Тұрмыс-салт ертегілері
Қазақ ертегілерінің ішінде тақырыбының көптігі
жағынан болсын, оқиға, әңгімелерінің молдығы жағынан
болсын, аса молы тұрмыс пен салтқа байланысты туған
ертегілер. Бұл топқа кіретін ертегілерде ескі заманнан
бастап, соңғы кезге дейінгі халық өмірінің әр алуан
жақтары қамтылады. Оларда халықтың қоғамдық өмірі,
тұрмыс-тіршілігі, дүниетанудағы көзқарасы, таптық сана-
сезімі, арман-мүддесі суреттеледі. Және де ертегінің
оқиғасы реалистік болмыстан алынады. Егер қиял-
ғажайып немесе хайуанаттар жайындағы ертегілерде
фантастика басым келіп отырса, тұрмыс-салт ертегілерінде
ол өте аз кездеседі. Мұнда адамның қиялынан туған
әңгімелерден гөрі, өмірде болған не болуға тиісті оқиғалар
басты орын алады. Сондай-ақ, тұрмыс-салт ертегілерінің
кейіпкерлері жалғыз көзді дәу, мыстан, жеті басты
жалмауыз, жезтырнақ т.б. бейнесінде болмай, нақты адам
бейнесінде болады; сол қарапайым адамдар жайы
айтылады.
Тұрмыс-салт ертегілерінің оқиғасы ертегінің басты
кейіпкері қарапайым адамның өмірін, ісін, тұрмыс-
тіршілігін, таптық, қоғамдық жайларын, әлеуметтік
көзқарасын суреттеуге құрылады. Бұлардың бәрі халық
ортасынан шыққан, ертегіге басты кейіпкер болып алынған
еңбек адамы арқылы баяндалады. Неше түрлі қиыншылық-
кедергілерді, ауыр халдерді, аңдыған, алысқан жау
амалдарын жеңетін де, сөйтіп, мақсатына жететін де
қарапайым адам болады. Бұдан, М.Горький айтқандай,
халықтың қоғам өмірінде, еңбекте өз күшіне және сол
күштің жеңіп шығатындығына сенгендігі көрінеді. Әрине,
халық ертегілерінде қарапайым адам айналасындағы
өмірден бөлек алынбайды, ол сол өмірдің ішінде жүреді,
соған белсене араласып отырады; ол, өмір шындығында
кездесетіндей, бірде жеңіп, бірде жеңіліп те жүреді. Бірақ
жеңілісіне
налымайды,
үрейленіп,
сары
уайымға
салынбайды, қайра қайраттана түседі, «бүгін жеңілсем,
ертең жеңем» деп өршелене, талаптана түседі. «Батар
күннің атар таңы бар» дегендей, жақсылықты болашақтан
күтеді, сол үшін күреседі. Сондықтан да халық ертегілері
осындай қарапайым адамдарды жағымды бейнеде алып,
оларды ардақтап, әңгіме етеді.
Халықтың тұрмыс-тіршілігіне, салтына байланысты
туған ертегілер бір ғасырдың ғана жемісі емес. Ол талай
ғасырдың жемісі. Бұл ертегілердің ішінде көне заманда
феодалдық қарым-қатынастар кезінде және соңғы дәуірде
туғандары да бар. Олардың бәрі ауызша айтылып, ауызша
тарағандықтан, көптеген тарихи кезеңдер, талдай таптық,
қоғамдық
орта
тудырған
әртүрлі
көзқарастарды,
алуандаған
ұғым-түсініктерді
бойына
жинастыра
келгендері де белгілі. Бірақ солай бола тұрса да, халықтық
ортада туған ертегілер өзінің халықтық сипатын жойған
жоқ. Қайта оны әрбір жаңа дәуір, жаңа кезең
жағдайларына қарай өзгертіп, шыңдап жетілдіріп
отырғанын, өткірлеп мәнерлегенін де байқаймыз.
Әрине, ауыз әдебиетінің басқа түрлері сияқты
тұрмыс-салт ертегілері де идеялық жағынан біркелкі емес.
Таза халықтық, еңбек елінің идеясын білдіретін
ертегілермен қатар, халыққа жат кертартпалық сипаты бар
ертегілер де кездеседі. Мұндай ертегілер үстемдік еткен
ортада туған, соның идеясын уағыздайды. Сондықтан да
біз ондай ертегілерді емес, халықтық ертегілерді сөз
етеміз.
Халықтың
тұрмыс-салтына
байланысты
туған
ертегілерінде басты тақырып еңбек адамдарының өмірі, ісі
болып келеді. Бұл ретте қарапайым адамдарды халық
ертегілері қанаушы тапқа қарсы бейнеде алады, олардың
ісі, ақылы, өнері, адамгершілігі хандар мен байлардан
әлдеқайда артық деп суреттейді. Мұны біз көптеген
ертегілерден, соның ішінде әрі көркем, әрі терең идеялысы
«Аяз биден» көреміз. «Аяз би» – қазақ халқына ертеден
таныс, мазмұны көркем ертегілердің бірі. Ертегінің негізгі
идеясы – шаруа адамының ақылын ардақтау. Бұл ертегіден
халықтың нені арман еткенін, нені көксегендігін көреміз.
Ертегінің оқиғасы қазақ өмірінің шындығынан
алынады да, оны қоғамдық мәні зор тартыстардың
төңірегіне құрады. Қанаушы мен езілген еңбек
адамдарының арасындағы таптық қарым-қатынастар,
алыс-тартыс күрестер суреттеледі. Бұл күрестерде халық
атынан белсене араласатын, халықтың сарқылмас ақыл-ой
даналығын көрсететін Аяз би болады. Қанаушы таптың
және оның үстемдігін жүргізуші хандар мен уәзірлердің
жауыздығын, елдің еңсесін түсіріп, езгендігін халық
ертегісі өзінің сүйікті кейіпкері Аяз би арқылы әшкере
етеді. Халықтың ойынша ел билеген әділетсіз, залым
хандардың, билер мен уәзірлердің орнына еңбекші
бұқараның өкілдері болса, елді осылар билесе, – заман
түзелмек, әлеуметтік теңсіздік жойылмақ, халықтан
шығып «хан болғандар» еңбек адамдарының мерейін
үстем етпек; әділ, турашыл болмақ. Бұл ретте халық
ертегісі еңбекші бұқараға жиіркеніп қарайтын, тіпті оны
адам санына қоспайтын хандар мен уәзірлердің
опасыздығын әшкере отырып, оларға қарама-қарсы өз
адамын қояды, бір-біріне салыстырулар жасайды, барлық
сыннан мүдірмей өткен, ақылы мен адамгершілігі ханнан
да, оның күншіл уәзірлерінен де асып түскен Аяз биді
ардақтайды.
Ертегінің оқиғасы адал еңбегімен кәсіп еткен шаруа
адамын ардақтау идясынан туады. Ертегіде айтылатын
барлық әңгіме осы идеяға бағындырыла дамиды; жағымды,
жағымсыз кейіпкерлер арасындағы тартыстарды суреттеу
арқылы ұлғая түседі және ол ертегінің шарықтау шегіне
жеткенге дейін үзілмейді. Бұл идеяны халық ертегісі
таптық тұрғыдан ашады, екі таптың адамын салыстыра
отырып, кімнің артық, кімнің кем екендігін көрсетеді.
Мол сюжетке құрылған және оқиғаны басты кейіпкер
арқылы баяндауға негізделген «Аяз би» ертегісі, салған
беттен-ақ әңгімені таптық тұрғыдан қозғайды. Бірден-ақ
ертегідегі кейіпкерлерді екіге бөліп, даралай суреттейді.
Ертегінің оқиғасы байлық дәрежесіне, сән-салтанатына
масаттанған, еңбекші адамды келеке, мазақ етпек болған
Мадан ханның қарамағындағы қырық уәзіріне шөптің,
құстың, адамның жаманын тауып әкеліңдер деп бұйрық
беруінен басталады. Қаһарлы ханның бұйрығын орындауға
шыққан уәзірлер шөптің жаманы деп шеңгелді, құстың
жаманы деп қырғауылды алады. Адам жаманын таба алмай
сандалған шақта, бір таудың етегінде қой бағып жүрген,
үстінде жыртық тоны, басында тері тымағы бар, қол-аяғы
жарылған, ұсқынсыз адамға кез болады. Уәзірлер оған
келген шаруасын айтады да, «адам жаманы осы болар» деп
жаңағы «жаманды» ертіп алады. Жаман уәзірлерге шеңгел
мен қырғауылды тастатады да олардың орнына қарақоға
мен сауысқанды алдырады.
Ертегінің осыдан былай әңгімесі хан мен уәзірлер
жаман деп таныған адамның жаман еместігін, ол ақылдың,
адамгершіліктің иесі екендігін көрсетуге арналады. Бұл
жолда ол халық алдында аса көп сындардан өтеді,
Жаманның ақылы ханнан да, оның уәзірлерінен де артық
болып шығады.
Уәзірлері әкелген адамды «мұнан жаман кісі дүниеде
жоқ шығар» деп бағалаған Мадан хан «адамның жаманын
дұрыс тауып әкелгендеріңмен, құстың, шөптің жаманын
таба алмапсыңдар», – деп ашуланады. Ханның қаһарынан
зәресі ұшқан уәзірлер қырғауыл мен шеңгелді алдырмаған
Жаман екенін айтады. Сонда Мадан хан Жаманды
шақырып алып, қырғауыл мен шеңгелді алдырмау себебін
сұрайды.
Өмір бойы еңбегімен күн көрген және бұл жөнінде
өмірден алған тәжірибесіне сүйенген Жаман, ханның
сұрауына орынды жауап қайырады. Киім жыртатын, мал
жемейтін шеңгелдің адамға пайдалы отын екендігін,
қырғауыл сыйықсыз болса да, адал құс екендігін айтады.
Бұл екеуін жаман демей, жақсы деп түсінетіндігін
білдіреді. Құстың жаманы – сауысқан деу себебін:
«Сауысқанның жүні ала болғаны сияқты өзі де ала, бірлігі
жоқ, екеуі бірігіп ұшпаған, екеуі бірігіп қонбаған, адам
пайдасына аспайтын арам құс еді», – деп дәлелдейді. Ал
шөптің жаманы қарақоға екендігі: «Қарақоғаны алып отқа
жақсаң, жанбайтын еді, үрлесем, жалыны мен шоғы бірге
сөніп, күлі бұрқырап, үйді алып кететін еді, отқа жанбаған
соң, апарып малға салсам, сиыр екеш сиыр да мұрнын
жиырып, жемейтін. Сосын қарақоға тіпті пайдаға
келмейтін шөп деп ойлаушы едім. Қарақоғаның
жамандығын содан білдім», – деп дәлелдейді. Сөйтіп, бұл
әңгімеде құс пен шөптің жаманы жайында, шаруа
адамының түсінігі еңбекпен кәсіп етпеген хан мен
уәзірлердің түсінігінен әрі артық, әрі шындық екендігі
айтылады. Мадан хан Жаманды сынамақ болып, тағы
бірнеше сұраулар қояды, ол өзінің тұлпарын, гауһар тасын
сынатады. Жаман бұл сынақтардан да мүдірмей өтеді.
Жиналған жұрт алдында ақылы асқан данышпан адам
екендігін танытады. Жаманның жауаптарына көңілі толған
хан енді: «Өзімді сынашы, мен неше атамнан бері хан
екенмін», – дейді, ол бұл сын Жаманға оңай соқпайды,
жамандығын көрсетеді деп ойлайды. Бірақ Жаман оған да
мүдірмейді және хан алдында тұрмын деп именбейді,
«қасықтай қанымды кешсеңіз, айтайын» деп жалтақтап,
жалынбайды, тайынбас қайсар, өжет өткірлігін білдіреді;
Маданның қандай хан екендігін іркілмей айтып салады.
«Мен жаман-жақсы болсам да, үйіңізге келген қонақ едім.
Хандардың ішер асы аузыңызға жал мен жая түспей, нан
мен көже түсіп, мені келісімен аспазшыға жібердіңіз.
Сіздің аталы хан емес екендігіңізді осыдан байқадым», –
дейді. Осыдан былай бұрынғы Жаман халық алдында хан
мен оның уәзірлерінен ақылы асқан, адамгершілігі мол, ер
жігіт, өжет азамат, білгір данышпан атанады. Мұны ол
Меңді қыздың жұмбағын, қойшы шалдың ханға айтқан
тұспал сөздерін шешуімен де анықтай түседі. Бір кезде хан
мен уәзірлер жаман деп таныған, кейіннен Аяз би атанған
Жаманның абырой атағы ел арасына жайыла бастайды,
оны халық құрметтеп-қадірлейтін болады. Аяз бидің
мұндай дәрежеге жеткенін көре алмаған уәзірлер оған
қастық ойлайды, ханға шағыстырып, өсек таратады.
Уәзірлерінің сөзіне еліктеген хан енді Аяз бидің көзін
құртып, Меңдіні әйелдікке алу жайын қарастырады, бұл
үшін ол өтірік сылтау-себептер айтып, Аяз биді «барса
келмеске» жұмсайды. Ханның залымдықпен жасаған бұл
ойын Меңді біліп қалады да, қарсы амал қолданады.
Ақырында Мадан хан ұтылады да, айыбын мойнына алып,
Аяз бидің алдына бас иеді. Бірақ уәзірлердің Аяз биге
деген қастығы тоқталмайды, қайтсе де көзден тайдыру
ниетінен қайтпайды. Әйткенмен, олардың бұл ойынан
ешнәрсе шықпайды, жұрт алдында өздері масқара болып,
жеңіліс табады. Ақыл-ойы сергек Аяз би ханның
уәзірлерін тірідей жерлейді. Ол уәзірлерге қарап:
«киімдеріңді алып отқа жаққаным – білдірмей жұлғаным,
аттарыңды сойғаным – күйдірмей пісіргенім, сендерді
алдыма салып жалаңаш, жаяу-жалпы айдап әкелгенім – қан
шығармай сойғаным», – дейді. Сөйтіп, ол жауыз
уәзірлерден кек қайырады және оларды ел алдында
масқара-мазақ етеді.
Аяз би білгір адам ғана емес. Ол, сонымен қатар,
адамгершілігі күшті, уәдеге берік, серттен таймайтын
адам. Өзінің уәдесі, серті үшін өлуге бар. Бірақ айтқанынан
бас тарту, қатерден қорқып, үрейлену онда жоқ. Ол дарға
асылып, демі бітіп бара жатқан кезде де сыр шашпайды,
жан сауғалық сұрамайды, Меңдіге берген сертінен
айнымайды. Тек Меңдінің өзі келіп рұқсат еткенде ғана
ханға сырын айтады.
Сөйтіп, халық ертегісі Аяз биді әрі ақылды, әрі
адамгершілігі жоғары, турашыл, ер-азамат етіп көрсетеді.
Халыққа тән даналық, батылдық, әділдік сияқты жақсы
қасиеттердің бәрі де Аяз би арқылы беріледі. Ақырында
халық ертегісі Аяз биді хандық дәрежеге көтереді.
Мұнысы халықтың өмірін түсінетін қарапайым адамдар
хан болса екен, елді көпшіліктің ортасынан шыққан
адамдар басқарса екен деген арман-мүддесін көрсетеді.
Аяз биді хандық дәрежеге жеткізе отырып, халық ертегісі
оған қалың көпшілік атынан ақыл-кеңесін береді: «Әділ,
турашыл бол, баймын деп аспа, ханмын деп таспа», –
дейді.
Тұрмыс-салт ертегілерінің ішінде идеясы халықтық,
мазмұны мол оқиғаға құрылғаны «Аяз би» десек, соған
орай оның көркемдік дәрежесі сай екендігін байқаймыз.
Басқа ертегілерге қарағанда, «Аяз бидің» өзіне тән
ерекшелігі оқиғаны жұмбақ түрінде құруында деуге
болады. Бұл әдіс негізгі әңгімелерді бірден айтып салмай,
тыңдаушыны қызықтыра түсу, «енді не болар екен»
дегізіп, ынтықтыру үшін қолданылған. Жаманның
қырғауыл мен шеңгелді неліктен алдырмағаны немесе
ханның өзін, тұлпарын, гауһар тасын білгірлікпен сынаған
Жаманның өзі кім екендігі оқиғалардың шарықтау шегіне
жеткен кезінде ғана ашылады. Сондай-ақ, Меңдінің
жұмбағында қойшы шалдың тұспал сөздерінде қандай сыр
жатқандығын ертегіні тыңдаушы алғашында аңғармай да
қалады, олардың мәні кейіннен баяндалады.
Қазақтың тұрмыс-салт ертегілері қарапайым шаруа
адамын ардақтай отырып, еңбек-кәсіп ету жайына
айырықша көңіл бөледі. «Жатып ішер жалқау болма,
ерінбей еңбек ет, өжеттен де, өрге ұмтыл» деген сияқты
халық ойы ертегіге қосылады. Бұл ретте халық ертегісі
ақыл-өсиет түрінде келеді және оларды өмір жолына енді
түсе бастаған жастарға арнайды; оларды пайдалы еңбек
арқылы тәрбиелеп, қоғамға керекті ер азамат етіп шығару
жайын қарастырады. Мұндай ертегілерде халықтың
ғасырлар
бойына
жинап-терген
өмір
тәжірибесі,
тұрмыстан алған, шығарған қорытындысы да айтылады.
Соның бәрін ертегіге айналдырып, жастарға үлгі
боларлықтай түйіндер жасайды.
Бұл тақырыптағы ертегілер М.Әуезов айтқандай,
адамға пайда келтіретін ақыл-өсиет түрінде келеді. Оны
жастарға айтушы көпті көрген, өмір тәжірибесі мол қария
немесе қарт әке болады. Және бұл ақыл-өсиет кейде
жұмбақ түрінде айтылады. Оны ол бірден түсіне
қоймайды, түсінсе, теріс ұғынады. Содан ол көптеген
қиыншылық
халге
ұшырайды.
Азабы
мол
ауыртпашылықтарды басынан кешіреді. Ақырында оның
қателерін көрсетіп, түзу жолға салатын жаңағы әкелер,
қариялар болады.
«Қарттың ұлына айтқан өсиеті» дейтін ертегіде дүние
салғалы жатқан қарт әке баласын шақырып алып,
бақұлдасады да, өлер алдындағы өсиет-аманатын айтады.
Ол ұлына: «Қала сайын үй салдыр, ішкен-жегенің жал мен
жая, қазы мен қарта, шекер мен бал болсын, жұма сайын
әйел ал», – дейді. Қарттың мағынасы терең және тұспал-
жұмбақ түрінде айтқан бұл өсиетін баласы теріс түсінеді.
Ол әкесіне берген уәдесін орындамақ болып іске кіріседі
де, қала сайын үй салдырады, ертеңді-кеш жегені қазы-
қарта, жал-жая болады, жұма сайын әйел алады. Ақырында
барлық мал-мүлкінен айрылып, қайыршылық халге
ұшырайды.
Тұрмыстан алған тәжірибесі жоқ, өмір соқпағына
жаңа түсе бастаған жас жігітті осындай халден екінші бір
қария құтқарады. Ол қарт әкенің жұмбақ түрінде айтқан
өсиет-аманатын шешіп береді. Және жігітке былай дейді:
«Әкең ақылды адам екен, бірақ сен оның өсиетін теріс
түсініпсің, әкеңнің қала сайын үй салдыр дегені – әр жерде
жақсы көретін жолдасың болсын дегені; ішкен-жегенің
жал-жая болсын дегені – еңбек ет, еңбекпен тапқан азығың
жал-жаядай, шекер мен балдай көрінеді дегені; жұма
сайын әйел ал дегені – басқаға көз салма, сүйген
келіншегіңмен жаңа қосылғандай тату-тәтті бол дегені».
Жұмбақ түрінде айтылған, және терең мағынаға құрылған
бұл ертегінің өз кезінде жастарды тәрбиелеуде зор мәні
болғаны сөзсіз.
Жоғарыда мысалға алған ертегіде жастарға ақыл-
өсиет айтатын туған әке болса, енді бір ертегілерде оны
бөгде адам айтқан болады. Мұны «Үш ауыз сөз» дейтін
ертегіден көреміз. Бұл ертегіде былай делінеді: – Баяғыда
бір байдың жалғыз баласы болады, ол жылқышы екен. Бір
күні ол жігітке ақ сақалды шал кездеседі де «үш ауыз сөз
үйретейін, бірақ ақысына бір айғырдың үйірін бересің», –
дейді. Жігіт келіседі. Шалдың үш ауыз сөзі былай екен:
«Жүрген жеріңе қастық қылма, таңертеңгі асты тастама, оң
қолың ұрыс бастаса, сол қолың арашашы болсын».
Ертеңіне жігіт үйіне келген соң болған уақиғаны әкесіне
айтады. Баласының бұл ісіне қарт әке қатты ашуланады,
«Малды шаштың» деп ұрсады, үйінен қуып жібереді. Жігіт
қаңғып кете барады. Ол көп жыл бойына шетте жүріп,
талай қиыншылықтарды басынан кешіреді. Кейбір ауыр
халдерден баяғы шалдың үйреткен үш ауыз сөзі алып
шығып отырады. Ақырында, жігіт үйіне қайтып келіп,
мұратына жетеді.
Оқиғасы
тұрмыс-тіршіліктен
алынған,
кейбір
әңгімесі ескі нанымға негізделген бұл ертегіде ерте кездің
көзқарасын білдіретін бірнеше мәселе көтеріледі. Жігітке
үш ауыз сөз үйреткен қарияның әрбір сөзі мол әңгіменің
жеке тақырыптары ретінде алынады және оларды
тұрмыста кездесетін оқиғалармен дәлелдейді. Жақсы
тұрмыс, ынтымағы жарасқан семья құру үшін еңбек,
адалдық, достық керек деп қорытынды жасайды. Бұларды
ертегінің кейіпкері жас жігіттің басынан кешірген халдерін
суреттеу арқылы өмір жолына жаңа түсе бастаған жастарға
ақыл ретінде аңғартқан болады.
Ақыл-өсиет
түрінде
айтылатын
ертегілердің
кейбіреулері қоғамдық, таптық жайларды қарастырады.
«Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейтін ертегіде халық
қанын судай ағызған жауыз ханның жан түршігерлік істері
әшкере болады. Өзін жер үстінің құдайымын деп
есептейтін бұл хан, жасы алпысқа келгендерді қыру
туралы бұйрық береді. Оны орындамағандарды дарға асып
өлтіретінін ескертеді. Хан жарлығын естіген жұрттың есі
кетеді, ел басына қара түнек орнайды. Кейбіреулер
алпыстағы ата-анасын алып, басқа жаққа көшіп кетеді.
Өзгелері амалсыздан хан бұйрығын орындауға кіріседі.
Бірақ, бір жас жігіт алпыстағы әкесін өлтіруге қимай,
жасырып қояды. Осы кезде бұл ханға қарсы екінші бір хан
жорық
ашып,
шабуыл
жасайды.
Оған
қарсы
аттанғандардың ішінде жаңағы жігіт те болады. Ол ала
өгізге мінгізіп, қапқа салып әкесін де ала шығады. Қатты
соғыста хан жеңіліп, сау қалған әскерлерімен шегіне
қашады. Бұлар шөлге кездеседі, судың жоқтығынан адам
да, ат та қырыла бастайды. Бұл халді білген жігіттің әкесі
баласына өз тәжірибесін айтып, су тауып береді. Кейіннен
ол алтын жұмыртқаның көлде емес, бәйтеректің басында
екенін айтады. Ақырында, суды, алтын жұмыртқаны тауып
берген алпыстағы шал екенін хан біледі де, бұрынғы
бұйрығының терістігін мойындап, оны бұзады және
жігіттің әкесінен кешірім сұрап, аяғына жығылады.
Бұл ертегіде бір жағынан ханның жауыздық істері
әшкере етілсе; екіншіден, оған қарама-қарсы шаруа
адамының білгірлігі ардақталады, еңбек адамының елге
тұтқа екендігі көрсетіледі. Жауыз ханның жағымсыз
образын бере отырып, халық ертегісі қанаушылардың
қалың бұқараға жасаған қаскүнемдігін бейнелейді. Хан
атаулыдан халыққа жақсылық жоқтығын аңғартады.
Мұның өзі еңбекші халықтың таптық сана-сезімі ояна
бастағанын білдіреді.
Тақырып жағынан алғанда қазақтың тұрмыс-салт
ертегілерінің айырықша әңгіме еткені – ақылды жігіт,
ақылды қыз жайы, – дейді М.Әуезов. Бұлай деудің реті
бар. Өйткені, қай халықты алсақ та, ол жастардан көп үміт
етеді қоғам өмірінде болсын, жеке тұрмыста болсын,
жастардың атқаратын қызметі, орындайтын міндеті орасан
зор екенін біледі. Ел қорғайтын батыр да, жойқын еңбек
етіп шаруашылықты ретке келтіруші де, ел-жұртты
асырап, сақтаушы да, өнердің өріне өрлеуші де – жастар.
Халықтың «Асыл тастан, ақыл жастан шығады» дейтіні
осыдан. Солай болғандықтан халық жастарды ардақтамай,
олар жайында әдемі ертегі әңгіме шығармай отыра
алмайды.
Әрине, халықтың тұрмыс-салтына байланысты
шығарған ертегі-әңгімесінде жас атаулыны шетінен
ардақтай бермейді. Жастардың ішінен зерек ақылы
барларды, халық үшін игілікті істер жасағандары ертегіге
қосылады; кейінгі ұрпаққа соларды үлгі етеді. Және де
әділін, турасын айтатын халық өзінің ертегісіне тек
жігіттерді ғана емес, олармен қатар қыздарды да енгізеді.
Бұлардың қайсысы болса да өзінің ақылдарымен,
білгірлігімен көрінеді, халықты сүйсіндіріп отырады.
Сондай-ақ, кейбір ертегілерде қыздар мен жігіттер жайы,
олардың арасындағы достық, махаббат сыры суреттеледі.
Бұл ретте ақылды жігіт, жақсы қыз бір-біріне ғашық болып
қосылады, мұратына жетеді. Өткен заманда, жігіт сүйген
жарына немесе қыз ұнатқан жігітіне көбінесе қосыла
алмайтын кезде, халық ертегісі сол ескі әдет-ғұрыптан
туған жол-жобаға қарсылық білдіреді. Жастар теңіне
қосылуы керек деген идеяны таратады.
Осы аталған тақырыптағы ертегілердің үлгісі ретінде
«Жақсы әйел», «Қарт пен тапқыр жігіт», «Ханның кесір
қызы мен тазша», «Жалайдархан мен Сағат» т.б.
ертегілерді атауға болады. «Жақсы әйел» деген ертегіде
қыздың ақылы, адамгершілігі ғана суреттеліп қоймай,
сонымен қатар әйел қауымының аянышты халі, халық
түгілі өз баласына қиянат жасаған озбыр хан суреттеледі.
Ертегіде айтылатын хан бір күні шаңыраққа қарап отырып,
ұшып бара жатқан қаздарды көреді де, уәзірлерін шақырып
алып: «Алдыңғы қаз соңғы қазға не айтты, соны біліп
беріңдер», – деп бұйырады. Уәзірлер сасады. Ақырында
олар құс тілін білетін ханның қызына келіп, хан бұйрығын
және өздерінің қысылып тұрғанын айтады, төнген қауіптен
құтқаруын өтінеді. Хан қызы: «Алдыңғы қаз соңғысына:
«Жақсы әйел жаман еркекті түзейді» деген еді, бірақ
«Мұны тапқан кім?» деп әкем сұрар, сонда «Өзіміз
таптық» деп айтыңдар», – дейді. Уәзірлер ханға барып
алдыңғы қаздың соңғы қазбен не деп сөйлескенін айтып
береді. «Мұны өздерің таптыңдар ма, әлде басқа біреу
үйретті ме», – деп хан уәзірлерді тағы да қысады. Уәзірлер
қорыққанынан: «Мұны бізге үйреткен сіздің қызыңыз», –
деп айтып қояды. Хан әміріне қарсы келген өз қызына да
сол арада мейірімсіздік жасап, адамның жаманына күйеуге
беріп жібереді.
Ертегінің осыдан былайғы әңгімесінде қайырымсыз
әкенің қаһарына душар болып, «шірік жұмыртқа» атанған
қыздың жаман адамды қалай тәрбиелегендігі айтылады.
Бір кезде хан және оның уәзірлері жаман деп таныған,
адам деген атынан айрылып «жаман» саналған жігітті
ақылды, өжет қыз қатарға қосады, тең құрбысынан өнерін
артқызып, абырой-атаққа ие етеді. Бұл ертегіде де «Аяз
биде» айтылатын халықтық сарын бар. Ол – қанаушы
таптың,
хан
мен
уәзірлердің
еңбекші
халыққа
жиіркенішпен
жаман деп қарағандығын, халыққа
мейірімсіздігін әшкере етуінен көрінеді. Және олардың
жаман дегені асқан ақылды, білгір адамдар болып шығады.
Соның бірі – жаман деп әке безген қыз болады. Бұл ретте
ол хан қызы деген аты болмаса, хан қызы емес, халық
қызы, «жамандардың» ақылды қызы болып кетеді.
Екіншіден, ертегінің халықтық сипаты феодалдар үстемдік
еткен заманда әйелдердің аянышты халде болғандығын
көрсетуінен байқалады. Феодалдық қауым әйелдерді адам
қатарына қоспаса, адам деп санамаса және әйелдерден де
ақылды, білгір адамдар шығатынын мойындамаса, бұған
халық қарсы екендігін білдіреді. Ақылды, білгір адамдар
әйелдерден де шығатынын осы ертегісінде де дәлелдейді.
Сондай әйелдерді ардақтап, мақтан етеді.
Осындай ертегінің енді біреулерінде ақылды, білгір
жігіттер жайы әңгіме етіледі. Олар көбінесе қалың ортадан
шыққан қарапайым адамдар болады. Бұлардың ақылын,
білгірлігін көрсету арқылы ертегілерде халық даналығы,
халықтың ғасырлар бойы жинап, терген, өмірде сыналған
тайғағы жоқ тәжірибесі жинақталып беріледі. Мұны «Қарт
пен тапқыр жігіт» ертегісінен көреміз. Онда жігіттің
ақылдылығы бірден аңғартылмайды, жұмбақ түрінде
келеді. Алғаш кезінде ол ақылы шолақ, есі ауысқан адам
секілді болып көрінеді. Ол өзімен бірге салт келе жатқан
қартқа «арқаласайық» деп тіл қатады. Жігіттің бұл сөзіне
түсінбеген қарт «арқаласайық дегені несі, атты кісі қалай
арқаласады», – деп ашуланады. Олар жолшыбай өлген
кісіні көміп жатқан адамдарға кездеседі. Одан аттана
беріп: «Жаңағы кісі өлмеген екен», – дейді жігіт. Бұған
қарт тағы ашуланады: «Өлген кісіні өз қолымыздан
көмістік, оны бұл қалай өлмеді деп айтады, тегі мына жігіт
жынданған адам болу керек», – деп ойлайды. Енді бір
мезгілде бұлар егін жинап жатқан орақшыларға жолығады,
астық өнімі мол-ақ екен! Олардан өте беріп: «Егіншілердің
еңбегі зая кеткен екен, астығы желініп қалыпты», – дейді.
Жігіттің бұл сөзіне қарт тағы да ренжиді, мұндай адаммен
жолдас болғанына өкінеді.
Жігіттің қандай адам екендігі қарттың үйіне келгенде
мәлім болады. Қарт өзінің қызына: «Мына жігітке ас-
суыңды тезірек беріп жөнелт, өзі есі ауысқан ақымақ
екен», – дейді. Әкесінің бұл сөзіне қайран қалған қыз
жігітпен тіл қатысады, жігіт оған да жолда көргендерін
жұмбақ етіп айтып шығады. Қыз да ақылды, дана екен. Ол
жігіттің жұмбақтап айтқан сөздерінде терең мағына бар
екенін, оның «ақымақ, жынды» еместігін әкесіне айтып
түсіндіреді және өзі жігітке тең жар болып қосылады.
Сөйтіп халық ертегісі ақылды жігіт пен білгір қызды
мақтаныш етеді, «Ақыл жастан шығады» деп қорытынды
жасайды.
Халық арасында шыққан айлакер, ақылды, өнерлі
жастарды қарапайым еңбек адамдарын және олардың ісін
ел ертегісі сүйсіне әңгіме еткенде, оларды өршіл талап иесі
етіп суреттейді. Олар талай қатаң сындардан мүдірмей
өтіп, бас бәйгіні алып жүреді. «Ханның кесір қызы мен
Тазша» дейтін ертегіде осы әңгіме айтылады. Жасы
отыздардан асқан хан қызы күйеу таңдайды. Оған
үйленеміз деп дәмеленген ығай мен сығай мырзалар
келеді. Бірақ олардың бәріне қыздың қоятын бір ғана
шарты бар: «Кімде-кім әңгіме айтып, менің басымды
төсектен үш рет көтерсе, соған тиемін», – дейді. Қыздың
бұл шартын ешкім орындай алмайды. Сол кезде хан
ордасына тазша жігіт келіп, қызбен тілдеседі. Кесір қыз
оның сөзіне жауап бермей, жата береді. Тазша әңгімесін
бастай жөнеледі. Бірінші әңгімесі: «Ағаштан түйін түйетін
шебер, зергер және молда үшеуі жолдас болды, шебер
ағаштан қыздың бейнесін жасады, зергер оны әдемілеп
киіндірді, молда жан бітірді. Сонан соң осы сұлу қызды
«мен алам, мен алам» деп үшеуі таласқа түсті, әрқайсысы
өз өнерін дәлелдеді. «Енді осы қызды жаңағы үшеуінің
қайсысы алуға тиісті?», – деп сұрайды тазша. Бұл сұрауға
кесір қыз жауап бермей жата береді. Сонда тазша тұрып:
«Бұл сұраудың жауабын беру сізге қиын болғанмен, бізге
оңай. Қызды ағаш шебері алу керек», – дейді. «Ой, ақымақ,
соны да білмегенің бе, қызды жан бітірген молда алуы
керек», – деп кесір қыз төсектен басын көтеріп алады.
«Ханша, ұмытпаңыз, басыңызды төсектен бір рет
көтердіңіз», – дейді тазша.
Тазша екінші әңгімесінде үш өнерпаздың (көреген,
мерген, қағып алғыш) жайын айтады. «Алып қара құстан
құтқарылған қыз осы үш өнерпаздың қайсысына тиісті», –
дейді тазша. Кесір қыздан жауап болмаған соң: «Ол қызды
мерген алу керек», – деп өз ұйғарымын естіреді. Сонда
кесір қыз: «Қағып алғышқа лайықты», – деп екінші рет
басын көтереді. Тазша үшінші әңгімесінде екі ұры жайын
әңгімелейді де: «Осы екеуінің қайсысы өнерлі?» – дейді.
Кесір қыз, бұған да жауап қайырмайды. «Бұл сұраудың
жауабын беру сізге қиын болғанмен бізге оңай. Біздіңше
күндізгі ұры өнерлі», – дей бергенде, кесір қыз: «Түнгі
ұрының өнері артық, ол нағыз ерлік жасады», – деп
төсектен басын үшінші рет көтереді. Қазақ ертегілерінде
сүйкімді бейнеде әңгімеленетін ақылды, айлакер тазша,
ханның кесір қызын осылай жеңеді де, оған үйленеді. Ол
бұл қызға ғашық болған, оған үйленеміз деп дәмеленген
мырзалардан өнерін асырып кетеді.
Тұрмыс-салт ертегілерінен халықтың діни ұғымы,
нанымы мен түсінігі де орын алады. Аталған тақырыптағы
ертегілерде қараңғы адамдардың дінге сенімі, әр түрлі
мифке байланысты көзқарастары да айтылады. Сонымен
қатар, бұл тақырыптағы ертегілердің көпшілігі ащы
мысқыл, өткір әжуа, мазақ-күлкі түрінде келеді. Ондай
ертегілерде дін иелері тарататын діни ұғымдар мен діни
үгіттерге сын айтылады, олардың шындығына шүбәланады
және бекерге шығарып та отырады. Мұны біз «Адам
өмірі», «Қыдыр, бақ, ақыл», «Бақа» дейтін ертегілерден
көреміз. Бұларда, бір жағынан, дін иелері айтатын
әңгімелерді келеке, әжуа-мазақ ету, бекерге шығару болса;
екіншіден, ақылды, еңбекті ардақтаушылық, жақсы өмір,
шат тұрмыс құру еңбекке, адамның ақыл-ойына
байланысты деп түсінушілік бар.
Дін иелері дүниені, жанды, жансыз табиғатты,
хайуандарды, адамды т.б. жаратушы құдай деп үгіт
айтатын. Және олар құдайдың барлығына шек келтірмей,
әр түрлі әдіспен жұртты иландырып, нандыруға
тырысатын. Біреудің бақытты, біреудің бақытсыз болуы,
біреудің аз, біреудің көп жасауы құдай тағаланың әміріне
байланысты дейтін. Қысқасы, өмірде болатын сан алуан
құбылыстардың бәрін олар бір құдайдың бұйрығынан деп
дәлелдейтін. Дін иелерінің бұл секілді үгітіне қазақ халқы
өткен кезде, қараңғы надандық жағдайда жүрген кездің
өзінде, шын ықыласымен түгелдей сеніп кете қойған жоқ.
Олардың қараңғы елді алдау үшін шығарған кейбір үгіт-
әңгімелеріне сын айтып, күлкі-мазаққа айналдырғаны,
бекерге шығарғаны бар. Мұны ол өзінің ауыз әдебиетінде,
соның ішінде ертегілерінде, суреттеп керсеткенін білеміз.
Халықтық сатира түрінде айтылатын «Адам өмірі»
дейтін ертегіде кұдайдың өзін күлкі етеді. Онда былай
делінеді: құдай тағала өзі жаратқан хайуандарды және
адамды шақырып алып, әрқайсысының қанша жыл өмір
жасайтындығын белгілейді. Ең алдымен адам барады. Оған
құдай отыз жыл өмір беретіндігін айтады. Құдаймен
таласуға болмайтындығын білген адам, басқаларға қанша
жылдан берер екен деп тұра береді. Екінші болып есек
барады, оған құдай қырық жыл өмір береді және де:
«Адамға қызмет етесің; адам не бұйырса, соны
орындайсың, ұрса, шыдайсың, өзің үшін көретін қызығың
аз болады»,- дейді. Құдайдың бұл үкіміне есек көнбей,
ұрыс шығарады: «Адам азабында жүрсем, маған берген
өмірің көп, жартысын қайтып ал»,- дейді. Есектің тілегін
құдай қабылдайды да, жиырма жылын шегереді. Сонда
есектің қасына адам келіп: «Құдайға қайырып берген
жиырма жылыңды маған алып бер», – деп өтінеді. Есек
құдайға қайта барып, қалған жиырма жылын адамға
әпереді. Бұдан кейін құдай алдына ит барып, отыз жыл
өмір алады. Оған да: «Өз рахатың аз, адамға қызмет
етесің», – дейді құдай. Ит құдайдың бұл үкіміне дау айтып,
өзіне берілген отыз жылдың он бесін шегертеді. Иттен
қалған он бес жылды адам тағы сұратып алады. Ақырында,
құдайға маймыл барады. Құдай оған алпыс жыл өмір
береді және: «Көркің сиықсыз болғаны сияқты, өмірің де
сиықсыз болады. Бала-шағаға күлкі болып жүресің», –
дейді. Маймыл да құдаймен дауласып, отыз жылын
шегертеді. Мұны көріп тұрған адам маймылды құдайға
жұмсайды, маймылдан қалған отыз жылды адам өзіне
қостыртып алады.
Күлкілі әңгімеге құрылған бұл ертегінің өзінше
түйіні, шешімі де бар. Ертегінің айтуынша, есектен, иттен,
маймылдан алғандарын қосқанда адамның жасы тоқсан
беске келмек. Мұның ішінде адамның алғашқы өз жасы
(отыз жыл) – жастық , жігіттік кезін көрсетпек. Есектен
қалған жиырма жылда адам еңбек етеді, қажымай жұмыс
істейді, иттен алған он бес жылда бұрынғы жиған-
тергендерін қорыған, оны басқалар алып қоймаса екен деп
әркіммен ұрсысып-қағысқан кезі болады. Ал маймылдан
алған отыз жыл – бұл – адамның қартайған, «Қарға адым
жер мұң болған» кезін көрсетпек және оның әрбір
қылығына бала-шаға күліп қарайтын шағын аңғартпақ
дейді ертегі. Сөйтіп, бұл ертегі кұдай тағаланың өзін де, ол
жайында дін иелерінің айтатын үгітін де келеке-күлкіге
айналдырады.
Осы тақырыптағы ертегінің тағы бір үлгісі ретінде
«Қыдыр, бақ, ақыл» жайындағы ертегіні алуға болады. Дін
иелерінің айтуынша, адамның бақытты не бақытсыз болуы
да құдай тағаланың бұйрығына, тағдырға байланысты;
құдай тағала жарылқаймын деген адамына қыдыр
дарытады, бақ қондырады-мыс. Ақыл-ойы сергек халық
бұл үғымға да сезіктене, сенімсіздікпен қарайды. Оны осы
аталған ертегіден де аңғаруға болады.
Бұл ертегіде қыдыр, бақ, ақыл үшеуі қайсысының
күшті екендігін сынаспақ болып келе жатса, алдарынан
жер жыртып жатқан егінші кездеседі. Оған қыдыр дарып
кетеді де, жыртқан жерін алтын етіп жібереді. Көп алтынға
ие
болған
егінші
саудагерлер
арқылы
ханмен
жақындасады, ханның қызына үйленбек болады. Осы кезде
ханның еліне жау тиісіп, шабуыл жасайды, жұрт соғысқа
аттанады. Жауға қарсы соғысқа шыққан егіншіге тағы бақ
қонады, ол алып дәу кейпіне түседі де, жауды жеңіп
қайтады. Сонан кейін оған хан қызын беріп, тойын
өткізеді. Бірақ жігіт хан қызын күнде сабай береді. Бұған
ашуланған қыз әкесіне арыз айтады, хан жігітті дарға асып
өлтіру туралы бұйрық береді. Дарға асылып, қылғынып
бара жатқан шақта жігітке ақыл келеді. Ақылдың
арқасында жігіт өлімнен құтылып, мұратына жетеді.
Ертегінің айтайын деген ойы, идеясы – қыдыр мен
бақты дәріптеу емес, ақылды ардақтау. Бұдан көрінетін
халықтық нысана: ақылды, есті адам ғана мұратына жетеді,
қандай қиыншылық, қауіп-қатерден болсын, өлімнен
болсын адамды ақыл ғана құтқарады; ақылдыға азу да,
тозу да жоқ, ал қыдыр мен бақ дейтіндер дін иелерінің
ойлап шығарғаны, ондайлар болған емес, бола қалды деген
күнде олар адамды ақыл секілді абыройға жеткізібейді;
адам басына өлім қаупі орнаған кезде, дарға асылып, демі
бітіп бара жатқан шақта қыдыр мен бақ еш нәрсе де істей
алмады, тек ақыл ғана арашашы болды, демек, сөйтіп,
ертегі бақ пен қыдыр жайындағы діни ұғымды бекерге
шығарады.
Бұл
тақырыпта
шығарылған
ертегілердің
кейбіреулерінде ескі наным-сенімге иланудың өзі ойдан
жасалған бояма нәрсе екендігін әжуалап керсететіні де бар.
Бұған «Бақа» дейтін ертегіні алуға болады. Ертегінің бас
кейіпкері Бақа атты шал – «көріп кел, біліп кел» қасиеті
жоқ адам. Бірақ, ол ойламаған жерде, кездейсоқ
жағдайларға байланысты бақсы-балгерлік, әулиелік қызмет
атқарады. Байдың үйіне қонып отырған Бақа мүшкіл халге
ұшырайды, саудагерлердің жоғалған кездемесін «ұрлаған
сен, қайдан тапсаң, онан тап» деп бай қысады. Басына
түскен пәледен құтылмақ болған Бақа ұрланған нәрсені
таппақ болып амалсыздан көнеді. Сөйтіп ол түн ішінде
далаға шықса, саудагердің матасын ұрлап тығып жатқан
бай баласының үстінен шығады, жоқ табылады. Осыдан
былай Бақаның «әулиелігі» елге жайылады. Кездейсоқ
жағдайдың арқасында ол бидің жақсы көретін түйесін де
тауып береді. Ақырында ол осы «әулиелігі үшін өлермен
жағдайға кезігеді, бірақ одан Бақа деген аты құтқарған
болады. Сөйтіп, әрі уайым, әрі күлкілі халге құрылған
«Бақа» ертегісі «көріп кел, біліп келі бар әулие» деген
ұғымның қолдан жасалғандығын әжуа етеді.
Тұрмыс-салттан туған ертегілердің тағы бір
тақырыптары – үй іші, самья, жақсылық пен жамандық,
ұры мен аярлар жайында болып келеді. Бұларды ертегіге
айналдырған халық өзінің қандай көзқарасы барлығын
айқын түрде аңғартып та отырады. Үй іші, семья жайын
ертегі еткенде халықтың көздейтіні татулық болады.
Жарасқан ынтымақ, тәтті татулық бар жерде жақсы семья
құрылады, ондайдың жоғы табылып, өшкені жанады дейді.
Ал үй ішінде, семьяда мұндай жағдай болмаса, ұрыс
басталады, ырыс шайқалады, қайғы-қасірет көбейеді,
бүтіні бөлінеді деп түйіндейді. Халықтың осы ойы «Жігіт
пен сиқыршы әйел», «Ақылды етікші» секілді ертегілерден
көрінеді. Бұл ертегілердің оқиғасына белгілі мөлшерде
қиял-ғажайып әңгімелер де араласады. Бірақ негізгі оқиға
тұрмыс-салтта
кездесетін
шындықтарды
суреттеуге
құрылады.
Жақсылық пен жамандық, қиянат пен зұлымдык,
қомағайлық пен сараңдық жайларына да қазақ ертегілері
айрықша көңіл бөледі. Жақсылықтан басқасының бәрін
жиіркеніш
сезіммен
суреттейді.
Адамды
мұратқа
жеткізетін жақсылық деп бейнелейді. Және де жақсылық
деген ұғымның мағынасы терең, мазмұны көп екендігі, сан
алуандаған ертегілерде дәлелденеді. Мұны біз «Жақсылық
пен жамандық», «Хан мен уәзір», «Айлалы тазша» секілді
ертегілерден кереміз. Бұл ертегілерде суреттелетін
жаманшылық иелері, қиянат пен зұлымдық, қомағайлық
пен сараңдық, жамандық пен қастық қаншама күшті болса
да, оларды жақсылық жеңіп, жазалап отырады.
Осы ретте халық ертегілерінде алдампаз аярлар мен
ұры-қарақшылар
суреттеледі;
ұры-қарақшылар
мен
аярларды халық ертегісі жазаға бұйырады, ел алдында
абыройын төгіп мазақ етеді. Мұны «Момынбай мен жеті
қарақшы», «Ұры мен аяр», «Үш ұры» дейтін ертегілерден
көреміз. «Момынбай мен жеті қарақшы» деп аталатын
ертегіде ұры-қарақшылардың шаруа адамына жасаған
қастығы және сол үшін олардың ел алдында масқара
болғаны әңгімеленеді. Ұры-қарақшылар қаншама зымиян
болса да, ақырында жаза көреді, еңбек адамы олардан
ақыл-айласын асырып кетеді. «Үш ұры» ертегісі де
осындай
оқиғаға
құрылады.
Ондағы
баукеспелер
жарлының жалғызын ұрламақ болып көп әрекеттенеді, бір
сәтте сол мақсатына жеткен де болады. Бірақ кейіннен
ұрлықтары әйгіленіп көп айып, ауыр жаза тартады. Сөйтіп,
халық ертегісі «Ұрлық түбі – қорлық» екендігін суреттей
отырып, адал еңбек, кәсіп ету керектігін ескертеді. Адал
еңбек абырой әпереді деген қортынды жасайды.
Тұрмыс-салт ертегілерінің оқиғасы, құрылысы
жағынан өзіндік ерекшелігі бар түрі – күлдіргі ертегілер.
Бұл топтағы ертегілер, – дейді М, Әуезов, – үлкенге де,
кішіге де бірдей ортақ, тапқыр күлкіге, қызықты жеңіл
түйіндерге құрылған әңгімелер болады. Алдымен, мұндай
ертегілердің аты, басты кейіпкерлерінің өзі ерекше күлкілі
болып келеді. Ертегілердің «Қаңбақ шал», «Ұр тоқпақ»,
«Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ», «Тоғыз тоңқылдық, бір
шіңкілдек» т. б. болып аталуының өзі-ак күлкілі жайларды
аңғартады. Бұлармен қатар, бұл топтағы ертегілер
тазшаларға арналады, олардың тамаша, күлкілі істерін
сүйсіне әңгіме етеді. Күлдіргі ертегілердің өзіндік
ерекшелігі – оқиғаны шындық өмірден ала отырып,
тапқырлыққа құруында және оқиғаға қиыннан қиыстырып,
өмірде болғандай етіп фантастикалық әңгімелерді шебер
түрде қосуында. Сонда «Күлкі оқыстан туған, келте
қайрылған тар жердің тәсілі, ұйқы-тұйқысы тәрізді болады,
– дейді М.Әуезов, – оқиғалы, тартысы күлкі болғандай,
ойда жоқ күлкі хал көп қимыл әрекеттер туғыза келіп,
бірінің үстіне бірі қат-қабаттап үйіле, жұмарлана түссе,
сонда күлкі әңгіме жетісе түсіп, күлкісі, қызығы үдей
береді»
105
.
Оқыстан туған, қызық оқиғалы, қырғын күлкілі
ертегілердің бәріне қарапайым адам араласады; олардың
адам нанғысыз істері және қоғам өмірінде кездесетін әр
алуан жағымсыз қылықтары, шайпау мінездері және халық
сүймейтін нәрселер суреттеледі. Бұлардың бәрі қысқа
түрде күлкілі оқиғаға құрылады. Мұнымен қатар, қиянат
пен зорлықты, жаманшылықты жеңу, жою туралы халық
арманы ертегінің жағымды кейіпкері ретінде алынған
қарапайым адамдар арқылы аңғартылған болады.
«Қаңбақ шал» дейтін ертегіде қаңбақтай қураған
балықшы шалға түлкі өшігеді де, дәулерді жіберіп
өлтіртпек болады. Жел үрлесе, ұшып кеткелі тұрған шал,
дәулер келгенде қорыққандығын білдірмей, қулық
жасайды; өзінің алып батыр екендігін айтады. Және де:
«Айқасып алысқан батырлық емес, жердің ішегін
шығарған, қара тастың майын ағызған батырлық», – дейді.
Осыдан кейін олар өнер салыстырады. Алдын ала айла-
амал жасаған Қаңбақ шал, жердің ішегін шығарады,
қаратастың майын ағызады. Мұндай өнер қолынан
келмеген дәулер, шалдың алып батыр екендігіне көздері
жетіп, онымен дос болады. Бірақ шал бұл дәулерден мүлде
құтылу жайын ойлайды да, оларды ертең үйіме келіңдер
деп қонаққа шақырады. Ертеңіне дәулер шалдың
105
М.Әуезов, жоғарыда аталған еңбегі. 105-бет.
лашығына келеді. Шалдың кемпірі, күйеуінің үйретуі
бойынша, дәулер келгенде: «Бұларға не асамын», – деп
сұрайды. Сонда шал: «Жоғарғы дәудің басын ас, төменгі
дәудің төсін ас, ортаншы дәудің өзін ас», – дейді. Кемпір
колына пышақ алып ұмтыла бергенде, дәулердің зәресі
ұшып, қаша жөнеледі. Олардың алдынан баяғы түлкі шыға
келеді. Шалдың қулық жасағанын айтып, дәулерді
қайтадан әкеле жатады. Осы кезде шал айқайлап: «Түлкім
– түлкім, жақсы еттің, жаңа бұл дәулер қашып кетіп еді,
қайтып әкеле жатқаның оңды болды», – дейді. Мұны
естіген дәулер: «Бізді құртқалы келе жатыр екенсің», – деп
түлкіні бір соғып өлтіреді де, өздері тағы қаша жөнеледі.
Сөйтіп, қаңбақтай шал адам баласына қастық ойлаушы
алып дәулерді, алдампаз аяр түлкіні жеңіп шығады.
Оларды
күшімен
емес,
ақыл,
айла-амалымен,
тапқырлығымен жеңеді. Қаңбақтай шалдың адам нанбас
ерлік жасап, алыптарды жеңуі, қысылған жерде ебін тауып
айла мен өтірікті құрал етуі ертегі оқиғасының күлкілік
кұрылысын көтере түседі.
Күлдіргі ертегілердің кейбіреулері жансыз заттардың
ойда жоқ жерде жасаған қызық әрекеттерін суреттеуге
құрылады. Бұл алуандас ертегілер көбінесе балаларға
арналған болады. Мұның мысалын «Ұр тоқпақ», «Піс
қазан» секілді ертегілерден кереміз. Алғашқы ертегіде бір
кедей шалдың тұзағына түсіп қалған қаз жайы айтылады.
Қазды шал босатып жібереді, сонысы үшін қаз оған
бірнеше сыйлық тартады. Соның бірі ұр тоқпақ болады.
Қаз берген сыйлықтарын шал жолшыбай ұрлатып алады.
Бірақ ұр тоқпақ қырғын-қызық әрекеттер жасап, оларды
шалға тауып береді.
Қазақтың күлдіргі ертегілерінің ішінде өркеші биік,
оқшау тұратыны – тазшалар жайындағы әңгімелер. Бұл
ертегілерде тазшаның «Тазша» дегеннен басқа аты болмаса
да, оның халық арасынан шыққан алғыр, ақылды, айлалы,
тапқыр-талапкер, ер көңілді өжет жігіт екендігін
аңғарамыз. Ол өзінің ақыл-өнері, қайраты арқасында
нешелеген қиын-қыстау жағдайдан, ауыр халден аман-есен
құтылып жүреді, сан алуан сындардан мүдірмей өтіп,
жүлдеге ие болады. Өзі жалғыз атты кедей болса да, хан,
уәзір, жендеттермен айқас, арпалысқа түседі, оларды ел
алдында күлкі, әжуа, мазақ етеді. Оның осындай істеріне
сүйсінген халық «Қу тазша», «Ақылды тазша», «Айлалы
тазша» деп ертегісіне қосады.
Тазшалар жайында шығарылған және мол күлкіге
құрылған халық ертегісінің ең бір әдемісі деп «Тазшаның
қырық ауыз өтірігін» атауға болады. Бұл ертегінің
шеберлігі – барлық оқиғаны қиыннан қиыстырп, өтірік
әңгімелерге
құра
білуінде.
Ханның:
«Қызымды
мүдірместен қырық ауыз өтірік айтқан өтірікшіге берем», –
деген хабарын естіп, талай байдың хан қызынан дәмелі
мырзасы келеді, бірақ бірде-бірі қойылған шартты
орындай алмай, сол үшін жазаға тартылады. Бұл шартты
тек тазша бала ғана орындайды. Ол әңгімесін: «Мен
анамның құрсағында жатқанда, тумаған ту атамның
жылқысын бақтым», – деп бастайды да, адамға таныс
жанды-жансыз табиғат дүниесін аралап кетеді. Барлық
әңгімесіне бір ауыз шындық қоспай, бір оқиғадан
екіншісін тудыра, қисыны келіскен өтірік етіп шыға-рады
және де айтып отырған өтірік әңгімелерінде асқан
тапқырлық пен күлкілі халдерді суреттейді. «Бұл
әңгімелерді әдейі даярлап әкелгендіктен, желісін бұзбай
айтып отыр» деп ойлаған хан, Тазшаны мүдіртпек болып
оқыс сұраулар да қояды. Ханның: «Бәйтерегің қысқа
шығар», – деген сұрауына: «Болса болар, түбінен таңертең
ұшқан күйкентай басына кешке жетіп қонушы еді», –
дейді. «Құдығың тайыз шығар» дегенде, «Болса, болар,
ертемен тастаған тас түбіне кешке әрең жететін еді», – деп,
«күн қысқа шығар» дегенде, «Болса болар, таңертең
кашқан қашар кешке бұзаулаушы еді», – деп өтірігін
үдетіп жібереді.
Тазшаның қырық ауыз өтірігінің өзіне тән ерекшелік
қасиеті – адамға таныс нәрселерді, жанды-жансыз табиғат
көріністерін мол фантазияға құра отырып, кестесі келіскен
адам нанғысыз өтірік хал туғызуында. Мұның өзі халық
ертегісінің шеберлік дәрежесін ғана көрсетіп қоймайды,
сонымен қатар, көп жылдар бойына шыңдалып
жетілгендігін де аңғартады. Тазшалар жайындағы
ертегілердің енді біреулерінде – хан мен уәзірлерді әжуа,
мазақ ету арқылы олардан халық кегін қайырушылық
әңгімелері де айтылады. Бұл оқиғалардың ортасында
жүретін де тазша болады. Ол халық намысын қорғаушы,
өзінің ақыл-айла амалдарымен қанаушыларға қарсы
күресуші бейнесінде суреттеледі. «Айлалы тазша» дейтін
ертегіде хан баласы тазшаға қастық жасайды, жұрт
алдында тазшаны мазақ етіп жамандауды көздейді. Бірақ
хан баласының бұл кулығын біліп қалған тазша, қарсы
амал жасап, ханның баласын да, хан мен бақсыны да күлкі-
мазақ етіп кетеді. Жалпы тазшалар жайындағы ертегілерге
тән ерекшелік – «Айлалы тазшада» да бар. Ертегі оқиғасы
оқыстан туған және тапқырлық әрекеттерге құрылған.
Айлалы-епті тазша жұрттың бәрін күлкіге батырып,
дегеніне жетіп жүреді. Оның күлкісінде ащы мысқыл да
жатады. Ол еңбек адамына қастық жасамақ болған хан
әулетін және оны қолдаушыларды сол күлкісімен-ақ
жерлеп отырады. Сондықтан да осындай тазшаларды
ардақтап, халық ертегісіне қосады.
Достарыңызбен бөлісу: |