Батырып тігу. Бұл былғары, киіз, көрпе сияқты қалың заттарға ғана қолданылады. Оның үстіңгі өң жағы өте жиі шаншылып, ал астыңғы жібі қатты тартылып алыс шаншу арқылы үстіңгі жіпті сіңіріп отырып тігіледі. Шебер неғұрлым жіптің өң бетте көрінбей тұруын қарастырады.
«Бұзау тіс», тұмарша орындалу жағынан қарапайым, жүрдек тігістер. Бұзау тіс екі жапсарды қосатын тігіс. Бұл әдіспен көбінесе қалың киіз, жабағы сияқты заттарды шеттестіріп тігеді. «Бұзау тіс» тігісі заттың шетін кезек түйреп алып, жапсардан өткізіп отыру арқылы орындалады. Тұмарша тігісін көбінесе орамалдың шетін жинауға қолданады. Бұл тігіс матаның шетін бекітіп, соның ізімен қайта жөрмеу арқылы орындалады.
Бүрме тігіс әр түрлі желбірлерді, қос етектерді бүре жап-сырғанда, бүрмелі жағаларға, етіктің басын қалыпқа салып ұлтарақшаға жапсырғанда, бір заттың шетін жинай тіккенде қолданылады. Бүрме тігістер көбінеее екі қатар жүргізіледі. Мұнда иненің әрбір шаншымы сиректеу келеді де, жіптің бүре тартылуымен жиырыла тігіледі. Бүрмелердің қатпар жасалып, тізбелей жиырыла тігілуі мүмкін.
Есіп жөрмеу — көбінесе су таситын қарын, мес, матадан, кенептен тіккен сондай ыдыс қапшықтардың шеттерін тіккенде, кейде орамалдың шетін бүге тіккенде қолданылады. Ондай заттардың қусырындысын, шеттерін сол қолдың көмегімен ширата бүктемелеп отырып жөрмеп тігеді. Сонда шет бүктесін тігісі ескен сияқты болып өз-өзіне кіріге жұмырланып түседі.
Жапсырма тігу — бір заттың бетіне жамау салып жапсырғанда, әдіптердің шетін тіккенде, әдіп орнына лента сияқты кенерелі заттарды бастырғанда қолданылатын әдіс. Мұндайда жапсырылатын материалдың шетін түйреп шыққан ине астыңғы материалдың үстінен (жапсырмаға, жамауға соқпай, тек оның іргесінен ғана) төмен шаншылады да, үстіне қарай жапсырманы қоса түйреп шығып, алғашқы бағытын қайталай береді. Бұлай етіп тіккенде жапсырылған заттың шеті жинала басылып отырады.
«Қабырға» тігіс қол инемен көркемдеп тігу әдісінің бір түрі. «Қабырға» тігісімен ұзынды-қысқалы жарыса тігілген ұзын сызықтар арқылы ендірме, бастырма, қабырға өрнектері тігіледі. Қабырға тігісі екі сызықтың арасымен немесе матаның бетіндегі төқыманың белгілі бір жолағымен үнемі біркелкі етіп көлденең өрай шаншып отыру әдісі арқылы тігіледі. Киімнің бойын, шалбардың балағын, жеңді, олардың екі шетін жалғастыра тігу ісін қусыру деп атайды. Мұндай тігістерде жөрмеу, тепшу, қаю, өбістіру, тебе тігу сияқты тігіс өдістерінің түрлері қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |