Өндiрiстiк объектiлердегi сигналдық түстерге, белгiлеулерге және қауiпсiздiк белгiлерiне қойылатын талаптар



бет1/5
Дата17.07.2016
өлшемі0.71 Mb.
#205981
  1   2   3   4   5
"Өндiрiстiк объектiлердегi сигналдық түстерге, белгiлеулерге және қауiпсiздiк белгiлерiне қойылатын талаптар" техникалық регламентiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 29 тамыздағы N 803 Қаулысы


Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., N 37, 400-құжат; "Егемен Қазақстан" 2008 жылғы 3 қазан, N 302-303


      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған "Өндiрiстiк объектiлердегi сигналдық түстерге, белгiлеулерге және қауiпсiздiк белгiлерiне қойылатын талаптар" техникалық регламентi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi                                   К. Мәсiмов

Қазақстан Республикасы 


Үкiметiнiң      
2008 жылғы 29 тамыздағы 
N 803 қаулысымен    
бекiтiлген      

"Өндiрiстiк объектiлердегi сигналдық түстерге, белгiлеулерге және қауiпсiздiк белгiлерiне қойылатын талаптар" техникалық регламентi

1. Қолданылу аясы

      1. Осы "Өндiрiстiк объектiлердегi сигналдық түстерге, белгiлеулерге және қауiпсiздiк белгiлерiне қойылатын талаптар" техникалық регламентi (бұдан әрi - техникалық регламент) Қазақстан Республикасының " Өрт қауiпсiздiгi туралы " 1996 жылғы 22 қарашадағы, " Қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi өнеркәсiптiк қауiпсiздiк туралы " 2002 жылғы 3 сәуiрдегi, " Қауiпсiздiк және еңбек қорғау туралы " 2004 жылғы 28 ақпандағы, " Техникалық реттеу туралы " 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңдарын iске асыру мақсатында әзiрлендi.

      2. Осы техникалық регламенттiң талаптары өндiрiстiк және басқа да объектiлердегi (бұдан әрi - объектiлердегi) қауiпсiздiк талаптарын қамтамасыз етуге арналған сигналдық түстерге, белгiлеулерге және қауiпсiздiк белгiлерiне қолданылады.

      3. Осы техникалық регламент мынадай өнiм түрлерiне:

      1) барлық көлiк, көлiк құралдары және жол қозғалысының түрлерiне жарықтық сигнал беру жабдықтарына қолданылатын түстерге;

      2) баллондардың, құбырлардың, газдар мен сұйықтықтарды сақтауға әрi тасымалдауға арналған сыйымдылықтардың түстерiне, белгiлерiне және таңбалау қалқандарына;

      3) жол белгiлерi мен белгiлеулер, темiр жолдардың жол және сигналдық белгiлерi, барлық көлiк құралдары (көтеру-көлiктiк механизмдердiң, зауытiшiлiк, жолаушылар және қоғамдық көлiктердiң қауiпсiздiгiне арналған белгiлерден басқа) қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған белгiлерге;

      4) тасымалдау мен сақтаудың арнайы талаптарын қажет ететiн қауiптi жүктердi, жүк бiрлiктерiнiң белгiлерi мен таңбалауларға;

      5) электртехниканың белгiлерiне қолданылмайды.

2. Терминдер мен анықтамалар

      4. Осы техникалық регламентте Қазақстан Республикасының " Техникалық реттеу туралы ", " Өрт қауiпсiздiгi туралы ", " Қауiпсiздiк және еңбектi қорғау туралы " Заңдарында көрсетiлген терминдер мен анықтамалар, сондай-ақ тиiстi анықтамалары бар мынадай терминдер қолданылады:

      1) қалдық жарықтанудың ұзақтығы - жарық көздерi ажыратылғаннан кейiн қауiпсiздiктiң фотолюминесценттi белгiлерiнiң, сигналдық белгiлеулер мен материалдардың сәулелену жарықтылығының көру мүшесiнiң сезiмталдық шегiнен 100 есе (0,3 мкд/м 2 ) асатын белгiге дейiн төмендейтiн уақыты;

      2) қосымша белгi (табличка) - қауiпсiздiк белгiсiнiң бiрiмен бiрге қолданылатын және iшiнде қосымша ақпараты бар белгi;

      3) қауiпсiздiк белгiсi - адамдарды тiкелей немесе ықтимал қауiп жөнiнде ескеруге, белгiлi бiр әрекеттерге тыйым салуға, кеңес беруге немесе рұқсат беруге арналған сигналдық және қарама-қарсы түстердi, графикалық символдарды және (немесе) түсiндiру жазуларын пайдалану арқылы, сондай-ақ пайдалануы қауiптi және (немесе) зиянды факторлардың әсерлерiн болдырмайтын немесе төмендететiн объектiлер мен құралдардың орналасқан жерi туралы ақпараттары бар белгiлi бiр геометриялық формадағы түстiк графикалық бейне;

      4) өрт қауiпсiздiгi белгiсi - өрттiң туындауын болдырмау мақсатында адамдардың тәртiбiн реттеуге, сондай-ақ өртке қарсы қорғаныш құралдарының орналасқан орындары, құлақтандыруды, ұйғарымды, рұқсат берудi немесе өрт туындаған жағдайда белгiлi бiр әрекеттерге тыйым салуға арналған қауiпсiздiк белгiсi;

      5) шығу осi - бiр ұшы шығу ортасы болып табылатын және жарық қайтарғыш құрылғының көлбеу бұрышын анықтау үшiн пайдаланылатын белгiлi бiр түзу кесiндi;

      6) қарама-қарсы түстер - көру қабылдауын күшейту және қоршаған фондағы қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi ерекшелеуге, графикалық символдар мен түсiндiрме жазуларды орындауға арналған түс;

      7) жарық қайтару коэффициентi, (R'), - жарық түсу бағытының қарама-қарсы бағытына, нормал бойынша Е | бетiнiң жарықтануына және А бетiнiң жарықтанған ауданына жарық қайтарғыш материал шағылыстырған I жарық күшiнiң қатынасы;

      8) жарықтылық коэффициентi - элементiнiң бет жағының жарықтылығы мен жарықтанғандық пен бақылаудың бiрдей жағдайларында мiнсiз шағылысу немесе мiнсiз шашырату жағдайындағы жарықтылығы арасындағы арақатынасы;

      9) люминесценция - тепе-тең күйде тұрмаған (қозған) материалдың сыртқы әсерлер энергиясы есебiнен (оптикалық, механикалық, электрлiк және т.с.с.) немесе iшкi туындаған энергиялар әсерiнен (химиялық және биохимиялық реакциялар мен айналулар) жарқырауы (сәуле шығаруы);

      10) сәулеленбейтiн материал - люминесценциялық қасиетi жоқ және оны құраушы кванттардың жиiлiгiн өзгертпейтiн, алайда оның спектрiн ықтимал өзгерте алатын, өзiне түсетiн немесе енетiн табиғи немесе жасанды жарықты шағылыстыруға (шашыратуға) қабiлеттi материал;

      11) сәулелену осi - шығу ортасын жарық көзiмен қосатын тiк кесiндi;

      12) бақылау осi - шығу ортасын фотометрлiк бастиекпен қосатын тiк кесiндi;

      13) жабысқақтық көрсеткiштерi - материалдың жабысқақ қабатын 100 мм ұзындыққа жабыстыратын уақыт;

      14) жарық қайтару - сәулеленетiн жарықтың өзi шыққан бағыттарға жақын бағытқа қайтатын, сонымен қатар алғашқы сәулелену бағытының кең ауқымында сақталуға тиiс шағылысы;

      15) сәулелену материалы - люминесценция қасиеттерiне ие материал;

      16) жарық қайтарғыш материал - құрамында өзiне түскен сәуленi сәуле түскен бағытқа жақын бағыттарға қайтаратын оптикалық элементтерi бар (сфералық немесе жазықтық) материал;

      17) жарық сүзгiш қабыршақтар - жарық өткiзу құрылымы бар және түстiк графикалық бейненi жасауға және оны табиғи және физикалық әсерлерден қорғауға арналған, өзi жабысатын типтi мөлдiр желiм қабатымен жабдықталған, акрил негiзiндегi түстердiң стандартты гаммасындағы түссiз және түрлi-түстi қабыршақтар;

