Бақылау сұрақтары:
1. Пәннің мақсаты мен міндеттері бойынша атқарылатын іс-әрекет бағыттарын сипаттаңыздар.
2. Пән мұғалімін дайындаудағы курстың орнын сипаттаңыздар.
3. Курстың мазмұнының орта мектеп пәнімен байланысын түсіндіріңіздер.
4. Педагогикалық-психологиялық пәндермен өзара байланысын айтып беріңіздер.
5. Студенттердің болашақ мұғалім және тәрбиеші ретінде қойылатын талаптарды сипаттаңыздар
2-лекция. Тақырыбы: Кәсіптік оқытудың мазмұны мен міндеттері
Жоспары:
1. Кәсіптік оқыту мазмұнының айқындалуы.
2. Кәсіптік білім беруге қатысты мемлекеттік құжаттар мазмұны.
3. «Технология», кәсіптік оқыту бағдарламаларының мазмұны және олардың әдістемелік талдау.
4. Еңбек тәрбиесі мен кәсіптік бағдар берудегі бағдарлама мазмұны
Лекция мақсаты: Кәсіптік оқыту мазмұны мен міндеттерінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдаятына байланысты айқындалып, олардың мазмұны еңбек мазмұны мен шартынан туындайтынын студенттерге меңгерту.
Лекция мәтіні: Жасөспірімдерді еңбекке және кәсіпке баулу адамзат қоғамының даму кезеңдерінің барлығында жүргізіліп келеді. Егер өтіп бара жатқан ұрпақ өзін алмастыратын келесі ұрпаққа өзінің тәжірибесін бермесе, оларды тәрбиелемесе, еңбекке баулымаса, онда қоғамның өмір сүру жағдайының сақталуы мен дамуының болмауы мүмкін болар еді. Сол себепті еңбекке басты назар айдарылады.
Еңбектің адам өміріндегі орны мен рөлін көптеген ұлы ғұламалар жазып қалдырғаны баршаға мәлім. К.Маркс пен Ф.Энгельс адамның дамуының ғылыми тұжырымын жасаған. К.Маркс «Капитал» атты еңбегінде «Еңбек дегеніміз алдымен адам мен табиғат арасындағы үдерісс; мұнда адам өз қызметі арқылы өзі мен табиғат арасындағы заттардың алмасуына себепкер болады, оны реттеп, бақылап отырады... . Табиғат затын өз басының тіршілік етуіне жарамды формада иемдену үшін адам өз тәнінің табиғи күштерін: қолдары мен аяқтарын, ақыл-ойы мен саусақтарын қимылға келтіреді. Осындай қимыл арқылы сыртқы табиғатқа әсер ете отырып, оны өзгерте отырып, адам сонымен бірге өз басының жаратылысын да өзгертеді. Ол осында мүлгіп жатқан күш-қабілеттерді өршітеді де, бұл күштердің құбылысын өз өктемдігіне бағындырады.» - деп, шығармашыл іс-әрекетті түзуші адамның даму үдерісінің рөлін көрсетеді.
Адамның қалыптасуында еңбектің рөлі жайында айта келіп, Энгельс жануарлар патшалығынан адамды бөліп алу мүмкіндігі, ақыл-ой және дене еңбегінің ұштасуы мен бірлігінің арқасында екендігіне мән берді.
Еңбек үдерісі жөнінде К.Маркс: «Еңбек үдерісінің жай моменттері мыналар: мақсатқа сай қызмет, яки еңбектің өзі, еңбек заты мен еңбек құрал-жабдығы.» - деп атап көрсетеді (Капитал). Ал психологиялық тұрғыдан еңбек басқару объектісі ретінде бүтіндік сипаты бар және бөлінбейтін бірлік түзе-тін динамикалық байланыстағы элементтердің жиынтығы екендігі белгілі.
Еңбек – алға қойылған мақсатқа жеткізетін саналы іс-әрекет. Ал іс-әрекетті Б.А.Душков « … - бұл қоғамдық мәнді сипаты бар, саналы мақсатпен реттелетін адамның ішкі (психикалық) және сыртқы (дене бітімі) белсенділігі.» - деп сипаттайды. Еңбек пен табиғат затының ұштасуы іс-әрекет өнімін көрсетеді. Еңбек үдерісінің аяғында келіп шығатын нәтиже - сол үдерістің бас кезінде адамның ойында болған, яғни идеясында болған нәрсе болып табылады. Басқару объектісі ретінде еңбек үдерісінің мәнін талдау еңбектің мазмұнын, сипатын және жағдайын (шартын) ажыратуға мүмкіндік береді. «Еңбек мазмұны» түсінігіне сала бойынша еңбек іс-әрекетін бөлуді, жүзеге асыратын өндірістік операциялардың түрлерін, көп қырлы функцияны, дене және интеллектуальдық ынта бөлуді, еңбек операцияларының реттілігін анықтаудағы өзбетінше жұмыс жасау дәрежесін, өндірістік үдеріс барысындағы қабылданған шешімнің жаңалық деңгейін және мүмкіндігін ескеретін еңбек сипаты кіреді.
Өткен ғасырдың 90 жылдары «Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің тұжырымдамасында» білім мазмұнын анықтаудың мынадай принциптері мен оған қойылатын талаптары көрсетілген:
жалпы орта білімнің құрамы мен құрылымын балалардың психологиялық-физиологиялық жас ерекшеліктеріне сәйкес үйлестіру;
оқу жоспарындағы гуманитарлық және жаратылыстану-математика салаларындағы білімнің ара салмағының бала өрісінің жалпы заңдылықтарына сәйкес болуы:
білім мазмұнының оқушының ішкі даму заңдылықтарына оның сыртқы дүниемен және де «адам-өндіріс», «адам–табиғат», «адам–символдық жүйе», «адам–қоғам», «адам–көркем образ», «адам–адам» жүйелері арасындағы қарым-қатынастарына сәйкес келуі;
блоктар мен пәндер деңгейінде білім мазмұнының басты бағдарын белгілеу. Білім мазмұнының: көркем-эстетикалық, қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыс-математикалық үш ірі блогын айырып көрсету;
оқыту мен тәрбиені интеллектуальды пайдалы және өнімді еңбекпен бірлестікте ұйымдастыру;
оқытудың гуманитарландыру принципі мен бағдарын жүзеге асыру;
компьютерді айрықша оқу құралы ретінде құрастыру; жаңаша ойлау бағытында ереже мен қағидалар педагогика ғылымдарының тәрбие және білім беру принциптері негізінде құрастырылған.
Мектептік жалпы білім беру мазмұнын түзетін пәндер топтамасын үшке топтап көрсетуге болады. Олар: қоғамдық-гуманитарландыру, математика-лық-жаратылыстану және адам іс-әрекетіне негізделген пәндер кешені. Адам іс-әрекетіне негізделген пәндер кешені ішінен «Технология» пәнінің мазмұны еңбектің сипаты, мазмұны және жағдайы (шарты) тұрғысынан бағыттары, анықтады. Сол себепті «Технология» пәні мазмұнын анықтау адамның кәсіби іс-әрекетінен туындайды. Бұл негізінен іс-әрекетке үйретуге бағытталатын талап тұрғысынан анықталады.
Талап - педагогикалық ықпал етудің әдісі ретінде мектеп оқушыларында сапалық қасиеттердің қалыптасуын анықтау мен ынталандыру үшін белгіленеді. Талаптың негізгі басты ерекшелігі оның мазмұнында және ол сөз түрінде қойылады. Оқушыларды еңбекке дайындауға, оның өзіне көптеген талаптар қойылады.
Қазақстан Республикасының орта білім стандартында, “Технология” білім саласында оқушыларды еңбекке және кәсіпке дайындауға сай стандарт талаптары: жалпы білім беретін орта мектеп бітірушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар («оқушылар мынаны білуге тиіс (немесе оқушылар білуі тиіс)», «оқушылар мынаны орындауға тиіс (немесе оқушылар орындауы тиіс)»), ал орта (толық) білім бойынша мектеп бітірушілер дайындығының деңгейіне сәйкес талаптар («оқушылар білуі тиіс», «оқушылар орындауы тиіс») деген ұғымдар ажыратылып белгіленген.
Білім стандарты «Технология» пәні бойынша білім мазмұнын анықтайтын негізгі басшылыққа алынатын құжат болып табылады. Келесі құжаттың бірі оқу пәні бойынша типтік бағдарлама болып табылады. Типтік бағдарлама модулінің мазмұны «Адам-техника», «Адам-табиғат», «Адам- белгілер жүйесі», «Адам-адам», «Адам-көркем образ» типтері бойынша материалдарды қамтыған. Оның мазмұнының инвариант бөлігіне енетін негізгі ұғымдар төмендегідей:
- технология; материалдар, олардың қасиеттері және сақтау; құралдар мен бейімдеу құралдары (немесе қондырғы); техника (станоктар, машиналар); ақпарат, бұйым, жоба, дизайн, техникалық құжаттар, технологияны таңдау; өндірісті дайындау және ұйымдастыру, технологиялық үдерістерді механикаландыру және автоматтандыру, өндірістегі компьютерлі технология, перспективті технология;
- өнімді өткізу және сату, оның құны, шикізатты, энергияны, еңбекті үнемдеу, өндірісті тиімді және ұтымды ұйымдастыуды экономикалық талдау, кәсіпкершілік іс-әрекет;
- өндірістің экологиялық мәселелері; өндірістің қалдықтарын пайдалану және пайдаға асыру; технологияны қолданудың әлеуметтік нәтижесі;
- жұмыс орнын ұйымдастыру және жоспарлау, жұмыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; еңбек мәдениеті және өндірістегі қарым-қатынас;
- адамға кәсіптің қоятын талаптары, оқушының жеке тұлғалық сапасына, қызығушылығымен және икемділігімен (бейімділігімен) кәсіби іс-әрекет жөніндегі алған білімдерінің қатынасы.
Бағдарламаның (модульдің) мазмұны әрбір тип бойынша төмендегідей көрініс тапқан. Ұлдар үшін «адам-техника» бойынша конструкциялық материалдарды (материалдардың түрі бойынша) өңдеуде.
Аралау, жону; сүргілеу; фрезерлеу; бедерлеу; механикалық, термиялық өңдеулер, пластикалық пішін түзу; пісіру (металдар үшін контактілі пісіру); желімдеу; дәнекерлеу; ажарлау және жылтырату; күйдіру; бояу және лактау.
Техникалық құрылғыларды дайындау, жөндеу, реттеу, олардың элементтері мен бөлшектері.
Механикалық біріктірулер, механикалық құрастыру және монтаждау; ақауларды іздестіру; бөлшектерді және тораптарды алмастыру; дайындау және реттеу; өлшеу; тексеру және сынау; тұрмыстық техникаларды және санитарлық-техникалық құрылғыларды қарапайым жөндеу.
Электротехникалық және электронды құрылғылармен жұмыс.
Электрлік схемасын оқу және құру; электрлік өлшеу; бөлшектерді және өткізгіштерді монтаждау; өткізгіштерді дәнекерлеу және контактілі пісіру; құрылғыны сынау; ақауды іздеу және түзету.
Тұрмыстық радиоэлектронды аппаратуралармен, автоматты қондырғылармен, жеке ЭЕМ, пайдаланушы ретінде аралық басқару жүйелерімен жұмыс жасауды үйрену.
Қыздар үшін матаны және мата емес материалдарды, теріні және мехты өңдеуде.
Тоқымашылық; тоқу; өру; макраме; бастырмалау; кестелеу; пішу; тігу; желімдеу; сығымдау; сәндік-элементтермен, фурнитуралармен көмкеру; киімді жөндеу.
Құрылыс-жөндеу және әрлеу жұмыстары
Тұрғын бөлмелерді жөндеу, байланыстырушы араласпаларды, қалау тәсілдерін дайындау; ағаштан құрылыс бұйымдарын дайындау; қарапайым беттерді сылау; сәндік қаптамаларды енгізу; бояу; желімдеу; қаптау.
Ауыл шаруашылық өнімдерін және шала өнім (жартылайфабрикат) тағамдарды өңдеуде.
Дайындама; сақтау; механикалық және термиялық өңдеу; тағам және сусын дайындау.
«Адам – табиғат» типі бойынша төмендегідей тараулар қарастырылған.
Өсімдік өсіру. Топырақты өңдеу; егу және отырғызу; тыңайтқыш енгізу; ауылшаруашылық өсімдіктерінің ауруларымен және зиянкестерімен механикалық және табиғи құралдармен күрес жүргізу; тәжірибелік жұмыстар; өнімді жинау және оны сақтауға өткізу.
Малшаруашылығы және құсшаруашылығы. Малдың және құстардың жас өнімдерін өсіру; азықты дайындау және сақтау; малдардың және құстардың рационын құру және азықтандыру; ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар.
«Адам - белгілер жүйесі» типі бойынша төмендегі тарауларды қарастырылады.
Лингвистикалық және техникалық ақпаратты компьютерлік өңдеу. Мәтінді жинақтау және форматтау, принтерде шығару; ақпаратты жүйелеу; оперативті жүйеде файлмен жұмыс жасау; қолданбалы бағдарламамен жұмыс жасау.
Сызу және графика. Техникалық суреттерді, эскиздерді, сызбаларды, схемаларды, графиктерді, диаграммаларды оқу және орындау; сызба құралдарымен және компьтерлік құралдар көмегімен жұмыс жасау.
«Адам – адам» типі бойынша төмендегі тараулар қарастырылады.
Тұрмыстық қызмет. Тұрғын бөлмелерді сәндік жабдықтау; кітапханалық іс; тауарды сату.
Санитарлық-медициналық-профилактикалық жұмыстар. Ауырған және жарақат алған кездегі алғашқы медициналық көмек; аурулар мен баларға күтім.
«Адам - көркем образ» типі бойынша төмендегі тараулар қарастырылады.
Қолданбалы көркем шығармашылық. Дизайн; киімді, аяқ киімді және акссесуарларды модельдеу; сәндік тоқыма; көркем өру; көркем кестелеу; ағашты, қабықты және сүйекті ою; фигуралы жону; бедерлеу; мозайка; инкрустация; бояма (роспись), күйдіру; сығымдау; көркем шекімелеу; терімен, таспен, сазбен және басқа да табиғи материалдармен көркем-қолданбалы жұмыс.
Адам іс-әрекетінің түрлеріне сәйкес еңбеккерге қойылатын жалпы талаптар және соларға сәйкес еңбек мақсаты мен іскерліктер анықталады (Е.А.Климов, Д.К. Пошаев, т.б.):
- «адам-табиғат» типі бойынша: жануарлар мен өсімдіктерге деген сүйіспеншілік, шыдамдылық, жоғары жұмыс қабілетті, белсенділік, өзгермелі табиғи факторларды болжау және бағалау қабілеті, табиғатты білу, оперативті көрнекі бейнелі ойлау;
- «адам-техника» типі бойынша: физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, қара күш, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жоғары интеллектуалдық қасиеттері, өндірістік үдерісте пайда болатын мәселелерді шешу, байқағыштық;
- «адам-адам» типі бойынша: жоғары моральдық қасиет, ізгілік, сыпайылық, жоғары психологиялық ұстамдылық, тәрбиелілік, шыдамдылық;
- «адам-белгілер жүйесі» типі бойынша: физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жедел пайда болатын мәселелерде дұрыс шешім қабылдау, байқағыштық, іс-әрекетінің жылдамдығы;
- «Адам-көркем бейне» типі бойынша: медициналық жарамдылығы, физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жоғары интеллектуалдық қасиеттері, байқағыштық.
Білім мазмұнын анықтайтын басты құжаттар стандарт пен типтік бағдарламадағы сипатталған оқу материалдары мен іс-әрекеттердің ғылыми негізінің ашылуы мен түсіндірулер, орындалу тәртібі оқулықтар мен оқу құралдарында беріледі.
Мемлекеттік құжат - оқу жоспарларында 1) оқытылуға тиісті оқу пәндерінің тізімі белгіленеді, 2) әр оқу жылдары (сыныптар) бойынша осы оқу пәндерінің өту тәртібі және реті анықталады, 3) әр жетіде әр пәнге бөлінетін сағаттардың (сабақтардың) мөлшері көрсетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |