Лекция Психологияға кіріспе


Лекция №7 Өмірдің мәні және кәсіби өзін-өзі анықтау психологиясы



бет15/44
Дата30.10.2022
өлшемі271.41 Kb.
#463662
түріЛекция
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   44
Психология лекция жинак

Лекция №7 Өмірдің мәні және кәсіби өзін-өзі анықтау психологиясы

Жоспар:


  1. Өмірдің мәні

  2. Кәсіби даму

  3. Кәсіби өзін – өзі анықтауды

Адамның жан дүниесін терең зерттеген психолог ғалымдар мынадай анық ақиқатты байқаған. Жас адам саналы ғұмырын бастамай жатып ауыр трагедияға ұрынып, оның бағалы тағдыры қайғы мен қасіретке айналғанда түпкі себебі біреу деген. Жап-жас өрімдей жігіт немесе қыз баласы өзінің өмірге не үшін келіп, не үшін өмір сүру керек екенін ұмытып, ақылы шатасқанда оның тағдыры қайғы мен мұңға тола бастайды. Сондықтан кез келген қоғамдық дерттен жас ұрпақты аман алып қалу үшін оларға өмірдің мәні мен тіршіліктің ақиқат тірегі туралы шындықтарды анықтап беру ең маңызды шаруа. Күндердің күнінде белгілі бір өткелге жеткен кезде кез келген адам баласын «Адам не үшін өмір сүреді?» деген сұрақ мазалайды. Бұл сұрақ кез-келген екі аяқты ақылды пенденің отыз жастың орта шеніне келгенде сүрінетін сауалы.


Психология ғылымының ғұламалар былай дейді. Кез-келген істі атқарып, оны соңына дейін жеткізіп жасағанда оның мәні мен мағынасы адамның жүрегіне айқын сезіліп тұрмаса пенде ол істен міндетті түрде жалығады. Адамның басқа мақұлықтардан айырмашылығы сонда мәні кеткен, мағынасы жоғалған жұмыстарды жасаудан жалығып, ақырында мезі болып, ол істен түбегейлі бас тартады. Мән мен мағынаны тауып, сезу жолында тазалық пен әділдік міндетті түрде болуы шарт. Адам жанының қалауы сол. Адамның өміріне лас заттар көп араласа беретін болса, адамның денесіндегі таза, пәк жан жаман күнәләрға белшеден бата беруден бас тартып қашады. Орыстың психолог ғалымы Леоньтев «ащы кәмпит феномені» деп аталатын тәжірбие жасаған. Мектеп жасына толмаған сәбиге екі түрлі міндет жүктейді. Бала бұл жұмыстарды бір орында қаққан қазықтай қозғалмай, шағын шеңбердің аясында орындауы шарт. Бірақ бұл мүлде мүмкін емес еді. Бала тапсырманы бір жерден екінші бір жерге қозғалғанда ғана орындай алады. Егер бала тапсырылған міндетті бір орында бұлжытпай орындаса, ақысына тәтті кәмпит алады. Бірақ бала әрі ойланып бері ойланып, тапсырма тек қозғалған жағдайда ғана толық бітетінін түсінеді. Енді тәжірибе жасаушы ғалым бөлмеге сәбиді жалғыз қалдырып, өзі сырттан бақыламақ болады да бір сылтау айтып бөлмеден шығып кетеді. Осы сәтті пайдаланған сәби шартты бұзып, жылжып барып айтқан тапсырманы орындайды. Артынша ғалым бөлмеге кіріп, ештеме байқамаған кісіше, тапсырманы тексереді де, риза болған кейіпте уәде бойынша балаға тәтті кәмпитті ұсынады. Ең қызығы жаңа ғана өте маңызды болып көрінген тәтті кәмпиттің табан астында сәби үшін мәні жоғалады. Ол арам жолмен табылып тұрған тәтті кәмпитті жеуден түбегейлі бас тартады. Мұндай сәтте кейбір жаны нәзік сәбилер жылап та жіберуі мүмкін. Әлі дүние кірімен былғанбаған баланың таза жаны әділетсіз жолмен келген тәтті кәмпитті ала алмай қатты қиналады. 
Міне осылайша әр істелген іс тек адалдық пен тазалықтың негізінде мәнге ие болады. Адамның жануардан айырмашылығы да осы арада деп қорытады ғалымдар. Өкінішке орай бала өсіп, дүние кіріне былғанған сайын баяғы тазалығын жоғалта береді. Ақырында керісінше әділетсіз істерден ләззат алатын «қиянатшыл нәпсі» сезімі адам денесіне біржола қожалық етеді. 
Біз әдетте кез-келген нәрсенің мәнін, мағынасын белгілі бір дәрежеде анықтап үйренгенбіз. Көп нәрсе көзге көрініп, сезіліп тұрғандықтан оның мәні де тезірек байқалады. Алайда адамның көзіне көрінбейтін, уақытпен бірге ағып бара жатқан өмір деген абстрактілі ұғымның мағынасын немен анықтап дәл айтуға болады.
Өмірдің мәнін анықтау үшін сенің өмірің бітіп, аяқталып қалса да мәңгі жалғаса беретін түпсіз нәрсемен анықталуы тиіс дейді ғалымдар. Олай болса өзін ұлы тұлға сезінетін адамдар тәкәппарлықтан тыйылуға тура келеді. Әр адам «Мен жерді тіреп тұрған негізгі ұстын не болмаса күллі ғаламның кіндігі емеспін. Сондықтан менен де маңызды, менен де қадірлі нәрсе болуы тиіс. Менің найзағайдай жалт еткен шолақ ғұмырым ұшы қиыры жоқ мәңгіге созылып жатқан бітпес бір ғұмырдың титімдей бөлшегі деп ойлансын». Осы бір өте елеусіз көрінетін бір адамның ғұмыры әлемдегі өз орнын дұрыс анықтап, қоғамдағы «кетігін» тауып қаланғанда ғана мәні ашылады. Ал ол адам өмірде өз орнын табу үшін өзге адамдардың өз орындарын табуына кесірін тигізбеуі керек.
Ерте замандарда адамдар сауаты саяз, ілім-білім болмаған кезде «өмірдің мәні не?» деген сұраққа онша терең бойлай алмаған. Ол кезде оларға мағына туралы емес, «өзіңнің Жаратушы алдындағы міндетің туралы ойлан», деп үйрететін. Яғни «Құдай сені о баста жаратып, маңдайыңа тағдырыңды қашап жазып берген. Сен сол соқпақпен жүре бер», дейтін. Келе-келе адамзаттың сана-сезімі өсіп, жерге жол көрсетуші киелі кітаптар түсіп, пайғамбарлар дүниеден озып, қоғамда сауатты, саналы адамдар көбейген кезде Құдай «мені не үшін жаратты?» «Тағдырымның мәні не?»-деген сұрақтармен басы қата бастады. Осылайша «өмірдің мәні» деген ұлы философия алдыңғы орынға шықты. Бұл сұраққа Ү-ІҮ ғасырларда қайсыбір ойшылдар «өмірдің мағынасы барынша рахат көру», деп жауап берді. Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас. Амалын тапсаң азаптан қаш та, жеңіл жолмен бұл өмірдің ләззатын сорып жата бер. Бұл көзқарасты ғылымда «гедонизм» деп атайды. Гректің «хедоне» «рақат, ләззат» деген сөзінен шыққан. Ең қызығы бұл көзқарас өте өміршең болып шықты. Күні қазіргіге дейін өмірдің мәнін осылай кері түсіндіретін саяз адамдар қоғамда жетіп артылады.
Кейін келе дін әсері әлсіреп, утилитаризм деген этикадағы тың бағыт, жаңа «ауру» пайда болды. Бұл қолмен ұстап, көзге көретін заттарды бағалап, соларға табынаудан барып шыққан мәдениет. Бұл ағымның негізгі қозғаушы күші — коммунизм. Яғни көзге көрінетін нәрселерді ғана бағалап, сол үшін адам бар өмірін арнауы керек. Жалпы осы мақсатқа жету үшін барлығынан тайсалмауға болады. Тіпті коммунистер көздеген мақсатқа жету жолында бұқара халықты құрбандыққа шалса да түк етпейді деп санайды. Юлий Шрейдер атты философ «утилитаризм — барлық абсолютті нәрселерден уақытша ғана өмір сүретін жетістіктерді жоғары бағалайтын болғандықтан, этиканы түбінен шірітіп құртады» деп есепетейді. Бұл ілім қоғамға үстем болғанда, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін санаулы ғана адам сұрыптап беріп отырады. Ал, қалған бұқара халық солармен айтқанымен жүріп-тұруы керек.
Шыны керек, бұл Ұлы Сұрақтың жауабын көп іздеп, еңбектенген, сол арқылы қоғамға жаңалық әкелген данышпан — Лев Толстой болды. Толстой атамыздың жанайқайы бүкіл Орыс елі тұрмақ, еуропа жұртын да дүр сілкіндірді. Орыс әулиесі «өмірдің мәні адам рухының үздіксіз дамып, бойындағы Құдай сипаттарын барынша ашу. Құдай рухын нәпсі қалауының қара балшығынан аршып алып, күллі жаратылысқа деген махаббатын ояту» деп түйді. Ақылман Толстой жас жеткіншектерге арнап жазған «Өздеріңе сеніңдер» деген өсиетінде, «Балалықпен қоштасқан соң саналарыңды «Мен кіммін? Мен бұл өмірде не істеп жүрмін?-деген сұрақтар мазалағанда, бұл сұрақтардың жауабын таба алатындарыңа сенімді болыңдар. Сұрақтарға жауап іздегенде данышпан, даналар ұсынған жауаптар саналарыңда, туыстарың айтқан пікірлермен сәйкес келмесе қорқып, шошымаңдар. Пікір қайшылығынан әсте де қорқуға болмайды. Керісінше, пікір қайшылығының ұлғайуы сенің Құдай сипаттас рухыңның ояна бастағанының айқын белгісі. Дәл осы екі жауаптың бір-біріне сәйкес келмеуінің астарында өмірдің шын мағынасы көміліп жатыр. Он бес жасымда осы сұрақтар алғаш рет мені де мазалап бастағанда өз бетімше жауап беруден қаймыққам. Айналамдағы адамдардың тынымсыз қайталай беретін қате пікірін мен де еріксіз қабылдағам. Осы қате қадамның азабын өте ұзақ тарттым. Ия, сонымен аса құрметті өскелең ұрпақ бөтен адамдардың өздері түсінбесе де таңып сөйлейтін пікірлеріне мән берместен, шынайы түрде өмірлеріңнің мәнін ашып, түсініп алуға тырысыңдар. Сендердің бұл талпыныстарың жас адамның бойындағы жәй ғана орындалмайтын арман, құлшыныс қой деп бейпіл сөйлейтін адамдардың сөзіне әсте құлақ аспаңдар. Жан дүниелеріңде алғаш рет Құдай сипаттас сезімдерің ояна бастағанда оның қаншалықты маңызды екенін барынша терең сезініп, бұл ең Ұлы сезімнің әлсіз жалынын сөндіруге жол бермеңдер. Керісінше жастық шақтың барлық күш қуатын пайдаланып бұл шоқтың өршеленіп жануына бар күш жігерлеріңді салыңдар. Дәл осы рух сәулесінің күш алып, алаулап жануына барлық адамның ең ұлы қуанышы мен бақыты байланған».
Алайда ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында өмірдің мәні деген мәселе басқа қырынан қайта қаралды. Себебі, жаңа ғасырдың басындағы жұмыссыздық салдары адам санасына соққы боп тиіп, көп адам қайғы-қасіретке ұшырайды. Ең қызығы мемлекет жұмыссыз халыққа аштан өлмейтін ас-су беріп отырса да, құр босқа ішіп-жеп жата беруден жалыққан адамдар өмірінің мәнін жоғалтып, ақыл естерінен айрылады. Екінші дүние жүзілік соғыстан соң өндіріс индустриясын жақсы жолға қоя білген Еуропа мен АҚШ адам өмірін айтарлықтай жақсартты. Алайда бұл проблемалар олардың ішкі рухани әлемінде болатын күйреу сезімін шешіп бере алмайды. Осы құбылысты дәл байқаған Американдық псхологтар «жексенбілік невроз» деген жаңа диагноз қояды. Психолог мамандарға келіп шағымданған менеджерлер демалыс күндері жан дүниелерінің құлазып тұратыны туралы айта бастайды. Жағдайлары жақсы болса да жүрегінде үңірейіп тұрған бос апанды әйел, бала-шағасы толтыра алмайтындарын айтады. Осындай проблемалардан құтыла алмаған көптеген менеджерлер ақырында ақыл-есінен айрылып қаңғып кеткен. Адамдaрдың өмір мәнін табуға ұмтылатын талпынысын жан-жақты зерттеген психолог ғалымдардың тағы біреуі — Виктор Франкл еді. Ол «адамдарды талпындырып тұратын күш-өзінің өмір сүруінің түпкі мағынасын тапсам деген ой. Көптеген адамдар өзін-өзі өлтірудің, жынданып кетудің, араққа салынып кетудің, наркотикке ұрынудың негізгі себебі осы сұрақтың жауабын таба алмай шатасуда деп пікір түйген. Виктор Франкл екінші дүние жүзілік соғыстың қарсаңында Австрияда тұрып жатты. Фашистік Германия Австрияны басып алған соң ұлты еврей Франклдің жағдайы мүшкіл болады. Ол сол кездің өзінде хәм атақты психолог, ғалым болғандықтан АҚШ оны қуана-қуана шақырады. Бірақ Франкл қартайған ата-анасын жау қолына қалдырып кетуге дәті бармай отбасында қалады. Көп ұзамай фашистер оны тұтқындап, лагерге әке-шешесімен бірге тоғытады. Лагерде ата-анасы ұлдарының қолында қайтыс болады. Адам жанының құпия сырларын зерттеп үйренген ғалым лагерде де тұтқын жандардың тіршілігін жіті бақылап зерттей береді. Тұтқындарды мал секілді қорлай беретін фашистер түрмедегі кез келген бейшараны әр түрлі сылтаумен өлтіріп тастауға ұмтылып тұратын. Концлагерге алғаш келіп кіргенде көбінің ойы мынадай болатын. Бұл жерден денсаулығы темірдей жастар мен мығым денелі азаматтар ғана тірі шығатын шығар. Біз секілді жасы келіп, шау тартқандар мына азапқа бір апта да шыдамас деп қайғырады. Арада үш жыл өткенде жағдай мүлде басқаша болып өзгереді. Осы арада кітаптан үзінді келтіре кететін мынадай қызықты фактілер бар. «Өзін өзі өлтіру туралы ой біздің әр қайсымызды да мазалайтын. Айналаңда адамдар топырлап өліп, ажал қаупі әр күн, әр сағат сайын төбеңде төніп тұрған соң еріксіз өлу туралы ойлап кетесің. Мен түрмеге түскен күні кешке өзіме өзім «сымға барып асылмаймын» деп серт бердім. Бұл фраза тұтқындар арасында жиі қолданылатын. Ауыр азап пен ит қорлыққа шыдай алмаған кейбір бауырлар өте жоғары кернеудегі тоғы бар сым тартылған қоршауға барып асылып қалатын». Осылайша Франкл әу бастан ақ миынан өзін өлтіру туралы ойларды аластап қуып шығады.
Керісінше түрмеде денсаулығы мықты күшті азаматтардан гөрі кеудесінде үміті күшті, алда арманы бар, өмірінде белгілі бір мақсатқа ұмтылған ақжүрек адамдар әлдеқайда шыдамды әрі өміршең боп шығады екен. Тамақтарын тығылып жеген, біреудің нанын ұрлаған, тапқан дәрілерін өзі ғана ішіп емделгендер, ауыр жұмыста өзінің ғана шаруасын тындырып жолдасымен жұмысы болмаған өзімшіл жас жігіттердің түгелге жуығы түрмеде ажал құшты деп жазады. Тіпті керек десеңіз фашистерге сатылып, жағдайы жақсы болды дегендердің өздері сүзектен өліп жатты. Қақаған аязда жолдасына соңғы киімін, мұзда тұрғанда жалаң аяқ қалып қойған досына екі етігінің біреуін шешіп берген, сабындай қара нанды бөлісіп жеген альтруистер түрменің тозағынан тірі шығады. Осыдан барып, «Адам жаны сірі. Егер ол өлмеймін деп үлкен мақсатқа талпынатын болса азап тартып бұзылған, күйреген тәнін қалпына қайтадан келтіріп алады» деп түйін жасайды. Франкл түрмеде жатып және мынадай қызық құбылысты дәл байқаған. Түрменің іші адам шошитын жер болса да жанға қуат болар қуанышты сәтті ол жерден де табуға болатын дейді. Ауыр жұмыстан өлейін деп әрең келген соң біздерді тамақ ішуге асханаға жіберетін. Ол жерде бізбен бірге қамауда жатқан Ф. есімді аспаз бартын. Оның басқалардан айрымашылығы сол, ешқашан тұтқындарға сорпа құйғанда олармен тамыр-таныстығына, туыстығына қарамайтын. Өзгелер болса танысы не туысы келе қалса қазанның түбін қопарып, сорпаның қоюуын құйып беруге барын салып бағатын. Ф. Аспаздың сол болмашы әділдігінің өзі кеудені қуанышқа толтырып, адам рухына әл беретін. Лагерде кімнің ажал құшатынын алдын ала оп-оңай білуге болатын. Әдетте, тұтқындардың біреуі болашақ өмірден үмітін үзсе өмірі де сол мезгілде қоса үзілетін. Ертеңгі күннен жақсылық күтуден біржолата түңілген жігіттер күнделікті ісінен жаңылатын. Таң ертең тұрып жуынбайтын. Қатарға барып қосылмайтын. Ұрып, соғып, қорқыту оларға ешқандай әсер етпейтін. Тіпті бірнеше күн далаға да шықпастан үлкен, кіші дәретіне былғанып жата беретін. Ең соңғы күні қалтасының қуысына тығып қойған ең соңғы шылымын алып шегеді. Сол кезде оның сол күні өлетіні анық болады. Олармен тілдескенде маған беретін жауабы әманда біреу еді: «Маған келешектен күтетін дым да қалған жоқ!».
Менің түрмедегі және бір танысым қызық жағдайда жан тапсырды. Бір күні ол маған өзінің ғажайып түс көргенін айтып берді. Түсінде бір дауыс оған менен білгің келген нәрсе болса сұрай бер мен сұрақтарыңа жауап берем деп тіл қатыпты. Мен: түрмедегі мына азап қашан бітеді деп сұрадым. Дауыс маған «30 наурызда бітеді» деп жауап берді. Бұл оқиға 1945 жылдың ақпан айында болды. Менің досым осы көрген түсін айтқанда оның өмірге деген құштарлығы өте жақсы болатын. Кеудесі де үміт пен сенімге толатын. Себебі, ол көрген түсін Құдайдан келген аян деп нық сенетін. Арада зымырап бір ай өте шықты. Әне-міне дегенше 29 наурыз да болды. Бірақ біздің азат болатын түріміз жоқ. Сол күні кешке менің досымның ыстығы көтеріліп, ауырып, мазасы қаша бастады. Ол ертеңіне түрмеден босанып шықпайтынан көзі жеткен соң бірден құлазып, құлдырап кетті. Келесі күні азанда ол қайтыс болды. Адамның жаны туралы білетін кісі бұл құбылысты қиналыссыз түсінеді. Адам жаны үміттен кесіліп, жанына тірек болар сенім таппағанда денсаулықтағы иммун жүйесі де қоса құлдырайды. Менің досымның сенімі күйреп, үміті үзілгенде денеде қолайлы сәтті күтіп жатқан сүзектің бүкіл вирусы асқынып шыға келді. Осылайша ол бір күнде үмітсіздіктің құрбаны болды. Бірақ қалай болғанда да түсінде естіген дауыс оған дұрыс жауап берген. Расында да оның азапты өмірі 30 наурыз күні тоқтады ғой.

Түрмеде өзін өзі өлтіреуге әркеттенген тұтқындарды құтқарып қалуға рұқсат етілмейтін. Фашистер өлгісі келгендерді ана дүниеге кедергісіз шығарып салғанды жақсы көретін. Мысалы, асылып жатқан адамдардың арқанын кесіп, оларға көмек көрсетуге тыйым салынған. Мен қасымдағы екі жолдасымды ажалдан алып қалдым десе де болады. Олардың екеуі де «Бізде болашақ жоқ. Ертеңгі күннен күтетін дәнеме де қалған жоқ» деп асылуға іштей дайындық қылып жүрген. Мен олардың екеуімен де сырластым. Сөйтсем біреуінің кішкентай баласы туыстарына еріп, шетелге өтіп кетіпті. Ол әлі сонда тірі екен. Мен оған қалайда сол балаға тірі жету керек. Онымен жолығып, ары қарай жаңа өмір бастауға мүмкіндік мол деп сендірдім. Ал екіншісі ғылыммен терең айналысатын ғалым екен. Ол соғысқа дейін бірнеше кітап та шығарып үлгерген. Бірақ жұмысы толық аяқталмаған. Мен оған қалай да тірі қалып, сол кітаптарды жазып бітіру керек деп үгіттей бастадым. Расында да сәлден соң оның кеудесінде үміт оты күшейіп, болашаққа ұмтыла бастады. Кейін екеуі де аман қалды.


Азапқа толы төрт жыл артта қалған соң Франкл тұтқыннан босап шығады. Сол кезде оның түрінен адам шошитындай еді. Арсиған сүйектерді құр терімен қаптап қойған секілді. Бұрынғы үйі боса да жоқ. Кабинеті, кітаптары, бомбаның астында қалды. Он бес жыл көз майын тауысып, зерттеп жазған докторлық дисертациясын фашистер өртеп жіберген. Түрмеде ата-анасы, әйелі бақилық болып кетсе де, Франкл жаңа өмір бастайды. Кейін келе сырқаттанып жатқан ауру адамдарға өмірдің мәні туралы мазмұнды әңгімелер айтып, сырқат кісілердің жаңа өмір бастауына жәрдем қылады. Бұл ғылымды «логотерапия» яғни өмірдің шаттықа толы мән-мағынасын табу арқылы бақытты тағдырға қол жеткізетін ғылым деп атайтын. Ол осы ілімді дамыту арқылы ең атақты ғалымға айналады. Ғылыми атағы жөнінен онымен теңдес келетін ешкім жоқ еді. Көптеген қуатты елдердің президенттері, ғалымдары, философтары онымен жолығысып, өмірдің мәні туралы сөйлескісі келіп, өтініш жасайтын. Өмірдің мағынасын іздеу деген ұмтылыс кез келген адамға туа бітетін мінез. Осы талпыныстың шынайылығы мен тұрақтылығы пенденің бүкіл өмірінің қай арнаға ауатынын анықтап тұрады. Уақытша қызыққа алданып, өмірінің мағынасын жоғалтып алған адам бейне бір ауасыз бос кеңістікке шығып кетіп, қалқып жүргендей жағымсыз сезімге шырмалады. Бұл өмірде табан тірейтін тиянақты ештеме таппаған ғаріп жандар небір бақытсыздықты бастан өткереді. Оны психолог ғалымдар «экзистенциалды вакуум» деп атаған. Дәл осы «тіршілік вакуумы» адам тағдырында кездесетін күллі қасірет пен қайғының қайнар бұлағы деп санайды. Ең қызығы Франкл «өмірдің мәні рақат пен қызық» деп есептейтін философтарға үзілді кесілді қарсы шығады. Керісінше дәл осы қызық қуалайтын құмарлық адам өмірінің мәнін жояды. Сондықтан адамдар қиындықпен ізденіп, осы әлемге жасырылған өмір сырын тапсын деп қорытындылай келе бөтен адамды жақсы көріп, арланбай оның қызметін қылып, әжетіне риясыз жарағанда адамның өзі де тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Неғұрлым ол қасындағы серігіне, жолдасына, әріптесіне көмектесіп, соның көңілін тауып шаруасына жегілсе соғұрлым оның адамгершілік қасиеттері шыңдалып, ешкімге тәуелсіз тұлғаға айналады деп түйіндейді. Осылайша Освенцумдағы тозақи түрмеден тірі шыққан Виктор Франкл 1997 жылы 92 жасында дүниеден көшті. Франклдың «адамзатқа пайдам тисе» деген игі арманы оны өмірдің ең қиын белестерінен аман-есен алып өтіп, ақыл есі алжымаған айқын қалпында о дүниеге салтанатпен шығарып салды. 
Сөз соңында оқушыларға мынадай ақиқаттарды бірнеше мәрте қайталап айтып, саналарына сіңіруге тырысу керек. Балалар сендер бұл дүниеге қасыңдағы жолдасыңды, сабақ беретін ұстаздарыңды күн сайын қуантып, оларға шаттық силау үшін ғана келдіңдер. Бозбала кезіңнен қартайып шау тартқанша сенің міндетің, адамдық борышың - адам ұрпағына қуаныш пен шаттық силау. Кез келген адамның баласына жаның ашып, оның нәсіліне, ұлтына, түріне, дініне, тіліне қарамастан оларға адал қызмет етіп, еткен қызметіңе мақтау, бодау, ақы күтпестен бақытты сезімде жүру өмірдің негізгі мәні болып табылмақ!
*Бүгінгі қазақстандық мектептерге қоғамның қарқынды дамуына ілесе алатын, заман талабына сай ойлайтын, ғылыми-әдістемелік білімі жеткілікті, педагогика мен психологияны терең меңгерген ізденімпаз мұғалім қажет. Бұл мұғалімнің кәсіби шеберлігінен көрінеді. Басқаша айтқанда, білім беру үдерісі мұғалімнің дайындық деңгейі мен мамандық сапасына үлкен талап қояды. Ол мұғалімнің өзін-өзі дамытуына, өзіндік білім алуына және өздігінен шығармашылық түрде қызметтерін іске асыруға мүмкіндік береді. Мұғалім – бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғамның, елдің тірегін өмірге дайындаушы.
Кәсіби мұғалім - құзырлығы жоғары, әлеуметтік тұрғыдан жетілген, әдіс-тәсілдерді меңгерген, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзін-өзі кәсіби жетілдіруге ұмтылған маман. Мұғалім, Педагог мамандығы, зиялылар ішіндегі көп топтасқан мамандықтардың ірі тобына жатады. Білім беру жүйесінде педагогтар мемлекеттік қызметкерлер болып табылады. Педагог өз мамандығының сапасын, біліктілігін арттыруды психологиялық тұрғыдан қамтамасыз етуі үлкен роль атқарады. Педагогтың іс-әрекеті көбінде оның кәсіби шеберлігінің кеңістігіне қатысты, педагогикалық қарым-қатынас механизмдеріне, оқушылардың (студенттердің) психологиялық ерекшеліктерінің табиғатына да байланысты. Педагогикалық іс-әрекеттің дамуының жоғары деңгейі мынада – педагог өзін-өзі дамыту механизмдерін қалыптастыруға мақсат қояды және оқушыларға (студенттерге) өз қабілет-қарымы бойынша даму бағыттарын ұштайды, кәсіби дамуды көздейді.
Кәсіби даму - (лат. profiteor – өз ісімді хабарлаймын) – еңбек әлемінде, соның ішінде жекеленген кәсіби ролдердің, кәсіби мотивацияның, кәсіби білімдер мен дағдылардың әртүрлі аспектілерін игеруге бағытталған адамның онтегенезде болып жатқан әлеуметтену үрдісі. Кәсіби дамудың негізгі қозғаушы күші әлеуметтік топтар мен институттарға идентификациялану негізінде әлеуметтік контекстке интеграциялануға тұлғаның талпынысы болып табылады.
Кәсіби даму – нәтижесінде адамның өзінің барлық өмірінің барысында өз кәсіби дағдылары мен іскерліктерінің деңгейін және сапасын сақтауға мүмкіндік алатын үрдіс. Бір рет қана кәсіби маман болу мүмкін емес. Кәсіби маман болып қалу үшін, тұлғаның үнемі кәсіби дамуы қажет.
Кәсіби даму іс – әрекеттің барлық саласына қатысты: педагог, менеджер, кеңес беруші, психолог, дәрігер, дизайнер, әртіс және тағы басқа.
Кәсіби даму – бұл жүйелі беку, білім саласында жетілу және кеңею, тұлғалық сапалардың дамуы, жаңа кәсіби білімдер мен дағдыларды меңгерудегі қажеттілік, өзінің барлық еңбек жолында белгілі міндеттерді атқара білу.
Кәсіби даму міндеттілік немесе жалған емес, ойлаудың, пайдалы әдеттің негізі болуы керек. Қоғамдық қызығушылықтардың көзқарасы бойынша, адамның кәсіби дамуы тек кәсіби әдеп кодексінің бір пункті: өзімен жұмыстанбайтын адам, кәсіби маман деп танылмайды деп те қарауға болады.
Кәсіби даму адамнан саналы, бағытталған, белсенді оқуды талап етеді. Мұндай оқу басқа формалардан анық ерекшеленеді. Әрбір адам өзінің қандай бағытта дамуы керек, ақпараттарды қандай әдістермен алатынын, қандай жолмен меңгеретінін өзі шешеді.
Адамның кәсіби дамуының деңгейлік жоспары мынадай бағытта болғаны жөн:

  1. Жұмыс, еңбек әрекеті – қандай дағдылар қолданылмайды және неге? Түсіндіріңіз.

  2. Кәсіби дағдылар – өз дағдыларыңызды 5 баллдық жүйеде бағалаңыз. Бұл сізге қандай дағдыларыңызды жетілдіруіңізді анықтауға көмектеседі.

  3. Құндылықтар – Сіздің құндылығыңыз топтың өзекті деп санайтын құндылықтарымен қаншалықты сәйкес екендігін тексеріңіз. Бұл өз құндылықтарыңызды қайтадан қарауға көмектеседі.

  4. Оқу – өзіңізге жаңа мәліметтерді меңгеруге қолайлы стратегияны таңдаңыз.

Қазіргі уақытта білім беру саласында өзгерістер көп, сол өзгерістерге лайық педагог болу үшін қойылатын талаптар да күрделене түсуде. Бұл адамның шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту қажет дегенге әкеледі. Оған білім беруді гуманизациялау сай келеді.
Білім берудегі гуманизация да тұлғаның ақыл – ой, эмоциональдық, еріктік және адамгершілік әлеуетін байыту, өзін – өзі көрсету, өзін – өзі дамыту шекарасын кеңейту және өзіндік қалыптасу үшін ақиқат жағдайлар туғызуды талап етеді. Мұны білім берудің гуманистік мақсаты деп санаған философ Э.В. Ильенков еді. Аталған гуманистік мақсат әр адамның жеке дамуының адамдық мәдениетінің шегін, танылған және танылмаған, жасалған және жасалмаған аймағын анықтауға мүмкіндік береді. Адамды мәдениеттің жаңа деңгейін меңгеруге көшіру, оның әлемге, басқа адамдарға және өзіне деген қатынасын өзгерту, өз іс – әрекеттері және оның әкелер жағдайына деген жауапкершілігін арттыру – білім беруді гуманизациялаудың басты нәтижесі. Ал білім берудің дәстүрлі жағдайында педагог тек педагогикалық әрекетті қатаң жүзеге асырушы ретінде болады. Осыдан келіп педагогтың кәсіби дайындығының да мақсаты өзгереді. Ол кәсіби білім, іскерлік, дақдылардан басқа (кәсіби құзыреттілік) педагогтың жалпымәдени дамуын, тұлғалық ұстанымдардың қалыптасуын (педагогтың педагогикалық іс – әрекетке мотивациялық – бағалы қатынасын) қамтиды. Бұл бірлік - қасиеттердің жиынтығы емес, сапалы жаңа білім ретінде көрінеді. Ол педагогтың тұлғасының даму деңгейін сипаттайды. Психологтар кәсіпке «ену» дегеніміз - бұл «суперроль», «өсу», адамның өмірінің бейнесі мен стильін анықтау дейді. Адамның жалпы қанағаттануы көп жағдайда онда іргелі қажеттіліктерінің қаншалықты болуына байланысты: шығармашылық өзін – өзі жетілдіру қажеттілігі, қоршаған ортадағы референтті тұлғалардың жекелік құндылықтарын түсінуі мен мойындауы, өзін – өзі дамыту және даму қажеттілігі және тағы басқа. Әр адам тек өз жұмысын орындауы және «тек өмір сүруі» мүмкін емес, ол өз жұмысы немесе кәсібі, өзі немесе өз әрекеттері кәсібінде белгілі орын алатындай мақсат қоюы тиіс. Осындай жағдайда ғана тұлғалық және кәсіби қасиеттері мен кәсібі арасында қайшылықтар болмайды, болашақта кәсіби іс – әрекетінде құнды қатынастарды күтуге болады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғалық даму мен тұлғаның кәсіби өсуінде бірлік байқалады. Тұлғалық даму мен тұлғаның кәсіби өсуі кәсіпте өсу үрдісінде (мамандық таңдау, кәсіби білім алу, педагогикалық әрекетті жүзеге асыру) қайшылықтарды мақсатқа бағытталған шешу жүзеге асқанда ғана шектеулі бірлік болады. Кәсіби дамуда педагогтың кәсіби өзіндікдаму мен өзіндік білім алу психологиясы ерекше. Әр педагог өзін іштей үнемі оқуға, ізденуге итермелеп, дайындап отыру керек. К.Д. Ушинский айтқандай, «мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады». Өмірдің өзі педагогтың алдындағы күн тәртібіне педагогикалық білім берудің үздіксіздігі мәселесін қойып отыр. Кәсіби өзіндікдамуда, басқа да әрекет сияқты, мотивтердің күрделі жүйесі мен белсенділіктің қайнар көздерінің өзіндік негізі бар. Педагогтың өзін – өзі тәрбиелеудің қозғаушы күші мен қайнар көзі – өзін – өзі жетілдіру қажеттілігі болып табылады. Өзіндікдамуда өзін – өзі бағалау деңгейі үлкен мәнге ие. Психологтар дұрыс өзін – өзі бағалаудың қалыптасуының екі әдісін бөліп көрсеткен: біріншісі – өзінің жеткен жетістіктерінің деңгейімен мақтану, ал екіншісі – өз жетістіктерін қоршаған ортадағылардың көзқарастарымен салыстыру. Кәсіби өзіндік бағалауда педагог әрекеті, кім алдына жоғары міндеттер қойса, онда қиындықтар болатынын көрсетті. Қиындықтармен күресу педагогикалық – психологиялық жағдайды реттеп, түзетіп, дамуға әкеледі. Бұл әрине шығармашыл педагогтарда кездесетін жағдай. Егер педагог өз алдына жоғары міндеттер қоймай жеткен жетістіктерімен шектеліп қана қойса, олардың кәсіби дамуы төмендей берері сөзсіз. Сондықтан да пеадагогикалық кәсіпті таңдаған әрбір адам өз санасында педагог бейнесін қалыптастыра алуы қажет. Егер өзіндікдамуды мақсатқа бағытталған әрекет деп қарасақ, онда оның негізгі міндетті бөлігі – өзіндікталдау болуы шарт. Педагогикалық әрекет танымдық психикалық үрдістерді дамытуға ерекше талаптар қояды: ойлау, қиял, ес. Әр педагог өз психикалық үрдістернің дамуын талдап, реттеп отырса, өзіндік дамуын байқай алады. Кәсіби өзіндікдамудың құрамдас бөлігі – педагогтың өзіндік білім алу жұмысы. Кәсіби өзіндік білім алудың тиімді жолы – педагогикалық ұжымның шығармашылық ізденіс жұмысына қатысу, білім беру мекемесін дамытуда жаңашыл жобалар, авторлық курстар мен педагогикалық технологияларды жасақтау. Өзіндікдамудың екі педагогикалық нәтижесі бар. Бірінші жағынан – тұлғалық даму мен кәсіби өсуде болатын өзгерістер, екінші жағынан – өзіндік дамумен айналысуға қабілеттілікті игеру. Аталған нәтижелердің жүзеге асқандығын төмендегі әрекеттерден көруге болады:
- Мақсатқоя білу; өз алдына кәсіби мәнді мақсат пен өзіндікдаму міндеттерін қою;
- Жоспарлау: өзіндікдаму құралдары мен әдістерін, әрекеттері мен тәсілдерін таңдау;
- Өзіндікбақылау: өзіндікдамудағы қадамдар мен нәтижелерді салыстыру;
- Түзету: өзімен жүргізілген жұмыс нәтижелеріне қажетті түзетулер енгізу.
Мұндай әрекеттерді меңгеру және жүзеге асыру белгілі іскерліктер мен уақытты талап етеді. Сондықтан зерттеушілер кәсіби өзіндікдамудың сатыларын бөліп көрсеткен:
Бастапқы сатысында кәсіби өзін – өзі тәрбиелеуді меңгерудің мақсаты мен міндеттері нақты емес, мазмұны толықтыруды қажетсінеді. Құралдары мен әдістері толық анықталмаған.
Екінші сатысында мақсаты нақтылана бастаған. Алға қойылған мақсат пен міндеттер белгілі тұлғалық қасиеттерді керек етеді. Өзіндікталдау жүзеге асады.
Үшінші сатысында педагог мақсат пен міндеттерді өзбетімен және негізделген түрде қояды. Сондықтан өзіндікдаму мазмұны жекеленген сапалардан маңызды және жалпы кәсіби мәні бар тұлғаның қасиеттерін қажетсінеді. Жұмысты жоспарлау, құралдарды таңдау, өзіндік әрекет жасау жүзеге асады. Өзіндікдамудың барлық негізгі әрекеттері – мақсатқоюшылық, жоспарлау, өзіндікбақылау, түзету күштеусіз, автоматты түрде жүзеге асады.
Кәсіби өсу – технологиялық әрекеттің үнемі жүзеге асуы, бағытталудың, құзыреттілік және кәсіби қажетті сапалардың баюшылығы, еңбектік қалыптасудың тиімділігін арттыру.
Болашақ маман – мұғалімдерді дайындау соңғы уақытта педагог тұлғасының кәсіби қалыптасуына әсер ететін тиімді факторларды іздеуге бағытталған өзгерістерді талап етуде. Жоғары педагогикалық оқу орнын бітірген түлек жоғары білім ала отырып, үнемі білім беру мекемесі қоятын міндеттерді орындай алмай жатады. Осыдан кедергілер туындайды да, педагогикалық кәсіби өшу орын алып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті жас маманға ұжым тарапынан психологиялық қолдау көрсетіліп, әдістемелік жұмыстарға тарту кеңінен жүзеге асқаны жөн.
Қазіргі мектепке, соның ішінде зияткерлік мектепке оқыту мен білім берудің міндеттерін сәтті шеше алатын, оқушы тұлғасын дамытуда қажетті нәтижеге жете алатын мұғалім керек. Әр кәсіби маман жоғары өзін – өзі жетілдіруге, өзінің тұлғалық және кәсіби даму болашағын саналы сезінуге, кәсіби оқу мен педагогикалық шығармашылыққа дайын, білім берудің гуманизациялау қағидасын жүзеге асыратын, толеранттылық танытатын, психологиялық сауатты және құзыретті болуы тиіс.
Педагогтың кәсіби дамуының психологиялық теориясының басты идеясы мынадай негізгі жағдайларда қалыптасады:егер оқу – танымдық үрдіс орын алса, онда оның даму үрдісі де орын алады. Сондықтан білім мен түрткілер тұлғаның кәсіби дамуының негізі болады. Әр тұлға өзінің білімін жетілдіріп, түрлі түрткілерден қуаттанып, әрекетке көшетіні анық дүние. Кәсіби тұрғыдан үнемі дамып отырған педагог психологиясы айқын сезіліп, жұмыстануға, өзгені де дамытуға оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Психологиялық қызмет мамандары білім беру мекемелерінде оқуды жеңіл және тиімді етіп, жағымды эмоция қалдыруда үлесін тигізеді: өзін – өзі реттеу тәсілдерін үйретеді, хабарлама жасауға, реферат жазуға, конференцияларға қатысуға сөйлеу дағдыларын жетілдіруге тренингтер өткізеді, мазасызданудың, үрейдің, стресстің алдын алу шараларын ұйымдастырады. Психологиялық дайындықтан өткен адам өзін еркін және сенімді ұстап, ерекше ықыласпен, талпыныспен жұмыстанады.
Осы тұрғыдан алып қарағанда еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің жұмысында айтарлықтай оңды істер жүзеге асырылуда. Әрбір маманды танымал оқу орындарына біліктілігін арттыру курстарына, семинарларға, конференцияларға, жобалық жұмыстарға жіберіп, кәсіби жағынан шыңдалуға әсер етуде. Сыни тұрғыдан ойлап, жаңа тенологиялаларда жұмыстана алатын, құзыретті, артына ере білген баланы да жан – жақты дамытуға бағытталған біздің педагогтар нәтижелі жұмыстануда. «Сенің қолыңнан келеді», «Біз саған сенеміз», «Саған үміт артамыз» деген түрткі сөздердің өзі – ақ психологиялық ахуал қалыптастырудың бастамасы. Өз мектебімізде ұйымдастырылып отырған шетелдік әріптестер семинары, үштілділік саясаты, әлеуметтік жобаларға қатысуды бастама еткен келелі істер нәтижесін беруде. Ал енді біздің мамандар өзін «кәсіби тұрғыдан дайынмын ба?» деп психологиялық тұрғыдан сараға салуы әркімнің өз еншісінде болмақ.
Кәсіби өзін – өзі анықтау – адамның өз кәсіби қабілеттерінің даму деңгейі мен бағытын ұғынуы.
Кәсіби өзін – өзі анықтаудың басты ( ізгі ) мақсаты – адамдағы өз даму келешегін өз бетінше саналы түрде жоспарлауға және оны іскеасыруға деген іштей дайындықтың бірте – бірте қалыптасуы. ( Ізгі мақсат деп аталу себебі бұл мақсатқа қол жеткізу өте сирек кездеседі ).
Кәсіби өзін – өзі анықтаудың міндеттерінің негізгі топтарынаақпаратты-анықтамалық немесе ағартушылық, диагностикалық ( өзін – өзі тануға жәрдемдесу), моральді – эмоциялық ( таңдауда, шешім қабылдауда көмек көрсету) міндеттері жатады.
Адам өзі көп жағдайда өзін-өзі кәсіби анықтай алмайды, сондықтан ол кеңесшінің көмегіне жүгінуіне тура келеді.
Кеңесші мен клиенттің қатынасы барысында кәсіби өзін – өзі анықтау мәселелерін шешу күрделілігінің мынадай деңгейлері болады:
проблема клиент қатысуынсыз шешіледі – клиент пассивті позицияны ұстанып, таңдау субъекті болмайды;
проблема клиентпенбірлесе отырыпшешіледі – диалог, өзара әрекет, бірлесе жұмыс істеу;
клиенттің өз проблемаларын өз бетінше шешуге дайындығының бірте – бірте қалыптасуы – клиент нағыз субъектке айналады.

  1. Кәсіби өзін – өзі анықтаудың негізгі белгілері.

Формализация – кәсібилікдипломдарда, сертификаттарда, еңбек кітапшасында, еңбекнәтижелерінде жәнет. б. көрінеді.
Қолайлы жағдайлар – әлеуметтік сұраныс, талапқа сай ұйымдар, құрал – жабдықтар және т. б.
Е. А. Климов кәсіби өзін -өзі анықтаудың гностикалық және практикалық деңгейлерін ажыратып көрсетті.
Гностикалық деңгей дегеніміз сананы және сана сезімді қайта құру.
Практикалық деңгей – адамның әлеуметтік мәртебесінің нақты ( шынайы) өзгеруі.

  1. Жандандырушы әдістеменің басты сипаттамалары:

әдістемеде қаралатын мәселелердің өзіндік маңыздылығы;
көрсетілген әдістеме процедурасына клиенттердің өз еркімен қатысуы;
әрекет жоспарының екіжақтылығы:
бір жағынан – нақты әрекеттер жоспары;
екінші жағынан – ойдан шығарылған әрекеттің жоспары;
клиентпен бірлесе отырып кәсіби бағдар проблемаларын қарап шығуды ұйымдастыру. Бұл ұйымдастыру жұмыстың ортақ мақсатын белгілейді, атап көрсетілген проблемалар мен мақсаттарды шешу үшін жалпы әдіс-тәсілдерді қолдануды болжайды.
Бақылау сұрақтары:

  1. Өмірдің мәні неде?

  2. Кәсіби даму қалай жүзеге асады?

  3. Кәсіби өзін – өзі анықтауды қалай түсінесіз?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет