Дәріс жоспары:
1.ҚР экспорты мен импорты.
2.ҚР сауда саясаты
Дәріс тезистері:
1. ҚР экспорты мен импорты.
Халықаралық экономикалық байланыстардың іргетасы халықаралық еңбек бөлінісі болып табылады.
Халықаралық еңбек бөлінісі дегеніміз – елдер мен аймақтардың нарықтық айырбасқа негізделген белгілі бір тауарлар мен қызметтер өндірісінде мамандануы. Ол алғашында табиғи және географиялық артықшылықтардың негізінде қалыптасты.
Сыртқы саудаға қатысты америкалық ғалым Майкл Портердің теориясы Д. Рикардо мен Хекшер- Олин теорияларының сыртқы сауда құрылымын түсіндірген кезде маңызды болғандығын, ал бүгінде олардың практикалық мәндерінің жоғалғандығын көрсетеді. М. Портер салалар мен фирмалардың бәсеке артықшылығын қалыптастыратын төмендегідей детерминанттарды атап көрсетті. Оларға келесілер жатады:
белгілі бір сапа мен көлемдегі өндіріс факторлары;
берілген сапа өніміне деген ішкі сұраныс шарттары, оның сандық және сапалық параметрлері;
әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және қолдау көрсетуші салалардың болуы;
ішкі нарықтағы фирма стратегиясы.
Сыртқы саудада тауар мен қызметтерден басқа капитал да сыртқа шығарылады және сырттан әкелінеді. Тауар мен қызметтерді экспорттауға қарағанда капиталды сыртқа шығару мәні жағынан перспективаға бағытталған. Капитал болашақта пайда табу үшін экспортталады. Капитал экспорты қаржылық құралдар (несиелер, займдар, бағалы қағаздарды сатып алу) түрінде, сонымен қатар біріккен кәсіпорындар үшін техналогиялар, материалдар мен жабдықтар беру жолымен жүзеге асырылады.Экспортталатын капитал қысқа мерзімдік, орта мерзімдік және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Ұзақ мерзімді салымдар 5 жылдан артық мерзімге салынады. Олар тікелей салымдар және портфельді салымдар болып бөлінеді.Тікелей салымдар кәсіпорынға бақылау жасауға, ал портфелді инвестициялар дивиденд алуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда аталған және сыртқы саудада болатын проблемаларды реттеп шешіп отыру үшін тиімді сауда саясаты қажет.
2. ҚР Сауда саясаты. Сауда саясаты – бұл салық, субсидия импорт пен экспортты тікелей шектеу арқылы жүргізілетін үкіметтің бюджет – салық саясатының бір бағыты.
Көп экономисттер сыртқы сауданы ырықсыздандыру жағында, олардың пікірінше саудалық шектеулер тек қана қысқа мерзімдік сипатқа ие, ұзақ мерзімде тек еркін сауда ғана экономикалық ресурстарды ұтымды орналастырып, пайдалануға ықпал етеді. Дегенмен, еркін сауданың жолында үлкен кедергілер бар. Оларға квота, тариф, экспорттық – импорттық шектеу тағыда сол сияқтылар жатады.
Тариф – бұл импортқа салынатын кедендік баж салығы. Тарифтің енгізілуі импорттық тауар бағасын дүние жүзілік бағадан арттырып жібереді, яғни
Pi = Pm + Pm * Kt
Мұндағы Pi – импорттық тауардың біздің ішкі нарығындағы баға, Pm – дүние жүзілік баға, Kt – тарифтік ставка, Pm * Kt – тарифтік көлем.
Импорттық тариф осы импорттық тауарға ұқсас өнім шығаратын отандық өндірушілерді қорғайды. Керісінше, отандық тұтынушылар ұтылады, себебі көтерілген баға арқылы қосымша «салық» төлейді. Бірқатар кемшілігіне қарамастан еркін сауданы шектеуді қорғайтын аргументтер өте көп.Олардың негізгілері:
- кедендік тарифтар қорғаныс саласының өнеркәсібін қорғауға жағдай жасайды. Соғыс бола қалған жағдайда әр елдің өз әскери өнімдері болған дұрыс;
-кедендік тариф ішкі ресурстардың жұмыспен қамтылуын арттыруға, жиынтық сұранысты ынталандыруға жағдай жасайды. Импортты шектеу нәтижесінде таза экспорт артады, бұл жұмысбастылық пен өндірісті өсіріп, төлем балансының жағдайын жақсартады;
-кедендік тариф ҒТП арқасында пайда болған ұлттық экономиканың жас жаңа салаларын шетел фирмаларының тарапынан болатын бәсекеден сақтайды;
-егер Үкімет кедендік тарифті қолданбаса, арзан жұмыс күшін пайдаланатын шетел фирмалары ішкі нарыққа арзан импорттық тауарлардың келуін арттырады. Нәтижесінде ішкі баға төмендегеннен кейінгі жалақы деңгейі де төмендеп, елдегі өмір сүру деңгейі нашарлайды;
-кедендік тарифтер отандық өндірушілерді демпингтен қорғайды.
Сыртқы сауданы тарифтік реттеу әдісімен қатар тарифсіз реттеу де қолданылып тұрады. Оларға сапа стандарты, санитарлық шектеу, жабдықтардың экологиялық сипатына қойылатын талап, импорттау лицензиясын шектеу, белгілі бір елдерде жекелеген өнім түрлерін шығаруға әкімшілік тыйым салу, импорттық және импорттық квота. Квота бойынша жылына әкелінетін импорттық тауардың көлеміне немесе құнына шек қойылады. Ал тариф бойынша сандық жағынан шек қойылмайды. Тарифті де, квотаны да енгізу кезінде ішкі баға дүние жүзілік бағадан жоғары қойылады, импорттық тауарлардың ұсынысы азаяды.
Достарыңызбен бөлісу: |