Өмір шежіресі
Өмір шежіресі
(Барлық даталар – б.з.д.)
427 жыл – Платон дүниеге келді
422 жыл – Аристофан «Соналар» туындысын жазды
407 жыл – Платон Сократтың шәкірті атанды
406 жыл – Платон әскери қызметте
404 жыл – Пелопоннес соғысы аяқталды
400 жыл – Гиппократ өзінің медициналық трактаттарын жазды
399 жыл – Сократ дүниеден өтті
399 жыл – Платон Грекиядан тыс елдерге саяхаттады
395 жыл – тағы бір әскери қызмет
388 жыл – Платон Италияда және Сицилияда болды
387 жыл – Платон Академияның негізін қалады
367 жыл – Аристотель Академияға түсті
367 жыл – Сиракузаға сапарлары
347 жыл – Платон дүниеден өтті
Сократтың өліміне қатысты ұстанымы
Платон философияның метафизика, эпистемология және саясат философиясы бөлімдеріне елеулі үлес қосты. Осы салалардың бәрінде Платонға Сократтың ілімі қатты ықпал етті. Платон демократия ұғымына мүлде сенген жоқ. Демократия өкілдерінің Сократты аяусыз жазалауы оған үлкен соққы болып тигені анық. (Платон терістеген саяси жүйені сипаттау үшін біз «демагогия» сөзін көбірек қолданамыз.)
Метафизика – болмысты бар болу тұрғысынан зерттеу; бар нәрсенің мәні туралы пайымдаулар; алғашқы себептер мен принциптерді зерделеу; бізді қоршаған нақты дүниені рационалды тану; адамды қоршаған заттар, олардың тереңдігі мен мәні туралы рационалды білім.
Эпистемология – философияның таным тарихын, әдістері мен принциптерін зерттейтін бөлімі.
Демагогия – танымалдық пен билікке ие болуға қол созып, көпшіліктің көзсіз сенімін пайдаланатын саясаткерлердің ісі. Бұл әрекет көпшілікті өз маңына тез топтастыруға мүмкіндік береді немесе тобыр билігі сияқты құбылыстың пайда болуына да әкеліп соғады.
Демократия – халық билігі. Осы заманғы демократиялық мемлекеттерде көпшіліктің билігі тұлғаға құрмет, азшылықтың құқығы, құқықтарға және міндеттерге тікелей байланысты еркіндік, теңдік, соттың бейтараптығы, барлық деңгейдегі парасатты келіссөздер, заңның билігі, мемлекеттік биліктің білікті мамандардан құралған өкілетті органдары, конституционализм – мемлекеттік билікті шектеу секілді маңызды принциптердің көмегімен жүзеге асады.
Өзгермелілік және тұрақтылық
Платон заттардың өздігінен белгілі болып тұруына мүмкіндік беретін тұрақты, мәңгі тиянақты болатын әлденені құштарлана іздеді. Оның айналасындағының бәрі үнемі қозғалыста болып, өзгеріп отырды.
Жазушы Гераклит (б.з.д. 550–480 жылдар шамасы) дүниенің өзгермелілігін: «Болған нәрсе сол қалпында қайталанбайды. Мәңгі тірі нәрсе ғана тұрақты болған», – деп көрсетті.
Парменид (б.з.д. 540–480 жылдар шамасы) сезімдер алдамшы деп тұжырымдады. Ақиқат болмыс қана – біртұтас. Ол барлық жерде бар. Ойлауға болатынның бәрі өмір сүруі тиіс, себебі нақты объектісіз ой жоқ. Егер қандай да бір зат немесе құбылыс туралы ойлауға болатын болса, онда бұл зат немесе құбылыс мәңгі өмір сүруі тиіс. Дүниеде қайтадан қалыптасатын, өзгеретін және мәңгілікке жоғалатын ештеңе болған жоқ.
Менің тіземдегі тыртық кішкентай кезімде құлап қалған соң пайда болды. Содан бері денем өсті, бірақ тыртық қалды. Неге? Платон заттардың өзгермелілігін қабылдауды олардың тұрақтылығын дәлелдеумен үйлестіруге тырысты.
Үңгір аллегориясы
Платон бізді қоршаған заттардың мәнін солар туралы терең ойлағанда, соларды өзіміздің ақыл-ойымызбен игергенде ғана түсінетінімізге сенімді болды. Бұл біршама қиын шаруа және аз ғана уақыт ішінде жүзеге асыру мүмкін емес. Платон нақты дүние біздің қабылдауымыз бен түсінуімізден сыртқары жатқанын көрсеткісі келді. Платонның ойынша, адамдардың басым көпшілігіне қоршаған ортаны алғашқы сәтте қалай байқаса, сол күйінде қабылдау дағдысы тән. Платон мұны қанағат тұтпады. Ол қарапайым адамның әдеті саналатын қандай да бір объектінің сыртқы қасиеттерін бейқам да үстірт қабылдау
дағдысы мен философтың әдісі саналатын нақты дүниенің мәні туралы терең пайымдау дағдысы арасындағы айырмашылықтарды көрсетуге ұмтылды. Платон хикаяны баяндады. Кейде ол «игі өтірік» деп көрсетіледі. Бұл – осы хикая қоспасыз шындық емес, бірақ жағдайдың қалай болғанын көрсетеді деген сөз. «Үңгір аллегориясы» деген осы.
Платон адамдардың көбі үңгірдегі адамдарға ұқсайтынын айтады. Олар үңгірдің артқы қабырғасына қарайды. Адамдардың артында аласа қабырға бар. Заттардың бәрі соны жағалай орналасқан. Осы аласа қабырғаның арғы жағында от жанып тұр. Үңгір қабырғасына қарсы отырған адамдар не көреді? Олар үңгірдің артқы қабырғасына осы заттардан түскен көлеңкені көреді. Бірақ бұлай емес қой. Заттардың қандай екенін көру үшін адам күн сәулесі түсіп тұрған жерге шығуға тиіс. Бірақ біздің жарыққа шыққымыз келе ме? Адамдардың көбі үңгірде отыра беруге үйреніп алған. Олар сыртқа шығуға қорқады. Өздеріне салсаңыз, олар аса жайлы жерде отыр. Оларға нақты дүниенің сыртқы белгілері жеткілікті. Олар заттарды шынайы күйінде көргісі келмейді. Олар көздеріне күн сәулесінің шағылысқанын қаламайды. Нақты дүниенің сыртқы белгілерін қабылдау мен олардың шынайы мәнін саналы түрде ұғыну үшін өмірін сарп етуге дайын философтар ғана – тіпті өздері алғашқыда елестеткендей болмаса да, жарқыраған Күн астында әлемді өз бейнесінде көретін адамдар.
Достарыңызбен бөлісу: |