Негізгі дене тәрбиесінің міндеттері - біріншіден, адамдардың өмірге керек қимылының ептілігі мен дағдысын қалыптастыру, дене қасиеттерінің деңгейін дамыту; екіншіден, осы жинақтаған қасиеттерді (базаны, негізді) адамдардың қалап алған мамандықтарына (кәсіптік, спорттық т.б.) қолдану. Негізгі дене тәрбиесі жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында, оқу-тәрбие мекемелеріндегі дене тәрбиесі сабақтарында, әр түрлі жаттықтыру түрлерінде жүргізіледі. Ол еліміздегі ересек адамдардың дене дайындығы деңгейін арттыруға, денсаулықтарын нығайтуға, жұмысқа ынтасын, төзімділігін дамытуға көмектеседі.
Дене тәрбиесінің бір саласы - спорт, бұл түрлі жаттығулардың көмегімен жоғары жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған өнер түрі. Ол адамның психикасының, дене қуатының жетілуін қамтамасыз етеді. Спорттық әрекеттің негізгі мақсаты – спорттың бір түрінен биік жетістіктерге жету, сол арқылы адамның қабілетін, жақсы қасиеттерін дамыту.
Қолданбалы дене тәрбиесі кәсіптік және әскери деп екіге бөлінеді. Ол өмірге, келешек мамандыққа өте қажет кешенді қимыл-әрекеттерді игеру, дене тәрбиесі арқылы өз мамандықтарын (әскери де, азаматтық та) жақсы меңгеру, терең түсінуге бағытталады.
Сауықтыру дене тәрбиесі емдеу және денсаулықты нығайту дене тәрбиесі деп бөлінеді. Емдік дене тәрбиесінің мақсаты - адам ағзасы мүшелерінің ауырып, уақытша жоғалтып алған қызметтік мүмкіншіліктерін дене жаттығулары арқылы қалпына келтіру. Емдік дене тәрбиесі кабинеттері еліміздің емханаларында, ауруханаларында, спорттық, дәрігерлік мекемелерде жұмыс істейді.
Дене тәрбиесі – денсаулықты нығайтуға, жаттығушылар ағзасының жұмыс істеу қабілетін арттыруға қызмет етеді. Сабақ арасында, жұмыста (сергектік сәттері, өндірістік гимнастика, дене жаттығулары), күнделікті тұрмыста (таңертеңгі бой жазу, өз бетімен жаттығу сабақтары, серуендеу, саяхат, жорық т.б.) қолданылады.
Жеке басылық дене тәрбиесі – адамның өз басының, дене тәрбиесі және спорт жаттығуларын, оның керектігін, мәнін, мағынасын түсініп, өзіне, маңайындағы адамдарға үйрете бастауы, оның осы салада білім, хабар көздерін іздеп, ол білімді өзінің, айналасындағы адамдардың денсаулықтарын нығайтуға, спорт түрлерінің қозғалыстарын үйретуге, өмірге қажет қимыл шеберлігі мен дағдысын қалыптастыруға қолдануы.
Достарыңызбен бөлісу: |