Сауықтыру бағытындағы функциялық қызметтер деп, дене мәдениеті сабағын ұйымдастырып өткізу кезіндегі мұғалімнің дамытушылық, сауықтырушылық қызметтерін басшылыққа алуы деп түсінеміз. Бұл қызметтерді талдайтын болсақ, олар дене тәрбиесі мен спорт қызметі көмегімен, біріншіден, қазіргі өмір жағдайында пайда болатын қозғалыс, қимыл белсенділігіндегі кемістіктерді өтеуді, екіншіден, ағзаның қызмет атқару мүмкіншілігінің жұмыс қабілетін арттыруды және қолайсыз әсерлерге қарсылығын жетілдіруді айқындайды.
Бұл функциялық қызметтер төмендегі негізгі талаптарды орындағанда ғана, мәселен: денені сауықтыру құндылығы бар ғылыми негізделген дене тәрбиесінің құралдары мен әдістерін қолдануы; денеге түсетін жүктемелер оқушылардың мүмкіншілігіне байланысты жоспарлануы тиіс; дәрігерлік-педагогикалық бақылау кез-келген оқу-тәрбие үдерісінде міндетті түрде орындалуы қажет; санитарлық-гигиеналық тазалық талаптарды сақтауда; күн сәулесін, ауа мен суды тиімді пайдалану- міне бұның бәрін дене жаттығуларымен айналысуды ұйымдастырғанда, оқушыларда дене мәдениетін қалыптастыруда назардан тыс қалмауы керек.
Оқушылардың жан-жақты даму қағидасы қоғамдағы мектеп оқушыларын тәрбиелеу үдерісінің мақсатын айқындайды. Дене тәрбиесінде бұл қағидалар екі негізгі талаптың орындалуын қарастырады: дене мәдениетін қалыптастыру ақыл-ой, еңбек, адамгершілік және эстетикалық тәрбиемен тығыз байланыста жүргізгенде керек; дене тәрбиесі бойынша жүргізілетін жұмыстарды жоспарлағанда дене қабілетінің келісімді, үйлесімді дамуын, сонымен бірге, қозғалыс біліктілігі мен дағдысын және арнаулы біліммен қарулануын қамтамасыз ететіндей ұйымдастырғанда қажет.
Дене мәдениеті мен спорт түрлерінің байланысы тәрбиенің барлық түрлерінің қолданбалы бағытын білдіреді. Бұл талаптарда: дене мәдениетінің мазмұны бәрінен бұрын өмірге қажетті қимыл-қозғалыс (жүру, жүгіру, секіру, жүзу және т.б.) кезіндегі біліктілік пен дағдыларын қалыптастыруда, оларды оқу бағдарламаларына ендіруде; жан-жақты дене мәдениетін қалыптастыру арқылы жалпы орта мектеп оқушыларының дене даярлығы мен дене бітімін жетілдіру, дене мәдениетін қалыптастыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде оның қабілетінің әртүрлі іс-әрекетті мүмкіншілігі болатындай дәрежеде болуы; еңбек және елжандылыққа, өз елін сүюге оны қорғауға тәрбиелеу ісінде дене жаттығуларымен айналысуды кең көлемде пайдалану іс-жүзінде асырылады.
Дене тәрбиесін оқытудың әдістемелік жүйесі бір-бірімен өзара байланысқан бес бөліктен тұратын құрылым: оқыту мақсаттары, мазмұны, әдістері, құралдары мен ұйымдастыру түрлері. Әдістемелік жүйелер жалпы білім беретін орта мектеп практикасында тәжірибеден өте отырып, көптеген жылдар бойында қалыптасады. Әдістемелік жүйені жетілдіру үрдісі төмендегі заңдылықтарға бағынады:
1. Әдістемелік жүйенің бір немесе бірнеше бөліктерінің өзгеруі оның қалған бөліктерінің немесе бүкіл әдістемелік жүйенің өзгеруіне әкеліп соғады.
2. Кез келген әдістемелік жүйе өзіне шешуші әсер ететін нақтылы өмірмен тығыз байланысты. Әдістемелік жүйедегі жетекші орынды оқыту мақсаттары алады, анықтап айтқанда жалпы білім беретін орта мектептерде сол арқылы кез келген пәнді оқытудың міндеттері анықталады.
Оқытудың әдістемелік жүйесін жетілдірудің жалпы принциптерін қарастырайық. Әдістемелік жүйедегі жетекші орынды оқыту мақсаттары алатын болғандықтан, оны жетілдірудің негізгі ұстанымы мақсатқа бағыттау ұстанымы болады. Біртұтас әдістемелік жүйені немесе оның бөліктерін жетілдірудің бағыты мен сипаты оқыту мақсаттарына сәйкес болуы тиіс.
Әдістемелік жүйені жетілдірудің келесі маңызды талабы, оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі ұстанымы болып табылады. Білім оқыту мен тәрбиелеуден құралатыны белгілі, сондықтан әдістемелік жүйені жетілдіру үдерісінде оқытудың дидактикалық және тәрбиелік жақтарының бірлігін, педагогика мен психологияның алдыңғы қатарлы жетістіктерін ескеру қажет.
Әдістемелік жүйенің жеке бөлігінің өзгеруі, жүйенің біртұтас құрылым ретінде жойылуына алып келуі мүмкін. Жүйедегі өзара байланыстарды толық түрде ескеру қажет. Осыған байланысты өзара байланыс ұстанымын атауға болады. Оқытудың әдістемелік жүйесін жетілдірудің ұстанымдары Қ.І.Адамбеков, С.Тайжанов, А.Қарақов, С.Қасымбекова, Ж.К.Оңалбек, Б.Қ.Мухамеджанов және т.б. еңбектерінде қарастырылған. Бұл еңбектерде педагогикалық жоғары оқу орындарының болашақ дене мәдениеті және спорт мамандықтары студенттеріне дене тәрбиесі сабақтарын және таңдап алған спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу сабақтарын оќытып үйретудің әдістемелік жүйесін қалыптастыру жолдары зерттелген.
Біздің елімізде, әлеуметтік және экономикалық реформалардың жүзеге асырылуы негізінде болашақ 12 жылдық білім беру мектебімен қазіргі мектептің басты міндеттерінің бірі – нарық жағдайына бағдарланатын, адамгершілігі мол, саяси әлеуметті сауатты адамға қоғамның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыру. Оны шешу тек қана дене мәдениеті білімінің тұжырымдамалық, әдіснамалық, теориялық және дидактикалық негіздерінің жасалуына тікелей байланысты.
Жалпы орта білім беретін мектептің басты мақсаты- алдыңғы қатарлы жасөспірімдерді тәрбиелеу, адамзаттың мәдени және өнегелілік деңгейі мен оның ой-өрісін арттыру, оқушыларға дене тәрбиесін оқытып, үйрету мен Отанды қорғауға дайындау. Білім саясатының өзекті мәселелері – жалпы орта мектеп қабырғасында кәсіптік бағдар негізінде болашақ мамандығын таңдауға даярлаудың сапасын жақсарту, біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту, оқытып үйтетудің әдістері мен ұйымдастыру түрлерін өзгерту, педагогикалық оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруды қайта құру, ондағы алдыңғы қатарлы оқу-тәрбие тәжірибелері мен қазіргі қоғамның сұраныстарының алшақтығын жою, білімдегі жаңашылдықты саралау, білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз етуде оның рөлін арттыру.
Жалпы орта мектепте білім берудің сапасын қамтамасыз етуде орта білімді дамытудың негізгі жолы мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру болса, қазіргі кезде жалпы орта мектептерде оқу-тәрбие үдерісінің жаңа тәсілдері ұсынылып, жаңа талапқа сай бәсекеге қабілетті мемлекеттің болашақ қоғам мүшесін дайындау үлгісі жүзеге асырылатын болады.
Жалпы орта мектептегі дене мәдениетінен білім беру және оның қоғамдық құрамдас бөлігі – дене тәрбиесі сабағы негізінде мектеп оқушыларының жеке өзіне қажетті қабілеттерін жетілдіруге, өзін-өзі тәрбиелеу және жан-жақты білімді етіп дамытуға, оларды азамат, зерделі оқушы ретінде қалыптастыруға бағытталған біздің мемлекетіміздің заңды құжаттарымен нақтыланып, рәсімделген.
Денсаулығы мықты, дене сапалары, дене бітімі қалыптасқан оқушы ғана өз қимыл-әрекетін өмірлік маңызды міндеттерді шешуде шығармашылық бағыт ұстана отырып, белсенді өмір сүруге қабілетті болады. Дене мәдениеті білім мен тәрбие беру саласының басты міндеттерінің бірі бола отырып, мектеп оқушысының жеке тұлғалық жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне себепші болады.
Демек, жалпы орта мектептерде дене мәдениеті және спорт саласы бойынша кейбір мәселелерді кешенді түрде зерделеу осы тұрғыда мектеп оқушыларының дене мәдениетін қалыптастыру, қазіргі кезде зерттеу жұмысымыздың көкейкесті талабы болып отырғанын айта кету керек.
Оқушылардың дене мәдениеті бойынша білімі мен тәрбиесіне, олардың дене мәдениетін қалыптастыруға біршама ғылыми зерттеулер арналған. Алайда, аталған жұмыстарда жалпы орта білім беру мектептері оқушыларының дене мәдениетін қалыптастыру, олардың тұлғалық дамуын ескерумен байланысты ерекшеліктер жеткілікті ашылмаған. Сонымен қатар, мемлекеттің одан әрі дамуы, жақын болашақта дене тәрбиесі және спорт саласында кәсіби іс-әрекетпен айналыса бастайтын оқушылар тұлғасының дене мәдениетінің қалыптасу деңгейіне тікелей байланысты болып отыр. Сондықтан, жалпы білім беру жүйесінде еліміздің жалпы орта мектептерінде оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру міндеті қойылады және білім беруде дене тәрбиесіне, оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру жүйесі мен дене мәдениеті және спортты дамытуға орай білім беру саласын реформалаудың маңызды бағыттарының біріне айналады. Осыған байланысты, жалпы орта мектептерде оқушыларға дене тәрбиесін оқытудың мақсаты, оларда дене мәдениетін қалпытастыру, заманауи технологиялар негізінде оқытып, үйрету мен білім беруді басқаруда пайдалану туралы білімді меңгеру, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру және оны жетілдіру мен еңбек етуге дайындау болып табылады.
Мектеп жасындағы балалардың денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында: мектеп жасындағы балалардың дене тәрбиесі даярлығы жөнінде ұсынымдар, оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу; 5-сыныптан бастап қыздар мен ұлдарды бөлек оқыта отырып, барлық жалпы білім беретін мектептердегі дене тәрбиесінен аптасына үш реттік сабаққа көшу мүмкіндігін қарау; денсаулық жағдайына байланысты арнайы медициналық топтарға жатқызылған оқушыларға дене тәрбиесі туралы білімді меңгеруге жағдай жасау мен сабақтар өткізуге баса назар аудару; балалар мен жасөспірімдер спорт үйірмелерін, клубтарын құру арқылы жалпы білім беретін мектептерде дене тәрбиесі сабақтарының мазмұнын толықтыратын денені шынықтыруды ұйымдастырудың сабақтан мектептен тыс нысандарын жетілдіру; жалпы білім беретін мектептерге спорт түрлері бойынша оқыту күні ұзартылған және оқу-жаттығу үдерісі тереңдетілген мамандандырылған сыныптар ашуды ұсыну қажет етуде.
Оқушылардың дене тәрбиесін жетілдіру - денсаулығы мықты, денесі жан-жақты дамыған, алуан түрлі дене және ақыл-ой еңбектерін орындауға әбден қабілетті ұрпақты дайындау жөніндегі мемлекеттік қажеттілік талаптарына байланысты жүргізілетін іс.
Оқушылардың күнделікті дене тәрбиесі біріншіден, оқу пәндері мазмұнының ғылыми-теориялық деңгейін арттыруды, оны үйретудің белсенді әдістерінің кеңінен өндірілуін; екіншіден, балалардың сабақтан тыс уақытта қозғалыс әрекеттерімен көбірек айналысуын, сыныпта тәрбиелік шаралар өткізіліп, тиісті теледидар хабарларын көруді; үшіншіден, тұрмыста өркениет жетістіктерін пайдалануды көздейді. Мұндай жағдайлар оқушылар іс-әрекетінің негізгі түрлерінің сипаты - қозғалысқа деген табиғи қажеттілікті қанағаттандырып, дене мүсінін дұрыс қалыпта ұстауды қажет ететін бұлшық ет жиынтығының тұрақты жиырылуын қамтамасыз етеді. Эмоционалды-психологиялық артық күш түсіретін ақыл-ой қызметімен ұзақ айналысу дененің шаршауына әкеліп соқтырады. Ол денсаулық жағдайына, дененің шынығуына, жалпы оқушының дене тәрбиесіне жағымсыз әсер етеді. Ағзаны психофизилогиялық жағынан қайта қалпына келтірудің басты құралы дене жаттығуларымен айналысудың әр түрлі формаларын кеңірек қолдану есебінен оқушылардың жалпы және қозғалыс режімін оңтайландыру болып табылады.
Оқушылар дене тәрбиесінің толық мәнінде жүзеге асырылуы адамның денесін өмір бойы жетілдіріп отыруына негіз жасайды. Мектептен тыс мекемелердің (ұландар үйлері, спорт мектептері, т.б.) әр түрлі секцияларында, топтарда дене жаттығуларымен ұйымдасқан түрде айналысу -балалар мен жасөспірімдердің бос жүрмеу мәселесін шешудің және қоғамға жат қылықтардың көрінісін болдырмаудың да тиімді жолы. Жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие жұмысының бірыңғай жүйесіне дене тәрбиесін міндетті бөлім есебінде енгізу тәрбиенің әр алуан (дене, ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиесі) әдістерін өзара ұштастыра жүргізуді қамтамасыз етеді. Тәрбиеде түпкілікті нәтижеге жету -оның барлық жақтарының өзара байланысын қамтамасыз етеді. Сондықтан да, дене тәрбиесінің міндеттерін анықтағанда оның ерекшелігі ғана емес, сонымен бірге тәрбие мен білім берудің жалпы жүйесіндегі орны және атқаратын рөлі де есепке алынады. Осыған байланысты дене тәрбиесінің ерекше және арнайы емес екі категориясын ажырата білу қажет. Бірінші категорияға сауықтыру міндеттері: қозғалыс біліктілігі мен дағдыларын қалыптастыруға әкелетін біліктілік міндетерінің бір бөлігі жатады. Екінші категорияға тәрбиенің өзге түрлерімен байланысын көрсететін тәрбиелік міндеттер де, білім де, дағдыларға байланысты бейімділіктер де жатады. Осы айтылғандар оқушылардың дене тәрбиесінің міндеттерін төмендегідей ретте саралауға мүмкіндік береді.
Сауықтыру міндеттері:
- денсаулықты жан-жақты нығайтуға және үйлесімді дене дамуына көмектесу, дене мүсінін дұрыс қалыптастыру, дене бұлшық еттерінің әр түрлі топтарын дамыту, ағзаның барлық жүйесін және олардың функцияларын дұрыс және өз уақытында дамыту, жүйке жүйесін нығайту, зат алмасу үдерістерінің белсенділігін арттыру; оқушылардың жас мөлшеріне қарай дененің мүмкіндіктері мен жұмысқа қабілеттілігінің деңгейін қамту;
- ағзаның өзінің шынығуы үшін қолайсыз, жағымсыз жағдайларға қарсыласу деңгейін арттыру.
Білімдік міндеттер:
- тұрмыс жағдайында, еңбек қызметінде (жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу, ауыр заттарды көтеру, алып жүру, т.б.) және әскери-қолданбалы сипаттағы қимылдарда (кедергілерден өту, шаңғымен жүру, күрес элементтері, т.б.), табиғи қозғалыстарда өмірлік маңызға ие қозғалыс дағдыларын қалыптастыру;
- қозғалыстың берілген өлшемдеріне сәйкес күшті саналы түрде реттей білуді қажет ететін жаттығу техникаларын меңгеру есебінен қозғалыс тәжірибесін молайту;
- күрделілендірілген жағдайда дененің қозғалыс-қимылдарын басқару қабілеттілігін оның ішінде қозғалыстың жаңа түрлерін меңгеруді дамыту;
- дене қызметінің барлық түрлерін меңгерудің саналық негіздерін қамтамасыз ететін білім жүйесін қалыптастыру.
Тәрбиелік міндеттері - денені үйлесімді қалыптастырумен оқушыларды адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық және еңбек тәрбиесіне баулу.
Нақты оқу-тәрбие жұмысында оқушылар дене тәрбиесінің жалпы міндеттерінің айқындалуы және олардың шешілуі - үйрету мен тәрбиелеу кезеңдеріне, оқу материалы мазмұнының ерекшеліктеріне, жаттығулардың жас ерекшелігіне сәйкес келуіне негізделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |