Лекция 2. Педагогика ғылымының жүйесі. Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы.
Мақсаты: педагогика ғылымының салалары мен олардың айналысатын мәселелерін анықтау, жаңа салаларына сипаттама беру. ғылымдардың арасындағы өзара байланыстың маңызын түсіндіру, педагогиканың қандай ғылымдармен және қалай байланысатынын анықтау.
Жоспар:
Ппедагогиканың салалары
Педагогиканың философиямен байланысы
Педагогиканың психологиямен байланысы
Педагогиканың биологиялық пәндермен байланысы
Негізгі ұғымдар: дидактика, методика, мектепке дейінгі педагогика, мектеп педагогикасы, педагогика тарихы, дефектология.
Тәрбие мен оқу ісінің дамуына байланысты педагогика бірнеше салаларға бөлінеді:
Мектепке дейінгі педагогика – отбасы мен балабақшадағы балалар тәрбиесін зерттейді.
Мектеп педагогикасы – кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелерін зерттейді.
Педагогика тарихы – тәрбиенің шығуы мен дамуының заңдылықтарын зерттейді.
Дефектология – педагогиканың арнаулы саласы. Дефектология есту, көру, сөйлеу мүшелерінде және ақыл-ойында табиғи кемістігі бар бар балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселелерін зерттейді. Дефектология төрт салаға бөлінеді:
Сурдопедагогика – саңырау, мылқау балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді;
Тифлопедагогика – соқыр балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді;
Олигрофренопедагогика – ақыл-ойы кем балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді;
Логопедия – тілінің кемістігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді;
Дидактика – оқытудың жалпы заңдылықтарын зерттейді. Дидактика «Нені оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?», «Неге оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап береді.
Методика – жеке пәндерді оқытудың әдіс-тәсілдерін зерттейді. Жеке ерекшеліктеріне қарай, әр пәнді оқытуды ұйымдастырудың өзіндік жолдары, принциптері, әдіс-тәсілдері болады.
Жоғары оқу орындарының педагогикасы – болашақ мамандарды даярлау мәселелерімен айналысады.
Сонымен бірге жаңа бөлімдері де бар. Әскери педагогика әртүрлі рангтегі әскери қызмет атқаратындарды әскерге шақыру жасындағылардан бастап, әскери мамандықты игергендер мен офицерлер құрамының тәрбиелің іс-әрекеттерінің тәрбиеләк заңдылықтарын зерттейді.
Еңбекпен түзету педагогикасы түрмеде (пенитенциарлық мекемелер) отырған адамдарды қайта тәрбиелеудің теориясы мен практикасын қарастырады.
Сауықтыру педагогикасы жалпы мектептегі оқу-тәрбие процесінен қол үзген, ұзақ уақыт емделетін балаларға білім беру мәселесін зерттейді.
Салыстырмалы педагогика әрбір елдердегі білім беру мен тәрбие жүйелерінің дамуын зерттейді.
Этнопедагогика түрлі ұлттардың халықтық педагогика негізінде бала тәрбиелеу дәстүрлерін зерттейді.
Педагогика ғылымы басқа ғылымдармен тығыз байланыста дамиды. Ең алдымен, педагогика философиямен тығыз байланысты, өйткені ол философиядан бөлініп шықты. Философия табиғат пен қоғамның даму заңдылықтарын зерттейді. Ал педагогика тәрбиені қоғамдық құбылыс ретінде қарастырып, тәрбиенің дамуын қоғамның дамуымен тығыз байланыстырады. Философияның бөлімдері – эстетика мен этика – педагогикадағы адамгершілік, эстетикалық тәрбиелердің мақсатын жүзеге асыруда басшылыққа алынады. Педагогика психологиямен байланысты. Егер психология жеке адамның дербес ерекшеліктерін (түйсік, қабылдау, ойлау, есте сақтау, зейін, т.б.) зерттесе, педагогика ғылымы осы зерттеу нәтижелерін оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда кеңінен пайдаланады. Педагогика да , психология да адамды зерттейді. Психология адамның мінез-құлқын зерттесе, педагогика сол мінез-құлықты қалай тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін зерттейді. Педагогика жас ерекшелігі физиологиясымен байланысты. Балалар организміндегі жоғары нерв жүйесінің қызметі, тыныс алу, қан, жүрек-тамыр жүйелерінің физиологиялық ерекшеліктерін мұғалім білуі керек. Бұл оған педагогикалық процесті дұрыс ұйымдастырып, басқаруға көмектеседі. Педагогика мектеп гигиенасымен тығыз байланысты. Мектеп гигиенасы – жас ұрпақтың денсаулығын сақтау, нығайту және дамыту туралы ғылым. Мектептің жалпы тазалығы, сынып бөлмелерінің кең, жарық болуы балалардың денсаулығына әсер етеді. Ауаның жеткіліксіздігі, жарықтың нашарлығы, бөлменің шаң болуы балаларды әлсіздікке, бас ауруына, көруінің нашарлауына әсер етеді, сөйтіп оқушылардың оқуы төмендейді. Сондықтан әр мұғалім гигиенаның сақталуына көңіл бөлуі керек. Педагогика математика, социология, медицина, экология, т.б. ғылымдармен де байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |