2. Салық және оның құрылымы. Мемлекеттік бюджеттің негізгі көзі салықтар болып табылады. Салық салу жүйесіндегі басты мәселе - ол толық және тиімді түрде қайтарымдылық принципіне сүйенуі тиіс. Салықтың толық және тиімді қайтарылуы ғана салық механизмін қоғамдық ұдайы өндірістің маңызды буынына айналдырады. Салық салу экономиканың циклдік дамуына ықпал ету, инфляциямен күресу, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды құру, әскери бағдарламаларды жүзеге асыру, әлеуметтік жанжалдарды бәсеңдету т.с.с. үшін қолданылады. Бірақ салықтық саясаттың негізгі міндеті бюджет кірісін қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру(немесе шектеу), елдегі табысты реттеу болып табылады.
Салықты екі үлкен топқа тікелей және жанама салықтарға бөледі. Тікелей салықтарға пайдаға, еңбек ақыға, дивидендтерге, биржалық және валюталық операцияларға, салымдар боыйнша пайыздарға салынатын салықтар жатады. Тікелей салықтар конъюнктураны тұрақтандыру функциясын атқарады. Құлдырау кезінде салықтан түсетін түсімдер автоматты түрде қысқарады, ал өсу кезінде мемлекет салық көлемін арттырады.
Жанама салықтарға сатуға салынатын қосымша құн салығы, тауарлар мен қызметтерге салынатын акциз, кедендік тарифтер жатады. Жанама салықты салық салынатын тауарлар мен қызметтерді сатып алған адамдар мен ұйымдар төлейді.
Салықтық түсімдер мен мемлекеттік бюджеттер арасындағы байланысқа қатысты фискалдық саясаттың дискрециялық және дискрециялық емес деп аталатын түрлері қарастырылады. Дискрециялық фискалдық саясат дегеніміз- мемлекеттік шығындардың, салықтың, мемлекеттік бюджет сальдосының жұмыспен қамтылу, өндіріс, инфляция, төлем балансы деңгейлерін өзгертуге бағытталған арнайы үкімет шешімдерінің нәтижесінде өзгеруі. Ал дискрециялық емес фискалдық саясат дегеніміз- мемлекеттік шығындар мен салықтың және мемлекеттік бюджет сальдосының жиынтық табыстың циклдік ауытқуы нәтижесінде автоматты түрде өзгеруі.
Көлеңкелі экономика тұсында бірқатар салық төлеушілер салықты төлеуден бас тартады. Кәсіпорындар заңды түрде тіркелмеуі мүмкін, сондықтан олардың қаржылық есеп беруі міндет емес. Сол себепті мұндай кәсіпорындар салықты да төлемейді. Іскерлік операцияларды жүзеге асыру үшін олар жалған(заңсыз) құжаттарды, мөрлерді пайдаланады. Мұндай қызмет қылмыстық жауапқа тартылады. Ал кейбір көлеңкелі мәмілелерді заңды тіркелген кәсіпорындар да жүргізеді. Мұндай операцияларды бухгалтерия есепке алмай, жасырып тұрады.
Ғалымдар мен саясаткерлер салық төлеуден жалтарудың себептерінің біріне салықтың деңгейінің өте жоғары болуын жатқызады. Бұл жөнінде 3- тақырыпта Лаффер қисығының мысалында толық тоқталған болатынбыз.
Достарыңызбен бөлісу: |