Экзистенциализм философиясы қалыптасуының мәдени - әлеуметтік алғышарттары. Сёрен Обю Къеркегор: адам – әлемдік эволюцияның мақсаты мен мағынасы. Мартин Хайдеггер: адамның нағыз және нағыз емес болмысы туралы. Жан-Поль Сартр: адам – еркіндікті немесе тәуелділікті (еркіндік еместі) таңдаушы жоба
Экзистенциализм (лат. Existentia сөзінен алынған фр. existentialisme – өмір, тіршілік), немесе тіршілік философиясы – ХХ ғасыр философиясының басты ағымдарының бірі. Философияның маңызды түсінігіне айналған термин бірінші рет С. Къеркегор еңбектерінде кездеседі. Өзінің кең көлемдегі таралымын Германияда М. Хайдеггер (1889-1969 жж.), К. Ясперс (1883-1969 жж.) және Францияда Г. Марсель (1889-1973 жж.), Ж.П. Сартр (1905-1980 жж.), Альбер Камю (1913-1960 жж.) еңбектерінде тапты. Экзистенциализм арасындағы айырмашылығы үлкен емес, діни (Ясперс, Марсель) және атеистік (Хайдеггер, Сартр) болып екіге бөлінеді.
Экзистенциализм – ерекше бағытты философия. Ол ғылымилыққа, жалпыға мәлім болуға ұмтылмай, бүтін ғылыми дүниетанымдық көзқарас жасаудың мүмкіндігін теріске шығарады.
Философияның зерттеу тақырыбы – адам, оның өмір сүруі, болмысы болады. Дегенмен, экзистенциалистердің ойынша, адам туралы ілім мүмкін емес, сондықтан философия ғылымнан да тыс, теориядан да тыс адам болмысын қарастыру, жеке адамның өзіндік сырлас әсерленушілігі болып көрінеді.
Адам деген кім? Экзистенциалистердің пайымдауынша, адам – құпиялық, сондықтан философия келелі мәселелермен емес, құпиялармен айналысуы керек. Қандай да бір сұрақтың шешімін бермеген олар рационалдық сана негізіне жатпайтын сезім, әсерленушілік деңгейінде ізденістер жүргізеді. Экзистенциализм – анық көрініс тапқан иррационализм мен интеллектуалдыққа қарсы философия.
Сезімді әсерленушілікті, пайымсыздықты зерттеуді ғылыми тәсілдер көмегімен психология, психоталғау жүргізеді. Экзистенциалистердің ойынша, бұл – пайдасыз шаруа, өйткені ғылым тек бос әурешілік қана емес, зиянды да. Ақиқат – жауыздық, ол адамның өмір сүруін тым ауырлатып жібереді. Аңыздар мен бұлдыр қиял, керісінше, адамдарға өмір сүруге көмектеседі. Бұл жерде экзистенциалистер Къеркегордың діни-мистикалық пікіріне сүйенеді: «Өмір сүруді ойлауға болмайды», «кінәсіздік – бұл білімсіздік», «ақымақтық бақытты болу үшін, басқалардың дұрыс түсінуі үшін әрқашан керек». Бұл XIX ғасырдың бірінші жартысында, өз өмірінде мойындалмаған философтың айтқаны еді. «Ғылымның қолданылуы сөзсіз қажеттілік болған емес», – дейді Хайдеггер. Ал Ясперс үшін ғылым қажетті, бірақ ол экзистенцияны ашуға дәрменсіз. Адам еркін болған сайын, өзінің ақиқатын иеленуге келеді. Ақиқат адамның шығармашылығының туындысы болғандықтан, жалпыға ортақ, әмбебап ақиқат болмайды. Еркіндік ақиқатты туындатады. Ақиқат білім еркіндікке әкелмейді. Білімнің көлемі үлкейіп өскен сайын, танымағандар одан да көп болады. Білімсіздік – еркіндіктің алғышарты. Сондықтан адам аз білген сайын, соғұрлым еркін.
Сонымен, әрбір адам өзіндік жеке ақиқатқа ие болады, басқаша айтқанда, әркімнің жеке пайдаланатын дара философиясы бар. Бұл – ақиқат пен еркіндіктің өзіндік түсініктерін қиратушы абсолюттік релятивизм, гносеологиялық анархизм көзқарастары. Жаңа дәуірдегі классикалық философияның негізін қалаушылар Бэкон, Декарт, Спиноза білім – күш- қуат, ал еркіндік – жете түсінілген қажеттілік, демек, объективтік әлемнің заңдылығы дегенді жариялады. Осы күнгі Батыс философтары – экзистенциалистер, иррационализмнің басқа да жақтастары классикалық мұрадан мүлде бас тартады.
Экзистенция немесе өмір, тіршілік орталық категория болып көзге түседі. Осымен субъектінің әлемдегі өз орны, болмысынан әсер алуы, күйзелуі түсініледі. Бұл болмыс ешбір затқа бағытталмаған және өзінің шектілігін мойындайды. Экзистенциалистер болмыс мәселелерін адам болмысына саяды, ал соңғысы субъективтік идеализм тұрғысынан түсіндіріледі. Ясперстің ойынша, «субъект өзінің әлемін қандай қылып көргісі келсе, сондай қылып жасайды». Хайдеггер де өз тарапынан болмысты заттар мен денелердің жиынтығына сайған, бұрынғы өткен барлық философия оны тануға қабілетті болған жоқ деп пайымдайды. «Болмыс деген не? «Болмыс» түсінігінің анықталуы мүмкін емес. Бұл оның жоғарғы жалпыға ортақтығынан туындайды». Болмыс анықталмайды, бірақ ол туралы сұрақ мәнсіз емес. Бұл – адам болмысының мәні. Болмыс мәселесі болмыс туралы сұрап білетін, болмыс туралы әсерленетін адам мәселесі болады.
Сартр ойынша, «өзі үшін болмысқа» қарсы тұратын «өзіндік болмыс» болады. Бұлардың арасында абсолюттік қарама-қарсылық бар, бірақ, бір-бірінсіз болуы, өмір сүруі мүмкін емес. Экзистенциализмде объективтік идеализм элементтері де бар: адамнан тәуелсіз болмыстың өмір сүретіні мойындалады, бірақ оның материалдық та, идеалдық та өзгешеліктері жоқ. Діни экзистенциализм осы объективтік ақиқатты Құдай, атеистік экзистенциализм «өзіндік болмыс» деп атайды.
Экзистенциалистерде объективтік ақиқат кейде трансценденция деп аталады, экзистенциямен ажырамайтын байланыста болады. Сонда объект субъектіден тәуелсіз, тыс өмір сүре алмайтын болып шығады. Қорыта айтқанда, экзистенциализмде субъективтік біржақтылық басым.
Адамға қорқыныш пен торығу сезімін тудыратын әлемнің «қираған» және мағынасыз болмысы туралы уақытында Къеркегор айтқан болатын. Сыртқы әлемге сүйенуге талпыныс жасау қауіпті, орынсыз да, сондықтан құтқаруды Құдайдың еркінен іздеу керек. Оны қолдаған Ясперс экзистенцианы тек қана адамның өзіне деген қатынасы емес, сонымен қоса трансценденцияға, демек Құдайға да қатынасы деп есептейді. Қоғам адамға жау, ол адамды жояды, оны өзіндік түрі болмайтын бұрандаға, үлгі болатын бөлшекке айналдырады. Адамды көпшілікке араластыру, бұқараландыру, оның өзінен өзінің жатсынуын білдіреді.
Адамды қоршаған қорқынышты әлемде құтқарушы болатын тек оның өзі, қайталанбайтын Өзіндігі немесе құпия және танылмайтын экзистенциясы. Адам өзін-өзі құтқарып, өзінің еркіндігіне келуі керек. Өзіндік тек адам толғанысының еркін шешімінде ғана жүзеге асуы мүмкін.
Біз бұл жерде экзистенциализмнің маңызды пікірі еркіндік пен «шекаралық жағдай» тұжырымдамаларына келеміз. Ол тұжырымдамалардың мәні мынада: өмір мәнсіз, сандырақ, адам өмірінде жиіркенушілік пен қорқынышты басынан кешіреді, сондықтан болмыстың жоқтығына, ең жоғарғы еркіндік – өлімге ұмтылады. Тек өлім еркіндіктегі болмыс – өмірге мақсат береді және экзистенцияға, оның аяқталуына алып келеді. А. Камюдің ойынша, «шын мәнінде байыпты бір сұрақ бар – бұл өзін-өзі өлтірушілік туралы сұрақ. Өмірді сүруге тұратындығы әлде тұрмайтындығы турлы пікір айту – бұл философияның негізгі сұрағына жауап беруді білдіреді... Қалғанының бәрі – әзіл-қалжың, өйткені бәрінен бұрын философияның негізгі сұрағына жауап беру керек» (Камю А. Бунтующий человек. –М., 1990. –26-27 б.).
Өлімге келер жолда адам «шекаралық жағдайға» – экзистенциалистер көп мәнділік беретін түсінікке кез болады. Бұл жағдай – адамның экзистенциясының өзін шүбәсіздік есебінде тану жағдайы. «Біз әрқашан бір жағдайдамыз, – дейді Ясперс. – Оны өзгерту үшін мен жұмыс істей аламын. Бірақ, әрқашан қандай болса, сол қалпында қалатын шекаралық жағдайлар болады: менің өлуім керек, менің азап шегуім керек, менің күресуім керек, мен кездейсоқтыққа душармын, мен сөзсіз кінәлімін. Шекаралық жағдайлар таң қалу, күмәнданумен қатар, философияның бастауы болады. Біз өзіндік болмысымыздың (өзіндік санамыздың) қайта қалпына келуіне қабаттасып жүретін шекаралық жағдайларды астыртын немесе тайсалмай тура сезінеміз.
Шекаралық жағдайға кіру – сөзсіз болатын жағдай. Оған кірген адам жоғарғы еркіндікке ие болады және өледі. Өзіне-өзі қанағаттанбау – бұл мәңгі, өшпейтін, таусылмайтын сезім, адаммен бірге өмір сүретін жазылмайтын жара. Азап шегуден құтылу мүмкін емес, оған тек шыдауға, жанның қолайсыздығын елемеуге болады.
Сартрдың құлықтылық ұстанымы басқалармен салыстырғанда тартымды көрінеді. Шын мәнінде, ол да барлық экзистенциалиске тән өмірден торығушылыққа ортақтасып, кез келген өмірдің тарихы, оның жеңілу тарихы болады, бұлай болса, онда бәрі – дүниеге келу де, өлім де, адамның өмірі де сандырақ деп есептейді. Бірақ, адам ешқандай сүйенішсіз, ешқандай көмексіз әрбір кезде «адамды шығаруға» жазаланған. Адам өз алдына жауапкершілік алады, одан қашатын мүмкіндігі, дәлелі, сылтауы жоқ. Қорқақ өзінің қорқақтығы үшін жауап береді, сатқын – сатқындығына... Адамды алдын ала біреу жасамайды, ол әрқашан өзін-өзі «жобалайды», мүмкіндіктерді таңдайды. Адамға әр түрлі мүмкіндікті таңдау еркіндігі берілген және одан осы таңдау үшін жауапкершілік те талап етіледі.
Экзистенциализм философиясы ХХ ғасырдағы буржуазиялық өркениеттің терең тоқырауының көрінісі болады. Бүгінгі әлемдегі адам өмірінің сандырақ, танушылық екендігін экзистенциализм ғана ашты. Бұл философияның қайғылы өмірден түңілуі кездейсоқ емес. Назар аударылған әлемді көркейтетін, тани алатын адам емес, керісінше, азап шеккен, жалғыз, терең бақытсыз, сонымен бірге еркіндікке ұмтылатын, өзінің барлық іс-әрекетіне жауап беретін жан болды.
Экзистенциализмнің дүниеге сеніммен қарайтын «жағымды» нұсқасын жасауға, басшылық жасайтын желіні табуға көмектесетін, адамның өмір сүруін ретке келтіру үшін пайдалы бағытты іздеп табуға да талпыныс жасалды. Дегенмен, бұл талпынысты сәтті болды деп мойындауға болмайды. «Классикалық» экзистенциализмді сынаған «жағымды» экзистенциализм өкілдері ақыр соңында өздерін сынап отырғаны туралы қорытындыға келеді. Экзистенциализм классиктері өмірден өткеннен соң, ағым батыс зиялыларының ортасындағы өзінің тартымдылығын жояды.
Достарыңызбен бөлісу: |