Қ азақтың бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрі. Бұрындары құдандалы болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп құдалықты одан әрі жалғастырса, оны "сүйек жаңғырту" дейді. Бұл салт қыз бен жігіттің келісімімен қазір де жасалып жүр. ұзақ уақыттан құдалығы жалғасқан немесе көне құдаларды "Сары сүйек құдалар" дейді. Сүйек жаңғырту дегеніміз ол қазақ халқының байырғы көне салты. Бұл салт дәстүр өте ескі болғанымен қолданысқа қолайлы әрі тиімді. Сүйек жаңғырту негізінен өте алыстап кеткен ағайын туысты ана (шеше) жағынан бауырларды қайта жақындату мен қосуға арналған салт. Бұл салттың түрі әке жақтан алыстаған ағайындарға қолданылмайды. Рулық ерекшеліктерді ескеру ең басты сипат.
Қыз айттыру дәстүрі Ата-ана лайықты деген адамдарына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «қыз айттыру» дейді. Бұл жолдың да түрлі ереже, тәртіптері бар. Егер балалар (ұл, қыз) жас болса, тіпті іште жатса да ерте келіп сөз байласады. Мұндай адамдар көбіне бірін-бірі жақсы білетін, өте сыйлы, дос кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларын бір-біріне (әрине бірі ұл, бірі қыз болса) қосу туралы келіседі. «Атастыру» деген осы. Мұны «бел құда» дейді. Бесікте жатқан балаларды атастырса «бесік құда» дейді. Кейде қыз алған құда енді сол үйге өз қызға беретін болса, мұны «қарсы құда» дейді. Бұрын құда болған кісілер қүдалықты тағы жалғастыратын болса, оны «сүйек жаңғырту» деп атайды. Қыз бойжеткен, ұл ержеткен жағдайда екі жасты қосу «құда түсу» арқылы жасалады.
Қазақтың ертеден белгіленген заңы бойынша жеті атадан бері қыз алыспайды. Некелік ережеде әйел күйеуден 8 жас, еркек әйелден 25 жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмейді. Әрине әмеңгерлік жолда бұл шектеуге қарамайтын жайлар да бола береді. «Қыз айттыру», баталасу жас отаудың беріктігін, сенім мен сыйластықтың негізін қалайды.
Табалдырық аттау дәстүрі.
Ұл жақтың адамдары қыз жаққа құда түсе келгенде, қыздың жеңгелері құдаларды үйге кіргізбей табалдырық аттатпай тосып алады да, «табалдырық аттар бер» деп кәде сұрайды. Дайындалып келген құдалар көйлек-көншек, не ақша беріп, табалдырық кәдесін өтеп барып үйге кіреді, төрге шығады. Оны қазақ кәдесінде «табалдырық аттау» деп атайды. Қазақта «табалдырықтан артық тау жоқ, кәдесін өтемесең одан асқан дау жоқ, жеңгеден озған жау жоқ» деп қалжың айтып кәде өтеп үйге кіруді жақсы салт, танысудың сыры, кісі сынаудың сыны еткен. Қазақта «табалдырықта бақ тұрады» табалдырықты құрметтемеген бағынан айырылады, «табалдырықтың екі жағында тұрып қол алыспайды, ондай жерде жау болатын адамдар ғана алысады» деп санайды.