Адамның бос уақыты (қосымша мәтін).
А. Адам болып бұл дүниеге келгесін ащының да, тұщының да дәмін татамыз. Дегенмен, барлығына бір сәтте қол жеткізгіміз келетіні тағы бар. Өмірді сүре келе түсіне бастаймыз, түсінгендей боламыз. Қателігімізден сабақ алып, қымбатымыз бен арзанымыздың ара жігін ажыратамыз.Сіз үшін қымбат не? Сұрақ жеңіл болғанмен, сауалға жауап лезде табы-ла кетпейді. Қымбат ұғымын әркім әр түрлі топшылайды. Бірі-Отан, бірі-Ана, бірі-денсаулық ұғымына теліп жатады. Ал кез-келген табысқа жету үшін адам өз уақытын дұрыс пайдалана білуі керек. Шайтан адамды: «Бұл дүние бір-ақ рет беріледі, әлі жассың, нағыз шалқып жүрер кезің, жас күніңде ойна да күл»,-деп азғырады. Сол сөздің жетегіне еріп, «темірді қызған кезінде соғатын» сәтімізді жіберіп аламыз. Бей-берекет өмір сүруге дағдыланып, кейін «қап» деп сан соғып қалатындар да бар. Ұйқы — уақыт тапшылығын тудыратын негізгі фактор. Ақиық ақын Мұқағалидың:
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала жансар өлімменен.
Қанша менің өлді екен уақытым,
Ақ жастық, ала жастық кебіндеген, -деген өлең жолдарынан-ақ ұйқының қаншама түндер бойы уақытымыздың көп бөлігін ұрлап жатқандығына көз жеткізуге болады. Ұйқымен қоса енжарлық еркіңізді билеп алса, сіздің алдыңыздан жарқын болашақтың жолы көріне коюы неғайбыл. Бір күндік ғұмыр кешетін көбелектердің өзі азаннан кешке дейін гүлден-гүлге қонып, тіршілік етеді. Оған қарағанда адамның өмірі ұзақ бола тұра, мәңгілік өмір сүретіндей «әлі талай күн бар ғой» деп екі аяқты керіп жатады. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Екі қолды бос қойып бір тәулікті құрайтын 86400 минутыңызды жоғалтқанда, өз әмияныңыздағы 86400 теңгені жоғалтқандай күй кешіңіз. Ішіңіз удай аши ма? Ендеше, әрбір минутыңызға жаныңыз ашысын. Бәлкім, сонда уақыттың қадірін түсінерсіз.
Ә. Уақыт сіздің уысыңызда тұрмайды. Таудан тоқтаусыз ағатын мөлдір бұлақ суы сықылды уақытта үзіліссіз өте береді. Таудың мөлдір таза бұлағына түссең, тәнің тазарып, рахаттану сезімін кешесің. Ал, жай оған көз жүгіртіп қарап отырсаң, саған келер пайда жоқ. Уақытты да қалай болса солай өткізер болсаң үміт артар жол сілтей қоймайды, ал уақытты үнемді пайдаланып, ұлы мақсат жолына құрбан етсең еңбегін еш кетпейді. Осы турасында «Таңғажайыпты күтпе, таңғажайыпты жаса» деп айтылған қанатты сөз орынды. Сәні мен салтанаты жарасқан жиында сіз үшін ешкім билеп бермейтіні секілді, арманға қол созбасаңыз — өмірдің бекер өткендігі.
Уақытты үнемдеу үшін мен бәріне бірдей үлгеремін деген принциптен бас тартыңыз. Бәріне үлгердім деп жасаған сапасыз дүниеңіз кімге қажет? Оны қайта жасау арқылы бір жұмысты екі жұмысқа айналдырасыз. Парето заңында: «20% атқарылған іс 80% нәтиже береді» деген тұжырым бар.
Қарап отырсаңыз, уақыт үнемдеудің бірнеше тәсілдері бар. Бірінен кейін бірі кезек күттірмейтін тәсілдердің негізгі бес тәсілін оқырман игілігіне атап өтсек:
1. Өз жұмыс үстеліңізді ыбырсытпаңыз. Қалай болса солай жатқан заттар назарды дұрыс нәрселерге аударуға кедергі жасайды.
2. Жұмысты бітіретін мерзімді өз күшіңіз бен мүмкіндігіңізге қарап белгілеңіз.
3. Тек өз басыңызға ғана арналған уақыт бөліңіз. Оған сіздің хақыңыз бар.
4. Адамдарға мейірімді, уақытқа келгенде сараң болыңыз.
5. Бір жұмысты бітіріп, содан кейін ғана келесісіне көшіңіз.
Өмірге күнде келіп жатқан жоқсыз, ойыңыздағы арманыңыз бен мақсатыңызға жету үшін уақытты тиімді пайдалануды дағды етіңіз. Уақытты тиімді пайдалану дегеніміз — жақсылыққа ұмтылу. Әрбір сағатыңыздың тықылы сіздің өтіп бара жатқан өміріңіз, сіз өз өміріңізге бей-жай қарамайтын боларсыз.?! Ендеше күн сайын кететін уақытыңыздың бір бөлігін кітапқа арнаңыз, екінші бір бөлігін спортқа дегендей. Ниет болса болғаны, қалған игі дүниелер табыла кетеді. Күннің шығысынан кештің батысына дейін беріліп жатқан ұзын-сонар сериалдарға қарап, уақытыңызды сарп етпеңіз!
Біздің еліміз Қазақстан ұлан-асыр жерімен қоса, табиғи байлықтан да кенде емес. Мәселен, әлемдік державаға айналған АҚШ біз секілді табиғи байлыққа тұнып тұрған жоқ, бірақ халқы бізден де жақсы өмір сүреді. Мұның сыры неде? Әрине, тағы да уақытқа келіп тіреледі. Олар уақытын босқа жұмсамайды, бір мамандықты таңдап соның жолында аянбай тер төгеді. АҚШ-та ең танымал адамдар мен ең бай адамдар ғұмыр кешеді, олар әрқашан жұмыс басты болады да, тіпті оларға уақыт жетпей қалады. Халқының көпшілігі бай болуға ұмтылады, соның жолында күн демей, түн демей жұмыс істейді. Халқы бай мемлекеттің экономикасы өрлей береді, күннен күнге қуаттанады. Ал бұл жаман ба? Бізде «шүкір, осы да жетеді» деген түсінік бар. Иә, қанағат қылған дұрыс. Бірақ «шүкір» деген бір ауыз сөзбен тоқтап қалуға болмайды, жасаған дүниені жалғастырып, дамыта беру керек. Ал мұның бәрі уақыт шеңберін айналып өтіп кете алмайды. Біздің де мемлекетіміздің әлемдік державаға айналатындай мүмкіндігі бар.
Бір сәттік өмірімізді уақытпен өрнектеп, кемел келешек жолында тынбай еңбек етейік!
Достарыңызбен бөлісу: |