Жыраулар шығармашылығының басты ерекшелігі туралы қазақ ғалымдары мынадай тұжырымды ой-пікірлер айтады:
М.Мағауин: «Жыраудың ең сүйікті жанры – толғау. Жырау репертуарынан әр түрлі тақырыптағы арнау жырлары да үлкен орын алады. Жырау - өз тайпасының руханы тірегі, ақылгөй ақсақалы. Ескіден қалған мол мұра – қаһармандық жырларды туғызушылар – жыраулар болып еспетеледі. Жырау – көне патриархалдық-рулық қоғамның перзенті еді».
Х.Сүйіншіәлиев: «Жыраулар – сөз шеберлерінің ілкі авторлары, ақындыққа жол ашқан асыл сөз шеберлері, халықтық шешендікпен ұштасқан ойлы-сырлы толғау, арнау, термелер мен эпостық жырлардың бастау бұлақтары. Көркемсөз өнерінің көне шеберлерін қазақ халқының жырау деп атап кеткені мәлім. Бұл тұстағы әдебиетіміздің қай саласы болмасын, оған жыраулардың қатысы мол болды. Жыраудың ақыннан өзгешілігі – шығармаларының сарыны мен тақырыбы бірыңғай болып келуінде. Болашақты болжап, ақыл айтып, батагөйлік ету, шешендік түйіндер жасап, терең ой қозғау – жыраулардың дәстүрлі ерекшеліктері. Бірыңғай тарихи тақырыптарды, әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді, қолбасы батырлар мен ел басы хандар ісін, халықтың жай-күйін толғап отыру жырауларға тән. Олар өздерінің болжамдарын, ақыл, өсиеттерін қобыздың зарлы үніне қосып ұзақ толғаған. Қазақтың есімдері өте ерте заманнан ел есінде сақталып, ел аузында жүрген жыраулары көп-ақ. Бірақ, олардан бізге жеткен мұра – жоқтың қасы».
М.Әуезов: «Жырау - құр тақылдақ өлең айтпайды. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Кей кезде жырау - жуан даугер, жуан би. Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жайы туралы».
Б.Әбілхасымов: «Жырау сөзінің алғаш хатқа түсуі ХI ғасыр. Кейінгі қазақ ақындарының орта ғасырдағы ұзаннан ешқандай айырмашылығы болмауы – ақындар институтының көнелігін көрсетеді. Жыраулар қаруланған көркемдік әдістердің дені – көне, ескі түркілік. Жырау тұлғасы ерте дәуірде, тайпалық одақтар бірлестігі тұсында қалыптасып, ХV-ХVIII ғасырларда қоғам қайраткері ретінде танылған үлкен өнер иесі».
Қ.Өмірәлиев: «XVI-XVII ғасырлардың бұл ақындарында бұқаралық түсінік, қарапайым халықтың мүддесі айтқызар ой жат болды. …Сөйтсе де бұл жыраулар өздері жасаған тарихи дәуірдің рулық-патриархалдық қоғаның қайраткерлері болды. Бұл табиғи дарын иелері қай заманда да болып отырған. Олар қазақ халқының ауызша әдебиетін – көшпелі хялықтың жазба әдебиетке дейінгі жердегі поэзиясын жасады. …қазақ жырауларының мектебі де, академиясы да қазақ халқының өмірі болды. XV-XVI ғасыр мен XVIII ғасыр арасындағы ауызша поэзияны, оның ішіндегі лирикалық поэзияны бағдарлай шола сүзе қарасақ, бұл дәуірде осы лирикалық поэзияның: сарнау, толғау, зарлау, тақпақ, естірту, жоқтау, қоштасу сияқты әлеуметтік-философиялық мазмұныны ие жанрлар болды».
Достарыңызбен бөлісу: |