Шешетін міндеттеріне байланысты сабақтардың жіктелу (классификациялануы). Білім беру, сауықтыру немесе тәрбиелік міндеттерін шешуге басым бағытталған белгісіне қарай сабақтар төрт топқа жіктеледі.
1/ Құрастырылған (комбинированный) сабақтар. Бұларда дене тәрбиесінің барлық үш міндеті топтары (білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру) бірдей ұсынылған.
2/ Сауықтыру бағыты басым сабақтар екі вариантта өткізіледі: бірінші – дамыту (қалыптастыру) сабақтары, яғни ағзаның әртүрлі жүйелерін дамытуға қызмет ететін, екінші – қалпына келтіретін (реабилитациялық), яғни күшті және жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіреді.
3/ Тәрбиелеу бағыты басымырақ сабақтар нақтылы адамгершілік, өнегелілік немесе эстетикалық тәрбие міндеттеріне байланысты жіктеліп, бөлінеді (дифференцияланады).
4/ Білім беру бағыты басымырақ сабақтар дидактикалық бес түрге бөлінеді: кіріспе сабақ, жаңа материалды үйрену сабақтары, жетілдіру сабақтары, аралас (кешенді) сабақтар, бақылау (сынақ) сабақтары.
Кіріспе сабақтары оқу бағдарламасының жаңа тарауларын оқып, үйрену кезінде оқу жылының, тоқсанның басында өткізіледі. Бұл сабақта оқытушы балаларды алдағы кезеңдегі оқу процесі жұмыстарының негізгі міндеттері және мазмұнымен, сынақ талаптарымен, оқу нормативтерімен таныстырады.
Жаңа материалдарын оқытып, үйрету сабақтары. Олардың негізгі міндеттері оқушыларды жаңа қозғалыс әрекеттерімен және оларды бастапқы меңгеру жолдарымен таныстыру болып табылады.
Жетілдіру сабақтары оқу материалын тереңдетіп үйрету және бекіту үшін қолданылады.
Аралас, кешенді сабақтарда жоғарыда аталған сабақ түрлері үшін тән міндеттер мен элементтері мазмұндас болады. Мұндай сабақтарда оқытып, үйрету, дене сапаларын дамыту, шұғылданушылардың дене дайындығы деңгейін бақылау және т.б. бірге іске асырылуы мүмкін. Сабақтың бұл түрі дене тәрбиесіндегі іс тәжірибеде барынша кең қолданылады.
Бақылау сабақтары шұғылданушылардың үлгерімі мен дайындық деңгейін анықтауға, олардың білімді, біліктілік пен дағдыларды тақырып немесе тарау бағдарламасы бойынша меңгеруін тексеруге бағытталған.
Достарыңызбен бөлісу: |