47. ХІХ-ХХ ғасырлар ятоғысындағы қазақ қоғамдық ой-өрісі және қазақ әдебиетіндегі негізгі бағыттар.
Ұлттық әдебиеттану ХХ ғасырдың 80-90 жылдар тоғысында белгілі бір себептер негізінде туындаған идеологиялық қиындықтардың шешімін табу жолында еңбек етуде. Бұл саладағы жұмыс екі бағытта жүргізіліп келеді: идеологизация мен әдебиетке деген таптық көзқараспен қатар, ХІХ және ХХ ғасырлардағы отандық классикаға деген нигилистік көзқарасты жою. Бір уақыттары гуманитарлық ғылым салалары басынан өткерген теориялық дағдарыстың біртіндеп игерілуі әдеби процеске деген тарихи көзқарастың қайта оралғандығын, көне дәуірден бүгінге дейінгі қазақ әдебиетінің тарихын ғылыми негізде қайтадан зерделеп, жаңғыртуға деген ұмтылысты танытады.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жаңа 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихын» жасауға кірісті. Отандық әдебиет тарихын бүгінгі күн тұрғысында қарастыратын іргелі ғылыми еңбек қазірде тек жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар мектептерге де қажет болып отыр. Себебі онсыз жаңа ұрпаққа сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау мүмкін емес.
Әдебиет тарихын жаңадан жасау тек тарихилық принципінің қажеттілігінен келіп туындайтын концепцияға ғана емес, ең бастысы әлем әдебиетінің және ұлттық көркем ой мен мәдениеттің даму заңдылықтарына негізделген. Бұл азаматтық тарихқа немесе мемлекеттің саяси тарихына көзсіз еру емес екендігін көрсетеді, бірақ қоғамның рухани өмірі сол елдің тарихи және саяси-әлеуметтік жағдайымен тығыз байланыста екенін ешкім де жоққа шығара алмас.
Әдебиеттің 10 томдық жаңа тарихы эстетика заңдылықтары тұрғысынан көркем сөз эволюциясы бойынша жаңаша кезеңдерге бөлінетін болады. Бұл қазақ әдебиетінің өз көркемдік дамуында үш үлкен этапты жүріп өткендігін көрсетеді: 1) Абайға дейінгі әдебиет (ежелгі және ортағасырлық кезең); 2) Абай дәуіріндегі әдебиет (жаңа дәуір); 3) Абайдан кейінгі әдебиет (қазіргі кезең).
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті шартты түрде 1900-1920 жылдар аралығындағы мерзімді қамтиды. Бұл кезеңдегі әдебиетке тән өзіндік ерекшеліктер мол. Алдымен, ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиет жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы ең бір жемісті де түрлі ізденістерге толы кезең болып табылады.
ХХ ғасырдың басы – қазақ халқы бүкіл қоғамдық ой-пікірдің жаңаша өрлеуіне бағыт алып, Ресей патшалығы тұмшалаған ой-сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше ұлттық сананың өркенді саласы әдебиеттің күрт алға басуы, қоғамдық ой-сананың көрсеткіші ретіндегі қазақ баспасөзінің осы кезеңде дүниеге келуі – дәуір талабы әкелген өзгеріс. Бұл тұста Абай дәстүрін жаңашылдықпен дамытқан Шәкәрім шығармашылығы өзіндік биігіне көтерілсе, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан т.б. тәрізді бірегей таланттар көркемдік деңгейі жоғары туындыларын жариялай бастады.
Қазақ кітаптарының даму тарихына арналған еңбектерде ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ кітаптарының сапалық жағынан да, сандық жағынан да күрт өсуі дәлелді айтылған. Мәселен, зерттеуші Ә. Жиреншин 400 кітап атауы мен 180 басылымды атаса, кітап шығару ісін тереңдей зерттеген С. Есова, У. Суханбердина, Д. Сейфуллиналар 480 кітап атауы мен 720 басылымды көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |