Бақылау сұрақтары:
1. Баға оқу-тәрбие үдерісінде қандай функцияларды атқарады?
2. Бағаның психо-физологиялық функцияларын айтып беріңіздер?
3. Бағалаудағы педагогикалық талаптарды түсіндіріңіздер.
4. Баға мен бағдарламалық оқу материалдарының және практикалық іс-әрекеттердің байланысын түсіндіріңіздер.
5. Бағалау критерийлерін қалай жүзеге асырады?
6. Баға критерийлерін әзірлеңіздер.
12-лекция. Тақырыбы: Кәсіптік оқытудың оқу-материалдық базасы
Жоспары:
1. Оқу материалдық базаны жабдықтауды жоспарлау
2. Оқу шеберханаларына қойылатын талаптар
3. Технология пәнін оқытуда пайдаланатын жабдықтар тізбегінің айқындалуы.
4. Техника-технологиялық құралдармен жабдықталуы
Лекция мақсаты: Оқу-тәрбие үдерісі үшін қажетті материалдық базаның жабдықталуы жөнінде теориялық мғлұматтар беру және оның мәнін ұғындыру
Лекция мәтіні:
Оқу шеберханасын жоспарлау
Оқу шеберханасы дегеніміз белгілі немесе арнайы мамандыққа арналып жабдықталған оқу тобына жағдайластырылған оқу ғимараты.
Оқу шеберханасын орналастыру, ол жерді жоспарлау, бөлменің ішіне жабдықтарды талапқа сәйкес үйлесімді орналастыру оқыту үдерісіне өте үлкен әсерін тигізеді.
Қатты дыбыс шығаратын, қоршаған ортаға қауіп төндіретін, газ және шаң бөлінетін жұмыстарға арналған шеберхана түрлері басқа шеберханалардан оқшауланған болуы тиіс. Оған мысалы, металл балқыту, құю, ажарлау, металды пісіріп біріктіру, сонымен қатар ағаш өңдеуге арналған жекелеген станоктарды жатқызуға болады.
Шеберхана жағдайын жоспарлағанда өрт қауіпсіздігі (екі есік, кең аумақты жолдар, қорғаныс және өрт сөндіру жабдықтары) техникасының ережесі және санитарлық-гигиеналық талаптар ескерілуі керек.
Оқу шеберханаларын білім беру мемлекеттік комитеті бекіткен нұсқауына сәйкес жабдықтармен, инвентарлармен және бейімдеу құралдарымен, қондырғылармен жабдықтайды. Шеберханаларда оқушыларды қосымша және арнайы мамандықтарға оқыту үшін негізгі (басты) жабдықтар орналастырады. Негізгі жабдықтар жеке-дара пайдалануға бөлініп, оқушылардың тобына, санына сәйкес белгіленеді, ал жалпы пайдаланылатын жабдықтар келісілген тәртіппен қолданылады.
Жалпы пайдаланылатын жабдықтар аз уақыт мерзімдегі көмекші жұмыстарды орындау үшін қолданылады және оларда топ оқушыларының кезектесіп жұмысты орындауы жүзеге асырылады.
Оқу шеберханасы жабдықтарын орналастыру барысында:
а) сол бөлменің аумақты көлемі ескеріліп, бөлме ішіндегі конструкциялар мен қабырға арасындағы қашықтық сақталу керек;
ә) шеберханаларда, станоктарда оқушылардың жұмыс істеуі үшін ыңғайлы және қауіпсіз жағдай қамтамасыз етілуі керек;
б) әр жұмыс орнында жақсы жарық көзі болуы тиіс;
в) жабдықтардың арасында бос орын кеңістігі қалдырылады, олар жөндегенде, тазалағанда, дайындамаларды тасымалдағанда жүруге кедергі болмауы керек.
Оқу шеберханасындағы жабдықтарды мына реттілікпен орналастыру керек, станоктардың немесе верстактардың жанындағы ара қашықтық 0,8 м тең, қатардың ені 1,2 м, шеберхана ортасындағы енінің өлшемі 2,0 м, қабырға немесе бағана мен станоктың артқы жанына дейінгі арасы 0,5 м алдыңғы жағына дейін 0,8-1,0 м болады. Шеберхананың ішкі бөлігінің конфигурациясына жарықтың түсуіне байланысты жабдықтарды фронтальді және сызықты орналастыру жүзеге асырылады.
Барлық негізгі және көмекші жабдықтар оқу шеберханасында ыңғайлы, әрі берік қондырғыларға бекітіледі (техникалық жағдайға сәйкестендіріліп), қажет болса құрсауланған қондырғыларға бекітілуі керек.
Оқу шеберханасын жабдықтаудың педагогикалық және психологиялық мәселелері
Оқу шеберханалары, бөлмелері бәрінен бұрын педагогикалық талаптарға жауап беруі қажет, оның ішінде:
а) мектеп оқушыларын еңбекке баулу мен тәрбиелеуде оқу бағдарламаларын орындау үшін қажетті жағдай жасау;
ә) оқытудың политехникалық және кәсіптік бағдар беру бағыттылығын жүзеге асыру мен оны оқушылардың оңай түсінуін көрнекі құралдармен мүмкіндік туғызу;
б) оқыту мен оқушылардың қоғамға пайдалы, өнімді еңбегін ұштастыру үшін материалдық жағдаймен қамтамасыз ету;
в) оқытушы мен оқушы еңбегін ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру, оқу-тәрбие үдерісінің сапасын және тиімділігін арттыруға мүмкіндік туғызу;
г) мектеп оқушыларының жасаған бұйымдары сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету;
д) оқу құралы көмегімен берілетін ақпарат қазіргі ғылым мен техника жағдайын көрсете алатын ғылыми ақиқат дәрежесінде болуы қажет. Объектілер мен техникаларды оқушыларға түсіндіруді жеңілдету педагогикалық анықталған және бұрмаланған түсінік тудырмауы тиіс;
е) ақпарат мазмұны, оны оқу бағдарламаларына жеткізу, оқушылардың танымдық мүмкіндігіне, олардың дайындық деңгейіне сәйкес болуымен қатар, мектеп оқушыларының жас ерекшеліктерін ескеру және пәнаралық байланысты жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |