Экономикалық коньюнктураның негізгі көрсеткіштері және оның цикл кезеңдеріндегі әртүрлі динамикасы.
Құрылымдық дағдарыстар.
Тұрақсыздық нарықтық экономикаға тән сипаттардың бірі. Оған экономикалық циклды қалыптастыратын өрлеу де, құлдырау да тән. Экономикалық дамудың циклдық заңдылықтарын зерттеу-макроэкономикалық талдаудың құраушы бөлігінің бірі болып табылады. Көптеген зерттеуші экономистер осы рыноктық экономиканың циклдық ауытқуының құпиясы неде деген сұраққа жауап іздеді. Ал, экономикалық цикл дегеніміз-бұл экономикада қысқа және ұзақ мерзім аралығындағы өндіріс, жұмысбастылық және табыс мөлшері деңгейінің үнемі ауытқып отыруы. Экономикалық циклдың болуының себептері: автономды инвестициялардың таусылуы, ақша массасының ауытқуы, негізгі капиталдың жаңартылуы, мултипликатор әсерінің әлсіреуі және көптеген экономистердің пікірлері бойынша ең маңызды себеп – тұтыну мен инвестиция арасындағы ауытқудың болуы. Макроэкономикада экономикалық циклдың интегриалды теориясы жоқ, сол себепті түрлі бағыттар мен мектептердің экономистері циклдың болуының себептеріне әртүрлі көзқараспен тоқталады.
К. Маркс экономикалық цикл мәселесіне алғаш көп көңіл бөлген экономист ғалымдардың бірі болып саналады. Ол циклдың бірін-бірі кезектесе алмастырып отыратын негізгі төрт фазасын бөліп қарастырды.
Экономикалық цикл фазалары: дағдарыс, тоқырау, жандану, өрлеу. Қазіргі экономикалық әдебиеттерде АҚШ-ның экономикалық зерттеулердің ұлттық бюросында жасалған терминалогия бойынша цикл келесідей фазаларды қамтиды: шың немесе бум, рецессия немесе құлдырау, депрессия және жандану. Экономикалық конъюнктураны сипаттау үшін бір қатар экономикалық көрсеткіштер қолданылады (ЖҰӨ, ЖІӨ, жұмыссыздық деңгейі, жеке табыс, өнеркәсіптік өнімдер көлемі, бағалар деңгейі, т.б.).
Цикл барысында экономикалық параметрлердің өзгеруіне байланысты олар проциклдық, контрциклдық және ациклдық болып бөлінеді.
Қазіргі кезде статистиктер мен экономистер экономикалық конъюнктураға толық, нақты болжамдар жасай алмайды, тек оның жалпы тенденциясын ғана анықтай алады. Себебі экономикалық тұрақсыздық пен саяси қақтығыстар кезінде барлық әсер етуші факторларды есепке алу, ұлттық экономикаға халықаралық ортаның ықпалын анықтау қиын және де даму тенденциясын анықтағанның өзінде фазалардың жүру мерзімін нақты атап, экономикалық саясатты сол өзгерістерге қарай бағыттау мүмкін емес.
Қазіргі қоғамдық ғылымда экономикалық циклдардың бірнеше типі белгілі. Олар, әдетте, осы толқындарды зерттеп, ғылымға енуіне негіз болған экономистердің атымен аталады.