Өмір шежіресі
(Барлық даталар – біздің заманымызға дейінгі)
Шамамен 470 жыл – Сократ дүниеге келді
460 жыл – Олимпиядағы Зевс ғибадатханасының құрылысы басталды
458 жыл – Эсхил «Орестея» туындысын жазды
Шамамен 450 жыл – Көне Інжілдегі «Әндердің әні» кітабы жазылды: Рим құқығының ең алғашқы жиынтығы – он екі кесте жасалды; темір дәуіріндегі Еуропада кельт мәдениеті – латен мәдениеті дүниеге келді
447–432 жылдар – Афинада – Акрополь, соның ішінде, Парфенон салынды
431–404 жылдар – Спарта мен Афина арасындағы Пелопеннес соғысы
430–420 жылдар – шамамен осы уақыт аралығында Сократ үйленді
430 жыл – Софокл «Эдип патшаны» жазды
420–399 жылдар – Сократ Ұстаз ретінде әйгілі болды
404 жыл – Афина империясының ақыры
399 жыл – Сократ өлім жазасына кесілді
Өмірі
Сократ шамамен б.з.д. 470 жылы дүниеге келді (біз оның б.з.д. 399 жылы өлтірілгенін білеміз). Жастық дәурені мен балалық шағы Афина қаласының ықпалы артып, мәдени дамуы шарықтау шегіне жеткен кезеңіне тұспа-тұс келді. Сократ Афина армиясында гоплит қызметінде болды. Түр-келбеті өте ұсқынсыз болған. Бір замандасы оның Сатирға ұқсайтынын айтыпты. Енді бірі Сократтың жүрісі суда жүзген құсқа ұқсайтынын, көзі аударылып-төңкеріліп тұратынын айтады. Ол қысы-жазы бір киіммен және үнемі жалаңаяқ жүретін. Сократ өте ыңғайсыз қалыпта ұзақ уақыт бойы қозғалмастан тұра беретін. Сірә, бұл оның ақыл-ой тұңғиығына бойлауының ұзаққа созылған сәттері болса керек. Дельфилік сәуегей тірілер ішінде Сократтан асқан кемеңгердің жоғын айтыпты. Сократ өзінің дана екенін түсінді, өйткені өзінің ештеңе білмейтінін білді. Ол – адамгершілік туралы толғаған мысқылшыл философ. Сократтың негізгі әдісі – адамдардан олардың өз пікірлерінің дұрысы мен ақиқат екенін қайдан білетінін сұрау болатын. Демек, ол – философиялық жүйе жасаушы емес, басқа адамдардың ойларын қатаң сынаушы.
Сократ этика (өмірлік оң мақсаттарды және оларға жетудің мүмкін жолдарын таңдау) ұғымын бірінші болып тұжырымдады. Философ ішкі ұят оған ешқашан не істеу керегін айтпайтынын, бұрыс іс істегенде белгі беріп, ескертетінін айтты. Сократтың өмірі туралы бізге жеткен мәліметтер бойынша, оның әйелі Ксантиппа долы, тілі ащы жан болған. Осы мінезін еш тайсалмай күйеуіне де көрсетіп отырған. Бірақ бұл болмысы оның күйеуімен тайталаса өмір сүруіне мүмкіндік те берді.
Сатир – ауылдық жерлерді мекендейтін ұсқынсыз құбыжық. Жартылай адам, жартылай ешкі. Денесін қалың түк басқан. Халықтың дәстүрлі түсінігі бойынша, Сатир интим мәселелеріне қатты қызыққан.
Достарыңызбен бөлісу: |