Қазақстан. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкіміне сәйкес 2018 жылғы 28 сәуірде «Сотта татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы іске қосылды.
Пилоттық жоба оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді, банктік дауларды қоспағанда, талап қою ісі жүргізу бойынша, сондай-ақ жауапкер басқа қаланың тұрғыны болатын талап қоюлар бойынша жүргізіледі.
Аталған соттарда татуластырушы-судьялар арызды соттың іс жүргізуіне қабылданғанға дейін тараптармен татуластыру рәсімдерінің бірін қолдану: татуластыру келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасу мүмкіндігін талқылайды.
Татуластырушы-судья мен тараптардың кездесулері сотқа арыз келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құпиялылықты сақтай отырып, соттың медиацияға арналған арнайы кабинеттерінде өткізіледі.
Медиация тәртібімен татуластыру рәсімін тараптардың келісімі бойынша татуластырушы-судья не медиатор жүргізеді. Медиацияны жүргізу туралы өтінішхат берілген кезде татуластырушы-судья іс бойынша сот талқылауын тағайындамайды, ал тағайындалған сот талқылауы он күннен аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады. Сот ұйғарымының негізінде іс компьютерлік бөлу арқылы татуластырушы-судьяға беріледі, ол сот медиациясын жүргізу күнін белгілейді.
Татуластырушы-судья тараптардың келісімімен не олардың өтінішхаты бойынша басқа адамдарды, егер олардың қатысуы сот медиациясының мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болса, сот медиациясына шақыруға құқылы.
Татуластырушы-судья тараптар арасында жасалған келісімді бекітеді, ол сот шешімі сияқты орындалуы үшін міндетті болады.
Татуластырушы-судья сот медиациясын жүргізген кезде АПК-да белгіленген қағидаларды және «Медиация туралы» Заңды басшылыққа алады. Медиатор медиацияны жүргізу туралы өтінішхатты берген және сотқа медиатормен жасалған келісімді ұсынған кезде іс бойынша сот талқылауы тағайындалмайды, іс бойынша іс жүргізу АПК-ның бабына, сондай-ақ «Медиация туралы» Заңға сәйкес тоқтатыла тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |