11. Іс-әрекет құрылымы және оның түрлері
Іс-әрекет – бұл саналы түзілген мақсаттың орындалуына
бағытталып, қоғамдық мәнді құндылықтар немесе әлеуметтік
тәжірибені игеруге байланысты субъекттің болмысқа деген белсенді
қатынасының формасы.
Іс-әрекет барысында адам болмысы және оның психикасы көрініс
береді, қалыптасады және дамиды.
Іс-әрекет – екі негізгі белгіге ие өте ерекшеленген қатынас формасы:
1. Іс-әрекет – бұл қандай да нәтижені қолға түсіруге көзделген өнімді
қатынас түрі. Бірақ мұндай іс-әрекеттің өнімі тек заттасқан күйде ғана
(тұрмыс қажеттері, құнды жәдігерлер және т.б.) болып қалмай, адамның
әлеуметтік тәжірибе формалары да (білім, ептілік, дағды және т.б.) болуы
мүмкін. Осыдан іс-әрекет үш негізгі түрде көрінеді, іске асып барады.
Олар – еңбек, ойын және оқу.
2. Іс-әрекет – болашақ нәтиженің идеалды бейнесі ретінде саналы
танылған мақсатпен реттелуші қатынас түрі. Іс-әрекеттің мазмұнын,
құрылымын және қозғалысын айқындаушы басты өлшем – бұл мақсат.
Осынысымен де іс-әрекет адамның басқа белсенділік формаларынан
ажыралады.
Іс-әрекетті анықтаушы жоғарыда аталған екі ерекше белгі оның негізгі
жалпы психологиялық қасиеттерін нықтылауға мүмкіндік береді. Мұндай
қасиеттерді атасақ, олар: белсенділік, өнімділік (нәтижелілік), танылу
мүмкіндігі, әлеуметтік шарттылығы, іс-әрекеттің заттасқандығы
(субъект әрекетінің міндетті түрде өзінен тыс нысанға бағытталуы), іс-
әрекеттің икемшілдігі (жағдай өзгерісіне орай ауысуы, қайта құрылуы),
жүйелілігі.
Іс-әрекеттің сырттай сипаттамасы еңбек (ойын, оқу), «субъект»,
«нысаны»(объекті), «зат», «іс-әрекет жағдайлары және жабдықтары»
түсініктері негізінде беріледі.
|