Магия сиқыр мен тылсым күшке сену дегенді білдіреді.
Ежелгі адамдардың бір затқа ерекше қасиетті деп табынуы фетишизм деп аталады. Адамдар кез келген бір затқа адамды сауықтыруы, жаудан қорғауы, аңшылықта жәрдемдесуі мүмкін деп табынған. Фетиштің ең көрнекті түрі – бойтұмар. Адамдар аруақтар мен құдайлар үнемі жандарында жүрсе, мейірімін көп төгеді деп түсінген, сол себепті де ағаштан ойып, балшықтан илеп, тастан қашап құдайлар мен аруақтардың бейнесін жасаған. Олар аруақтар бейнесін елестете алмады. Сондықтан пұт тірі жан иесіне – аңға немесе адамға ұқсатылып жасалды.
Осындай бейнелер пұт деп аталды.
Адамдардың түсінігі бойынша жер мен судың, орман мен таудың иелері болған. Сондықтан адамдар оларға кұрбандық шалып, пұттың шапағатына бөленуге тырысты. Алғашқы адамдар бүкіл табиғатты жанды деп ойлаған. Табиғаттан тыс күштер әлемді билеп тұрады, олар үрлесе, дауыл тұрады, қаласа, аңдар басқа жаққа ауып кетеді деп сенген. Адамдар оларды аруақтар (рухтар), ал орасан зор күш иесін құдайлар деп атаған. Аруақтардың мейіріміне ие болу үшін оларға сый-сияпат апаруың керек деп ойлаған.
Ал сый-сияпаттың ең өтімдісі – тамақ деп есептеген.
Алғашқы адамдардың табиғаттың тылсым күшіне, сиқырға, рух пен жанға, өлгеннен кейінгі өмірге деген сенімдері діни наным деп аталады.
Адамдардың наным-сенімі кәсіптің түріне тәуелді болды. Егіншілер егіннің, малшылар табынның өз құдайлары болады деп есептеді. Еңбек ету барысында адамдардың ақыл-ойы жетіле түсті. Адамдар жануарлардың, өсімдіктердің тіршілігін бақылай жүріп, өздерінің тәжірибесі мен білімін келесі ұрпаққа жеткізіп отырған. Аспандағы жұлдыздардың орналасуын есте сақтап, егінді жинау уақытын анықтаған. Адамдар өз білімдерін суретті хат – пиктография (тасқа түсірілген хат суреттер) арқылы хабарлаған.
Тезистер:
Ертедегі адамдар қоршаған табиғаттан өздерінің қандай айырмашылықтары бар екенін түсінбеді.
Діни түсініктердің пайда болуын біз неандертальдықтардың жерлеу ғұрпынан байқаймыз.
Олар өлімді мәңгі ұйқыға кету деп түсінген.
Өте ерте заманғы жерлеу ғұрпында өлген адамның үстіне қызыл минерал бояу сепкен. Қызыл түс – қанның түсі. Ал қанның жанмен байланысты екенін ертедегі адамдар білген.
Анимизм – жан мен рухтың барлығына сену.
Ежелгі адамдардың аң аулау кезіндегі сенімдері бірте-бірте аңдарға жалбарынып, табынуды тудырды.
Адамдар өздерін белгілі бір жануардан тарадық деп есептеген. Содан көне сенім – тотемизм қалыптасты.
Құлшылық етіп сиыну, құрбандық шалу, билеу, жалбарыну, қорғайды деп тұмар тағу магиялық әрекеттерге жатады.
Магия – сиқыр мен тылсым күшке сену.
Ежелгі адамдардың бір материалды затқа ерекше қасиетті деп табынуы фетишизм деп саналады.
Адамдар кез келген затқа адамды сауықтыруы, жаудан қорғауы, аңшылықта жәрдемдесуі мүмкін деп табынған. Фетиштің ең көрнекті түрі – бойтұмар.
Олар өз түсініктеріндегі аруақтар бейнесін елестете алмады, сондықтан пұттар тірі жан иесіне – аңға немесе адамға ұқсатылып жасалды.
Ондай бейнелер пұт деп аталды.
Алғашқы адамдар бүкіл табиғатты жанды деп ойлаған.
Табиғаттан тыс күштер әлемді билеп тұрады, олар үрлесе, дауыл тұрады, қаласа, аңдар басқа жаққа ауып кетеді деп сенген.
Адамдар оларды аруақтар (рухтар), ал орасан зор күш иесін құдайлар деп атаған.
Аруақтардың мейіріміне ие болу үшін сый-сияпат апаруың керек. Ал сый-сияпаттың ең өтімдісі – тамақ деп санаған.
Алғашқы адамдардың санасында пайда болған табиғаттың тылсым күшіне, сиқырға, рух пен жанға, өлгеннен кейінгі өмірге деген сенімдері діни наным деп аталады.
Адамдардың наным-сенімі кәсіптің түріне тәуелді болды.
Егіншілер егіннің, малшылар табынның өз құдайлары болады деп есептеді.
Адамдар жануарлардың, өсімдіктердің тіршілігін бақылай жүріп, өздерінің тәжірибесі мен білімін келесі ұрпаққа саналы түрде жеткізіп отырған.
Адамдар аспандағы жұлдыздардың орналасуын есте сақтап, егінді жинау уақытын анықтаған.
Адамдар өз білімдерін суретті хат – пиктография (тасқа түсірілген хат суреттер) арқылы хабарлаған.
Оттың көмескі сәулесі түсетін үңгірлерде адамдар аңға шығуға дайындалып, құпия ырымдар жасап, аңшыларға сәттілік тілеп, құдайларға жалбарынған.
Мезолиттің хронологиялық шеңбері біздің заманымыздан бұрынғы он екі мен бесінші мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Жалпы Қазақстан жерінде мезолит ескерткіштері аз табылған. Бірақ мезолит заманының тұрақтарының аз кездесуі сол дәуірде Қазақстан жерін мекендеген адамдардың аздығын білдірмейді. Бұл кезеңде адамдардың өмір салты өзгерді. Аңшылық осы кездегі адамдардың негізгі кәсібінің біріне айналды.
Палеолиттен мезолитке өту кезеңінде жер бетінде үлкен табиғи өзгерістер орын алды. Осыдан 13 мың жыл бұрын жер бетінде күрт жылыну басталады. Мезолит дәуірінде ауа-райы өзгеріп, мұздықтар еріп, күн жылынды. Баяу қозғалатын мамонт, мүйізтұмсық сияқты табын-табын болып жүртін, ірі аңдар жойылып, жылдам жүгіретін, ұсақ аңдар пайда болды, адам саны да көбейді. Жер бетін басып қалған мұз еріп, қазіргіге ұқсас өсімдіктер мен жануарлар түрі қалыптаса бастады.
Палеолитте адамдар бір орында ұзақ тұрса, мезолитте олар мекен еткен жерлерін үнемі ауыстырып отырды. Мезолит заманының адамдары бір жерде ұзақ тұрақтап мекендемеді. Адамдар бір тұрақта тек бір немесе екі маусым тұрақтайтын. Бұрын табынымен жүретін аңдарды ұраға жығып, қаумалап ұстау әлдеқайда жеңіл еді. Енді некен-саяқ, жеке жүретін бұғы, қабан сияқты аңдарды қуып аулау қажет болды. Олар аң аулауға қолайлы алаптарды іздестіріп, аңдардың соңынан еріп, жиі қоныс аударып отырды.Сонымен қатар біздің заманымыздан бұрынғы сегізінші мыңжылдықта климаттың бірден жылуы басталды, ұзақ уақытқа тұрақтау үшін жылы үйлер салудың қажеті болмай қалды.
Аң аулаудан кейін мал өсіру қалыптаса бастады. Ежелгі аңшылар жас төлдерді өлтірмей, оларға сырғауылдардан мықты қоршау орнатып, қорада өсіре бастаған. Осылайша қой, ешкі, сиыр, шошқа қолға үйретілді. Алғаш қолға үйретілген жануар – ит.
Сөйтіп мезолит дәуірінде мал шаруашылығы пайда бола бастады. Терімшілікпен шұғылданып жүрген әйелдер жұмсақ топыраққа түскен дән қалдықтарының уақыт өте келе өсіп-өнетінін байқады. Осыдан кейін олар қопсытылған жерге дән қалдықтарын сеуіп кететін болды. Осылайша егіншіліктің алғашқы белгілері біліне бастады.
Мезолит заманында рулық қауым күшейді. Ерлер мен әйелдердің арасында еңбек бөлінісі қалыптасты. Ер адамдар аң аулаумен, ал әйелдер терімшілікпен айналысты.
Балалар тобынан ересектер тобына өту бағыштау (инициация) ғұрпы арқылы жүзеге асырылып отырды.
Мезолит заманының үлкен жаңалығы микролиттер болды, яғни ұзындығы 1-2 сантиметр ұсақ жаңқа тастардан жасалатын құралдар пайда болды. Микролит деген сөздің мағынасы ұсақ тас дегенді білдіреді. Адамдар сүйектен, мүйізден құралдар жасауды үйренді. Сүйек пен мүйізден садақ жебелері, балық аулайтын түрлі шанышқылар, қармақ ұштары, біз, тебен инелер жасалды.
Мезолит заманының тағы бір басты жаңалығы садақ пен жебенің жасалуы болды. Садақ аңды алыстан атуға мүмкіндік берді. Бұрын пайдаланған найзаларға қарағанда садақ аңшылықтың рөлін арттырды. Мезолиттік аңшылар Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай, Жайық өзендерінің жағалауларын мекендеді. Олар баспананы жеңіл қос сияқты ағаштан айқастырып құрып, оның үстін аң терісімен жапты. Осындай қабырғалары терең көмілген, көлемі 40-60 шаршы метр болатын баспана Есіл өзенінің аңғарынан табылған.
Қазақстан аумағындағы мезолит дәуіріндегі алғашқы тұрақты 1948-інші жылы археолог Александр Формозов ашты. Кейінірек 1970-1980-інші жылдары ғалымдар Виктор Зайберт, Виктор Логвин, Гиндиндер археологиялық зерттеулер жүргізді.
Бүгінгі күнге дейін мезолит дәуірінің жиырма ескерткіші табылған. Бұл дәуірдің тағы бір жаңалығы адамдар осы кезден бастап балықты тамақ ретінде жиі дайындай бастады.
Мезолит кезеңі адамзаттың жаңа жерлерді игеруімен ерекшеленді. Бұл кезде адамдар Еуразияның қиыр шығысы мен Америка құрлығын игере бастады.
Тезистер
Мезолиттің хронологиялық шеңбері б.з.б. 12-5 мыңыншы жылдықтар аралығын қамтиды.
Осыдан 13 мың жыл бұрын жер бетінде күрт жылыну басталады. Мезолит дәуірінде ауа-райы өзгеріп, мұздықтар еріп, күн жылынды.
Жер бетін басып қалған мұз еріп, қазіргіге ұқсас өсімдіктер мен жануарлар түрі қалыптаса бастады.
Мезолит заманының адамдары бір жерде ұзақ тұрақтап мекендемеді. Адамдар бір тұрақта тек бір немесе екі маусым тұрақтады.
Мезолит дәуірінде мал шаруашылығы қалыптаса бастады.
Мезолит дәуірінде адамдардың негізгі кәсібі аңшылық және терімшілік болды.
Мезолит заманының адамдары бір жерде ұзақ тұрақтап мекендемеді. Үнемі жайылымын ауыстырып, өрістеп отырған аңдардың соңынан ілесіп көшіп жүрді.
Б.з.б. сегізінші мыңжылдықта климаттың бірден жылуы басталды, енді ұзақ уақытқа тұрақтау үшін жылы үйлер салудың қажеті болмай қалды.
Мал өсіру қалыптаса бастады, қой, ешкі, сиыр, шошқа қолға үйретілді.
Алғаш қолға үйретілген жануар – ит.
Егіншіліктің алғашқы белгілері біліне бастады.
Ерлер мен әйелдердің арасында еңбек бөлінісі қалыптасты.
Мезолит заманның тағы бір басты жаңалығы садақ пен жебенің жасалуы болды.
Мезолит заманының үлкен жаңалығы микролиттер болды, яғни ұзындығы 1-2 сантиметр ұсақ жаңқа тастардан жасалатын құралдар пайда болды.
Микролит деген сөздің мағынасы ұсақ тас дегенді білдіреді.
Бұл дәуірдің тағы бір жаңалығы адамдар осы кезден бастап балықты тамақ ретінде жиі дайындай бастады.
Қазақстан аумағынан табылған жиырмадан астам мезолиттік тұрақ белгілі.
Қазақстан аумағындағы мезолит дәуіріндегі алғашқы тұрақты 1948 жылы археолог А.А. Формозов ашты. Кейінірек 1970-1980 жж. ғалымдар В.Ф. Зайберт, В.Н. Логвин, А.Ю. Гиндиндер археологиялық зертеулер жүргізді.
Балалар тобынан ересектер тобына өту – бағыштау (инициация) ғұрпы арқылы жүзеге асырылып отырды.
Мезолиттік аңшылар Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай, Жайық өзендерінің жағалауларын мекендеді.
Рулық қауым: қариялар, ересектер және балалар болып үш топқа бөлінді.
Қабырғалары терең көмілген, көлемі 40-60 шаршы метр болатын баспана Есіл өзенінің аңғарынан табылды.
Мезолит кезеңі адамзаттың көптеген жаңа жерлерді игеруімен ерекшеленді. Бұл кезде адамдар Еуразияның қиыр шығысындағы Америка құрлығын игере бастады.
Қазақстан аумағында неолит кезеңінің шамамен 600 (кейбір деректер бойынша 800) ескерткіші белгілі. Олардың көбінің мәдени қабаты жоқ, бұлар адамдардың уақытша тұрақтары.
Негізгі белгілері бойынша неолит ескерткіштері бір-біріне өте ұқсас және бір мәдени-тарихи топқа жатады. Дегенмен табылған құралдардың, керамикалық ыдыстардың түрлеріне, олардың жасалу техникасының кейбір ерекшеліктеріне, шаруашылықты жүргізу сипатына қарай Қазақстанның неолиттік мәдениетін ғалымдар бірнеше аймақтық топтарға бөліп көрсетеді.
Солтүстік-батыс Қазақстан аймақтық тобы мәдениетінің ерекшеліктері: біріншіден, пластикалық тас өндірісінің басым болуы, екіншіден, ыдыстарды әшекейлеуде геометриялық өрнектеудің басым болуы.
Арал, шығыс және оңтүстік-шығыс Қазақстан аймақтық тобының ерекшеліктері: неолит кезеңіне тән құралдар, яғни садақ пен найзаның тастан жасалған ұштары, жалпақ пышақтар, екі жағынан да өңделген жебе ұштары және де тас жаңқаларынан жасалған құралдар басым болды.
Солтүстік Қазақстан аймақтық тобында басқаларына қарағанда әртүрлі құралдар өте көп табылды: тас жаңқаларынан жасалған қашаулар, жалпақ пышақтар, қырғыштар. Шаруашылықтың негізгі түрі аңшылық пен терімшілік болды.
Балқаштың солтүстігі мен Бетпақдала аймағы топтарына өзен мен көл жағалауларында орналасқан тұрақтар тән. Қашаулар, найзаның ұштары, тері мен геометриялық формадағы құралдар өте аз кездеседі, ал керамика мүлдем жоқ.
Орталық Қазақстанның солтүстік аймақтары тобында кремнийдан жасалған құралдар мен тұрақтар Қазақстанның солтүстік аймақ топтарына ұқсас болды. Қарағанды мен Зеленая Балка тұрақтарында үй жануарларының сүйектері табылды. Жезқаған өңірінен 150 тұрақ және көне қорымдар мен обалар табылды. Қайтыс болған адамның денесін тастармен қоршап, жерге арқасын беріп, басын солтүстік-батысқа қаратып жерлеген. Бұл – неолит дәуірі адамдарының өзіндік дүниетанымы, о дүниеге деген сенімі болғанының куәсі.
Шығыс Қазақстан аймақтық тобындағы қоныстар да құралдардың түрлеріне өте бай. Керамикалық бұйымдар мен қырғыштар ойылған өрнектермен көмкерілген.
Арал өңірінен найзаның тас ұштары, жалпақ пышақтар, екі жүзі де өңделген жебе ұштары табылды. Солтүстік Қазақстандағы Пеньки селосы маңындағы тұрақта тас шапқылар, жалпақ пышақтар, жаңқадан жасалған қырғыштар көбірек кездеседі.
Балқаштың солтүстігінде шақпақ тастан жасалған ұсақ құралдар, тілікшелер, жаңқалар, нуклеустар және жебе ұштары көп кездеседі.
Алғашында ұжымдағы барлық жұмысты аналар атқарды. Олардың істейтін жұмыс көлемі бұрынғыдан да көбейді. Олар отбасы істерімен, тамақ дайындаумен қатар киім тоқу, жер өңдеумен де айналысты. Бұл ұжымдағы аналардың беделін арттырды.
Рулық бөлініс те аналардың үстемдігімен анықталды. Әрбір қауым өз аумағында мекен етті. Рулық қауымның барлық мүшелері өзара тең болып есептелінді. Жер, баспана, еңбек құралдары бәріне ортақ саналды. Барлығы бірлесіп орманда аң аулады, балық ұстады, ортақ жайылымда мал жайды. Қауымның ішкі жұмысын теңдей бөлісті. Әйелдер мен балалар жеміс-жидек жинады, еркектер ор қазды, егістік жерді тазалады, жыртқыш аңдарды аулады. Қауымның жеке мүшесіне тиісті мүлікті, мысалы, найзаны кез келгені пайдалана алды.
Олар ру ішіндегі тіршілік пен әрекетке қатысты мәселелерді жалпы жиналыста шешті. Жалпы жиналысқа ересек адамдардың бәрі – еркектер мен әйелдер түгел қатысты. Әрқайсысы өз пікірін білдіре алды.
Жалпы жиналыста ақсақалдар сайланды. Оған рудың барлық мүшелеріне сыйлы, ең ақылды, ержүрек, құрметті адамдар таңдалды. Ақсақалдар даулы мәселелелрді шешті, аң аулайтын, мал жаятын жерлерді бөліп беріп отырды. Олар рудың әрбір мүшесінің мүддесін қорғады. Бірнеше ру бірігіп, шаруашылық мәселелерін бірлесіп шешті. Және осындай рулық бірлесулерді басқаратын көсемдер сайланды.
Мезолит пен неолит шаруашылықтарының айырмашылығы: мезолитте жеке аңшылық пайда болды, малды қолға үйрету мен дәнді-дақылдарды егу басталды; неолитте мал шаруашылығы мен егіншілік қалыптасты, сонымен қатар тоқыма тоқу, киім тігу, қыш ыдыс жасау (керамика) пайда болды, тас құралдарды өңдеу жоғары деңгейге көтерілді.
Тезистер
Неолиттің хронологиялық шеңбері б.з.б. 5-3 мыңжылдықтар аралығын қамтиды.
Қазақстан аумағында неолит кезеңінің шамамен 600 (800) ескерткіші белгілі.
Қазақстанның неолиттік мәдениетін ғалымдар бірнеше аймақтық топтарға бөліп көрсетеді.
Солтүстік-батыс Қазақстан аймақтық тобы мәдениетінің ерекшеліктері: біріншіден, пластикалық тас өндірісінің басым болуы; екіншіден, ыдыстарды әшекейлеуде геометриялық өрнектеудің басым болуы болды.
Арал, шығыс және оңтүстік-шығыс Қазақстан аймақтық тобының ерекшеліктері: неолит кезеңіне тән құралдар, олар садақ пен найзаның тастан жасалған ұштары, жалпақ пышақтар, екі жағынан да өңделген жебе ұштары және де тас жаңқаларынан жасалған құралдар басым болды.
Орталық Қазақстанның солтүстік аймақтары тобының кремнийдан жасалған құралдары мен тұрақтары Қазақстанның солтүстік аймақ топтарына ұқсайды. Жезқаған өңірінен 150 тұрақ және көне қорымдар мен обалар табылды.
Солтүстік Қазақстан аймақтық тобында басқаларына қарағанда әртүрлі құралдар өте көп табылды: тас жаңқаларынан жасалған қашаулар, жалпақ пышақтар, қырғыштар.
Балқаштың солтүстігі мен Бетпақдала аймағы топтарына өзен мен көл жағалауларында орналасқан тұрақтар тән. Қашаулар, найзаның ұштары, тері мен геометриялық формадағы құралдар өте аз кездеседі, ал керамика мүлдем жоқ.
Адамды басын солтүстік-батысқа қаратып, шалқасынан жатқызып жерлеген. Бұл – неолит дәуірі адамдарының өзіндік дүниетанымы, о дүниеге деген сенімі болғанының куәсі.
Мезолит пен неолит шаруашылықтарының айырмашылығы: мезолитте жеке аңшылық пайда болды, малды қолға үйрету мен дәнді-дақылдарды егу басталды, неолитте мал шаруашылығы мен егіншілік қалыптасты, сонымен қатар тоқыма тоқу, киім тігу, қыш ыдыс жасау (керамика) пайда болды, тас құралдарды өңдеу жоғары деңгейге көтерілді.
Неолит кезеңінде адамдар аналық рулық қауымда өмір сүрді.
Рулық қауымның барлық мүшелері өзара тең деп саналды.
Жалпы жиналысқа ересек адамдардың бәрі, еркектер мен әйелдер түгел қатысты.
Жалпы жиналыс ақсақалдарды сайлады. Ақсақалдар даулы мәселелерді шешті, аң аулайтын, мал жаятын жерлерді бөліп берді.
«Энеолит» сөзі дегеніміз мыс-тас ғасыры деген мағынаны білдіреді. Бірақ металл тасты қолданыстан мүлдем шығарып тастаған жоқ. Тас та негізгі құрал ретінде пайдаланылды.
Ең алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі шаруашылықтың егіншілік пен малшаруашылығы болып бөлінуі болды. Бірақ энеолитте бірыңғай егіншілікпен айналысатын тайпалар әлі қалыптаспады. Өйткені егіншілік адамды тамақпен толық қамтамасыз ете алмады. Сондықтан бұл кезеңде тайпалардың малшаруашылығымен де, аң және балық аулаумен де айналысуына тура келді. Ал малшаруашылығымен шұғылданғандардың көп бөлігі егіншілікпен мүлдем айналыспады. Мал бағу егіншілікке карағанда тиімді болды.
Мыс-тас ғасырының ескерткіштері. Қазақстан аумағында энеолит кезеңінің ерекше ескерткіші – Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы. Ботай тұрағы біздің заманымыздан бұрынғы үшінші-екінші мыңжылдықтармен мерзімделеді. Бұл тұрақ 15 гектар жерді алып жатыр. Тұрақты қазу барысында 158 тұрғын үй табылды. Үйлер кәдімгідей көше-көше болып салынған. Үйдің қабырғасының бір метрге жуығы – кәдімгі жер. Одан жоғары тұсы – топырақпен дауал етіп шенделген қабырға. Қабырғаларға бөрене мен сырғауылдар салынған. Үйлердің кабырғалары жануарлар терісімен қапталған, ал үйдің төбесінде түтін шығатын тесік қалдырылған, ортасына ошақ орнатылған. Қазба жұмыстары барысында тастан жасалған кұралдар – садақтың ұштары, найзалар, пышақтар мен балталар табылды. Сүйектен жасалған ине, біздер және қыштан жасалған бұйымдар да ұшырасты. Жылқы сүйектері өте көп табылды.
Ботайлықтар бүкіл Еуразия даласында алғашқы жылқы малын қолға үйреткендер болды. Ботайлықтарды жылқы өсірген бақташы тайпалар деп атауға болады. Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйек қалдықтары табылған. Жылқыны қолға үйрету, оны салт мініп жүруді, көлік ретінде пайдалануды ойлап табу адамзат дамуында прогрестің болғанын дәлелдейді. Осылайша адамның уақыт пен кеңістікті игеруінің негізі қаланды. Ботайлықтар адамның бас сүйегін балшықпен мумиялауды білген, итті кие тұтып, оны табалдырық астына көметін ғұрыптары болған. Иттің өз иесінің үйін түрлі қауіптен қорғауы, иті өлген соң да қорғап жүреді деп сенуі Ботайлықтарды итке кие тұтуға алып келді. Далаға апарып көміп тастамай,табалдырық астына көмген. Өлген ит табалдырық астында жатқанда қорғай алады деген сенім болған.
Маңғыстау өңірінде табылған ескерткіштер энеолит дәуірі мәдениетінің екінші аймағына жатады. Маңғыстау түбегіндегі белгілі энолит тұрақтары – Шебір, Жыңғылды, Қошқарата және тағы басқа Шебір елді мекені маңынан тас пен қыштан жасалған еңбек құралдары табылған. Шебір тұрағының тұрғындары теңіз ұлуларының қабықтарын моншақ етіп таққан. Шебірліктер негізінен аң аулаумен айналысқан.
Энеолит мәдениеті бұл өңірге Еділ-Жайық бойындағы хвалын тайпалары арқылы және біздің заманымыздан бұрынғы үшінші-екінші мыңжылдықтарда Орталық Азиядан қоныс аударған келтеминар мәдениетінің өкілдері арқылы келген деген тұспал бар. Энеолит тұрақтарында қыш ыдыстары сазбалшықтан қолдан жасалған. Ыдыстардың түбі дөңгелек конус тәріздес, тұрқы жұмыртқаға ұқсас болды. Ыдыстардың ернеуіне жаға тәріздес қалың жиек және тарақ жүзді өрнек салынған.
Ертіс пен Еділ арасында өмір сүрген энеолит тайпалары көбіне мал өсірумен айналысқан, оның ішінде жылқы басым болған.
Энеолит қоғамында екі ірі өзгеріс болды: еңбек бөлінісі қалыптасып, аталық ру орнай бастады. Тек қана мал немесе егіншілікпен айналысатын тайпалар қауымы қалыптасты. Патриархалдық отбасылар жақын туысқандардың үштен астам ұрпағынан тұрды. Ең үлкендері өз алдына қауым құрап, рулық бірлікке кірді.
Рулық қауым негізінен аталық (патриархалдық) отбасылардан құралды. Рулар тайпаға бірікті. Ал тайпалар кейінгі тарихи кезеңде тайпа одақтарын құрды. Біртіндеп үй, мал, еңбек құралдары, тұрмыстық заттар жекеменшікке өте бастады.
Қоғамдық еңбек бөлінісі, металл өндірісі мен малшаруашылығы маңызының арта түсуі ер адамдардың қоғамдағы рөлін жоғарылатты. Өмірдің барлық салаларында еркектердің беделі өсті. Өндірісте әйел рөлінің төмендеуі ендігі жерде отбасында еркектердің билік жүргізуіне алып келді.
Достарыңызбен бөлісу: |