Сократтың өлімі
Спартамен соғыстағы жеңілістен соң орныққан олигархия кезеңінен кейін, б.з.д. 399 жылы Афина демократиясы қалпына келді. Қайта жаңғырған демократияның саяси көшбасшылары Сократты сотқа берді. Тағылған айып, ең алдымен, саяси себептерден туындағаны күмәнсіз. Сократ саяси сәтсіздіктердің бірқатарына жауапты болған Алкивиадтың да, олигархтар ішіндегі ең қаталы Критийдің де ұстазы еді. Айыптаушылар Сократ сотқа қарамай, Афинадан өз еркімен кетіп қалады деп күтті. Бірақ философ Афинада қалды және сотта өзін-өзі қорғады. Алқабилердің көпшілік даусымен Сократ өлім жазасына кесілді. Дәстүрге сәйкес, ол балама үкім ұсынуға құқықты болды. Бұл жағдайда қомақты айыппұл төлегені немесе өзін Афинадан қуу туралы үкім шығарушылармен келіскені әлдеқайда жөн болар еді. Оның орнына Сократ өлім жазасын адамның күлкісін келтіретіндей аз мөлшердегі айыппұлмен алмастыруды сұрады. Мемлекеттің діни салтына сәйкес, жазаны орындау бір ай мерзімге ысырылды. Сократ қашуға көмектескісі келгендерді де тыңдаған жоқ. Оның бұ дүниедегі өмірінің соңғы күні Платонның «Федон» диалогында баяндалған. Сократ ол күнді достарымен жанның мәңгілік екені, өлмейтіні туралы пікірталас жүргізумен өткізді. Түрме қарауылы әкелген уды философ асықпай ішіп, қайтыс болды. Оның соңғы сөзі мынадай: «Критон, біз Асклепийге бір тауық қарызбыз. Берсеңдерші енді, ұмытпаңдаршы».
Олигархия – шағын адамдар тобы немесе бірнеше ықпалды отбасының қолында
шоғырланатын биліктің саяси құрылымы. Олигарх – осындай үкіметтің мүшесі.
Отыз – Афинаны Пелопоннес соғысындағы жеңілістен кейін басқарған отыз тиранның (олигархтың) кеңесі, Спартаны жақтайтын үкімет. Отыз тиран деспотизммен және адамдарды қисапсыз қырып-жоюмен әйгілі болды. Олардың билігі б.з.д. 404–403 жылдар арасында құлатылып, демократия қалпына келтірілді.
Алкивиад – демократиялық көзқарасты ұстанған афиналық әскербасы. Оның Сицилияға әскери жорығының салдарынан Афина қаласы қирады. Алкивиадқа «Гермес құдайдың мүсіндерін аяқасты етті» деген айып тағылды (Герместің мүсіні қаланың көптеген жерлерінде қойылған болатын және ол – күш-қуат пен мол өнімнің кепілі саналатын). Алкивиад өзінің ескі жауларына – Спартаға қашты, кейінірек Афинаға қайтып оралды. Ол қуғында жүріп, кісі қолынан мерт болды.
Критий – афиналық саясаткер және Платонның ағасы. Ол Отыз тиран кеңесінің мүшесі болды.
Сократтың ақиқатқа ұмтылуы
Сократ өз даналығын жоққа шығарды. Оны адамгершіліктің негізі не екені қызықтырған жоқ, бірақ өз сұхбаттастарымен бірге адасқан ойлардың астарындағы жасырын ақиқатты табуға тырысты. Философ объективті ақиқаттың бар екені жайлы ой-пікірден шабыт алды. Сократ адамның дұрыс әрекетінің негізін қалайтын білім ғана екеніне және адамның жақсы өмірі ненің дұрыстығын білуге байланысты екеніне сенді. Сократ интеллектуалдық мұқияттылықтың, ақиқатқа адалдықтың үлгісі болды.
Түйін
Сократ ғылыми жаңалықтарға қарағанда, этикалық мәселелерге көбірек қызықты.
Сократ ұсынған үлгі (немесе диалектикалық әдіс) логикалық сенімділік пен анықтамалардың дәлдігін сақтауға көмектесе алады. Алайда бұл әдіс маңызды емес мәселелерде ұсақ-түйек нәрселерге орынсыз шұқшиюға ұрындырады. Адамдар өз ұстанымдарын қорғауға тырысатындықтан, белгілі бір жағдайларда осының бәрі пікірталастарға және қарсы сөз айтуға итермелейді. Сонда, сіздің ойыңызша, жаңа фактілерді қалай зерттеу керек? Ол үшін ең қолайлы әдіс-тәсіл қайсысы?
Сократ анықтаманың (мәннің анықтығының) ерекше маңызын атап көрсетті. Барынша тиянақты анықтамалар жасаған кезі сирек болса да, ол, негізінен, этикалық ұғымдарға анықтамалар іздеумен айналысты. Неге? Сіз біреумен адамгершілік мәселелерін талқылап, дауласқан кезде біле түсуге емес, басқалардың ойының қате екенін (және сіздің жеке пікіріңіздің дұрыстығын) дәлелдеуге көбірек мүдделісіз.
Сократтың көзқарасы бойынша, ізгілік дегеніміз – білім. Бұл ақиқат тұжырым ба? Кез келген жағдайда қалай әрекет ету керек екенін, ол әрекеттің нақты қандай болатынын алдын ала білуге бола ма? Тіпті бұл әрекет өз мүддесіне қайшы келіп жатса да, ізгі адам дұрыс әрекет етуге тырысқаны жөн бе?
Платонның үш диалогы
Ұлы адамның адамдарға нені және қалай үйреткені туралы қандай да бір түсінік беру үшін біз Платонның Сократ туралы үш диалогына қысқаша шолу жасаймыз. Олардың бәрі – Платонның алғашқы диалогтары. Олар Сократтың ойларына негізделген секілді. Кейінгі диалогтар Платонның өз пайымдарына көбірек ұқсайды. (Ескерту: бұл қысқаша шолу Платонның түпнұсқа шығармаларын оқудың баламасы емес.)
Менон
Менон Сократтан ізгілікке қалай жетуге болатынын сұрайды. Менонға сұрақ қоя отырып, Сократ оның не айтқысы келетіні түсініксіз екенін байқайды. Менон «ізгілік» сөзінің өзін осы ұғымның мағынасын көрсету үшін қолданады, жекелеген мысалдар келтіріп қана қояды немесе анықтамаларды қайталай береді.
Сократ: «Адам не туралы білгісі келетінін білмесе, нені сұрау керек екенін қайдан біледі?» – дейді. Ол: «Адам жаны өлмейді, жанның көшуі барысында біз ғалам туралы білім аламыз», – деп болжам жасайды. Осылайша бұ дүниедегі біліміміз – жанымыз болған кезімізде білгендеріміз туралы естеліктерімізді ояту болып шығады. Сократ ізгілік – білім болған жағдайда ғана танылады деген қорытынды жасайды. Алайда ізгілік пен адамгершілікке үйретуге қабілетті ұстаздар жоқ. Ізгілік – Құдайлар жіберетін сый.
Горгий
Сократ пен Горгий нанымды сөйлеу өнері жайлы пікірталас жүргізеді. Сократтың пікірінше, шешен өзінің не туралы айтып тұрғаны жайлы білмесе, мұны наданның наданды үйретуінің мысалы деп айтуға әбден болады. Егер адам әділеттілік туралы айтса, оның әділет туралы түсінігі болуы тиіс. (Риториканың сотта ұстанымды дәлелдеу үшін қолданылғанын ұмытпаңыз; әділеттілікке қызығушылық осыдан туындайды.) Сіз әділеттілік туралы білетін болсаңыз, сіз – әділсіз; демек, әділетсіздікке төзе алмайсыз. Егер кімде-кім әділетсіздікке жол берсе, ол не туралы айтып тұрғанын білмей сөйлейді. Адамдардың бәрі қандай да бір игі ниет үшін әрекет етуге тырысады. Егер олар ізгіліктің не екенін толық білмей әрекеттенетін болса, өздері қалаған ізгілікті жасай алмайды. Біз бұрыс іс жасасақ, оны зұлымдық істегенімізді білмегеніміздің нәтижесінде жасадық. Осыдан шығатыны: жаман әрекет үшін берілетін жазаның мақсаты – түзеу болуы тиіс. Жазадан құтылып кеткеннен гөрі, өз әрекеттерің үшін жазаланғаның дұрыс. Сократ шешендік өнер адамдарды әділетсіздіктің не екенін түсінуге ұмтылдырып, одан айығу үшін қолдану қажет дейді.
Калликл болса, әділеттілік – күштінің ұстанатын ережесі деп ойлады; ал Сократ даналық – нағыз күш дейді. Калликл кез келген данагөй бұ дүниедегі игіліктерден рақаттануға ұмтылады деп тұжырымдайды. Сократ рақат пен аурудың ізгілікпен және зұлымдықпен бірдей еместігін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |