Теориялық мәліметтер:
Сендіру – коммуникативтік қарым-қатынастың негізгі тәсілі ретінде.
Оқушыларға ықпал етудегі қайнар көздерінің арасында ең маңызды рөл педагогтің үлесіне тиеді. Мұғалім тәрбиеленушінің мінез-құлқына, іс-әрекетіне, сезіміне, санасына қандай тәсілдермен әсер етеді? Барлық мұғалім жолын енді бастағандар қарым-қатынас жасай алу икемділіктерін өздері жасай ала ма?
Қарым-қатынаста екі негізгі тәсіл коммуникативтік ықпал жасайтын қабылданған, яғни сөздің көмегімен әсер ету: сендіру мен иландыру.
Өсіп келе жатқан адам әлеуметтік ортамен, табиғатпен өзара байланыста болады. Өзара байланыс нәтижесі оның сенімі болып табылады, яғни білім жүйесі, көзқарастары мен қарым-қатынасы, мінез-құлық нормалары.
Сенім шынайы және жалған болады. Шынайы сенім шынайы дүниемен сәйкес болады және адам тұлғасын қоғамдық құндылық ретінде қарастырады. Адам өзінің шынайы сенімін қорғау үшін өлімге де басын тігеді. Жалған сенім, ең алдымен ұжымға да зиянды және қоғамға да. Бұл өзінің және басқалардың жағымсыз көзқарастарынан және өмірлік тәжірибе синтезінен пайда болады.
Біз мектеп оқушыларының жалған сенімдерімен жиі кездесіп отырамыз. Біз оларды тани аламыз ба?
Жалған сенімді жөндеу педагогтың табанды еңбегін қажет етеді. Оны үш бағытта жүзеге асыруға болады: сынып ұжымында қоғамдық пікір қалыптастыру, арнайы құнды дербес өмірлік тәжірибе жасау, дұрыс емес сенімнің жалған екендігін білдіру, дәлеледеу.
Ең алдымен күшті ұжым құруда алыс, орта, жақын перспективаларды оның дамуына бағыттау керек. Әрбір тәрбиеленушінің ұнамды жақтарына сүйене отырып, педагогқа өмірлік сенімді жоюға қадам басуы жеңілдеу болады. А.И.Кочетов жалған сенімді әлсіретуге төмендегі тәсілдерді бөліп қарастырды:
-
жеткіншекті өзін басқалармен салыстыруға үйрету: оны өзі қызығатын адаммен жақын таныстыру, ол оның көзқарастарына қарама-қарсы болуы керек (мысалы, бала оқығысы келмейді, ал оның танысы көп біледі, көп оқиды, жаттанды түрде емес, өзімшіл емес. Міне осыдан кейін ол жаттап алмайтын, білгішсінбейтін болады);
-
жалған сенімнің ертең қайда апарып соғарына мысалдар келтіру (мысалы, осындай кемшілігі бар адамдардың қайғылы жағдайға тап болғаны туралы, оның өз өмірін құртқандығы, бостандық, сертінен, ұятынан айрылғандығы, ол күшті сияқты еді бірақ өмір оның әлсіздігін, түкке жарамсыздығын дәлелдеді. Бұл үшін мысалдарды шынайы өмірден, көркем әдебиеттен, кинофильмнен алып қолдану керек.)
-
жалған сенімдегі жасөспірімнің пікірлерінің логикасының қисынсыздығын аңғарту (мысалы, барлық оқушылар ұстаздарын алдай берсе, ақыры не болатындығын, өзін-өзі ұстай білу қағидаларын сақтамаса , орындамаса не боларын сездіру және т.б.);
-
тәрбиеленушіге өзінің мінез-құлық әрекеттерін дәлелдеу үшін жағдай жасау, яғни өз пікірін, көзқарасын фактілер келтіріп, дәлелдеу үшін жағдай жасау, онан соң әрбір аргумент, дәлелдеулерді жоққа шығару.
Жалған сенім шындықпен, адамгершілікті жағдайлармен, құндылықтармен орын алмасуы керек. Жалған сенімді жөндеуде қолданылады:
-
жеткіншек рухани өмірде құндылықтармен бетпе-бет келуі: күшті болғысы келеді, сүйікті спорт түрімен айналысу, бұл үшін күн тәртібін орындау керек, жақсы оқу керек; үйірмелерге жазылу керек.
-
Мұғалімнің жалған сенімдегі жеткіншектің мінез-құлқына шыдамдылық көрсетуі: оның дөрекілігіне мұғалімнің ұстамдылық пен әдептілік көрсетуі, жеткіншектің дербес ерекшелігіне құрметпен қарауы;
-
Жеткіншекке сеніммен қарай білу, ол дұрыс емес қылықтар көрсетсе де (“Мен саған қалай көмектесе аламын? Жағдайыңның нашар екендігін көріп тұрмын!”);
-
оқушылар санасына шын сенімді орнықтыру үшін оқытушы жауапкершілікпен жұмыс істеуі қажет. Бұл оның міндетті тапсырмаларының негізін құрайды. Ол үшін оқушылар ұжымында, сыныбында: дұрыс пікір қалыптастыру қажет, өмірлік тәжірибе талап етіледі, жалған сенімді жоққа шығаратын логикалық дәлелдер қажет болады.
Адам сенімі үш компоненттің көмегімен жүзеге асады: білім – сезім – мінез. Жоғарыдағы тәжірибе және дәлелдерге сүйене отырып, сендірудің формуласын төмендегідей сипаттау мүмкін: Сенімнен формула келіп шығады: түсіну – бастан өткізу – қабылдау – жасау , яғни түсінемін, сезінемін (басымнан өткіземін), өзіме қабылдаймын, осыны өз іс-әрекетімде және мінез-құлқымда басшылыққа аламын.
Сендіруге қойылатын талаптар
Сендірудің көмегімен жаңа көзқарастар, қарым-қатынастар қалыптасады немесе дұрыс емес көзқарастар мен қарым-қатынастар өзгереді.
Сендіру формалары диспуттар, дискуссиялар, сұхбаттар, мұғалім әңгімесі, жеке үлгі-өнеге болуы мүмкін. Сендіру өзара әрекеттегі әдіс ретінде , ол қойылған талаптарға сәйкес келуі керек:
-
сендірудің мазмұны мен формасы тұлғаның жас ерекшелігінің деңгейіне сәйкес келуі керек (бастауыш мектеп жасындағыларға мысалы ертек, қиял-ғажайып әңгімелер, ары қарай шындық дүние әлемін оқып үйрену, адамның рухани дүниесін оқып үйрену деген сияқты және т.б.);
-
сендіру тәрбиеленушінің жеке ерекшеліктерін есепке алумен құрылуы тиіс; оқушының шын өмірлік бағытын білу қажет;
-
сендіру принциптер мен ережелер ретінде болуы керек, және нақты фактілер, үлгілер болуы керек; бастауыш мектеп жасындағыларға көрнекі-бейнелі материалдардың рөлі үлкен.
-
Сендіруде әңгімелесушіге белгілі нәрсені факті ретінде алып, талдау жиі кездеседі; бұл мүмкін болады-ау деген күдікті тұсаулауға көмектеседі.
Тәрбиеші өзінің айтқалы отырған әңгімесі арқылы, басқаны иландыра алатынына сенімді болуы керек. (Қараңыз: Ковалев А.Г. Тұлға психологиясы.)
Сендірушінің өзара әрекетінің нәтижелілігі мына шарттарға байланысты:
-
өзара әрекет күші, сендірушінің беделі мен оның мазмұнымен анықталады. Оқушы мұғалімге неғұрлым жақсы қараса, оның сендіруін ол соншалықты жақын әрі тез қабылдайды;
-
оқушының психикалық ерекшеліктерін есепке алу керек. Ол үшін педагог тәрбиеленушінің жүйке жүйесінің типін білуі керек, оқу-тәрбиеде оның жақын даму аймағын анықтауы керек.
-
Сендіруші мен сенушінің, олардың өзара әрекет кезінде интелеектуалдық-эмоционалдық жағдайын есепке алу. Мысалы, педагог баланың соншалықты ыңғайсыз жағдайда тұрғанына қарамастан, оның мінез-құлқындағы дұрыс емес жақтарын түсіндіріп айта беруі, оңды нәтиже бере қоймайтыны белгілі.
Сендіру әдісі әрекет етеді тек қана оның ойы, сезімі мен ерік ынтасы бірлікте болған жағдайда. Білім мен сезімді бір-бірінен бөліп алуға болмайды.
Сендірудің нәтижелі болмағы мұғалім сөзі мен оның әрекетінің қалай болатындығына байланысты. Тәрбиешінің сөзі мен ісінің алшақтығы кешірімсіз нәрсе. Мысалы, тәрбиеші балаларға уәде берді оны орындамады және т.б. Балалар мұндай педагогтардың сөзін тыңдамайтын болады. Егер мұғалім жақсы, дұрыс сөздерді айтып, егер олар мұғалім әрекетінде көрінбесе бұдан өткен сорақылық жоқ. Мұндай мұғалімдер қоғамға үлкен зиян келтіреді.
Бақылау сұрақтары:
-
Қарым-қатынаста сенімнің алатын орны қандай?
-
Сенімнің түрлері қандай?
-
Жалған сенімді жөндеуде мұғалімнің еңбегін түсіндіріңіз.
-
Жалған сенімді жөндеуде қолданылатын тәсілдер қандай?
-
Адам сенімінің үш компонентін атаңыз.
-
Сендіруге қандай талаптар қойылады?
-
Сендірушінің әрекетінің нәтижелілігі қандай шарттарға тәуелді?
Қарастырылатын мәселелер:
-
Педагогикалық қарым-қатынастың коммуникативтік міндетпен байланыстылығы.
-
Коммуникативтік дайындық – педагогикалық қарым-қатынастың элементі ретінде.
Әдебиеттер
Негізгі:
-
Педагогикалық шеберлік негіздері / И.А.Зязюнаның түзетуінде – М., 1989
-
Занина Л.В., Меншикова Н.П. Педагогикалық шеберлік негіздері – Ростов на Дону, 2003.
-
Кукушкин В.С. Педагогикалық қызметке кіріспе – Ростов на Дону, 2002.
Қосымша:
-
Абдуллина О.А. Жоғарғы педагогикалық білім беру саласындағы мұғалімді жалпы педагогикалық дайындау.
-
Педагогикалық мәдениетке кіріспе / Е.В.Бондареваның түзетуімен – Ростов на дону, 1995.
-
Грехнев В.С. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті – 1990.
-
Елканов С.Б. Болашақ мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу негіздері – М., 1989.
-
Кан-Калик В.А., Никандаров Н.Д., Педагогикалық шығармашылық – М., 1990.
-
Коджаспирова Г.М. ПЕдагогтің кәсіби білімін көтеру мәдениеті – М., 1994.
Лекция мәтіні:
Кәсіби – педагогикалық қарым-қатынасты қалыптастыру мәселесіне талдау жасағанда кері қатынас барысында рефлексивтік жағдай төмендеп және диагностика нақты болмай қалуы мүмкін, бірақ, бұл, көбінесе, ескеріле бермейді. Сол себапті педагогикалық қарым-қатынастың технологиясын толық шешу үшін коммуникативтік міндеттердің орындалу сатысы төмендегідей болмағы ләзім:
-
қарым-қатынас жағдайына бейімделу;
-
сырттағы адамдарды өзіне қарату;
-
нысанның жан дүниесін жаулап алу;
-
сөздік қарым-қатынасты іске асыру;
-
эмоционалды және мазмұнды байланысты ұйымдастыру.
Педагогикалық қарым-қатынас келесі бөліктерді қамтиды және педагогикалық үрдіске (ой қорыту, талдау және баға беру) сәйкес бір қарқындылыққа ие болады:
-
мерекелік шараға немесе сабақты дайындау үрдісі кезінде қарым-қатынасты қалыпқа келтіру;
-
қарым-қатынастың үзбей ұйымдастырылуын қамтамасыз ету (қарым-қатынастың басталу кезеңі);
-
педагогикалық үрдісте қарым-қатынасты басқару.
Кәсіби – педагогикалық қарым-қатынастың технологиялық мазмұны “коммуникативтік міндетпен” тығыз байланысты және бір жүйеде қалыптасады. Коммуникативтік міндеттің өнімділігі төмендегідей жұмыстардың мазмұнынан көрінеді: белгілі жағдайды талдау, тиімді шешімді табу, таңдау, коммуникативтік өзара әрекеттестік және нәтижесін талдау.
Мысалы, педагогикалық жағдаятқа талдау жасау, ең дұрыс жауапты таба білу, әдістеменің бағытын табу және педагогикалық әрекеттің мазмұнын аша білу керек. Барлық педагогикалық міндеттің шешімін табу мақсатында педагог қарым-қатынас технологиясын педагогикалық тұрғыдан ұйымдастырудың жолдарын қарастырып, іздестіреді.
Сонымен бірге, коммуникативтік міндеттер педагогикалық міндеттер болып табылады, яғни коммуникативтік міндет педагогикалық міндеттерді орындау барысында педжагогикалық көзқарастарға әсер ете отырып, оның коммуникативтік қабілетінің жүзеге асуына мүмкіншілік жасайды.
Кейбір педагогтер коммуникативтік міндетті педагогикалық үрдістің бөлігі ретінде есепке алмайды. Жалпы айтқанда, коммуникативтік міндеттер хабар алуға және оны жалғастыру үшін қолданылады. Сонымен бірге педагог коммуникативтік міндеттерді шешу барысында екі негізгі мақсатқа жүгінеді: оқушыларға хабарды жеткізу немесе белгілі бір әрекетке ұмтылдыру.
Кәсіби – педагогикалық қарым-қатынастың туындау және мағлұматтарды жинақтау бөліктері мінездемелеу болып табылады. Педагогикалық қарым-қатынасты модельдеу өзара әрекеттестік жүйесін айқындаумен байланыстырылады. Осы педагогикалық өзара әрекеттестіктің тиімділігін арттыру мақсатында педагогикалық міндеттер коммуникативтік міндеттер ауысуын қамтамасыз етеді және олардың сәйкестігін айқындау маңызды рөл атқарады.
Коммуникативтік дайындық жас маманға сабақты бастаудағы педагогикалық қарым-қатынастың аса маңызды элементі. Оның іске асуының технологиясына негізгі негізгі элементтің бірі ретінде төмендегілер жатады:
-
белгілі бір топқа немесе ұжымға нақты білім беру барысын елестету;
-
нақты ұжыммен қарым-қатынас жасау барысында нақты топқа сәйкестендіру және жағымды эмоционалды жағдайды қалыптастыра келе жағымсыз әсер ететін факторлардың туындауына жол бермеу;
-
бұл топқа қарым-қатынастың қай түрі сәйкес келетіндігін анықтау;
-
сабақтағы материалды және сыныпты қалай қабылдайтындығына көңіл бөлу;
-
қарым-қатынас стилін (оқытушы, дамытушы, тәрбиеленуші) күн талабына сәйкестендіру;
-
конспектімен жұмыс жасауды сабақтың бір бөлігі және фрагменті ретінде жоспарлау және психологиялық ауанды бір қалыпқа келтіру, т.б.
Шапшаң ұйымдастырылыған педагогикалық қарым-қатынаста педагог барлық күш-жігерді өзі иемденеді және басқару барысында қолданады. Егер қарым-қатынас барысында оны тез иемдене алатын болса, ол өзінің педагогикалық стилін сезініп, қарым-қатынаста өзін сенімді, жоғары деңгейде көрсете алады.
Кәсіби – педагогикалық қарым-қатынастың шынайы тұрғыдан әр түрлі жолдары бар. Яғни, жоғары оқу орнына қабылданған студенттерді алғашқы күндерден бастап-ақ оқуға ынталылығын арттыруға ұмтылып, қарым-қатынас мәдениетінің кейбір өлшемдерін меңгеру аса маңызды болып табылады. Себебі, студент қауымның ішінде тұлғалық көрсеткіші, мәдениеттілігі мен іскерлігі, әдептілігі жағынан “нашар” көрінгісі келетін студент жоқ.
Студенттер арасында қарым-қатынас мәдениетін қамтитын саулнамалар жүргізгенде, олардың ой-пікірлерін сарапқа салып тұжырымдағанда, соның нәтижесінен алынған мәлімет мынадай үш деңгейге сәйкестендірілді.
І деңгейі (жоғары)
|
ІІ деңгейі (орташа)
|
ІІІ деңгейі (төмен)
|
Қарым-қатынаста сөйлеу дағдысы бір қалыпты, әңгіменің бағыт-бағдарын тез ұғынып, сөзді бөлмейді. Әңгіменің барысында мақсат қоюға дағдыланған, қоғамдық орындарда мінез-құлық дағдысы, ересектермен, құрбыларымен қарым-қатынас жасау дағдысы бекітілген. Құрбылармен қақтығыс барысында юмормен кикілжіңсіз шығып кете алады.
|
Сөйлеу икемділігі бар, бірақ көп жағдайда әңгімені ұштастыра алмай қалады. Дегенмен, әңгімені мұқият тыңдап, сөзді бөлмейді. Өзін-өзі бағалауы орташа, орташадан жоғары. Құрбылармен ренжісу барысында сөз таластыруға дайын, алайда, өзін-өзі тез меңгереді. Әңгімені өз бетінше іліп алмай, өзгелердің сілтемесін қажетсінеді.
|
Қарым-қатынаста сөйлеу дағдысы, сұрақ қою икемділігі төмен. Құрбылармен сөз таластырып, айқай, дау-жанжалға, төбелесуге дейін бар. Әңгіменің барысын жүргізе алмайды (өз бетімен). Рухани-сөздік тұрғыдан өзін-өзі реттеу қабілеті төмен. Сөздің барысында мақсат қоя білу икемділігі жоқ.
|
Осы әдістеме негізінде қарым-қатынас мәдениетінің негізгі үш бөлігін айқындадық, олар: білім, дағды, икемділік. Ал қарым-қатынас үрдісінде сабақ үстіндегі әр түрлі оқыту мәселелерін шешу барысында әр түрлі педагогикалық функциялар қолданылады. Атап айтқанда, мына функциялар: сүйемелдеуші, басқарушы, ұйымдастырушы.
Болашақ маман иесі тек оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастырып, басқарып қана қоймай, оның оқу әрекетін айқындаудың жолын табатын педагогикалық коммуникативтік міндеттерді шешуге талпынуы тиіс-ақ.
Бақылау сұрақтары:
-
Педагогикалық қарым-қатынастағы коммуникативтік міндеттердің орындалу сатылары.
-
Педагогикалық қарым-қатынас бөліктері қандай?
-
Коммуникативтік міндеттің өнімділігі неге байланысты?
-
Коммуникативтік дайындықты жүзеге асырудағы элемменттер қандай?
-
Студенттерді педагогикалық қарым-қатынасқа қалай тәрбиелеуге болады?
Қарастырылатын мәселелер:
-
Адамдық қадір-қасиетті құрметтеу.Ықпал жасау шамасы. Шешімге келу.
-
Көңіл қалдырмау. Оқушымен жеке әңгімелесудегі мінез-құлық.
-
Оралымды жолдар. Білімді бағалау. Көңіл күйі.
Әдебиеттер
Негізгі:
-
Педагогикалық шеберлік негіздері / И.А.Зязюнаның түзетуінде – М., 1989
-
Занина Л.В., Меншикова Н.П. Педагогикалық шеберлік негіздері – Ростов на Дону, 2003.
-
Кукушкин В.С. Педагогикалық қызметке кіріспе – Ростов на Дону, 2002.
Қосымша:
-
Абдуллина О.А. Жоғарғы педагогикалық білім беру саласындағы мұғалімді жалпы педагогикалық дайындау.
-
Педагогикалық мәдениетке кіріспе / Е.В.Бондареваның түзетуімен – Ростов на дону, 1995.
-
Грехнев В.С. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті – 1990.
-
Елканов С.Б. Болашақ мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу негіздері – М., 1989.
-
Кан-Калик В.А., Никандаров Н.Д., Педагогикалық шығармашылық – М., 1990.
-
Коджаспирова Г.М. ПЕдагогтің кәсіби білімін көтеру мәдениеті – М., 1994.
Лекция мәтіні:
Оқушылармен тіл табысуда , оларға әсер етудің әр түрлі құралдары.
Адамдық қадір-қасиетті құрметтеу. Сөз оқушылардың адамдық қадір-қасиетін құрметтеу жайында болып отыр. Педагогикалық әдеп мәнінің өзі адамды кемсітпеуде. Адамдық қадір-қасиет – адам бойындағы ең қымбат байлық. Біз оқушылармыздың, қоғамның болашақ құрылысшыларының бойындағы осы байлықтың әрбір бүршігін қызғыштай қорғауымыз керек. Оқушымен оның үлгерімі, тәртібі туралы сөйлесіңіз, екілік қойыңыз, екінші жылға қалдырыңыз, бірақ сөзбен де, көзбен де оның адамдық қадір-қасиетін қорламаңыз, оны күлкі етіп, мазақтамаңыз, ащы мысқылға үйір болмаңыз. Оқушыны қалай қатты ренжітуді емес, оған қалай жуысу, қалай көмектесу жолын ойластырыңыз.
Тәрбиесі қиын балалармен жүргізілген жұмыста олардың адамдық қадір-қасиетін кемсіту арқылы емес, керісінше оларды сүйемелдеу, көтермелеу, дамыту арқылы табысқа жетуге болады.
Ықпал жасау шамасы. Ықпал ету құралдарын пайдалану – медицинада дәрі-дәрмектерді жұмсаумен тең: оны дұрыс шамалай білу керек. “Көп болса, жақсы болады” принципі мұнда жарамайды.
Педагогикалық әдептің өзі көбіне шаманы сезіне білу ретінде де қарастырылады. Өйткені шамадан шығып кету әдептен озуға әкеліп соғады. Әдепті мұғалім – салмақты, ұстамды, байсалды (жақсы мағынада айтқанда) болады. Ол мінез-құлықтың да, сөйлесудің де, әдет-қылықтың да, киім киюдің де тым қалыптан шығып кетуіне жол бермейді. Ол шамалап кейиді, шамалап кінәлайды, шамалап мақтайды. Бірақ кейісті тоқтататын, әзілді тежейтін, ақыл айтудан бұлтаратын сәтті қалайша дөп басып табасың? Міне, осы сәтті шамалауды – педагогтың өзі табуы, оны оқушылардың көздерінен, олардың назарынан, үнсіздігінен білуі, жайт-жағдайлардан ұғынуы, жалпы көңіл-күйден, жеке көріністерден сезінуі, ақыры тәжірибесі негізінде іштей сезініп түсінуі керек. Бұл мұғалімнің дара шығармашылығы. Сол шаманы сезінсе – табысқа қолы жетеді, сезінбесе – оның тактикасы ойдағыдай нәтиже бермейді. Олай болса, мүмкін, тәуекелге бармау үшін тәрбие құралының әрқайсысын ептеп қана (ептеп қана жеку, ептеп қана мақтау, т.б.) қолдану керек шығар? Тіпті де олай емес. Ондай қарым-қатынас біздің тәрбиелік құралдарымыздың әсерін шектейді. Бұл арада, тәжірибелі мұғалімдер сияқты бар мүмкіндікті сарқа пайдаланған жөн. Тәрбие құралдарын пайдаланудағы сақтық та шектен тыс болмауы тиіс.
Шешімге келу. Белгілі бір жағдайда ең қажетті шешімге келу – педагогтық тактикадағы ең басты нәрсе емес пе? Ал ең жақсы шешім – байсалды ойластырылған шешім болдып табылады. Ашу, ыза үстінде көбіне оқушылардың қылығына немесе жалпы тәртібіне сай келе бермейтін шешімдер қабылданады. Педагогта адам, сондықтан оның да бар сезімге, ашулануға, буырқануға қақысы бар. Кей жағдайда мұндай сезімдерді тежеудің қажеті де жоқ, ал кейде солай ету керек те болады. Істің мәні олардың формасы мен көрініс беруінің шамасында. Мұғалім өз сезімдерін шынайы (жоқ жерде сезім білдіргенсімей), бірақ “жалпы адам” ретінде емес, шебер-педагог ретінде білдіруі керек. Сіз ренжіп тұруыңыз мүмкін, бірақ ол қалайда педагогикаға жат формада болмауы тиіс, - А.С.Макаренконың бұл кеңесінің мәні зор. Ал ашу кернеп бара жатса ше? Ең жөні – сабаға түсу, барынша өзіңді-өзің ұстау. “Өзіңнің не өзіңмен сөйлесіп тұрған адамның шамдана бастағанын байқасымен сөзді тоқтат” деп кеңес береді Л.Н.Толстой. Ашу-нашар кеңесші. Біз өзімізге қойылатын талапты білгенімізбен педагогикалық әдепті көбіне шамданған кезде бұзамыз. Ашуланғанда талап ұмыт қалады.
Көңіл қалдырмау. Көңіл қалдыру – адамдардың өзара қарым-қатысындағы бәлекет көзі. Ол ызаны қоздырады, кек тудырады, достарды араздастырады. Мектепте ол, атап айтсақ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы көптеген қайшылықтардың, байлансытардың жоқтығының себепшісі. Көңілі қалған оқушы өзінің көңілін қалдырған мұғалімнің ешқандай талаптары мен кеңестерін іштей қабылдамайды. Көңіл қалдыру мұғалім мен оқушы арасында өзіндік психологиялық кедергі, ұзаққа созылатын психологиялық сыйыспаушлық тудырады. Көңілі қалған оқушы сырттай болмағанмен іштей сізге қарсы, ол сіздің шынайылығыңызға сенбейді, сіздің сөздеріңізге сезікпен қарайды, сіздің қайырым-ілтипатыңызға күмән келтіреді, сізден көңіл қалдырар жаңа қылық күтеді. Мұндай оқушымен байланысты қалпына келтіру қиынға соғады, бірақ ол бір кездерде өзінен-өзі қалыптасып кетеді деп күтуге де болмайды. Көңілдің қалуы әмәнде ізсіз өтпейді. Мұғалімнің өзінің кінәлі сіз бе, әлде оқушы ма, кінәлілігі үшін кешірімді оқушы бұрынырақ сұрай ма, әлде сіз сұрайсыз ба, тым санасып жатудың қажеті жоқ. Бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан: кім әдептірек, кім тәртіптірек болса, кешірімді сол бірінші сұрайды. Оқушыдан дер мерзімінде кешірім сұрамау оны мұғалімнен жырақтатады, онымен ішкі байланысты салқындатады.
Оқушымен жеке әңгімелесу кезіндегі мінез-құлық. Оқушымен жеке сөйлесу – мұғалім шеберлігінің көрсеткіші. Ондай әңгімеге сабақтан кем дайындалмау керек. Оның жоспарын, барысын, өзіңіз оқушыға қояр сұрақтарды, сонымен қатар ол тарапынан болуы мүмкін сұрақтарды, ол сұрақтарға жауаптарды, сіздің сұрақтарыңызға оның берер мүмкін жауаптарын ойластыру қажет.
Әңгіменің аяқталу варианттарын міндетті түрде ойластырыңыз. Бәлкім, сізге оқушымен әңгімені “кешеуілдетуге”, кейінге қалдыруға тура келер. Сондықтан тиісті сылтауларды ойластыру қажет. Бұл – мұғалім айқайлап, оқушы үндемейтін, былайша айтқанда, екі жақ та өз пікірлерінде қалатын әңгімеден құтылуға көмектеседі. Бұған қолайлы жағдайда ғана қол жетеді. Ал әңгіменің қиюы келіспеген жағдайда оқушы өз қылығын ертеңіне, енді өз мұғаліміне ерегісіп, әдейі қайталауға бел байлайды.
Кінәлі оқушымен әңгіме барысында оның алдын-ала қорғану тәсіліне көшетінін және ол жай, қайшылықсыз жағдайда ықыласпен мойындай салардық дәлелдердің өзін жоққа шығаруға тырысатынын ескеру керек. Оқушы сіздің логикаңыз, сіздің өзіңізге әбден орынды көрінетін дәлелдеріңізге құлақ асудан гөрі, өзін қалай ақтаудың және осы әңгімені тағы қанша уақытқа созу жайын ойластырады. Егер мынадай тактикалық тәсіл қолдансақ: оқушының позициясына көшсек, не болар еді? Онда оқушыға қорғанудың қажеті болмай қалады да ол бар назарын мұғалім логикасына аударатын болады. Ал мұғалім болса, оқушы позициясынан дәлелденуі оңай, олқы жерлерін таба алатын болады. Оқушы позициясын бұзбауға, оның дәлелдерімен келісуге де болады, бірақ әңгімені, олқылықты оқушының өзі мойындайтындай логикаға тіреу керек.
Мұндай жолдар өте көп болуы мүмкін олардың педагогикалық әдепті бұзуға жетейлейтіндерін қолдануға болмайды.
Оралымды жолдар. Оралымды (тікелей емес) жолдарды пайдалануда педагогикалық әдеп педагогикалық тактикамен ұштасады. Әрине, сіздер, педагогикалық тактика, біз қандай бір тәрбиелік әсер ету шараларын қолдансақ та ол әрқашанда оқушыларға тәрбие беру мүддесіне бағындырылуы керек деп түсінесіздер.
Оқушыларға тікелей ықпал ету ылғи да тиімді бола бермейтіндігі белгілі. Ең жақсы тәрбие – оқушыларды өздеріне білдірмей, ықтиярымен тәрбиелеу. Басқа бірегей жағдайларда оқушылар үшін “”мен сені үйретейін деп тұрғаным жоқ
Деу, “бар да оқы” дегеннен тәуірірек. Оқушылар мұғалімнің турашылдығын тұтас қабылдайды, бірақ оның тікелігін жатсынады. Сондықтан да оқушы “кездейсоқ” кездесулер мен әңгімелесулерде мұғалім алдын-ала белгіленген әңгімемен салыстырғанда өзін неғұрлым еркін ұстайды, сенгіш келеді. Оқушылар бұйрық, кеңес, құрғақ ақылдан гөрі өтінгенді жақсы қабылдайды. Мұғалімнің еппен, әдеппен аяғына дейін айтып шықпаған ойларын олар өз ойларындай көреді, ондай ойлар оқушы көзқарасына айналады. Осы тақылеттес, бірақ тіке, оның үстіне үзілді-кесілді айтылған ойды оқушылар қабылдамауы да мүмкін. Әдепті педагогтың оқушылары өз қалағандарын істейді, ал олары мұғалімге керектігінің өзі болып шығады.
Әдепті мұғалім оқушылардың бастама көрсетулерін шектемейді, тіпті қателікке ұрынарын сезсе де, оқушыларға күмәндана тұрып, сенім білдіреді. Әрине, оның тіктеу келетін кездері де болады, бірақ мұндай жайт мейлінше сирек ұшырасады. Әдепті мұғалім талап қойғыш, бірақ қазымыр болмайды. Оқушылар дәл осындай талап қойғыштық көбірек ұнатады.
Білімді бағалау. Оқушылардың басым көпшілігінде қанағаттанарлықсыз (немесе күткендегіден төмендеу) баға теріс сезім тудырады. Ал кейбір оқушылар үшін ол – барып тұрған қайғының өзі. Мұндай жағдайда оқушылар ерекше кінәмшәл, ал олардың көрінер көзге немкеттілігі – кейбір мұғалімдердің, дәл мұғалімдер тарапынан бой көрсетуі мүмкін әдепсіздіктен қорғану ғана, өйткені оқушылар жолдастарына сенімді, олар бірге күйінеді. Мұғалім де ондай оқушылардың күйінішіне ортақ болып, олардың қанағаттанарлықсыз бағаны уақытша сәтсіздік деп қабылдауларына көмектесулері керек. Оқушы сіздің қанағаттанарлықсыз баға қоюыңыздың өзінен сіз оны өшіге немесе рахаттана қоймайтыныңызды байқауы тиіс.
Педагогикалық тактика тұрғысынан ең жақсы баға – объективті (оқушылар сөзімен айтқанда -әділ ) баға. Төмен де, көтеріңкі де баға педагогикалық тактикаға жат. Оқушылардың білім көрсеткіші ретіндегі баға түрлі тактикалық сылтаумен өзгертіле алмайды. Бағалайтын ой-пікірлер арқылы ғана арылы-берілі орағытуға болады.
Көңіл күйі. Мерзімді басылымдарда: “Байқаңыздар – балалар бар!” деген тартымды атпен берілетін мақалалар жиі кездеседі. Қалаларда: “Мектеп” деген ескертпе белгілер ілініп қойылады. Мектепке кірер есіктің өзі, ләйім, осындай белгі болғай. Оның алдында бір сәт кідіріңіз, мектепке өз кейіс-ренішіңізді, босаңдығыңызды, бойкүйездігіңізді әкеліп тұрған жоқсыз ба, соны ойлап алыңыз. Егер көңіл күйіңіз нашар болса, оны табалдырықтан тыс қалдырыңыз. Оқушылар алдында мұғалім қалай болғанда да тек қана жайдары, қайратты және көңілі көтеріңкі болуы тиіс. Педагогтық кәсіп сыры осында.
Педагогтың көңіл күйі – оның тәрбиелейтін зор күш-қуаты. Кімде-кім мұғалім көңілін бұзса, ол оқушыларымыздың тәрбиесіне зиянын тигізеді. Өзіңіздің де, өз әріптестеріңіздің де көңіл күйіне абай болыңыздар.
Әзіл. Тапқыр сөз. Оқушылар әзілді сүйеді. Олардың біріне –бірі қандай тапқыр сөздер айтып жататандарына құлақ салып көріңіздер. Оқушылар әзілі – олардың ақыл-ой және жалпы өсуінің көрсеткіші. Олар үшін әзіл – рухани өсу қажеттілігі. Оларға әзілсіз өмір сүру қиын. Оқушылар кейде, шынын айтсақ, тапқыр сөзі үшін ащы таяқ та жейді, бірақ олар бәсеңсімейді.
Өзі әзілді сүйетін, тапқыр сөзді мұғаліммен оқушылар ықыласты араласады, оның қателіктерін, тіпті күрттігін де кешіре береді. Ал әзілге жоқ мұғаліммен араласу әлдеқайда күрделірек. Айта кету керек, ондай мұғалімдерде көбіне әдеп те шамалы болады. Оқушылардың әзіліне олар үсті-үстіне кінәлау, үркіту, дауыс көтеру, “тап қазір тоқтатыңдар!” деп талап қоюмен жауап береді. Егер сіз әзілге жоқ болсаыңз, ең болмаса сол кемшілікті әшкере ете бермеңіз. Бұл сізге басы артық қайшылықтан құтылуыңызға көмектеседі. Тапқыр сөзбен айтылған ескерпені орындамастан бұрын оқушылар сізге де дәл сондай тапқыр сөзбен жауап қайыруға тырысқанымен, оны әрдайым дерлік назардан тыс қалдырмайды.
Педагогтық тактика. Ол мұғалімде оқушыға әсер теудің жағдайға қарай орағытуға болатын әр түрлі құралдарының мол қоры болуын ескереді. Онда бір сөз тіркесін сан құбылтып айтатын алуан түрлі дауыс ырғағы, күлімсіреу, әсерлі көзқарас, ым қимылдардың жинақталған шоғыры, тұрақты сөз нұсқаларының, мәтелдердің айтарлықтай қоры, сондай-ақ. Бірқатар артистік қимыл қозғалыстар және шешендік тәсілдер қоры болуы тиіс.
Мұғалімнің сырттай қолапайсыздық сияқты оқушыға әсер ету мүмкіндігін шектей түседі. Сан құбылатын дауыс ырғағы байлығының ішінен тек бажылдауды, ал бар сөздік құралдардан: “Қимылдама! Үніңді шығарма! Сөйлемей отыр!” деген сияқты мезі болған сөздер жиынтығын қолданатын, “техникалық” жағынан қаруланбаған мұғалімнің табысқа жетуі шамалы болады. Әсер етудің бірөңкей құралдарын ұзақ уақыт пайдалана беруге болмайтыны белгілі. Олар “тозады”. Егер ондай педагог ткатикасын өзгертпесе, ол өз оқушыларының көңілін таппайды, сыйластығына жетпейді, сүйіспеншілігіне ие болмайды. Бала жанын жараламау, ренжітпеу, әсер етудің әдепке жат құралдарын қолданбау үшін мұғалімнің қаншама алуан түрлі әдістерді меңгеруі қажет екенін елестетіп көруге болады.
Педагогтық әдеп пен педагогтық тактиканың оқушыларға ықпал ету мүмкіндіктері мол, оларды қолданудың өрісі кең. Сабақта және үзілісте, мектепте және мектептен тыс жерде, оқушылардың оқуға деген ынтасы мен моральдық көзқарастарын қалыптастыруда, сенімділік пен сыпайылыққа тәрбиелеуде, т.б. айнымас көмекшілеріміз.
Достарыңызбен бөлісу: |