40.Асан қайғының дүниетанымдық көзқарасы
«Асан Қайғы туралы алғашқы жазбалар және дәуір шындығы» деп аталатын тарауда Асан Қайғы туралы аңыздардың ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ш. Уәлиханов, Г.Потаниндердің зерттеулері мен жазбалары арқылы және «Дала уалаяты газетінде» жарияланған нұсқалары сол дәуірдің шындығымен салыстыра қарастырылады. Аңыздар - халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларды баяндайтын халық прозасының бір түрі. Онда халықтың тарихи оқиғаларға берген бағасы, дүниетанымы, көзқарасы, өткен оқиғадан алатын тағылымы, тіршілікте көздеген арман-тілегі суреттеледі. Аңыз ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарағандықтан, оның мазмұнына халық басынан өткен түрлі тарихи кезеңдер өз таңбасын қалдырып, бағасын беріп отырады. Белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүрген әрбір ұрпақ ата-бабадан жеткен тағылымды әңгімеге өз тұсындағы өзекті мәселелерді де қосып отырады. Асан туралы аңыздардың алғаш жазбаға түскен көне нұсқаларында сол дәуірдің танымы мен тағылымы тіркелген. ХІХ ғасыр қазақ тарихында Ресей отаршылдығы түбегейлі орнаған, жаңа саяси және экономикалық реформалар жүрген, сол реформалар әкелген өзгерістердің салдарынан қазақтың көшпелі тіршілігіне аса қажетті көшіп-қонар қоныстарының тарылуы халықтың саяси және рухани танымдарына үлкен өзгерістер әкелді. Ол өзгерістер халық аңыздарында, өлең-жырларына, жекелеген ақындар шығармаларынан көрініс алды. Заман бейнесін өз шығармаларының негізгі арқауына өзек етіп алған ақын-жыршылардың қалың қатары шықты. М. Әуезов мұндай ақындар қатарын «зар заман ақындары» деп атап, сол күйді енгізген ақындардың алғы шебі Асан Қайғыдан басталады деп көрсетеді: «Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шаншулы мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғаш рет қалың елдің қамын ойлап, күңіренген - қария Асан. Алғаш рет келешек заманның құбыжығын сезіп, тұспалмен белгі беріп, болжал айтқан Асанқайғы. Сол заманның өзінде басқа жерге ауайық десе де, өлең сөзді қауымның қызметіне жаратуға кіріскен тағы да сол. Кейінгіге ел қамын жоқтаған мұң зар сарынын тастап кеткен де сол. Зар заман ақындарының барлығындағы сары уайым - Асан бастаған сарын. Сондықтан зар заман ақындарының алғашқы белгісі Асанқайғыдан басталады дейміз»
Достарыңызбен бөлісу: |