Лекция тақырыбы: Кіріспе. Фольклор және фольклортану ғылымы туралы түсінік


ЛЕКЦИЯ Тақырыбы: Лирикалық өлеңдер, мақал



бет11/21
Дата20.09.2022
өлшемі132.02 Kb.
#461001
түріЛекция
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
ХАӘ лекция

6 ЛЕКЦИЯ
Тақырыбы: Лирикалық өлеңдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, нақыл сөздер.
Жоспары:

        1. Халық лирикасы және оның түрлері.

        2. Мақалдар мен мәтелдер.

        3. Жұмбақтардың генезисі мен синкреттілігі.

        4. Жұмбақтардың көркемдік ерекшеліктері

        5. Жаңылтпаштар мен нақыл сөздер.

Халықтың ауызша тараған сөз өнерінің бір бөлігін лирикалық өлеңдер құрайды. Лирикалық сипаттағы өлеңдер фольклордың әр түрлі жанрында кездеседі. Мәселен, тұрмыс-салт жырларының сыңсу, қоштасу, жоқтау сияқты т.б. түрлері сөз өнері тектерінің сипатына қарай лирикалық өлеңдер болып есептеледі. Сондай-ақ тарихи тақырыптағы өлеңдер де көбіне лирикалық ерекшелігімен көрінеді. Бірақ олардың бірқатары (сыңсу, жоқтау т.б.) тек қана салтпен, ғұрыппен байланысты, белгілі бір жағдайда ғана орындалса, тарихи өлеңдердің лирикалық қасиетінен гөрі тарихи-деректік сипаты басым түсіп жатады. Олардан басқа қазақ фольклорында таза лирикалық қасиетімен көрінетін өлеңдер тобы бар. Олар: қара өлеңдер және ән өлеңдері.


Қара өлең қазақ фольклорындағы лирикалық шығармалардың ішінде өте көп тараған түрі болып есептеледі. Қара өлең қазақ халқының ауызша сөз өнеріне ғана тән жанр. Ол Шығыс халқының “ғазал”, “бәйіт”, Европа халықтарының “сонет” жанрлары сияқты ұлттық поэзиямыздың ерекшелігін білдірді. “Қара өлең” термині әдебиеттануда әр түрлі мағынада қолданылып жүр. Бұны көбіне а, а, б, а түрінде келетін ұйқас атауы ретінде, сондай-ақ 11-12 буынды, осы аталған ұйқас түрінде келетін өлең формасы ретінде де айтады. Ал фольклортануда қара өлеңді жеке жанр ретінде қарастыру кейінгі уақытта қалыптасқан пікір. Б.Уахатов фольклор жанры есебіндегі қара өлеңнің бірнеше белгілерін атайды. Оның пікірі бойынша:
1. Қара өлеңнің құрылысы 11 буынды, 4 тармақты болады;
2. Ол өлеңнің 1,2,4 жолдары ұйқасады да, 3 жолы ұйқассыз бос қалады;
3. Қара өлеңнің әр шумағында жеке бір ой, идея айтылады, яғни әр шумақ идеялық жағынан бір-біріне бағынышты емес;
4. Әр шумақтың бірінші немесе алғашқы екі жолы негізгі айтылатын оймен байланыспайды, сырт тұрады.
Қара өлең жанры туралы айтқан Б.Уахатовтың соңғы белгісімен толық келісуге болмайды. Бірінші, екінші жолы тек ұйқас үшін алынғандай көрінгенмен, онда шумақта айтылатын негізгі идеямен психологиялық тұрғыдан сабақтастық бар екендігін, кейде тіпті бұл жолдар символдық роль атқаратындығын да байқауға болады. Мәселен,
Ауылым көшіп барады лай көлге,
Дүрия бешпент жарасар қынай белге.
Қайран жар қайта айналып қосылмай ма,
Айналайын көзіңнен жылай көрме, -
деген шумақтың 1-жолындағы доминат болып тұрған “лай көл” сөзі символдық роль атқарып тұр. Яғни “лай көл” - қайғы-мұңның символы. Қайғы-мұңға бара жатқан ауыл емес, айтушы жігіттің өзі. Екінші тармақтағы айтылған ой да өз алдына дербес сияқты көрінісімен жігіттің сүйген қызының сырт бейнесін елестетіп тұр.
Бұлардан басқа да қара өлеңнің бірнеше белгілері бар. Қара өлең жиын-тойдағы жеңіл әзіл-оспақтан бастап, өмірдің мәні жайындағы философиялық, проблемалық мәселелерге дейін тақырып етіп ала береді, яғни тақырыптық ауқымы кең. Қара өлеңнің алғашқы екі жолындағы ой екінші бір ойдың образдық, символдық, емеуріндік айғағы, екінші ойдың шентестірілген постулаттық негізі болып отырады да, сол ой 3,4 жолдағы айтылатын түйінді идеяға қызмет етіп отырады. Қара өлең міндетті түрде әнге салынып айтылады және қайырмалы болады. Ол созылмалы әрі жеңіл әнмен айтылады. Оның тұрақты әні болмайды. Өзінің дауысын әнге лайықты салып, әркім ішінен өзінің көңіліне жақын тағдырымен, сезімімен, ой-арманымен үйлесетін таңдаулы үлгілерді еске түсіріп, кез-келген уақытта айта беретін болған. Қара өлеңді айтушылар “ауылым көшіп барады лай көлге” деген сияқты жолдарды “барады ауылым көшіп лай көлге” деп бунақ орындарын ауыстырып айта берген. Әнге салып айту барысында ол міндетті түрде домбырамен, музыкалық аспаптармен сүйемелденеді. Қара өлең формасы да шумақтағы ойдың мәнін аша түсіп, эмоциялық қуатын арттырады. Қара өлең ел тұрмысына байланысты тыңнан туындап отыра берген.
Ән өлеңдері өзінің құрылысы, тақырыбы, ұйқас, идеясы, орындалуы т.б. қырлары жағынан қара өлеңге өте жақын. Екеуінің ара жігін ажырату оңай шаруа емес. Сондықтан да көптеген ән жинақтарында қара өлең үлгілері ән есебінде айтылып, жарияланып жүр. Шын мәнінде ән өлеңдері көптеген белгілерімен қара өлеңнен ерекшеленіп тұрады. Қара өлеңде басты рольді сөз атқарса, ән өлеңінде мәтін мұндай басшылық рольді иеленбейді. Қара өлеңде ән әрқашан екінші кезекте тұрады, шығарманың мазмұнына сай кез-келген әуен тыңдалып айтылады. Ал ән өлеңі өзінің тұрақты белгілерімен ерекшеленеді. Халық әндерінің белгілі бір тұрақты әуені, тұрақты мәтіні болады. Белгілі бір нақты жағдай немесе автордың көңіл-күйі айтылатын болғандықтан, оның шумақтарында қара өлеңдегідей дербестік болмайды, мағыналық жағынан бір-бірімен байланысып жатады. Ән өлеңдерінің мәтіндері өзгертілместен әнмен, әуенмен айтылады, олардың қайырымалары да тұрақты.
Мақал-мәтелдер - қысқа фольклорлық жанрдың бір түрі. Мақал-мәтелдердің поэтикасы, яғни көркемдігі көбіне поэзиялық шығармаға жақын келеді. Олардың белгілі тұрақты құрылысы болады және ішінде артық-ауыс сөз болмайды. Құрамындағы сөздерді басқа синонимдермен алмастыруға немесе белгілі бір сөзді алып тастау немесе қосу мүмкін емес. Олай болған жағдайда көркемдік қасиеті бұзылады. Олардың ішінде екі не одан да көп жолдардан тұратындары ұйқасқа құрылады. Бір тармақтан тұратыны дыбыстық үндестікпен немесе белгілі ырғақпен түзіледі. Мысалы, “еңбек ер атандырады”.
Мақал-мәтелдің тақырыптары сан алуан: отан, туған жер, еңбек, ерлік, ынтымақ, достық, шаруашылық, кәсіп, өнер, білім-ғылым, отбасылық өмір, адамгершілік, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді де қамтиды.
Мақал-мәтелдің бір-бірімен ұқсастықтарымен бірге өзіндік айырмашылықтары болады. Бұл ойды түйіндеу мәселесінен шығады. Мысалы,
Тоқпағы күшті болса,
Киіз қазық жерге кіреді.
Екі жай сөйлемнен тұрады, ой тиянақты. Бұдан біз оның екі бөлімнен тұратынын көреміз. Алдыңғы ой екінші ойдың алғышарты, екіншісі - нәтижесі. Мақалда негізгі ой мен оның алғышарты қоса айтылады. Сонымен бірге, ұйқасқа құрылады. Олардың бірінде жол арасындағы ұйқас болса, кейбірінде, ішкі ұйқас болады.
Ал мәтелдің құрылысы ойды түйіндеуде мақалдан басқаша. Мысалы, “әлін білмеген әлек” немесе “көппен көрген ұлы той”. Мұнда тұспал бар, бірақ мағына анық емес, қорытынды пікір жоқ. Мұндағы негізгі ойды тыңдаушы өзі топшылайды. Мәтелде делелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды.
Жұмбақ жанры - ертеден келе жатқан жанр. Ежелгі түркі жазбалары Махмуд Қашкаридың “Диуани лұғат ат-түркінде”, Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білігінде”, сондай-ақ ХІІ ғасырдағы “Кодекс-куманиксте” жұмбақтың көп үлгілері кездеседі. Жұмбақтың пайда болуын көптеген ғалымдар адам қиялының сәби кезінде, табиғат күштерін білмегендіктен, әр түрлі күштерден қорыққандықтан олардың атын тұспалдап айтудан келіп шыққан деп болжайды. Жұмбақтың орындалуы көбіне ойын-сауық кезінде айтылған. Жұмбақ жанры -өміршең жанр. Қазіргі кезде ол балалар әдебиетінде өмір сүріп келе жатыр. Жұмбақ көлемі жағынан шағын жанр. Ерте кезде жұмбаққа объектілер: киіз үй, көбінесе, мал-мүліктер болатын. Қазіргі кезде архаикалық нәрселер емес, техникалық және т.б. өмір жаңалықтары объекті бола бастады. Жұмбақта қолданылатын көркемдеу құралдары: метафора, әсірелеу, теңеу, эпитет. Жұмбақтағы әсірелеу шындық деп қабылданбайды (Мәселен, батырлар жырындағы әсірелеу шындық ретінде қабылданады).
Таза жұмбақпен бірге мағынасы жағынан соған ұқсас басқа да фольклорлық жанрлар бар. Мәселен, жұмбаққа құрылған ертегілер, жұмбақ айтыстар, жұмбақ аңыз-әңгімелер, жұмбақ мифтер т.б.
Жұмбақтар композициялық құрылысы жағынан шағын, мақал-мәтелдерге ұқсайды. Оның құрылысынан орын алатын тағы бір нәрсе - оның жауабы. Жұмбақтың шешуін барынша қиындату үшін оның мағынасы тереңінен қиысқан астарлы болу керек. Жұмбақтың екі бөлігі болады. Бірінші, жасырын жұмбақ етіліп отырған объекті, екінші, жұмбақ етіліп отырған объектіге ұқсас басқа бір объекті. Ол жұмбақтың ішінде көбіне метафора түрінде айтылады. Ал, негізгі объекті оның жауабында айтылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет