Тұжырымдар. Менің ойымша, олардың арасында айырмашылықтар болса да, классикалық медиатор мен татуластырушы-судья біртекті құбылыстарға жатады.
Татуластырушы-судья татуластыру қызметін жүзеге асырғанда жариялы функцияларды орындамайды, ол тараптарға бұйрық немесе нұсқау бере алмайды, тек оларды татуласуға көндіре алады. Бұл қызметтің әдеттегі медиатордан еш айырмашылығы жоқ. Айырмашылық мынада – әдеттегі медиаторды тараптардың өздері таңдайды, ал татуластырушы-судья бекітілген тәртіппен тағайындалады. Бірақ, тараптар татуластырушы-судьяның қызметінен бас тартуға құқылы.
Бірақ татуластыру қызметін жүзеге асыру кезінде әдеттегі медиатор мен татуластырушы-судьяның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Шын мәнінде, олардың қызметі делдалдық болып табылады. Олар тараптар арасында делдал ретінде әрекет етеді. Делдалдық – бұл сол медиация. Сондықтан татуластырушы-судья да медиатор болып табылады.
Осы тұлғаларды қандай да бір түрде ажырату үшін сотта және соттан тыс татуласу, сотта және соттан тыс медиация туралы айтуға, әдеттегі (соттан тыс, классикалық) медиатор мен татуластырушы-судьяны ажыратуға болады.
Шетелдегі сот татуластырушылары
Жалпы ережелер. «Сотта татуласу» деген термині Нью-Йорк Таймс газетіндегі жарияланым арқасында пайда болды. Содан кейін Америкалық Адвокаттар Қауымдастығының (АВА) Дауларды шешу жөніндегі комитеті «көп есіктері бар соттар» құруды ұсынды (сөз профессор Сендердің моделін енгізу туралы болды). 1970 жылдан бастап көптеген америкалық соттар аралық талқылау жүйесін (court-annexedarbitration) енгізе бастады. Сөйтсе де, қазірдің өзінде белгілі болғандай, «сотта татуласу» сөзінің бастапқы мағынасы жалпы татуластыру рәсімдерін білдірді, бұл қазіргі заманғы құқық шындығына қатысы шамалы, өйткені сотта татуласу – татуластыру рәсімдері институтының кіші институттарының бірі екені мәлім14.
Мысалы, Еуропалық Парламент пен Кеңестің 2008/52/ЕК «Азаматтық және коммерциялық істердегі медиацияның кейбір аспектілері туралы» атты директивасының 3-бабында қалай аталғанына қарамастан, татуласу екі немесе одан да көп тарап делдалдың көмегімен дауды шешуге өз еркімен қол жеткізуге тырысатын ұйымдасқан процесс ретінде айқындалады. Бұл процесті тараптар бастауы, сот ұсынуы немесе тағайындауы мүмкін немесе ол мүше мемлекеттің құқығымен ұйғарылуы мүмкін. Бұл ұғым қаралып отырған дауға қатысы бар қандай да бір сот талқылауына жауап бермейтін судья жүзеге асыратын делдалдықты қамтиды. Алайда, бұл ұғым дауға қатысты сот талқылауы барысында дауды шешу үшін сот немесе судья жасаған әрекеттерді қамтымайды». Мәтіннен анық келіп шығатыны, еуропалық заң шығарушы үшін тараптарды татуластыру функциясын жеке-құқықтық (медиатор) немесе жариялы-құқықтық субъект – судья немесе сот қызметкері жүзеге асыра ма маңызды емес: осы актіде бекітілген ұғым делдал-субъектінің табиғатына емес, функцияға бағытталған, бұл сотта татуласудың ұқсас табиғаты туралы және оған жақын институт – медиация туралы айтуға мүмкіндік береді15.
XIX ғасырдың ортасы – ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің коммерциялық соттарында қаралған дауларға қатысушылар соттың татуластыру рәсімін өткізу туралы ұсынысынан кейін мемлекеттік емес татуластырушыны да, сондай-ақ осы соттың құрамынан татуластырушыны да таңдай алатын. Қазіргі уақытта әртүрлі елдерде (атап айтқанда, АҚШ-та, Канадада, Нидерланды Корольдігінде, Германияда, Беларусь Республикасында, Словенияда) кеңінен қолданылатын сотта татуласу институты дәл осындай сипатқа ие.
Әлемдік практикада тараптар арасындағы келіссөздерге судьяның қатысуы мәселесі әртүрлі жолмен шешіледі. АҚШ-та мұндай рәсім дауды реттеу жөніндегі сотқа дейінгі мәжіліс деп аталады. Тараптар судьяға немесе тәуелсіз адамға жүгіне алады. Егер олар татуласу келісімін жасаса, сот оны бекітеді. Егер тараптар татуласудан бас тартса, онда іс сот талқылауы сатысына өтеді16.
Голландияда өзгеше жағдай қалыптасты. Келіссөздер жүргізген судья, егер тараптар татуласу келісіміне қол жеткізбесе, істі мәні бойынша қарай алмайды. Осылайша, барлық елдердің заңнамасында татуластыру рәсімдері нақты бекітілмеген, олар тек оның мынадай жекелеген элементтерін: сыйақы мөлшерін, татуластыру рәсімдерін жүргізу мерзімдерін, татуластырушыларды таңдау тәртібін және т.б. ішінара қамтиды17.
Жалпыға бірдей танылған нақты анықтаманың болмауына қарамастан («татуласу» ұғымы шет елдердің азаматтық процестік заңнамасында анықталмаған), Еуропада алғаш рет сотта татуласу туралы Француз Республикасының 1790 жылғы Конституциясында азаматтық-құқықтық дауды мәні бойынша қараудан бұрын оны реттеудің міндетті кезеңі ретінде айтылған деп саналады. Кейінірек сотта татуласу формальдылыққа айналды, қазіргі уақытта судьялар қоғамдастығы (мысалы, Медиацияны қолдаудың Еуропалық судьялар бірлестігі, GEMME) «жаңа сотта татуласуды» құру идеясын қолдайды.
Сотта татуласу процестік институт ретінде әртүрлі елдерде кеңінен қолданылады (атап айтқанда, Бельгия, Франция және Швейцария тәжірибесінің толық сипаттамалары мен талдауы бар, сотта татуласу Аустралияның азаматтық процестік заңнамасында көрсетілген), татуласу туралы 15-тарау РФ ТПК-ға бұрыннан енгізілген. Сот қызметкерлері жүргізетін сотта татуласу мүмкіндігі 2005 жылдан бастап Бельгияның процестік заңнамасында (Сот ісін жүргізу кодексін қараңыз, 1730-1737-б.), 2002 жылдан бастап Швейцарияның процестік заңнамасында (ШАПК, 197-208-б.) көзделген (Швейцарияда дауды мәні бойынша қарайтын судьяға татуласу рәсімін жүргізуге рұқсат етіледі).
Сот қызметкерлерінің қолдауымен және тікелей қатысуымен жүргізілетін татуластыру рәсімдерін де, келісу рәсімдерін де қолдану, ең алдымен, жеке тұлғалардың қатысуымен болатын даулар бойынша (кәмелетке толмаған балалары болған кезде некені бұзу туралы істер бойынша даулар; еңбек даулары; тұтынушылардың қатысуымен банк және денсаулық сақтау саласындағы даулар, оның ішінде әкімшілік істер бойынша даулар) мүмкін және ұсынылады18.
Франция. Францияда сот татуластырушысы институты ең нақты және егжей-тегжейлі жасалған. Бұл институтқа өте жақсы талдауды А.А. Соловьев «Француз азаматтық процесінде сот татуластырушысы институты туралы» мақаласында жасады19.
ФР АПК І кітабының «Татуластыру ісін жүргізу» атты VI бөлімі I тарауының 127-129-баптарында келесі негізгі ұйғарымдар бекітілген: Тараптар өз бастамасы бойынша да, соттың ұсынысы бойынша да татуласуы мүмкін. Татуласу сот процесінің кез келген сатысында мүмкін. Егер заңда өзгеше көзделмесе, татуласу әрекеті сот ең қолайлы және тиімді деп санайтын сәтте және тәртіппен жүзеге асырылады. Татуласуға әрекет жасайтын сот тараптарды сот татуластырушысымен кездесуге міндеттеуге құқылы, ол оларға 08.02.1995 ж. № 95-125 Заңның 21-1-бабында белгіленген тәртіппен татуласу рәсімі туралы хабарлайды.
Сот татуластырушыларының құқықтық мәртебесінің негіздеріне «Сот татуластырушылары туралы» 20.03.1978 ж. № 78-381 Декреті арналған, оның орындалуы үшін жауаптылық Әділет министріне жүктелген. Аталған нормативтік құқықтық актімен негізгі міндеті ФР АПК-да белгіленген тәртіппен дауларды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу болып табылатын сот татуластырушылары институты құрылды.
Сот татуластырушылары өздеріне жүктелген функцияларды ерікті негізде орындайды. Сонымен бірге, олар өз міндеттерін орындауға байланысты шығындарды (кеңсе, пошта, телефон төлемі және т.б.) өтеу үшін белгіленген өтемақы (жәрдемақы) алады. Бұл жәрдемақы тоқсан сайын төленеді және оның мөлшері әділет министрі мен қаржы министрінің бірлескен қаулысымен белгіленеді. Бұл ретте, Апелляциялық соттың бірінші төрағасы мен осы соттың жанындағы Бас прокурор тиісті негіздер болған кезде оның мөлшерін ұлғайтуға құқылы.
Сот татуластырушысы өзінің азаматтық және саяси құқықтарын пайдалануға тиіс, алайда аумағында өз міндеттерін орындайтын апелляциялық соттың юрисдикциясына жататын өңірде кез келген сайланбалы лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
Құқық саласында кемінде үш жылдық жұмыс өтілі бар, сондай-ақ тиісті функцияларды орындау үшін қажетті практикалық тәжірибесі мен біліктілігі бар адам сот татуластырушысы болып тағайындалуы мүмкін. Сонымен бірге, лауазымды адамдар, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ сот төрелігін іске асыруға қандай да бір түрде қатысы бар адамдар сот татуластырушылары бола алмайды. Алайда, көрсетілген функцияларды орындау бірінші сатыдағы сот судьясының көмекшісі ретіндегі жұмысқа сыйыспайтын болмайды.
Сот татуластырушысы бастапқыда бірінші сатыдағы соттардың үйлестірушісі – магистраттың ұсынысы бойынша Апелляциялық соттың жанындағы Бас прокурормен консультациялардан кейін осы соттың бірінші төрағасының өкімімен бір жылға тағайындалады. Осы мерзім өткеннен кейін ол аталған лауазымға екі жылдық жаңартылатын мерзімге қайта тағайындалуы мүмкін. Бұл тағайындаулар туралы Сот төрелігінің қолжетімділігі жөніндегі департаменттің Кеңесіне хабарлануы тиіс.
Сот татуластырушысын тағайындау туралы өкімде аумағында өз міндеттерін орындайтын округ көрсетіледі. Сондай-ақ онда сот татуластырушысы татуласу туралы актілерді ұсынатын бірінші сатыдағы сот айқындалады. Сот татуластырушысы қызметке бірінші рет тағайындалған кезде апелляциялық соттың алдында мынадай ант қабылдайды: «Мен өз өкілеттіктерімді адал орындауға, өзіме жүктелген міндеттерге ұқыпты және адал қарауға ант етемін».
Сот татуластырушысы жылына бір рет Апелляциялық соттың бірінші төрағасына, бұл соттың жанындағы Бас прокурорға, бірінші сатыдағы соттардың үйлестірушісі-магистратқа, сондай-ақ сот татуластырушысы татуласу туралы актілерді ұсынатын бірінші сатыдағы соттың судьясына өз жұмысының барысы туралы баяндама ұсынады. Бұл баяндаманы сот төрағалары жария етуі мүмкін.
Сот татуластырушысы институты негізінен ФР АПК нормаларымен регламенттелген.
Мәселен, осы Кодекстің І кітабы «Татуластыру ісін жүргізу» атты VI бөлімі ІІ тарауының 129-1-129-5-барптарында келесі негізгі құқықтық ұйғарымдар бекітілген.
Сот тараптарды татуластыру жөніндегі өз өкілеттіктерін белгіленген тәртіппен өзі тағайындаған сот татуластырушысына беруге құқылы. Бұл жағдайда сот мұндай рәсімнің басталу күнін және бастапқыда екі айдан аспауы тиіс, бірақ кейіннен ұзартылуы мүмкін дауды реттеу мерзімін айқындайды.
Тараптарды татуластыру мақсатында сот татуластырушысы олардың өкілдерін өзі белгілеген уақытта және өзі белгілеген жерге келіссөздер жүргізу үшін шақыруға құқылы. Сот татуластырушысының қатысуымен татуласу процесінде тараптарға сот арнайы уәкілеттік берген адамдар көмек көрсетуі мүмкін. Сот татуластырушысы айғақтары татуласуға қол жеткізу үшін қажетті болып көрінетін кез келген бөгде адамнан оның тұрған жері бойынша (тараптардың және осындай адамның келісімімен) жауап алуға құқылы.
Татуласу нәтижелерін процестік рәсімдеуге қатысты (ФР АПК І кітабының «Татуластыру ісін жүргізу» атты VI бөлімі ІІІ тарауының 130-131-б.) дауды реттеу кезінде тараптар қол жеткізген келісім (оның ішінде ішінара) судья мен тараптар қол қоятын татуласу туралы хаттамамен немесе тараптар мен сот татуластырушысы қол қойған татуласу туралы актімен ресімделетіні көрсетілген. Судья куәландырған татуласу туралы хаттамадан үзінді көшірмелер тараптарға олардың өтінішхаттары негізінде берілуі мүмкін. Олар атқарушылық құжаттар болып табылады. Сонымен қатар, тараптар сот татуластырушысының қатысуымен дайындалған татуласу туралы актіні соттың бекітуіне ұсынуға құқылы. Мұндай актіні сот ерекше іс жүргізу тәртібімен бекітеді.
Сайып алғанда, ФР АПК-да «Дауларды бейбіт жолмен шешу» атты V кітап, «Медиация мен татуласудың шарттық рәсімдері» атты І бөлімінің ІІ тарауы бар, онда сот татуластырушылары институтын регламенттейтін ерекше ережелер қамтылған (1536-1541-баптар).
Мәселен, кез келген жеке немесе заңды тұлғаның сот татуластырушысына жүгіну құқығы ресми мәлімделген.
Өз кезегінде, сот татуластырушысы өзіне жүктелген функцияларды тиімді орындау үшін бірқатар өкілеттіктерге ие. Ол қажет болған жағдайда мүдделі тараптарды кездесуге шақыруға құқылы. Соңғылары өз таңдауы бойынша өзінің жеке басын растауы тиіс басқа ересек адаммен келуі мүмкін. Сот татуластырушысы мүдделі тараптардың келісімімен оқиға болған жерге келіп, қажет деп тапқан кез келген адамдардан олар келіскен жағдайда жауап алуы мүмкін. Сот татуластырушысы тараптардың келісімімен апелляциялық соттың басқа сот татуластырушысының көмегін сұрай алады. Тараптардың кездесуі барысында сот татуластырушылары өздеріне берілген өтініштер туралы мәліметтермен алмасуы мүмкін. Тараптардың келісімін куәландыратын актіге екі сот татуластырушысы да қол қоюға тиіс.
Бұдан басқа, ФР АПК V кітабының III бөлімінде татуласу нәтижелерін бекітудің сот тәртібіне қатысты ережелер қамтылған. Атап айтқанда, татуласу процесінде тараптар қол жеткізген келісім оған атқарушы күш беру мақсатында құзыретті соттың бекітуіне берілуі мүмкін. Қарауына келісім берілген судьяның оның шарттарын өзгертуге құқығы жоқ. Судья тараптарды тыңдау қажет деп есептеген жағдайларды қоспағанда, өзінің қарауына берілген арыз бойынша сот отырысын өткізбестен шешім шығарады. Келісімді бекітуден бас тарту туралы шешімге апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. Апелляциялық шағым апелляциялық соттың кеңсесіне беріледі. Оны сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайды20.
Осылайша, Франция сот татуластырушысы функцияларының сот төрелігін іске асырумен тығыз байланысын көрсетеді: кәмелетке толған, әрекетке қабілетті, сайланбалы лауазымдарды атқармайтын, сот төрелігі саласында қандай да бір функцияларды орындамайтын, заң мамандығы бойынша кемінде 3 жыл расталған жұмыс өтілі бар азамат татуластырушы бола алады; оны апелляциялық соттың төрағасы тағайындайды және ол өз миссиясын орындауға кіріспес бұрын ант береді. Татуластырушы қосымша ақысыз, волонтер ретінде жұмыс істейді. Медиаторға қарағанда, сот татуластырушысы жанжалдың басқа тараптарын қозғамай, даудың тек құқықтық бөлігін қарайды және тараптарға сот шешімінің нұсқасын ұсынуға (яғни, шешім нұсқасы дау тараптарынан емес, үшінші тұлғадан ұсынылады) немесе дау бойынша шешімді өз бетінше шығаруға мүмкіндігі бар21. Егер тараптар келісімге қол жеткізсе, судья олардың қалауы бойынша атқарушылық парақты бере алады немесе татуласу келісімін бекіте алады. Егер келісімге қол жеткізілмесе, сот істі мәні бойынша қарауды жалғастырады. Осылайша, сотта татуласу – бұл сот процесі аясында жүргізілетін, көп жағдайда талап қою талаптарымен шектелген22 және азаматтық процестік заңнамамен реттелетін23 директивалық бағалау рәсімі болып табылады.
В.Н. Захватаев дайындаған «Францияның 2000 жылғы Коммерциялық кодексінде пайдаланылатын негізгі терминдердің сөздік-анықтамалығында» (Францияның Коммерциялық кодексіне №1 қосымша) «сот татуластырушысы» ұғымы былайша көрсетілген:
Сот татуластырушысы (conciliateur de justice) – азаматтық дау тараптары арасында татуласу рәсімдерін жүзеге асыру үшін апелляциялық соттың бірінші төрағасының ұйғарымымен ерікті негізде тағайындалатын жеке тұлға. Заң практикасы мәселелерінде кемінде үш жыл тәжірибесі бар және азаматтық пен саяси құқықтары бар адам, егер мұндай адам өзінің міндеттерін орындайтын апелляциялық соттың округі аумағында ешқандай сайлау лауазымын атқармаса, сот татуластырушысы бола алады. Сот татуластырушысының рөлін жариялы лауазымды адамдар және әділет органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ қандай да бір шамада заң практикасымен айналысатын адамдар орындай алмайды. Бастапқыда сот татуластырушысы кіші сатыдағы сот мүшесінің ұсынуы бойынша және тиісті апелляциялық сот жанындағы бас прокурормен келісу бойынша бір жыл мерзімге тағайындалады. Осы мерзім өткеннен кейін сот татуластырушысы осындай тәртіппен тағы екі жылға тағайындалуы мүмкін. Мұндай тағайындаудан кейін бұл адам заңда көзделген татуласуға алдын ала әрекет жасайтын адам ретінде әрекет еткен кезде (некені бұзу туралы істерді және ерлі-зайыптылардың бөлек тұру режимін белгілеу туралы істерді қоспағанда) қандай да бір сот процесінен тыс не сот рәсімі шеңберінде татуласуды жүзеге асыру туралы тапсырма қабылдай алады. Сот татуластырушысының міндеттері кіші сатыдағы соттың бас прокурорымен және мүшесімен келісімімен апелляциялық соттың бірінші төрағасының дәлелді ұйғарымымен тоқтатылуы мүмкін. Делдал мен татуластырушы белгілі бір дәрежеде ұқсас функцияларды орындайтынын, олар сол бір нормативтік актілерде көзделген негізінен сол бір ережелермен реттелетінін атап өткен жөн. Мәселен, татуластырушы да, делдал да даудың мәні бойынша шешім қабылдамайды; татуластырушы да, делдал да татуласу процесінде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауға міндетті; олардың екеуі де мұндай ақпаратты тараптардың келісімінсіз кез келген үшінші тұлғаларға, оның ішінде судьяға беруге жол бермеуге міндетті; екеуіне де судья тапсырманы орындау үшін мерзімдерді бір шекте белгілейді; екеуінің де өкілеттіктерін судья өз ұйғарымымен тоқтата алады және т.б. Осы себептерге байланысты бұл екі процестік тұлға іс жүзінде жиі шатастырылады. Сонымен қатар, олардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Шынында да, делдалдың міндеті – тараптарға олардың арасындағы дауға қатысты өзара қолайлы шешім табу, ал татуластырушының басты міндеті – тараптарға оларды жиі алыстатын дұшпандық кедергісін еңсеруге мүмкіндік беретін тиісті психологиялық атмосфераны құру мен жағдай жасау және келіссөздерді бастау болып табылады. Басқаша айтқанда, делдалдың міндеті – тараптарға дауды шешуге көмектесу, ал татуластырушының міндеті – оның ықтимал шешілуіне жағдай жасау. Бұдан басқа, татуластырушының міндеттері қоғамдық бастамамен орындалады, ал делдалдың қызметтері ақылы негізде көрсетіледі. Сонымен қатар, судья тараптарды олардың келісімінсіз делдал болуға үміткермен кездесуге міндеттеуге құқылы емес. Татуластырушыға келетін болсақ, сот тараптарға татуласудың нысанасы мен рәсімін түсіндіру үшін делдалдарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін, өзі тағайындаған адаммен (іс жүзінде – делдал болуға үміткермен) кездесуді ұйғаруы мүмкін. Алайда, айтылған сөз АПК-ның 832-7-бабында көзделген тәртіппен татуластырушының тараптар арасында татуласу процесі барысында қол жеткізілген келісімнің (оның ішінде ішінара келісімнің) хаттамасын жасауын жоққа шығармайды, керісінше болжайды. Қазіргі уақытта Францияда 1900-ге жуық сот татуластырушысы бар. Қараңыз: АПК-ның 21, 98, 127-131, 829, 831, 832-832-10, 833 -835, 840, 847, 847-3-баптары; сондай-ақ қараңыз: АК-ның 231, 244, 251-251-3, 254, 822, 2245-баптары. Сот татуластырушылары туралы толығырақ 2007 жылғы 2 ақпандағы № 2007-148 заңмен енгізілген өзгерістері бар 1995 жылғы 8 ақпандағы № 95 - 125 Заңның II бөлімінің I тарауын қараңыз; сондай-ақ қараңыз: 2006 жылғы 12 маусымдағы № 2006-687 Декретпен енгізілген өзгерістері бар Татуластырушылар туралы 1978 жылғы 20 наурыздағы № 78-381 Декрет24.
Достарыңызбен бөлісу: |