Шымкент қ., Қазақстан
А. СЕЙДІМБЕКТІҢ “КҮЗЕУДЕ” ПОВЕСІНІҢ ДАРАЛЫҚ СИПАТЫ
Әдебиет қашан да ұлттық-азаматтық сана-сезім мен ұлттық мораль қалыптастырушы гуманистік қасиеттің жаршысы міндеттерін атқарады. Шын мәніндегі әдеби шығарма игі ниетті халықтарды бір-бірімен таныстыратын дәнекер. Осы тұрғыдан келгенде нағыз көркем туынды эмоциялық әсерлі сезім сыйлаумен қатар, сол ұлттың ұлағатын, азаматтық-адамгершілік игі дәстүрлерін, тамаша қасиеттерін жеткізетін қоғамдық-философиялық ойдың көркем формасы екені мәлім. Біз қаламгер шығармаларынан көкейіңе жылылық, жүрегіңе жақындық әкелетін өзгеше бір қасиетті сезінеміз. Бұл жазушы стиліне тән орнықтылық, даралық сипат болса керек.
А.Сейдімбектің “Күзеуде” повесіндегі негізгі кейіпкерлер - Ршыман, оның әйелі Уәкила, баласы Құдайменде, Торғын. Хикаят күздің көрінісін суреттеуден басталады: “Сарыарқаның саумал иісті, сары ала жапырақты күзі еді. Бұл кездің жер бауырлап жатып алатын қорғасын бұлты да, көк иық етіп ұзақ сілбілейтін жауыны да бой жаздырмас ызғарлы суығы да әзірше білінбей тұр. Оның орнына күзгі таңның хабаршысындай болып басталатын майда леп күн арқан бойы көтерілгенше толқи есіп, күй сазындай көңіл сергіте тербеумен болады. Осы сәтте әбден бояуы қанған табиғат қыс түспей соңғы рет дәурен күйін шертіп қалғысы келгендей малына құлпырады” [1,3-б]. Әрине, күздің табиғаты былайша мамыражай болып тұра бермесі белгілі. Оның сүйектен өтер қара суығы, адамды мезі ететін сылбыр жаңбыры мен сұрқай күні алда. Осы мезетті автор жайдан жай алып отырған жоқ. Бұл уақытша, алдамшы сәт қарттық жеткенде ойы мен көңілі бұзылған Ршыманның жағдайына дөп келеді. Үй ішін жайлаған үнсіздік пен салқын қабақ алда болатын бір жағымсыз оқиғадан хабар береді. Сөйтсе де ұзақ отасып бір-біріне сыралғы жандар әліптің артын бағып, әлі бет жыртыса қойған жоқ.
Оқиғаның бәрі жылқысын іздеп жүріп, “Лесник” қыстауына келгенде, мінген аты қада ағашқа сүрініп, шынтағын жаралап алған сәттен басталады. Орманшы Әубәкірдің әйелі Торғын төрт жасар баласымен жалғыз отыр еді. Күйеуі осыдан бір жыл бұрын аз ауырып қайтыс болады. Торғынның ағасы Жақып көшіріп әкетейін дегенде “жылын өткізейін” деп қалып қойған еді. Жараланған шынтағын таңып, шай беріп аттандырған Торғынға Ршыман сол кеште қайта оралады. Осыдан бастап, олардың арасында қимас бір қарым-қатынас орнайды. Екеуінің арасындағы бұл байланыс соншалықты нәзік, ынтық сезімге айналған еді. Оны жазушы: “Сонда толған айдай жесір әйелге деген лып етпе құмарлық қызығуы емес, бір жұма көрмесе кәдуілгідей сағынып, құлазып, көзіне ештеңе ілікпей қоңылтақси берген соң келетін. Торғын да Ршыманға кәдуілгідей бауыр басып, еті үйреніп, оның шыншыл пейілінен қанағат тапқан соң келуін күтіп, елеңдеп жүретін болған”[1, 13-б],- деп суреттейді. Ршыман бұл тірлігінің осы жасында өрескел екендігін сезеді. Сөйте тұра, Торғын өзінің сәби күтетінін айтқанда, дегбірі кетіп, есеңгіреп қалады. Үш ұлын соғыс жалмады, екі қызы есейіп қалғанда қайтты. Қалғандары қиын-қыстау кезеңде туғаннан ба, жастай шетінеді. Құдайменде - ең кенжесі. Ол да тұрмай ма деп қорыққан Ршыман баласының кіндігін балтамен өзі кеседі. Сөйтіп, жалғызының тілеуін тілеп қалғанда, Торғынның жүкті болуы шынында да есеңгірететіндей қуаныш еді. Осыдан кейін “Лесник” қыстауына баруын да жиілетіп, баласы мен әйелін қыстауды ертерек қамдай беруге жібергісі келеді. Ршыман оларға үйге жапсарлас салынған шошаланы жөндеп, ішіне үш құдық пеш алу керектігін де тапсырады. Ондағы ойы кейінірек көмекшінің жоғын сылтауратып, Торғынды көшіріп алу еді.
Шағын жанрда кейіпкердің сюжетке қатысуы негізінен бір желіде болады. Қаламгер шығарма құрылымындағы баяндау ситуациясын шектеулі уақытқа құрады. Сондықтан да кейіпкердің мінезіндегі өзгеру немесе қайшылықты көрініс оқиға өрімінде көзге бірден шалынып отырады. Қаламгер Ршыманның аз уақытта өзге күйге түсуін бірден байқатады. Ол сырт көзге томырық, салқын мінезі бар адам. Енді тіпті де ой иектегіш, тұйық болып алды. Кейде сабыры кетіп, ұрлық қылғандай қуыстанса, кейде қиянат, зорлығым болмаса, неден жасқанам деп өз-өзін қайрайды. “Ршыман қанша ой жады болғанымен осының бәрі де мезгілсіз келген махаббат шарпуы екенін сезбеді. Тіптен, осынау ұзақ өмірінде әйел затына бұлайша ынтық болып көрмегенін, жүрек шіркіннің ағыл-төгіл төгіле бір ақ рет балқитынын, сол балқудың сәті кештетіп келгенін ойлап та көрген жоқ. Мұнысын “махаббат, ғашықтық” деп бағалауға жүрегі дауаламайды. Тіптен күрсіне отырып өз ойынан қолайсызданғандай болады. Бірақ бұл тірлігінің оғаштығын бар болмысымен қанша сезінсе де күн өткен сайын Торғынға деген аяулы сезімнің құлына айналып бара жатты” [1,17-б]. Жалпы, мінезі сабырлы, кісілігі де жеткілікті Ршыман қаншама уақыт отасқан жұбайын мұндай көңіл алағызуына қимайды да. Сөйтсе де қанша қиналып, толқыса да Уәкиламен бет ашысуды жөн көреді. Уәкила: “Бұ тоқсан көремін деген жасым ба еді, быламық татамын деген асым ба еді”, дегендей, мұндай масқараға кездесем деген ойымда бар ма... Бұған дейін көрдім деген қоқайым жырдың күйі екен ғой. Тарықсам да, жабықсам да сырдың суы тобығымнан келмей, өзіңді тірек етіп жүргенде, көрсеткенің осы болса, бұл тірліктің не бағасы қалды?”-деп, өкси шағымданады» [1,18-б]. Бұл сөзге пейілі құлай құптаған Ршыман да: “... Саған тағар еш кінәм жоқ. Өзіңмен отасқан ұзақ өмірімде жанашыр жақындығыңнан басқа, жатсынар мінезіңді көрген емеспін. Шүкір, етегің құтсыз болған жоқ, туып сүйініп, өліп күйінбеген де бар. Өзіміз тудық сүйіндік, өлді күйіндік, енді қалғанына қанағат. Сөйтсе де жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Балаңның өкшесін басып, соңыңнан апалап жүретін бір жас иіс болса оның несі айып! Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып болмайды екен, тәңірім талайыма не жазса да, бір іске бел буғаным рас. Ақталып отыр деп ойлама, алдыңнан өткені деп қабылда” [1,19-б],- деп суырыла сөйлеп, ағынан жарылады. Ақыры Торғынды көшіріп ап, Ршыманның жаны жай табады.
Автор адамдар арасындағы кірбің, қақтығысты айту үстінде табиғатпен астастыруды да назарынан тыс қалдырмайды. “... Қоңыр күздің жанға рахат маужыр күндері зымырап өтіп жатты. Табиғат шіркіннің осынау бір ашық-жарқын саумал шағы малға да, адамға да келер күннің қатал суығы барын ойлатпаған еді” [1,22-б]. Әрине, бұл жандардың көңіл түкпірінде мазасыздық, алаңдау жоқ деуге болмайды. Ршыман түс секілді болған сезімнің өңінде болғанына қуанып, ұзағынан сүйіндіруін тілек етсе, Торғын бұл жайына разылық танытқанымен, келер күнін, күні ертең Уәкиламен қалай кездесетінін ойлап, мазасызданады. Шынында да Уәкиламен бетпе-бет келетін сәт жетеді. Ішкі мұң-шерін армансыз ақтарып, кінәласу сөзінен соң: “Мені қойшы: тулармын да бастығармын, жылармын да жұбанармын, әне бір жалғыз ұл болмаса...” [1,26-б] көнген қалып танытып, аттанып кетеді.
Бұл дәуреннің ұзаққа созылмасын Ршыман да, Торғын да іштей сезетіндей. Сондықтан болар, олардың көңілдері алаңдаулы еді. Осы тұста табиғат та өзгеріп сала береді: “Жер бетін бозарта жапқан боқыраудың қырбығын күн нұры шалған соң, осынау қоңыр леп елеусіз ғана тынушы еді, бүгін өйткен жоқ. Керісінше, күн көтерілген сайын бірте-бірте екпін алып, ызыңдай соққан суық жел келіп қалған қыстың деміндей ызғарын үдете түсті” [1,27-б]. Ақыры Торғынды ағасы көшіріп әкетеді де, Ршыман күңіреніп қала береді. Осы шағын шығармада қаламгер Ршыман ақсақалдың көңіліндегі оқыс туған сезім сәтін шыншылдықпен қызғылықты баяндайды. Торғынға ынта-ықыласы ауған Ршыманның жан күйзелісі күзгі табиғатпен астарлана суреттеледі де, қартайғанда “өзгерген”, өмірінің көбі кетіп, азы қалған кейіпкердің әрекетіне кешіріммен қарайсыз.
Осы шығарма туралы ақын С.Ақсұңқарұлы: “Сейдімбеков суреткер. Хас суреткер қандай қоғамдық система, нендей жалмауыз цензор қасқая қарап тұрса да, өзегін өртеген ШЫНДЫҚТЫ көркем ойға бөлеп, көз алдыңа тарта алады. Күшеншек “жалған” жазушы қолындағы қаламын қанша жерден сүйреңдеткенімен, Суреткер көтерілген биікке көтеріле алмай өмірден өтіп жатыр, өмірге келіп жатыр. “Күзеуде” - Ақселеудің перзенті. Мұнда исі қазаққа деген риясыз көңіл-күйі, алты Алаш атаулыға деген асқақ махаббаты көзге ұрып тұр”[2], -деп тебірене пікір білдіреді.
Көркем уақыт әдебиеттану ғылымында негізінен екі аспектіде қаралған. Эстетикалық сана үшін уақыт ұрпақ, дәуір мен адамдар арасындағы байланыстың және қозғалыс пен дамудың, өзгерістің көрінісі. Алайда кейінгі жылдары осы екі бағыттың үндесуі байқалды. Егер кең түрде алсақ, кеңістік дегеннің өзі шартты. Себебі, көркем шығармада бейнеленген кеңістік көп жағдайда шығармашылық ойлауға, қаламгердің фантазиясына, көзқарасы мен дүниетанымына байланысты. Сондықтан, автор өзіне жақын дүниені өзінің қабылдауында кең немесе тар шеңберде береді. Осыған байланысты автор бір оқиғаны жеңіл, үстіртін, шолу түрінде, кейбірін терең, толық суреттеп жатады. Осы ретте кеңістік шеңбері ұлғаяды немесе тарылады. Мәселен, халқымыздың тұрмыс-салтын бір ғұрыптың орындалуы арқылы да, бірнеше түрін кең суреттеу арқылы да жеткізуге болады. Соған сәйкес кеңістікті толтыратын оқиға мен адамдар әр қилы болады. Көркем кеңістік шынайы дүние ретінде географиялық сипатты иеленеді. Қаламгер А.Сейдімбектің кейіпкерлері кей кезде уақыт ырқына бағынғысы келмейді. Өздерінің жүрек қалауындағы сезімге ерік беріп, бір сәт адамға тән бақыттың дәмін татуға бел буады. Осыған табан тіреген Ршыман: “Тәңірім қадамыңды қайырлы, құтты қылсын, Торғын. Өзіңе ғана айтқан имандай сырым ғой осы жасқа келгенше дәл қазіргідей пендеге лайық зор қуаныш кешкен емеспін”[1,26-б],- деп ағынан жарылады. Өзінің шешіміне риза қалып танытады Бұл жас емес, жер ортасына келген адамның ағынан ақтарыла, қуана айтқан сыры. Адам ретіндегі өзіндік, ішкі сезім қабатындағы жеке сырын ашуы. Әрі болашақ ұрпағымның анасы, жарым деп айтқан сыры.
Жүсіпбек Аймауытовтың айтуынша, әрбір адамда үш «мен» болады [3, 259-б]. Мұның біріншісі – мендік “мен”. Екіншісі – меншік “мен”. Үшіншісі - әлеуметтік “мен”. Жазушының дәлелдеуінше, адамды тұтас әрі толық тану үшін осы үш “менді” де тығыз бірлікте, тұтастықта қарастыру керек. Адамды, адамның жанын зерттеген кезде, әсіресе, мендік “менге” айрықша көңіл бөлген жөн. Өйткені, адамның “жан дүниесінің шын суреті”, “әр қилы ықтиярсыздықтары”, “жанның дәйімгі, орнықты халдеріне ұқсамайтын тосын күйлері, кейде кенеттен жолығатын соқпа халдері”, “құлпырмалы күйлері”, “жүректің асыруға да, жасыруға да болмайтын шын халдері”, “жан құбылыстарының күйі мен реңі”, “адамның өзін-өзі іздеген халі”, “санамен білінетін заттардан басқа, бір көмескі, мәлімсіз қуат арқылы білінетін ойлары”, “кейде не себепті, қайдан шыққаны мәлімсіз төтенше ойлары”, “біздің санамызға ғана байланысты, санамыздың екінші бір дәрежесіне байлаулы жатқан, санамыздың ар жағындағы мұнартқан санасыздық дүниясымен байланысып жатқан сезімдеріміз”, “жанның әрбір толқынды, жүректің терең сырлары”, “жан дүниенің жалпы ағыны” осы мендік “менде” көбірек көрініс береді. Сондықтан да адамның жанын терең ашу үшін осы мендік “менге” ерекше мән беру керек.
Өмірді танып-білу, адамның табиғатына үңілу қоғамдық талаптың биігіне көтеріліп, өз айналасының ұлттық сипаттарын ашу, характерлердің жанды, нәзік сырларын тауып, қай тақырыпта жазса да, ол халқының бағалы мұрасына айналатындай болғаны жөн.
Сырт қарағанда өзімізге таныс, өмірде жиі кездесетін қарапайым ғана оқиғаны ала отырып, жазушы шеберлігі осы шағын оқиғаны үлкен философиялық мәні бар көркем туындының негізіне айналдыра алуынан көрінеді. Бұл жерде жазушының жүрек сыры, тебіренісі, айтылар ойдың мәнділігі, көздеген мақсатының айқындылығы өте маңызды. Автор ойы кейіпкер ойымен үндесе өріліп, оқиға өрісіне араласатын басқа да кейіпкерлердің сөзімен айқындала түсу керек. Көп жағдайда авторлық «мен» кейіпкердің «менімен» тұтасып, бірігіп кетеді.
Жазушы А.Сейдімбектің өмірдің әр тарапты құбылыстарын тоқайластырып, тұтас көркем дүние жасауға деген ұмтылысы шығармаларынан айқын байқалады. Өмірдің диалектикалық байланысы мен адамның кәдімгі тірлігі көркем бейнеленген.
Жазушының кейіпкерлері даланың тыныс-тіршілігін бағып өскен жандар. Олар даланың әрбір құбылысын тап басып, оның әрбір маусымдағы тірлігін, өзгерісін жіті бақылайды, солардан өз байламдарын жасап отырады. Содан да қаламгер бейнелеген кейіпкерлер ойға, пайымға бай, дүниетанымдары терең, сөзге жүйрік, көшелі. А.Сейдімбектің әңгіме-повестері белгілі бір желіге, жүйелі тақырыпқа құрылады. Өйткені, жазушы ең алдымен өмір шындығын, көрген, сезген етене тақырыпты нысан етеді. Автор шығармаларының тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік қуаты бір-бірін толықтырып отырады. Суреткердің көркем бейнелері ұлттық, көркемдік-эстетикалық жағынан, ұлттық сана мен ойлау жүйесі тұрғысынан астасып, орайласып, оның қаламгерлік шеберлігін айғақтайды.
ӘДЕБИЕТ
1. Сейдімбек А. Аққыз. Повестер мен әңгімелер. Алматы: Атамұра, 2002. 288 б.
2. Ақсұңқарұлы С. Алаштың Ақселеуі. // Орталық Қазақстан. 2. 11. 1992.
3. Аймауытов Ж. Псиқолоғия. Алматы: Рауан, 1995. 312 б.
А. Кемелбаева
Астана қ., Қазақстан
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК. «ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ТАРИХЫ». ЭССЕ
1. Ақселеу Сейдімбек фольклорлық мұра – шежіре жанрында
Қазақ халқының түп тарихы – шежіре. Қасиетті рухани күш шежірешілдік түркінің бір бұтағы қазақтардың генетикалық болмысында әлі терең сақталған. Шежірені ұмыту, хан жарлығымен бекіген жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін жоғалтып алу – ұлт ретінде құруға бастайтын қатер. Біз шежірелік сипатымызды жан-тәнімізбен сүйетін халықпыз. Сондықтан ғалам біртұтастанған, қарабайыр тобырланған сайын шежірені ғылым ретінде дамыта түсіп, жер тұрғанша жоғалтпауымыз керек.
Шежіре – қазір әлемге ықпалы зор болып отырған еврей елі үшін де аса маңызды. «Таурат. Көне өсиет» – бұл Израильдің 12 буынының шежірелік жылнамасы. Еврейлер Мысыр құлдығынан құтылып, халық ретінде күшеюіне, қайта өрлеуіне ықпал жасаған жасампаз күш – ел бастаған дінбасылары һәм көсемдері арқылы мызғымаған шежірелік жады мықтылығының әсері. Тектен айрылмаудың артықшылығын олар білген.
Ақселеу Сейдімбек – қазақ халқының шежірелік тарихын бергі заманда классификациялап, энциклопедия түрінде бір жүйеге келтіріп, ұлтқа ұйтқы екенін айқындап, бабымен жинақтап кеткен асылдың сынығы. XX ғасыр басында ұлт көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ жоқ іздеуші» дегенде, сол ізгі мұратқа адал болғандардың бірі Ақселеу Сейдімбек екені дау тудырмас. Тексіздік нағыз қазақ жиренетін ұсақталу, азып-тозумен тең.
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менім несібем!
XVI ғасырда өмір сүрген ноғайлының Доспамбет жырауы теңдік салтанат құрған дәуірдің азаттығын қалай асқақ сезінеді, шіркін! Сол қасиет қазақтың қанында құдайға шүкір, әлі бар, жоғалмайды.
Ақселеудің қазына ұстаушылығы – жыр бұлағы жыраулардан жалғасқан құдіретті рухты өлтірмеуді, фольклорлық баянды жаңғыртуды мұрат еткен мирасқорлық. Ол-дағы бір керуенбасы. Көш-керуенін ұзатып, кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсырушы. Көненің көрікті дүниесінен басы бүтін айрылуды жаны қаламаушылық. Ел үмітін ақтаған ер атағын енді елі сақтайды. Ақселеу миссиясы осындай биік. Оның ең басты кітабының бірі – «Қазақтың ауызша тарихы».
Әсіресе, шеттен келген қазақ зиялылары қазақтың рухани ассимилияцияға ұшырағанын көзімен көріп, қорынды. Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы алашшыл ақын Қасымхан Бегмановқа берген этнографиялық сұхбаттарында: «Қазақ жерінің табиғаты бұзылды. Қазақ елінің шаңырағы шайқалып, елі тозды. Қазақ ұлтының тұрмыс ырғағы бұзылды. ... Осы аса улы саяси ассимилияцияның кесірінен қазақ ұлтында ұлтсыздану қасіреті төбе көрсете бастады» деп налиды. Советтік заманда өскен Ақселеу Сланұлы ұлтсыздануға іштей наразылығын өзіндік пафоспен, қазақтың өзінен туған ұлға тән түйсікпен берді.
Жазушы, зерттеуші Мырзакелді Кемел «Ақселеу асу» атты танымдық еңбегінде: «Ақселеу Сейдімбектің жанры алуан стильге толы. Мұнда дала әңгімелері де, қорғандар мен діндер аңыздары да, күй шежіресі де, қазақтың ауызша шежіре-тарихы да, жүз-тайпа-ру таралымдары да, ертектер де, мақал мәтелдер мен қазақ болмысын ашып көрсететін аңызға бергісіз бастан өткенді әңгімелеу де, қара өлең де, естеліктер де, аудармалар да бар», – деп шындықты саралап жазады. Сонымен қоса ол Ақселеу Сейдімбек мұрасының негізгі тұжырымдарын термелейді. Соның бір-екісін қайталасақ: «Ақселеу Сейдімбек қазақ этнологиясының ғылыми терминологиясын қалыптастырды. Ақаң «Қазақтың ауызша тарихы» арқылы қазақ мемлекеттігінің құрылымын ғылыми негіздеді. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этносты жер бетінде бар екенін біз біле алмадық , – деп ұлтымыздың бұл ерекшелігінің қасиетін дәріптейді. Бұл тыйымның қазақтардың тұқымдық сұрыпталуына себепші болумен бірге, этномәдени біртұтастығын сақтаудың бірден-бір тетігі болғандығын айтады».
Әлхисса, бұл кітапта не жоқ, қазақ үшін қасиетті һәм қастерлі саналатын дүниетанымдық ұғым-идея, белгі-нышанның бәрі бар. Кең даламызда өсіп-өнген тайпалар мен рулар, ұлыстардың бір-бірімен тамырласқан, будандасқан, қапталдасқан, бауырласқан шынайы тарихы бар. Оқылуы кей сәт мың бір түндей көркем шежіре әдебиеттегі небір жанрлардың бір арнада тоғысқандығымен озық. Оның мазмұны тым терең, іші толы құнды деректер, кісілік келбет, қилы жазмыш. Қазақ асқан философ халық екенін бұл кітап аша түседі.
Ақселеутану – өзтану. Қазақтыққа тағзым. Ал қазақтық еркіндік аңсаудан, азаттыққа сүйіспеншіліктен туғанын қазір ұмытсақ та, түйсіктегі ұлы зердеміз, жадтық таңба, ұлттық код ұмыттырмайды.
«Көшпелі өмір-салт Ұлы дала (Қазақ даласы деуге де болады) тұрғындары үшін ұзақ уақыт тиімді өмір сүрудің бірден-бір оңтай үлгісі болды» («Қазақтың ауызша тарихы», 485 бет).
«Алаш үстірті – Ресей Федерациясына қарасты Тыба республикасының жеріндегі Батыс Саян тау сілемдері. Бұл тау сілемдерінен ағатын ең бір арналы өзен – Сүткөл (Сут-Холь)» (489 бет).
Қазақ біледі, қазір Тыба атанған ел бұрынғы ұранқайлықтар, дәлірегі, қалмақтың бір атасы. О баста монғолданған түркінің бір бұтағы болуы керек. Бірақ бейбіт ел жиі шабылған бұлғақта қазақты қан қақсатқан тайпаның бірі. Ал мынау этнотопонимнен көрініп тұрғандай, жер атауы таза қазақ тілінде. Осының бәрі кейінгілерді ойландырары сөзсіз. Сүткөл деген атауда тұнып тұрған өлең бар. Сүт тағамдары – сүттен таза, судан ақ уыздай дүниені сүйетін малқор қазақтың ұлттық асы.
«Арғын тайпасының таңбасы «көз таңба» немесе «күн таңба» деп аталады. Севан көлінің байырғы атауы – Көкше (Гокча)» (492 бет).
Ақселеу аға қазақтықтың уыз табиғатын күллі әлемнен іздеп табады, әрі айғақсыз сөз сөйлемейді. Ол әңгіме желісін ақын жырларымен әдіптеп отырады. Ескінің есті сөздері қайнар бұлақтай саулап шыға береді. Мысалы, «Нұрдан жаралған Адай» туралы айтқанда: «Қашаған Күржіманұлының «Адай тегі» деген жырымен үндес» дей келе, жырдан үзінді келтіреді (315 бет). Өлең десе жаны.
Анасы жас нәрестені жерошаққа жасырып жүргеннен Ошақты аталған деседі. Бір рудың атасы осылай туады, және осы тектес нұрдан жаралды делінетін үлкен аталардың шығу тарихы ондап-отыздап кездеседі. Демек, жалған діндарлық әу баста қазақта болмаған. Ауызекі шежіренің бір ғажабы, адам баласын айыптау, сөге жамандаудан аулақ, сонысымен анархиясы жоқ еркін халықтың еркебұлан қалыбын даралап тұратындығы. Сонымен қатар қазақта ру атына шыққан ұлы аналардың аз еместігін Ақселеу Сланұлы ерен сүйінішпен, өз алдына даралай жазады. Олардың бір тайпаның үлкен шешесі ғана емес, әулиелік жаратылысын қоса қамтиды. Мысалы, әйгілі Домалақ ана.
Ақселеу Сланұлы эпостық стильге етене, оның прозасынан ескі асылын жоймаған қазақтың қаймағы бұзылмаған ақсүйек қалпын көресіз. Қазақтың бауырмалдығы мен адуындығын қатар көрсетеді. Мысалы, орта жүздегі қазаққа сіңген қырғыз руы туралы айтқанда, ол өз атасы тарақты Мәтімұсаұлы Сейдімбектің басынан өткен тектілікке қатысты бір оқиғаны бипаздай жеткізеді. Соғым басына шақырып, дәмдес болған екі адамның арасындағы ата тегіне қатысты шындық әңгіменің шарпуы түптеп келгенде қазақ ұлтына тән шежірешілдіктің де анық баяны. Түбі қырғыз Қазылық байдың бір сөзіне шамданған Сейдімбек ақсақал аталы сөзін құр жібермей: «Сенің арғы атаң Алатаудан шығып, Арқаға бас сауғалап келгенде ашытқылық қымызын қанжығасына бөктеріп келіп пе еді! Оны бізден алмағанда, қайдан алдың!» – деген екен», (356 бет).
«Ұлы Абайдың ақын шәкірттері Көкбай Жанатайұлы мен Әріп Тәңірбергенұлы нағашылы-жиенді болып келеді. Сонсоң да олар өмір бойы бірімен бірі өлеңмен қағысып, өнерлерін жарыстырып, туысқандық сезімдерін ұтқыр әзіл-қалжыңмен айғақтап отырған» (190 бет) дей келе, автор әл үстінде жатқан Әріптің көңілін сұрай келген нағашысы Көкбай қазақтың ажалдың өзін кейде қалжыңға салып, жалған дүниеге мойынсұнбай, құсаланбай қарайтын ғадетімен, жиеніне әзіл айтады. Оған өлгелі жатқан Әріп қарап қалмай, «Кетемін дүниені саған тастап, / Осымен к..ті қысып тоқтаймысың?!» әзілмен жауап қайтарып, екеуі өлеңмен айтысып бақұлдасады. Осы екі ақынның өлім философиясын терең түйсініп, Абай айтқан: «Туғанда дүние есігін ашады өлең. / Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген ақиқатты жатсынбай тұрғаны исі ұлттың ұлы мінезін танытады.
Шежірелік деректерде Ақселеу Сейдімбек аталардың мінезін, пейілін өз сөзімен өрнектеп ашады. Солардың аузынан шыққан сөздерін алтын кенішіндей ардақтайды.
Қазақтың этногенезін түзген жайтқа тән шындықтың бәрі айтылады. Рулық жүйені тарқата, оның таңғажайып шебер құрылыс, далалықтарға лайық бірден-бір елдік жүйе болғанын дәріптей келе, этнограф ғалым қазақ халқының рулық жүйесі мызғымас, берік, қатып қалған, қамал еместігін, бір рудан бір руға ішінара аталар қосылып, әбден сіңіп, кірігіп кеткенін айқын жазады. Сөйтіп, түбін қазса, жүзге кіретін қазақ та, жүзге кірмейтін қазақ та бір қазақ екенін ол ерекше сүйіспеншілікпен танытады.
«Ең ғажабы, қазақтың шежіре тарату дәстүрінде сіңісті аталар, кірме әулеттер, асыранды балалар және олардың өсіп-өнген ұрпақтары еш бүкпесіз шыншылдықпен баяндалады. Соған қарамастан, еншілестік институтымен бекемделген ру-тайпа мүшелерінің қылаусыз біртұтастықтағы мүдделестігі тіптен қайран қалдырады». Ол «Қазақ шежіресі ...ру-тайпалардың ұлы бірлік идеясын дәріптеуге бағытталған жаңа түзілім болып табылады» (21 бет) дей келе, қазіргі трайбализм, жікшілдік деген қауесеттің негізсіз екенін перзенттік парызын биік ұстап, жанын сала дәлелдеп шығады. Расында қазақ біртұтас халық. Жікшілдік бірен-саран дүниеқоңыз, мансапқұмарлардан шыққан әлек. Жалпақ халықта оның ем қонбайтын арсыз дерті жоқ.
Ал түбін жасырмайтын мінезі, «Құл ғана атасын жасырады», ертедегі қазақтың тым шыншыл болғанының белгісі! Өтірікке баспаған баба Қазақ!
Ақселеу – көне дүниелердің дара туған хаттаушысы. Оның жазушы-ғалым, этнограф, тарихшы, мәдениеттанушы, өнертанушылық сан алуан таланты бір арнада тоғысып, бағасы барған сайын зорая түспекші құндылықтарды өшпестей қылып, таңбалады. Ол шежірелік аңыздардың өз жанрын қалыптастырып кетті. Ақселеу ыждаһатпен жиған ортақ қазынадан жас ұрпақ, кел де, көсіп ала бер. Өйткені ол сенің төл тарихың. Ол қазақтың ырыс-несібесін түзетін игіліктерді қызғыштай қорып һәм қорғап кетті. Сонысымен прометейлік таудай еңбек жасады. Жауһар әрі жалқы еңбек. Қазақ халқының этногенезіне шежірелік мағлұматтардың тікелей әсері бар дейді ол. «Жер бетінде этномәдени болмысы біртұтас жалғыз ұлт болса, ол – қазақ ұлты» (4 бет).
Бұл кітап автор өзі жазғандай, «Қазақ даласында есте жоқ ескі заманда бастау алып, сол қазақ даласында аяқталған (XX ғ.) көшпелі өмір –салтты «эпикалық көшпелі өмір-салт» деп айырып атаудың қисыны бар», (8 бет) дей келе, ол өзін соның шырақшысы, «Мен өзімді көшпелі өмір-салттың әрі сырт көз бақылаушысы, әрі айғақшысы (носитель, этнофора) ретінде сезінемін» деп оқырманға таныстырады.
Осы құбылысқа адалдықты Ақселеу Сейдімбек аққудың қоштасу әніндей көріп, биік трагедиялық пафоспен қабылдайды.
«Бір ғана өңірде – Сарыарқаның Бетпақдаламен шектескен жапсарында дәстүрлі эпикалық көшпелі өмір-салт сақталып қалды. Көш көлігі – түйе, баспанасы киіз үй. Қоғамдық өмірде кісілік пен парасат басшылыққа алынып, адамдар ғажайып асқақ сезімдерге бөлене алатын.
Міне, мен өскен өңір, мені қалыптастырған әлеуметтік орта осындай еді. Бұл ортаны эпикалық көшпелі өмір-салттың саба түбі сарқындысы, ең соңғы жұқанасы деуге болады. Өз басым тарих пен этнографияға ден қойып жүрген адам ретінде мұндай өмір-салтты көріп үлгергенімді тағдырдың сыйына балаймын» (8-9 бет).
Далалық тұрмыс-салт, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени әлемнің жүйелі энциклопедиясын, тіл ұшында, зердеде тұнған ұлы тарихын Ақселеу Сейдімбек елінің таңдаулы ұлы болып құлай жазды.
Достарыңызбен бөлісу: |