«СЫҢАРӨКЕШ» ою-өрнегі «сыңармүйіз» оюында айтылғандай, мүйіздің бір сыңары етіктің басына ұқсап, қайқиып, қайталанып, шексіздікке ұласа береді. Бұл өрнек негізінен «қошқармүйіз» элементінен жасалады.
«СУ ӨРНЕГІ» деп әрбір өрнекті беліп тұрған жолақты айтады. Су өрнегі екі қатар сызық аралығында ирек сызық арқылы дөңгелек, төртбұрыш бейнелерді жасайды. Бұл ою-өрнекті «бессаусақ», кейде «бесгүл» деп те атайды.
«ЖЫЛАН», «жыланбас» ою-өрнегі балалардың тақия-сына «көз тимесін» деп тағатын, жыланның бас сүйегіне ұқсас ою-өрнек. Бұл ою-өрнек жыланның бейнесін тұспалдап тұрады.
5. Кесте тігу - сәндік қол өнерінің бір түрі. Мата, тері, киіз, т.б. материалдар бетіне әр түрлі боялған жіптермен, жібек зерлермен сурет, өрнек салып тігу арқылы жасалады. Ежелден халық арасына кең тараған. Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш-үйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар.
Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қарамақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді.
Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады.
Әредік кестеде материалдың әр жері өшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады.
Шым кесте, тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырады.
Қазақ халқының қол тігістері өзінің тігілу әдісі мен мәнеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді де, олардың әрқайсысы өз атауларымен аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |