Бақылау сұрақтары:
1. Лексикография ұғымын қалай түсінесіз.
2. Лингвистер мен тюркологтардың лексикография саласында қандай еңбектерi бар?
Сөздiктердiңқандай түрлерi бар?
Сөздіктерге қандай ерекшелiктер тән?
Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ тапсырмалары: Ауызекі сөйлеу тілі мен әдеби тілге тән ерекшеліктер (конспект).
Қажетті әдебиеттер
Х.Касарес. Введение в современную лексикографию. Перевод с испанского Н. Ю. Арюжновка. М, 1958.
Д.Э.Розенталь. М.А.Теленкова. Словарь справочник лингвистических терминов. М. 1972, 1985.
М.Қашқари. Диуани луғат –ит түрiк. А.
I. Кеңесбаев, Т. Жанұзақов. Руссо-казахский словарь лингвистических терминов А, 1966ж.
Лекция №16
Лекцияның тақырыбы: Грамматика және оның салалары
Лекцияның мақсаты: Грамматика салаларының зерттелу тарихы жайлы түсінік беру.
Лекцияның жоспары:
1.Морфологияның зерттеу нысаны, оның синтаксиспен байланысы.
2.Синтаксистің зерттеу нысаны .
3.Грамматиканың зерттелу тарихы.
Лекцияның мазмұны
Грамматика тiлiндегi сөздердiң түрлену, өзгеру ережелерi мен сөздерден сөйлемдердiң құралу ережелерiн белгi-лейдi. Грамматика сөздердiң бiр-бiрiмен қатынасын бiлдi-редi, сонымен қатар тiлдiң грамматикалық құрылысын зерттейдi. Ол екi саладан тұрады: 1) морфология 2) синтаксис.
Морфология тiлдегi сөздердiң морфологиялық құрылымын, аффикстердiң түрлерiн, олардың формаларын зерттейдi.
Синтаксис тiлдегi сөздердiң тiркесу қабiлетiн, олардың байланысу формалары мен тәсiлдерiн, сөйлемдердiң түрлерiн қарастырады.
Грамматиканың тарихи грамматика және салыстырмалы грамматика деген салалары бар. Тарихи грамматика тiлдiң грамматикалық құрылысын, ондағы формалар мен кате-гориялардың пайда болу құбылысы мен даму процесiн зерттейдi. Сипаттама грамматика тiлдiң өмiр сүрiп отырған кезеңiндегi қалпын қарастырса, салыстырмалы грамматика туыстас тiлдердiң грамматикалық құрылысын өзара салыстырып қарастырады. Грамматиканың зерттеу обьектiсi - морфема, сөз, сөз тiркесi, сөйлем. Мұның iшiнде сөз әрi лексикада, әрi грамматикада қарастырылады. Лексика оның мағынасын, шығу тегiн, қолданылу аясымен экспрессивтiк қызметiн қарастырса, грамматика, бiрiншiден, оның лексикалық және грамматикалық мағынасының ұштасып келуiн, екiншiден, морфологиялық құрылымын, үшiншiден, формасын, төртiншiден, лексика-грамматикалық топқа қатысын, бесiншiден, сөйлем құрау қасиетiн қарсатырады. Жалпы алғанда грамматика сөздердiң, сөз тiркесiнiң, сөйлемнiң құрылысын зерттейдi. Грамматиканың зерттеу обьектiсi болып табылатын сөздiң морфологиялық құрылымы дегенге морфема туралы ұғым енедi. Сөздер бiрнеше морфемалардан құралады. Кейде бiр морфемадан, кейде екi немесе одан да көп морфемалардан құралуы мүмкiн. Ол морфемалардың бiрi заттық мағынаны берсе, екiншiсi не дериваттық, не реляциялық мағынаны бередi.
Грамматика- грек тілінің gramm ( жазу, жазу өнері) деген сөзі.Қазір грамматика- лингвистиканың негізгі терминінің бірі, тілдің грамматикалық құрылысын зерттейтін дербес саласы. Бір тілдегі грамматикалық мағына мен сол мағынаның берілу амал-тәсілдері-сол тілдің грамматикалық құрылысы деп те аталады. Ал ондай амал-тәсілдер тілдегі жеке-жеке сөздердің басын қосып біріктіріп, бір-бірімен байланыстырады. Соның нәтижесінде айтылмақшы ой-пікір мағыналы сипатқа ие болады. Екінші сөзбен айтсақ, тіл атаулының негізгі коммуникативтік функциясы, яғни тілдің қарым-қатынас, пікір алысу, адамдардың бір-бірімен өзара түсінісу құралы болу қызметі, сол тілдің грамматикалық құрылысы арқылы атқарылады.Бұдан шығатын қорытынды: грамматика-тілдің негізгі функциясын, қарым-қатынас құралы болу функциясын, жүзеге асыру жолдары мен амал-тәсілдері туралы ілім. Грамматиканың негізгі объектісі-тілдің сөзжасамдық, морфологиялық және синтаксистік жүйесі; оның ішінде грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория, бір тілдегі грамматикалық формалардың көріну амалдары мен сол арқылы айтылмақшы мағыналардың берілу тәсілдері, олардың байланысу, тіркесу жолдары мен типтері. Осыған орай грамматика үлкен-үлкен 3 салаға бөлінеді: сөзжасам, морфология, синтаксис. Сөзжасам- тілдегі сөздердің жасалу процесін зерттейтін грамматиканың бір саласы.
Морфология- гректің morphe (форма) деген сөзінен алынған термин. Морфология- тілдің морфологиялық категориялары жөнінде ілім. Дәлірек айтсақ, морфология-белгілі бір тілге тән сөздердің грамматикалық категориялары мен сөз формалары , грамматикалық категориялардың жиынтығы мен жүйесі.
Синтаксис –гректің syntaxis ( құрастыру, түзу) деген сөзінен алынған термин. Синтаксис тілдегі сөздерді байланыстырып сөйлеу құрылысын зерттейді. Синтаксис- сөйлеудегі негізгі единицаларды, яғни сөз тіркестері мен сөйлемді зерттейтін ілім. Өзінің объектілеріне орай синтаксис бірнеше салаға бөлінеді: сөз және оның формалары синтаксисі, сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі, мәтін синтаксисі. Синтаксистің негізгі нысаны-синтаксистік құрылымдар. Синтаксистік құрылым дегеніміз-бір бірімен грамматика ережелері бойынша байланысқа түскен сөздер тобы мен сөз тіркестері немесе сөйлемдер тұтастығы.
Баяндау жүйесі мен тәсілі, зерттеу нысаны мен әдісі қамтыған материалдары және олардың кімге, не үшін арналу мақсатына қарай, грамматика құралдары түрлі болып келеді. Олардың ішінде кең таралғандары: мектеп грамматикасы, ғылыми грамматикасы, академиялық грамматикасы, нормативті грамматикасы, тарихи грамматикасы, салыстырмалы грамматикасы, салғастырмалы грамматикасы, салыстырмалы-тарихи грамматика, сипаттамалы грамматика, жалпы грамматика, сондай-ақ, белгілі бір тілдің морфологиясы мен синтаксисі.
Осылардың ішінен сипаттамалы грамматика-жоғары оқу орындарында күнделікті өмірде жиі қолданылатын құралдың бірі. Грамматиканың бұл түрі белгілі бір тілдің қазіргі, бүгінгі таңдағы, осы замандағы грамматикалық құрылысы мен қалпы, нормалары жөнінде мағлұмат береді. Белгілі бір тілдің сөздерін, сөз тіркестерін, сөйлем құрылысын тек синхрондық тұрғыдан баяндайтын сипаттамалы грамматиканы германистикада дескриптивті грамматика деп те атайды.
Грамматиканың басты объектісі тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда ( сол арқылы ғана сөздің грамматикалық сипаты ашылмақ ) оған ( тілдің грамматмкалық құрылысына) тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала – сала жүйелерден құралады да, олардың тұтастығы сол жүйелерге тән белгілі заңдылықтардың негізінде болып отырады. Ол жүйені айқындап, заңдылықтарын ашу үшін, ондағы грамматикалық әр түрлі амал-тәсілдерді, сөздердің белгілі бір ортақ қасиеттері арқылы топ-топқа бөлінуін, олардың мағыналары мен сөйлеу процесіндегі қызметтерін білу қажет. Демек, сөздің сөйлеу процесіндегі басқа сөздермен әр түрлі қатынастарының негізінде пайда болатын ішкі мәндері, оның көрінісі болатын сыртқы түр – тұлғасы, солардың барлығы негізінде сөйлемдегі, т.б. тілдің грамматикалық құрылысымен байланысты болса, оның өзіндік ерекшеліктері тағы да сол сөздің грамматикалық сипатымен анықталады. Сөйтіп, ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және осы екеуінің жүйелі жиынтығы құрайтын грамматикалық категория дегендер енеді. Бұл үшеуі бір –бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.
Түркі тілдерінің грамматикалық жүйесін зерттеу ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында басталса, Ана тіліміздің грамматикалық жүйесін зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қай кезде болса да морфологияның ең өзекті, ең басты мәселесі сөздерді топтарға бөлу болғаны белгілі. Сөздерді бұлай топқа бөлу жыл санауымыз алдындағы Ү-ІҮ ғасырдағы көне Үндістан лингвисті Панини грамматикасынан, байырғы Греция ойшылдарынан бері қарай айтылып келе жатыр. Тілдегі сөздерді есім, етістік, шылау деп үш топқа бөлу Платон мен Аристотельден басталған.
Қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлудің алғашқы әліппесін жазған адам Н.И. Ильминский болатын. Бірақ қазақ тілін зерттеген орыс түркологтарының ешқайсысы да қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлгенде қандай принципті басшылыққа аламыз деген сұрақ қойған да, оған жауап іздеген де жоқ. Қазақ тілі грамматикалық құрылысының ана тілімізде зерттеліп жарық көруі ХІХ ғасырдың 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы-1924 жылы “Тіл құралы”деген атпен Орынборда жарық көрген А. Байтұрсынұлының еңбегі.Осы еңбегінде автор қазақ тіліндегі сөздердің құрылысын “Сөз тұлғасы ”деп атап, бес түрге бөледіОлар: түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз,қосымшалар деп атаған. Сөздерді тапқа бөлу де осы оқу құралынан басталған.Автор сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер, одағайлар деп 3 топқа бөледі де, бұлардың біріншісіне зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістікті, 2-не үстеу, демеу, жалғаулық деп аталатындарды жатқызады, одағайды өз ішінен еліктеуіш, лептеуіш одағайлары деп екі топқа бөледі.
А. Байтұрсынұлының еңбегі-қазақ тілі морфологиясын ана тілімізде сөз еткен алғашқы зерттеу. Соған қарамастан грамматикамыздың көптеген түйінді мәселелері туралы айтқан пікірлері күні бүгінге дейін өз мәндерін берік сақтап, қазіргі зерттеулермен үндесіп жатыр.Ғалым еңбектеріндегі тағы бір түйінді мәселе- қазақ тілінің грамматикалық терминдерін қалыптастыру мәселесі. Қазірде қолданылып жүрген фонетикалық, грамматикалық терминдердің негізгілері Ахмет жазған оқулықтардан бастапқалыптасқан және олардың біразы байырғы замандардан бері қарай қолданылып, халық құлағына әбден үйреншікті болған, айтуға да, ұғуға да ауырлық келтірмейтін жалғау,жұрнақ,жақ, шақ, септеу, тәуелдеу, анықтау, пысықтау сияқты қарапайым сөздер.
А. Байтұрсынұлының 1 жылдық,2 жылдық, 3 жылдық деп бөліне аталған” Тіл құралында” қазақ тілінде негізі қаланған ана тіліміздің морфологиясы 30-жылдар ішіне бастап осы күнге дейін Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, А. Ысқақов, А. Қалыбаева, Н. Оралбаева т.б. ғалымдардың зерттеулері арқасында өз шешімін тапты.
Түркі тілдері грамматикалық құрылысына қатысты күрделі 2-сала-синтаксис мәселелері.Морфология сияқты синтаксис мәселелері де ХІХ ғасырдан бері қарай жарық көрген практикалық грамматикаларда сөз болып отырды. Синтаксистің барлық саласынаң да терең де жан-жақты зерттелуі кеңестік дәуірден басталады. Қазақ тіл білімінің басқа салалары сияқты синтаксистік құрылысының ана тілімізде зерттелуі А. Байтұрсынұлының ” Тіл құралынан” басталады.Бұл автордың синтаксиске қатысты пікірлері сөйлеу мен сөйлем, сөйлем мен сөз категорияларының бір-бірінен өзгешеліктерін түсіндіруден басталады. Сөйлем мүшелерін тұрлаулы, тұрлаусыз деп бөлу, оларды 5 мүшеге жіктеу, олардың түрлерін саралау да осы оқулықтан басталады.Жай сөйлемдерді болымды-болымсыз, толымды-толымсыз, жалаң-жайылма, сұраулы, лепті, бұйрықты, тілекті деп жіктеп, олардың әрқайсысының өзіндік белгілерін мысалдар арқылы талдап көрсетеді.
Қазақ тілі құрмалас сөйлемін ана тілімізде зерттеу де А. Байтұрсынұлы оқулығынан басталады. 1924 жылы “Тіл құралы ” деген атпен жарық көрген еңбегінде “ Қазақ тілі сөйлемдері арасында екі түрлі жақындық болады: оның бірі-мағына желісі жағындағы жақындық, екіншісі-сөйлемдердің сыртқы қисын жағынан жақындығы Мұның алдыңғысы, яғни тек ой іргесі, ой желісі жағынан ғана жақын болатыны іргелес сөйлем, ал әрі ішкі мағына, әрі сыртқы қисын жақындығы бар сөйлем құрмалас сөйлем деп аталады” дейді.Құрамына енетін жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысу түріне қарай автор құрмаласты салалас құүрмалас, сабақтас құрмалас деп екіге бөледі. Құрмалас сөйлемдердің салалас түрі мен сабақтас түрлерінің олардың құрамына енген компоненттерінің бір-бірімен мағыналық қатыстарына қарай өз ішінен әр түрлі салаларға жіктеу де тұңғыш рет осы оқулықтан басталады.Терминдік жағындағы өзгешілігі болмаса, әдеби тілімізде кездесетін салалас, сабақтас сөйлемдер түрлері толыққа жуық қамтылған. А. Байтұрсынұлының құрмалас сөйлемге қатысты жазғандары кейінгі зерттеулерден , әсіресе Н. Сауранбаев еңбектерінен берік орын алды, мол пайдаланылды.
Синтаксис жүйесіндегі тілдік материалдарды жоғары оқу орындарында оқылатын теориялық курстар талабына сәйкесті жалпы лингвистикалық принциптер тұрғысынан қарап шешу талабы 40-жылдардан басталады. Содан бергі уақыт ішінде басқа да түркі тілдеріндегі сияқты қазақ тіл білімінде де синтаксис академиялық грамматика құрамында қаралып, жан-жақты зерттелініп келеді. Сөйтіп, ана тілімізде баяндалуы А. Байтұрсынұлының мектептерге арналған оқулығынан басталған қазақ тіл білімінің синтаксис саласы бұл күнде өз дамуының елеулі биігіне көтерілді дей аламыз. Морфологиялық категориялардың түрлену жүйесі мен семантикалықсипаты біркелкі емес. Олардың морфологиялық көрсеткіші болып табылатын грамматикалық тұлғалары бірде таза грамматикалық қана мағына үстеп, сол сөз табының сөз түрлендіру жүйесінің формалары болса, бірде ондай формалар таза грамматикалық сипаттан гөрі түбірдің семантикасына аздап болса да өзгеріс, мағыналық реңк үстеп, лексика-семантикалық сипатқа да ие болады. Сын есімнің шырай категориясының, етістіктің етіс категориясының, салт-сабақты етістік категориясының, болымсыз етістік категориясының семантикалық мағыналық мәні жағынан, грамматикалық сипаты, парадигмалықжүйесі жағынан басқа грамматикалық категориялармен (зат есімнің көптік, септік, тәуелдік, етістіктің жақ, рай, шақ категорияларымен) салыстырғанда, ондай ерекшеліктері анық байқалады. Осы тұрғыдан келгенде, көптік, септік, тәуелдік жалғаулары түбір білдіретін грамматикалық заттың мағынаға ешбір нұқсан келтірмей, оған сан-мөлшерлік немесе тәуелділік, немесе меншіктілік-объективтілік сияқты мағыналар ғана үстеп, көбінесе оны сөйлемде басқа сөздермен байланыстыру, қарым-қатынасқа түсіру қызметін атқарады. Етістіктің рай, шақтұлғалары да түбір білдіретін грамматикалық кимыл, іс-әрекет мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей, сол қимылдың орындалуының мезгілін (шағын), ақиқатқа, шындыққа, болмысқа қатысын (модальдылығын) білдіріп, түбірдің грамматикалық сипатын, тұлғасын (2-жақ бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келуін) өзгертіп, жіктеліп келіп, басқа сөздермен қарым-қатынас жасаудың негізінде сөйлемде жұмсалуға негіз болады.
Морфологиялық сипаты жағынан грамматикапық категориялардың бір тобын түбір семантикасына қандай да болсын әсер ететін турлерін лексика-грамматикалық категория деп атап, екінші тобын, яғни түбір семантикасына ешбір әсер етпей, өзгертпей, тек оған қосымша мән үстейтін түрлерін таза грамматикалық категория деп бөліп көрсетудің осындай негізі бар. Осы тұрғыдан келгенде, морфологиялық жағынан грамматикалық категориялардың күрделі екенін байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |