Адам қайдан біледі?
Платонның қалыптасуына түрлі нәрселер ықпал етті. Оны ежелгі грек әлемінің тылсым діни жүйелері шабытқа бөледі. Ол математиканы қатты құрмет тұтты. (Сол кезде мистика мен математика тығыз байланысты деп есептелді). Платон нақты дүние – мәңгілік, уақытпен шектелмеген, ал оның өзгермелілігін қабылдау иллюзия ғана деп сенді. Сократтың ықпалымен ол этикаға қызығып, дүниені оның себептері тұрғысынан емес, мақсаттарымен байланыстыра отырып түсіндіруге тырысты. Адам интеллектуалды және адамгершілікке үндейтін ғылымдарды үйлестіру арқылы ғана ізгілікті танып-біле алады.
Философтың маңыздылығы
Бұл пікірлер Платонды «ең жақсы мемлекет тұрақты және жан-жақты болуы тиіс: ізгілік пен нақты дүние уақыттан тыс, мәңгілік» деген қорытындыға әкелді. Ең озық билеуші – мәңгілік ізгілікті ұғынған адам. Осыны игерген адам ғана мемлекетті басқаруға атсалыса алады. Мемлекет билеушілеріне білім беру ұзақ уақыт, жан-жақты және мұқият жүргізілуі тиіс. Оған математиканы енгізу қажет, себебі онсыз даналық жоқ. Даналық адамның бойына біртіндеп сіңіріліп, мемлекетті дұрыс басқаруға қабілетті етеді. Даналыққа жетуде бос уақыт маңызды рөл атқарады. Адам күн көру үшін ақша табумен айналысатын болса, ойланып, пайымдауға уақыты қалмайды.
Жанның үш бөлігі
Платон адамның жаны үш бөліктен тұрады деп есептеді. Біріншісі – рационалды бөлік, ақыл-ой негізі. Даналық – оның ең басты құндылығы. Екінші – жандағы рухани, қуатты бөлік, оның ерекше құндылығы – батырлық пен батылдық. Үшіншісі – адам жанының қалауын қанағаттандыруға ұмтылатын бөлік. Оның басты құндылықтары – ұстамдылық және бағыныштылық.
Платонның идеялар теориясы
Платонның ұлы еңбегі «Мемлекеттің» негізгі бөлігі философиялық пайымдарға толы. Платонның басты тұжырымы – философтар билік басына келмейінше, мемлекет мамыражай өмір сүре алмайды. «Мемлекет» – Платонның кейінгі еңбегі. Мұндағы ойлардың біразын әу баста Сократ айтқанымен, бұл еңбек Платонға тиесілі идеялардың жиынтығы деп саналады.
Философқа «ақиқатты көру үшін өмір сүретін адам» деген анықтама берілген. Ол әдемі заттарға, ізгі істерге немесе әділ әрекеттерге сүйсінбейді, бірақ абсолютті әдемілікті, абсолютті ізгілікті және абсолютті әділеттілікті сүйеді. Әдемі заттарды, ізгі істерді немесе әділ әрекеттерді сүйетін адамның пікірі ғана бар, бірақ білімі жоқ. Ненің бар, ненің жоқ екені туралы пікірдің қате болуы әбден мүмкін. Пікір – болмыс пен бейболмыстың арасын байланыстырушы ғана. Пікір – жекелеген заттардың қасиеттерін сезіну әлеміне қатысты ұғым. Философ, керісінше, білімге ие. Ненің бар, ал ненің жоқ екені туралы білімнің қате болуы мүмкін емес. Білім – сезімнен жоғары, мәңгі және шексіз дүние.
Платонның формалар теориясы деп те аталатын идеялар теориясы – оның бірегей туындысы. Бұл – ұғымдардың жалпы жіктемесінің маңызын көрсететін теория. Мысалы, «үстел» сөзі қазір өзім жұмыс істеп отырған үстелді немесе маған қарсы орналасқан үстелді емес, жалпы «үстел» атаулыны білдіреді. «Үстел» – нақты дүниені бейнелейді. Екінші жағынан, маған қарсы орналасқан үстел немесе сізге жақын жердегі үстел – үстелдің «идеясының» немесе «формасының» жеке көріністері.
Философ үстелдің «формасын» немесе «идеясын» қарастырады. Философтар жекелеген үстелдерді, иттерді, мемлекеттерді және т.б. зерттеумен айналыспайды. Философия – ең үздік, ең таза және ең асқақ атаулыға деген махаббаттан туындаған ақиқат туралы интеллектуалды пайымдау.
Достарыңызбен бөлісу: |