Бақылау сұрақтары:
1.Сөйлем дегеніміз не?
2. Сөйлемге қандай белгілер тән.
3. Құрылысына қарай сөйлемнің неше түрі бар?
4. Жай сөйлем дегеніміз қандай сөйлем?
5. Жай сөйлемнің қандай тұрлері бар?
6. Жақты сөйлем мен жақсыз сөйлемді қалай ажыратамыз?
7.Жалаң сөйлемге қандай белгілер тән?
8. Жайылма сөйлем дегеніміз не?
9.Атаулы сөйлем деп қандай сөйлемді айтамыз?
10.Хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерге қандай белгі тән?
11.Диалогтың тыныс белгілерінде қандай ерекшелік бар?.
12.Толымды және толымсыз сөйлемдер дегеніміз не?
13. Толымды сөйлемді толымсыз сөйлемнен қалай ажыртып аламыз?
Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ тапсырмалары: Сөйлем және сөйлем мүшелерінің түрлері, жасалу жолдары (реферат).
Қажетті әдебиеттер
Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -А, 1953ж. II кiтап.
М. Балақаев. Қазiргi қазақ тiлi -А, 1992ж. 109-237 беттер.
И.И. Мещанинов. Структура предложения, -М-Л, 1963ж.
Т.Сайрамбаев. Сөйлемнiң тұрлаулы мүшелерi. -А, 1991ж.
Лекция №28
Лекцияның тақырыбы: Тiлдердiң генеологиялық классификациясы
Лекцияның мақсаты: Тілдерді генеологиялық жағынан топтастырыу принциптері жайлы мағлұмат беру.
Лекцияның жоспары:
1. Тiлдердi генеологиялық жағынан топтастыру.
2. Дүние жүзi тiлдерiнiң топтарға, тармақтарға, жеке тiлдерге бөлiнуi.
Лекцияның мазмұны
Тiлдер лингвистикада екi түрлi жолмен топтастыры-лады: бiрi – генеологиялық, екiншiсi типологиялық класси-фикация деп аталады.
Тiлдердi генеологиялық тұрғыдан топтастыру – тiлдердi туыстығына, шығу тегiне, төркiнiне, даму жайлары-ның ортақтығына қарай топтастыру; типологиялық тұрғыдан топтастыру – тiлдердi құрылымына, құрылысына, сөздерiнiң сыртқы формаларына қарай топтастыру.
Шығу тегi жағынан жақын тiлдердi туыстас тiлдер деп атайды. Туыстас тiлдердiң дыбыстық жүйесiнде, лексикасында, грамматикалық құрылысында ортақ жайлар көп болады. Мәселен, қазақ, қырғыз, татар, баш-құрт т.б. – туûстас тiлдер. Сондықтан қазақша – тау, қырғызша – тоо; түркiменше, азербайжанша – тағ, дағ; қазақша – бидай, татар, башқұртша – бұғдай, бойзай; қазақша, қырғызша – барамын, өзбекше – барың, келiң т.б. – туыстас тiлдердiң фонетикалық, лексикалық, грам-матикалық ортақтығының бiр белгiсi.
Осындай ортақтықтарына қарай лингвистика дүние жүзiндегi тiлдердi – ең алдымен iрi семьяға, ол семьялар-ды өз iшiндегi iрi – iрi топтарға, ол топтарды – тармақ-тарға, ол тармақтарды жеке-жеке тiлдерге бөлiп-бөлiп топтастырады.
Лингвистика генеологиялық тұрғыдан қазiргi тiлдердi iрi – iрi алпыс шақты семьяға, iрi – iрi топтарға және кейбiр жеке тiлдерге бөледi.
Олардың басты – бастылары мыналар: Индоевропа тiлдерi семьясы; Семит – хамит тiлдерi семьясы; Кавказ тiлдерi семьясы; Орал тiлдерi семьясы; Алтай тiлдерi семьясы; Қытай – тибет тiлдерi семьясы; Дравид тiлдерi семьясы; Аустро – азиат тiлдерi семьясы; Малайзия – полинезия тiлдерi; Австралия тiлдерi; Папуа тiлдерi; Судан тiлдерi; Банту тiлдерi; Палеоафрика тiлдерi; Палео-азиат тiлдерi; Америка индеецтерiнiң тiлдерi; Эскимос тiлдерi т.б.
Дүние жүзiндегi iрi – iрi тiл семьялары өз iшiнде толып жатқан топтарға, тармақтарға, жеке тiлдерге бөлiнедi делiк.
Олардың ең бiр iрiсi – индоевропа семьясы. Тiлдердiң бұл семьясында сөйлеушi халықтар Индиядан бастап Азияның, Европаның көп бөлiгiнде, Америка, Австралия, Жаңа Зеландияда мекендейдi.
Индоевропа семьясы өз iшiнде iрi 7 топқа және үш жеке тiлге (армян, албан, грек тiлдерi) бөлiнедi. Жеке топтары мыналар: славян, балтық, кельт, герман, роман, иран, үндi тiлдерi тобы.
Славян тобы өз iшiнде шығыс, оңтүстiк, батыс тармақтарына бөлiнедi. Шығысына – орыс, украин, белорус тiлдерi, оңтүстiгiне – болгар, македон, серб – хорват, словен тiлдерi, батысына – чех, словак, поляк, кашуб, серблужич тiлдерi жатады. Көне тiлдерi – ескi славян (немесе ертедегi шiркеулiк славян), полаб (Герма-ниядағы Эльба өзенi жағалауында болған, жойылған тiл), помор диалектiлерi (орта ғасырларда Балтық теңiзi жағалауларында – Померанияда болған; жергiлiктi халық-қа немiс тiлiн күштеп таңу нәтижесiнде жойылған). Орыс, украин, белорус, болгар, серб тiлдерiнiң алфави-тi – орыс графикасына, хорват, словен, чех, слобак, серблужич, кашуб тiлдерiнiң алфавитi латын графикасына негiзделген. Қазiргi славян тiлдерiнде 300 миллиондай адам сөйлейдi; құрылымы жағынан, типологиялық классификация бойынша, бұлар – флективтi тiлдер.
Балтық тобына литван, латыш, латгал тiлдерi жатады; көне тiлi – Х¶II ғ. Немiс тiлiн күштеп таңу нәтижесiнде жойылған прусс тiлi (Шығыс Пруссияда); литван, латыш жазуы латын графикасына негiзделген.
Кельт тобына ирланд, шотланд (Ирландия мен Шотландия), бретон (Францияда), уэльс (немесе валлий тiлi; Англияда); көне тiлдерi – корнуолс, галл.
Герман тiлi өз iшiнде солтүстiк (скандинав), батыс және оңтүстiк (қазiргi көне вестгот, остгот тiлдерi) тармақтарға бөлiнедi. Солтүстiк герман тiлдерiне – дат, швед, норвеж, исланд, фаррерал, батыс тармағына ағылшын, голланд, фламанд, африканс (Голландиядан Оңтүстiк Африкаға қоныстанған бурлар тiлi), француз, немiс, идиш жатады. Герман тобы iшiнде сөйлеушiле-рiнiң саны көбi – ағылшын тiлi. Ағылшын тiлi – Ұлыбри-танияның, Канаданың, АҚШ-тың, Австралияның, Жаңа Зеландияның мемлекет тiлi; герман тiлдерiнде 350 миллиондай адам сөйлейдi; құрылымы жағынан флек-тивтi тiл.
Роман тобына жататындар: француз, провансал, итальян, сардин, испан, каталан, португал, румын, молдаван, македон – румын (аромун – Македония, Албания, Грецияда), рето – роман (Италияда бар; Швейцариядағы мемлекеттiк деп жарияланған төрт тiлдiң бiрi). Бұлардың iшiнде сөйлеушi-лерiнiң саны көбi – испан тiлi. Испан тiлi – Испанияның, Орталық Америка (Бразилиядан басқа) елдерiнiң мемлекет тiлi. Халқының саны жағынан екiншi орында – португал, үшiншi орында - француз, төртiншi орында – ительян, бесiншi орында румын тiлi; роман тiлдерiне 360 миллиондай адам сөйлейдi; құрылымы жағынан флективтi тiл.
Иран тобына жататындар: парсы, ауған (пуштун), балыш (СССр-да, Пакистанда, Иранда), Курд (СССР-да, Ауғаныстанда, Иракта, Иранда, Турцияда, Сирияда т.б. жерде), тәжiк (СССР-да, Ауғаныстанда), осетин, талыш, тат, ягноб және көптеген памир тiлдерi (шугнан, рушан, бартанг, орошор, сарықол, хуф) т.б. Көне тiлдерi: ертедегi парсы, авестий, пехлевин, мидий, парфян, скиф, согдий, хорезм, сак (хотан) т.б.
Иран тобы тiлдерi, әсiресе, үндi тiлдерiмен өте жақын, туыстас деседi. Сондықтан бұл екеуiн индоевропаның арий тiлдерi деп те атаған. Арий және иран дегендер – бiр түбiрден шыққан сөздер. Иран тобы тiлдерi – флективтi тiлдер.
Үндi тобына жататын iрi – iрi тiлдер: хинди, урду, лахнда, пенджаби, синдхи, гуджарат, маратхи, бихари, бенгал, ассам, раджастани, ория (урья) цыган т.б. Бұлар – индоевропа семьясына жататындары, Ал жалпы Индия – көп тiлдi мемлекет. Кейбiреулердiң айтуынша, Индияда бес жүзге тарта тiл бар. Олар iрi екi семьяға бөлiнедi: бiрi индоевропа семьясы (жоғарыда аталған және т.б. тiлдер), екiншiсi – дравид семьясы (тамил, малаялам, канар, телугу, брахун т.б. Бұлар Индияның оңтүстiгiнде).
Қазiргi үндi тiлдерi iшiнде хинди (хиндустани) – Индияның мемлекет тiлi; урду – Пакистанның, бенгал – Бангладештiң мемлекет тiлi.
Үндi тобына жататындардың бiрi – цыган тiлi. Лингвистер мен антропологтар цыгандардың “романи” тiлiн зерттеп, қарастырады. Сөйтсе, цыгандардың “романи” тiлiнiң арғы тегi үндi тiлдерiнiң арғы диалектiлерiне – қазiргi раджастани, маратхи, пенджаби тiлдерiне барып тiреледi екен. Үндi ғалымы Сингх Øаши цыгандардың шыққан тегiн зерттеу мақсатымен Европа мен Американың 14 елiн аралапты. Сондағы келген қорытын-дысы: цыгандар – Индиядан шығып, таралғандар. Цыган-ның “романи” тiлiн салыстыра зерттегенде, өте ерте кезде кейбiр үндi тайпалары Европаға, одан Америкаға қоныс аударыпты. Қазiрдiң өзiнде Финландия мен Швециядағы цыган таборлары өздерiн “раджупутпыз” дейтiн көрiнедi (қазiргi Индия халқының бiрi). Ол цыгандардың сөздерi қазiргi Индияның кейбiр тiлдерi сөздерiмен дәлме – дәл келедi екен.
Индоевропа тiлдерi семьясы – флективтi тiлдер. Ерт-дегi үндi, парсы, грек, латын тiлдерi тарихи тұрғысынан алып қарағанда, қазiргi индоевропа тiлдерiне тән белгiлер мынадай: фонетика саласында-дауысты дыбыстар құрамы-ның қарапайымдығы (аздығы); тiл алды спиранттарынан С дауыссызының ғана бар екендiгi: сонор дыбыстардың (р, л, н, м) әр түрлi позицияларда дауыссыз дыбыс болып келетiндiгi, кейде дауыстылар қызметiн де атқара алатындығы; сөзде музыкалы екпiн болған; сондықтан дауыстылардың редукциясы болмаған; грамматика сала-сында - сөйлемдер жеке сөздерге бөлiнген; сөздер түбiрге, жұрнақтар мен жалғауларға бөлшектенедi; тiлдегi етiстiктер мен есiмдер бiр – бiрiнен айқын сараланады; үш түрлi род категориясы (мужской, женский, средний) бар; тарихи тұрғыдан алғанда, бұл үш род алғашындағы екi мүшелi кластарға: зат пен құбылысты жанды және жансыз топтар деп екiге бөлуден шыққан; жанды деген заттардан мужской және женский родтар таралған да, средний род жансыз заттар тобы дегеннен келiп пайда болған.
Кавказ тiлдерi (иберий – кавказ) семьясы деген терминнiң ұғымы кең. Өйткенi Кавказ – көп тiлдi аймақ. Мұнда таза кавказ семьясына жататын тiлдер де, Кавказдан басқа семьяларға, топтарға жататын тiлдер де бар. Мәселен, Êавказда славьян тiлдерiнен – орыс, украин, т.б. иран тiлдерiнен осетин, курд, алтай семьясынан – азербайжан, құмық, қарачай, балкар, т.б. семит тiлдерiнен – сирия, сондай – ақ жеке тiл – армян тiлi (индоевропаға жататын) бар. Кавказдан тыс жерде – Пиреней жарты аралында Кавказ тiлдерi қатарына жататын баск тiлi бар.
Осыған орай, нақты болу үшiн А.С. Чикобава таза Кавказ тiлдерiн Иберий – Кавказ тiлдерi деп атаған дұрыс деп есептейдi.
Иберий – Кавказ өз iшiнде төрт топқа бөлiнедi: картвель немесе иберий, абхаз – адыгей, бацбий – кист, дағыстан тобы.
Картвель тобына жататындар: грузин, зан, сван тiлдерi. Грузин тiлiнiң өзi картлий, кахетин, имеретин, ингилой, имерхев, ферейдан сияқты диалектiлерге бөлiнедi; кавказ тiлдерi iшiнде ең ескi жазба үлгiлерi сақтап қалғаны – грузин тiлi.
Сван тiлiнiң төрт диалектiсi бар; картвель тiлдерiнiң архаизмдерiн көп сақтаған; мегрел, чан, свандардың жазуы – грузин тiлiнiкi.
Абхаз – адыгей тобына абхаз, адыгей (черкес) кабардин, убых тiлдерi жатады; адыгей тiлiнiң көптеген диалектiсi бар; А.С. Чикобаваның айтуынша, Туркияда 1864 ж. Ауып көшкен 130 мыңнан астам адыгейлер (черкестер) бар; убых тiлiн қолданушылар да Туркия-ның Измид ауданында тұрады; олар да 1864 жылы көшкен; түрiк тiлiнiң ассимиляциялануына көнбей, убыхтар өз тiлiн күнi бүгiнге дейiн сақтап келе жатыр.
Бацбий – кист тобына бацбий, кист тiлдерi жатады. Екеуi де Грузияда, олар аз ғана елдi мекендердi мекендейдi; бацбий, кистер – екi тiлдi халықтар; олар өз тiлдерiмен бiрге грузин тiлiн жақсы бiледi; мектепте грузинше оқиды; грузинше оқу арқылы орыс тiлiне де жетiк.
Дағыстан тiлдерi тобы да бiрнеше тармақша жеке тiлдерге бөлiнедi: авар – андий – дидой тармақшасы; даргин – лак тармақшасы; лезгин тармақшасы. Бұлардың әрқайсысына дерлiк бiрнеше диалектiлер, кiшi – кiшi дегендей жеке тiлдер бар. Дегенмен, iрi – iрiлерiн еске алсақ, дағыстан тiлдерiне жататындар мыналар: авар, даргин, лак, лезгин, табасаран, агул, цахур, рутул, удин, арчин, хиналуг, крыз, будух т.б.
Жалпы дағыстан тiлдерi – отыз шақты. Олардың бәрi делiк СССР территориясында. Дәлiрек айтсақ, дағыстан халықтары (бiр миллионнан астам адам – 1970) Дағыстан АССР-нда, аздап Азербайжан ССР-да және Грузияда, Чечен – Ингуш АССР-нда тұрады. Дағыстан тiлдерi фонетикалық және грамматикалық ерекшелiктерге аса бай; дауыссыз дыбыстарының жүйесi өте күрделi болып келедi; көпшiлiгiнде зат есiмдер грамматикалық топтарға бөлiнедi; әсiресе жатыс септiк мағынасын бiлдiретiн септiк өте көп; сөйлемнiң эргативтi құрылысы бар; қазiр де авар, лак, лезгин, даргин, табасаран тiлдерiнiң жазуы орыс графикасына негiзделген.
Кавказ тiлдерi – құрылымы жағынан, негiзiнен, флективтi тiлдер. Олардың тарихи тұрғыдан ортақтығы фонетика саласында да, грамматикалық құрылысынан да айқын байқалады; дауысты дыбыстар аз болып келедi; керiсiнше дыбыстық құрамында дауыссыздар өте көп болады; грамматикалық құрылысына тән бiр ерекшелiк – есiмдер мен етiстiктер жете сараланбаған, табыс септiк жалғауы жоқ; оның орнына эргативтi жалғау бар; ол жалғау салт етiстiктердiң субьект ретiнде қолда-нылуы үшiн пайдаланылады; эргативтi жалғауы болған-дықтан, эргативтi сөйлемдер де бар; эргативтi құрылыс етiстiктердiң жiктелуiнен айқын көрiнедi; етiс категория-лары сараланбаған; жанды және жансыз заттар (адам мен заттар) жөнiнде грамматикалық категория бар; сөз түбiрлерi қысқа болып келедi т.б.
Семит – хамит тiлдерi семьясы Азияның, шығыс, солтүстiк, орталық, және солтүстiк – батыс Африканың бiрсыпыра территориясын алып жатыр. Бұл тiлдер қазiргi Египет, Ирак, Сирия, Ливан, Иемен, Палестина, Алжир, Марокко, тунис, Израиль, Сомали, Эфиопия т.б. мемлекеттерде қолданылады.
Қазiргi семит – хамит тiлдерi iрi үш топқа бөлiнедi: семит, кушит, бербер топтары. Семит тобына – араб, айсор, амхар, гуарге, тигре, тигари, еврей т.б., Кушит тобына – галла, сомали, сидамо, агау, бедж, данакил, сахо, иракуга, оазис берберлерi, туарегу т.б. жатады: А.А. Реформатский чад тiлдерi тобын да, хаус тiлiн де семит – хамит семьясының бiр бұтағы деп қарайды.
Семит – хамит семьясында өлi – көне тiлдер өте көп: ассирия, вавилон, финикий, ежелгi еврей, моавит арамей, ежелгi араб тiлi, ежелгi египет, копт, гез т.б. Бұлардан қалған жазба ескерткiштер де баршылық.
Семит – хамит деген термин библия аңызына байланысты шыққан. Библияның айтуынша, Ной дүние жүзiнде су тасқыны болғанда, аман қалады. Оның Сима, Хама, Яфет деген үш баласы болыпты; тасқыннан кейiнгi ұрпақтың бәрi Нойдың осы үш баласынан тарап, жер шарына таралыпты мыс.
Құрылымы жағынан семит – хамит – флективтi тiлдер; қазiр бұл тiлдерде 120 миллиондай адам сөйлейдi. Бұл тiлдерге тән түрлi – түрлi ерекшелiктер бар. Фонетика саласында: дауысты дыбыстары жете дамымаған; тiл арты дауыссыздар көп; өзiндiк ерекшелiгi мол тiл алды спиранттары бар; сөйлемдерi жеке сөздерге бөлiнедi; сөз қаңқасы, былайынша айтқанда, сөз түбiрi дауыссмыз дыбыстардан құралады; сөздерi қарапайым түрде есептеледi, ал сөздерiнiң жiктелуi өте күрделi болып келедi; сөздер септелгенде, оларға жұрнақтар жалғанады; сөздер жiктелгенде олардың алды – артына жұрнақтар да, префикстер де қосыла алады; етiстiк формалары аса күрделi; олардан етiстiк формаларынан субьектiнiң жағы да, обьектiнiң жағы да көрiнiп тұрады; осыған орай сөйлемнiң бастауышы мен баяндауышының синтаксистiк қатынасы күрделене түседi; семит тiлдерiнде екi род (мужской, женский) бар т.т.
Орал тiлдерi семьясын фин – угор тiлдерi деп те атайды. Бұл тiлдерде сөйлеушiлер, негiзiнен, СССр-да, Венгер халық республикасында, Финляндияда тұрады. ¶ш топқа бөлiнедi: фин, угор, самодий тiлдерi. Тiл саны жғынан да, сөйлеушiлерi саны жағынан да ең көбi – фин тобы. Бұл топтың өзi үш тармаққа бөлiнедi: Балтық жағалауы тармағы (фин, саам-лопар, эстон, карел, вепс, ижор, лапланд тiлдерi); пермь тармағы; Волга тармағы. Екiншiсi – угор тобы. Бұған үш тiл (венгер немесе мадьяр, ханты, мансий) жатады. ¶шiншiсi – самодий тобы. Бұған да үш тiл (немец, селькуп, нгасаган) жатады.
Орал тiлдерiнде 25 миллиондай адам сөйлейдi; құрылымы жағынан агглютинативтi тiлдер; бұлардың iшiнде түркi тiлдерiне ең жақыны – венгер тiлi.
Алтай тiлдерi – көп тiлдi семьяның бiрi. Өзара iрi үш топқа бөлiнедi: түркi тiлдерi; моңғол тiлдерi; тұңғыс – маньчжур тiлдерi. Құрылымы жағынан агглютинативтi тiлдер; бұларда 70 миллионнан астам адам сөйлейдi. Бұл семьяның ең iрi тобы – түркi тiлдерi. Ол тiлдерде сөйлеушiлер, негiзiнен СССР, Туркия, Қытай т.б. мемлекет-терде тұрады. Ауғаныстан, Ирак, Иран, Монғолияда т.б. елдерде де бар.
СССР территориясы тұрғысынан қарастырсақ, Кавказ-да түркi тiлдес – азербайжан, құмық, ноғай, қарачай, балкар, гагуз т.б. халықтар; Волга бойында татар, баш-құрт, чуваш; Орта Азия мен Қазақстанда – қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түркiмен, ұйғыр, Сибирь мен Қиыр Шығыста, солтүстiкте алтай, хакас, шор, тува, якут, долган т.б. тiлдер; Қырымда қырымшақ (Қырым еврей-лерi тiлi) бар. Бұлардан басқа салалар (Қытайда), шахсе-ван (Иранда), афшар (қазалбастар – Иранда, Ауғаныстан-да), қараºаëпақ, каджар, қашқай (үшеуi де Иранда), тофалар, урянхай – мошшақ, хатон (Монғолияда) т.б. тiлдер де түркi тобына жатады.
Профессор Н.А. Баскаков түркi тiлдерiн Батыс хун бұтағы, Шығыс хун бұтағы деп, iрi екi топқа бөледi де, оларды өз iшiнен бiрнеше тармаққа таратады. Н.А. Баскаковша, Батыс хун бұтағының булгар тобына – чувàш тiлi, огуз тобына – түркiмен, гагàуз, Турциядағы түрiктер тiлi, азербайжан тiлi қыпшақ тобына – қарапайым, құмық, карачай, балқар, қырым татарлары тiлi, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ, қазақ тiлдерi; қарлук тобына - өзбек, ұйғыр тiлдерi жатады.
Н.А. Баскаковша, Шығыс хун бұтағының ұйғыр – оғуз тобына – тува, тофалар, якут, хакас, шор, чулым тiлдерi; ал қырғыз – қыпшақ тобына қырғыз, алтай тiлдерi жатады. Түркi тiлдерi жазба ескерткiштерге аса бай. Оның бiрi – орхон – енисей жазуы; екiншi бiрi – ескi ұйғыр жазуы. Ертедегi қыпшақ, чағатай, көне ұйғыр, көне түркi тiлдерi өкiлдерiнен ғалым – қайрат-керлер көп шыққан. Әл – Фараби, Махмуд Қашғари еңбектерi – мұның айқын дәлелi.
Алтай семьясының моңғол тобына халха – моңғол, бурят, қалмақ тiлдерi; тұңғыс – маньчжур тобына эвенки, эвен, маньчжур, нанай, ороч, орок, сибо т.б. тiлдер жатады.
СССР-да, Шығыс Сибирьде, бұлармен қанаттас жатқан бiрнеше тiл – палео-азиат тiлдерi бар. Қытай – тибет тiлдерi семьясына көптеген тiл кiредi. Қытай, Бирма, Лаос, Кампучия, Вьетнам т.б. – көп тiлдi мемлекеттер. Мұнда iрi – iрi тiлдер тобы бар. Олардың iшiнде сөйлеушiлерiнiң саны көбi – қытай (хань), таи – чжуан, мяо-яо, тибет – бирма, вьетнам т.б.
Мәселен, бiр ғана Вьетнам Социалистiк Республика-сында аустро – азиат тiлдерiнен – вьетнам, мыонг, тхо, кхому, бру, ма, кхмер, тхай; қытай – тибет тiлдерiнен – қытай, санзиу, тузи, мео, зао, тонг, хани, лоло, лаху, фула, конг; малайя – полинезиядан – чам, эдэ, жорай, раглай, тамрой, бих, т.б. елуден астам тiл бар.
Вьетнам халықтары өзiнiң төрт мың ғасырлық тарихын, өздерiнiң жан – жақты өркендеген мәдениетiн мақтан етедi. Француз отаршылары билеп – төстеген кезде Вьетнам халқының 95 процентi сауатсыз болатын; елдiң өмiрiлiк барлық жүйесiнде француз тiлi ғана қолданылатын. Август революциясынан кейiн вьетнамдықтар патриоттар алдына қиын да қасиеттi мiндеттер қойылды; елдiң барлық өмiрi саласынан француз тiлiн ығыстырып, оның орнын вьетнам тiлiмен ауыстыру мақсаты қойылды. Август революциясына дейiн Вьетнамда бiрде-бiр маман лингвист жоқ едi. Қарсыласу қозғалысы аяқталысымен СРВ лингвистерi Вьетнам тiлiнде жоғары оқу орындары үшiн оқулықтар шығару, жазу реформасын дайындауға кiрiсу, тай, нунуг, мео, тхай т.б. тiлдерi теориялық тұрғыдан зерттеу, вьетнам тiлiнде түсiндiрме, терминологиялық сөздiктер жасау, ғылыми грамматикалар құрастыру тәрiздi iрi-iрi проблемаларды қолға алып, бұл сияқты кезек күттiрмейтiн мiндеттердi тез уақыт iшiнде абыроймен атқарып шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |