігіміздің бірінші өсиеті. Олардың кұрып кетуіне көмектесу керек.
Кез келген кемістіктен не зиянды? Әлсіздерге және жарымжандарға аяушылық білдіру... христиандық» (Ницще Ф. Сумерки богов. – М., 1990. – 19 б.).
Ницше христиан дінін әлсіздердің, қорланғандардың, құлдардың діні есебінде анықтайды. «Христиан діні, – дейді ол, – жалған аяушылық білдіру. Көнгіштік, бойұсынғыштық идеяларын оқытады, ол билікке ұмтылушы ерікті басып, жаныштайды». Христиан дінінің, буржуазиялық қоғамның декаденттік мәдениеті мен олардың екіжүзді моралы сынында көптеген дұрыс ой бар. Сонымен қатар, бұл сын жалпы адамзаттық құндылықтарды және құлықтылық кағидаларын жоққа шығарып, адамгершілікке жатпайтын, биморальдыққа әкеледі. Осыған байланысты, Ницше адамдарды «жоғарғы» – аристократтық азшылыққа, элитаға және көпшілікке – «аяқталмаған, сапасы төмендерге» бөліп, бір-біріне қарсы қояды. Бұл төменгі («табын», «көпшілік», «тобыр») сыпайылықты ұмытқан, өздерінің сұраныстарын ғарыштық, метафизикалық құндылықтар шамасына дейін көтеріп, өсіріп айтатын түр. Көпшілік тобырға кім ерекше болса, сол билік жүргізеді, зорлық істейді. «Өмір – шаттықтың бастауы, бірақ барлық жерде, тобыр қайдан дәм татса, ішсе, сол бұлақтар уланған» (Ницще Ф. Воля к власти. – М., 1994. – 84 б.). Адамдардың осы «жоғарғы» және «төменгі», құлдар мен мырзалар деп бөлінуінде Ницше пікірінің демократияға қарсылығы көрінеді.
Сонымен, «аса туған адам» – «төменгілердің» үстемдігін, мойынұсынғыштығын, инабаттылығын, ыждағаттылығын, сақтығын, сөзге сараң, мүсәпір адамгершілігін және т.б. өсиеттерді жеңуі керек болатын жоғарғы адамдардың мүшесі. Аса туған адамға бәрінен бұрын керек болатыны
– күш, билікке ұмтылатын ерік. Ницшенің «әлсіздерге» соғыс жариялаған идеялары фашизм идеологтарына тартымды көрініп, олардың назарын өзіне аударды, демек, «жоғарғы» арий нәсілі үшін кімнің жойылып кетуі, қаналуы, құлдыққа салынуы керектігі шешілді.
Франциядағы өмір философиясының ірі мүшесі А. Бергсон (1850-1941 жж.) ілімдері де, Ницше философиясы сияқты, иррационалдық, зердеге қарсылығымен бейнеленеді. Өзінің негізгі мақсатын «парасат қөзқарасын жоғары көтеруден», айрықша танымнан, парасаттан тыс интуицияны
негіздеуден көріп, өз ілімінде өмір тұжырымдамасын өрістетеді.
Өмір – әсерленулер ағымы, ойлар мен бейнелер, түйсік пен сезім, көңіл күй мен тілек өзгерістері, психиканың тоқтаусыз алмасуы. Әсерлену ағымы – философиялық зерттеудің алғашқы бастауы болып саналатын жалғыз ақиқат, жоққа шығарылмайтын дерек. Дегенмен, бұл ағымды субъекті психикасының жағдайы, қалпы деп қарастыруға болмайды. Бергсон ілімінде ол ғарыштық маңыздылыққа ие. Әсерленушілік ағымы Шопегауэрдың әлемдік еркіне ұқсас ғалам масштабына дейін ұлғаяды. Өмір – әлемдік үдеріс, ұлы иррационалдық шығармашылық күш, құдіретті «өмірлік қарқын», тоқтаусыз ағым есебінде қарастырылады.
Осы «алға басу», толассыз өзгеріс ақиқат заттардың қасиеті емес, өз бетінше өмір сүретін белгісіздік екенін атап айту маңызды. «Өзгеріс, – дейді Бергсон, – ақиқат шынайылықтың өзі; өзгеріс болады, бірақ өзгеретін заттар жоқ. Қозғалыс қозғалатын денені өзімен шамаламайды, өзгергіштік белгісіздікке тән, өзіндік субстанция болады. Бұл – қозғалыс, бірақ қозғалыс үдерісінде өзгеретіні жоқ, денесіз қозғалыс.
А. Бергсон тұжырымдамасын негіздеу үшін, уақытқа өзінің түсінігін таңады. Осы мақсатпен философиясында басты орынның бірін алатын ұзақтық түсінігін кіргізеді. Ұзақтық өмірдің уақыты, оның мәні. Бірақ, бұл материя болмысының түрі есебіндегі нақты уақыт, құбылыстардың бірін-бірі ауыстырып өмір сүретін жүйелілігі емес; онда біздің жағдайымыз бір-біріне сіңісіп кететін, үздіксіз және бөлінбейтін уақыттың субъективтік әсерленушілігі болады. Ұзақтық ешқашан біткенді білдірмейтін, мәңгі қалыптасу үдерісіндегі материал болып көрінеді. «Ұзақтық, – дейді Бергсон, – бұл болашақты жалмайтын және алға қозғалған сайын өсетін өткеннің толассыз прогресі. Егер өткен уақыт толассыз өссе, онда ол шексіз сақталады» (Бергсон А. Творческая эволюция. –М., 2001. 10 б.). Ұзақтық өзін естен табады, онда өткен уақыт осы шақта өмірін жалғастырады, сананың жағдайы басқада, шексіз ағымда жалғасады.
Дегенмен, Бергсон ұзақтықты арасында негіздік айырмашылығы жоқ әсерленушілік ағымы сияқты субъективтіктен объективтік әлемге шығарады, сондыктан өмір ұзақтық, ес ғаламдық масштабты қабылдайды. «Ұзақтықты, – деп жазады ол, – біз керісінше тәртіппен өтуге болмайтын немесе қайта қайталанатын ағым есебінде қабылдаймыз. Ол – біздің өміріміздің негізі, заттардың өзіндік мәні.
Ұзақтықта өрістейтін өмірді Бергсон салғырт, өлі, өзгермейтін, сіресіп қалған белгісіздік есебіндегі материяға қарсы қояды. Бұл денелер уақыттағы емес, тек кеңістіктегі қайталанғыштық, бір түрлілік, механикалық детерменизм аймағымен бейнеленеді. Метафизикалық философия берген әлемнің механикалық бейнесінің сынында парасаттылық бар десек те, Бергсон оны зердені сынау үшін пайдаланады. Оның ойынша, зерденің өмірді байыптауға қабілеті жоқ. Зерде мен оған негізделген ғылымның жалғыз қызметі – практикалық әрекеттер үшін қатты денелер әлемінде жөн табу және оның біздің денеміздің ортасында болуын қамтамасыз ету. «Біздің түсінігіміз, – дейді Бергсон, – қатты денелер түрінде қалыптаскан, біздің логикамыз – бұл қатты денелер логикасы, сондықтан ақыл өзінің ең бір жақсы жеңістеріне жансыз материя мен логикалық ойдың тұтастығы, бірлігі көрінісін табатын геометрияда жетеді».
Әрине, егер қатаң, қозғалыссыз түсініктерге сүйенетін метафизикалық ойды еске алатын болсақ, онда белгілі бір шамада Бергсондікі дұрыс. Шын мәнінде, метафизикалық ой қозғалысты «тыныштық кезеңдеріне» жіктеп қарастырады, қозғалысты тоқтатады. Ол жалпы зердені, оның мүмкіндіктерін органикалық емес табиғатпен шектей отырып, кез келген ойды сынайды. Сондықтан оның зердені сынауы белгілі бір басқа, парасаттан, интеллектіден тыс, интеллектуалдық тәсілден аса басым таным әдісін негіздеу мақсатына қызмет көрсетеді.
Бергсонның ойынша, мұндай әдіс – инстинкт және оның жоғарғы көрінісі интуиция болады. Инстинкт өмір түрлеріндей құбылады. Егер интеллект барлық затты механикалық тұрғыдан түсіндірсе, инстинкт олармен табиғи байланыста әрекет жасап, бізге өмірдің ең терең құпияларын ашып берген болар еді. Бірақ, инстинктіге интеллектімен қол жеткізуге, инстинктідегі мәндерді интеллект терминдерімен айтып жеткізуге болмайды, талданбайды. Әр түрлі жарғақ қанаттылар – ара, сона, құмырсқалардың түрлі ерекшеліктерін салыстыра отырып, Бергсон инстинктілердің жетілгендігін басып айтады. Осыдан «интеллект адамның бақытсыздығы болса, онда инстинкт өзінің ең жақсы көріністерінде құмырсқа, ара мен Бергсонда ғана бар», – деп мысқылдайды Б. Рассел ( Рассел Б. История западной философии –М., 1993. – 308 б.].
«Инстинктіден айырмашылығында, – дейді Бергсон, – интуиция да – инстинкт, бірақ өзін-өзі ұғынатын, өзі туралы тақырыпқа ой жүгіртуге қабілетті инстинкт». Интуитивтік танымның шарттары: біріншіден, кез келген мүддеден бас тарту, «риясыздық»; екіншіден, нәтижесінде біздің «Меннің» шеңбері ғаламдық масштабқа дейін кеңитін еріктің үлкен зер салуы болады. Сонымен, интуиция ерікпен, ғарыштық күш салумен, «өмірлік екпінмен» теңестіріледі. Шығармашылық эволюция үдерісінде өмірлік екпін сапалық жаңа түрлерді жасай отырып, ағзаларды алға қуады. «Барлық тірі жан иесі бірінің артынан бірі ұстасқан және бәрі сол бір және алып екпінге бағындырылған. Жануарлар өсімдіктерге сүйенеді, адам жануарлар арқасында өмір сүреді, ал барлық адамзат уақыт пен кеңістікте біздің әрқайсысымыздың жанымызда, алдымызда немесе соңымызда қозғалатын үлкен әскер болып көрінеді; өз салмағымен ол кез келген қарсылықты жеңуге, көптеген кедергіден өтуге қабілетті, соның ішінде өлім де болуы мүмкін» ( Рассел Б. Творческая эволюция. –М., 2001 – 240 б.].
Бергсонның әлеуметтік ілімі иррационализм, биологизммен бейнеленеді. Адамдар арасындағы қатынас биологиялық себептермен, бәрінен бұрын инстинктімен анықталады. Инстинкт – адамзат қоғамымен бірге өмір сүретін тіршілік бастауы, ол инстинктіге негізделген құмырсқа илеуінен немесе ара ұясынан айырмашылығы болмайтын орта.
Бергсон «жабық» және «ашық» деп қоғамның екі түрін айырады. «Жабық» қоғам бұл шектелген бірлік, ұлттық мемлекет. Онда адамды ұжымға, ақиқатты пайдаға бағындыратын әлеуметтік инстинкт үстемдік жүргізеді. Бұл инстинктінің мақсаты «жабық қоғамды», ондағы әлеуметтік тәртіпті сақтау, нығайту болатын «жабық» моральдан және «тұрақты» діннен көрінісін табады. «Жабық» қоғам басқа адамдарға жау, әр уақытта шабуыл жасау мен қорғануға әзір. Ол соғыс үшін ұйымдасқан болуы керек, осы үшін сәйкес келетін жағдай (жаулап алу арқылы жерді кеңіту және т.б.), сонымен қатар әрбір адамға тиесілі соғыс инстинктісінің бастауын Бергсон табиғаттың өзінен көреді.
Соғыстың болатынын Бергсон табиғи және сөзсіз десе де, оны дәріптемейді. Ол қиыншылықтар тудыратын, балалардың дүниеге келуін шектеу, сұраныстарды қысқарту шараларын ұсынып, соғысты тоқтатуға шақырады.
«Ашық қоғам» барлық адамзатты қамтиды, оның негізінде барлық адамға сүйіспеншілік жатады. Мұндай қоғамның болуы мүмкін, өйткені адам тек биологиялық емес, сонымен қатар рухани жан иесі, оның рухани бастауы «өмірлік екпінмен» мистикалық туыстық байланыста болады; «ашық» қоғамның моралі ұлттық және мемлекеттік мақсатты жеңеді, адам еркіндігін, теңдігін дәріптеу қағидаларын алға тартады. Ашық мораль адамсүйгіштік идеалдарын жариялап, жанның терең түкпірінде орналасқан «өмірлік екпінмен» қарым-қатынасқа түсетін көп сырлы дінмен қосылады. Бірақ, Бергсон мұндай қарым-қатынас пен барлық адамзатқа деген сүйіспеншілік табиғатқа қайшы келетінін, оның тек қасиетті әулиелер мен пайғамбарларға қолайлы болатынын айтады.
Бергсон – қоғамның элитарлық құрылымының жақтасы. Ницше сияқты ол да қоғамды ерекше артықшылығы бар азшылық элитаға және оған бағынышты көпшілікке айырып, бұл бөліністі табиғи және қасиетті деп есептейді. Демократиялық билік жүйесін жоққа шығарған ол ең жоғарғы саяси құрылым деп монархия мен олигархияны көрсетеді.
Интуитивизм философияның келесі дамуына, бәрінен бұрын прагматизм мен экзистенциализм ағымдарына үлкен әсерін тигізді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары өз дамуының шарықтау шыңына жеткен өмір философиясы басқа философиялық ағымдарға орнын берді. Оның бірнеше қағидасын экзистенциализм қабылдады.
Достарыңызбен бөлісу: |