      18) сигналдық түс - қауiптi және (немесе) зиянды факторлардың көздерi болуы мүмкiн өрт техникасына, өртке қарсы немесе басқа қорғаныш құралдарына, қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулерге, тiкелей немесе ықтимал қауiптiлiкке, жабдықтардың, машиналардың, механизмдердiң немесе құрылмалардың элементтерiнiң жұмыс түйiндерiне адамдардың назарын аударуға арналған түс;

      19) сигналдық белгiлеу - қауiптiлiктi, сондай-ақ нұсқаулар мен ақпаратты белгiлеу мақсатында сигналдық және қарама-қарсы түстердi пайдаланып құрылмалардың, қабырғалардың, қоршаулардың, жабдықтардың, машиналардың, механизмдердiң (немесе олардың элементтерiнiң), таспалардың, шынжырлардың, бағандардың, бөгеушi кедергiлердiң, қалқандардың бет жақтарында жазылған түстiк графикалық бейне;

      20) тұрақты бояулар - түстiк графикалық бейнелердi салуға арналған стандартты түстерi, сәйкес ұзақ мерзiмге шыдамдылығы, түстiк тұрақтылығы, берiктiгi бар арнайы сия;

      21) бақылау бұрышы, (а) - жарық беру осi мен бақылау осiн жасайтын бұрыш;

      22) жарықтану (түсу) бұрышы, (B) - жарықтану осi мен шығу осiн жасайтын бұрыш;

      23) фотолюминесценция - кванттар жиiлiгi мен қоздыру жарығының спектрiмен салыстырғанда кванттар жиiлiгi мен сәулелену жарығының спектрi өзгеретiн жарықтың сыртқы кванттарының әсерiнен қозатын люминесценция;

      24) фотолюминесценттi материал - қозу кезiнде сондай-ақ табиғи және жасанды пайда болу жарығымен қозу аяқталғаннан кейiн бiрнеше уақыт бойы пайда бола алатын фотолюминесценция қасиеттерiне ие материал;

      25) қалдық жарықтанудың түсi - жарық көздерiн ажыратқаннан кейiнгi қауiпсiздiктiң фотолюминесценттi белгiлерiнiң, сигналдық белгiлеулер мен материалдардың түсi;

      26) түс шекарасы (түс аймағының шекарасы) - рұқсат етiлген (қолдануға) түстi рұқсат етiлмегеннiң аймағынан бөлiп тұратын хроматикалық диаграммадағы тiк сызық

      27) жарықтылық қарама-қарсылығы, (к) - жарықтылықтың қарама-қарсы түстерiнiң жарықтылықтың сигналдық түстерiне қатынасы.

3. Өнiмнiң Қазақстан Республикасының
нарығында айналым жағдайы

      5. Сигналдық түстердi, белгiлеулер және қауiпсiздiк белгiлерiн қауiптiлiкте, қауiптi жағдайда, қауiптi жағдайдың алдын алуда, қауiптi жағдайды елемеген жағдайдың ықтимал нәтижесiн хабарлауда, белгiлi бiр әрекеттердiң ұйғарымы немесе талаптарында, сондай-ақ белгiлi бiр ақпаратты хабарлауда өндiрiстiк объектiлердегi адамдардың назарын аудару үшiн қолданған жөн.

      6. Түрiн, өлшемдерiн таңдау, қолданылу тәртiбi, саны, сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерiн орнату орындары мен орналасуы осы техникалық регламенттiң, мемлекеттiк, мемлекетаралық, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлген халықаралық стандарттардың, құрылыс және санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың, қауiпсiздiк және еңбектi қорғау, өрт қауiпсiздiгi ережелерiнiң белгiленген тәртiпте бекiтiлген талаптарына сәйкес келуге тиiс.

      7. Дайындаушы, уәкiлеттi (өкiлеттi), импорттаушы:

      1) қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi өткiзер алдында оларды зиян келтiрудiң және қабылдаудың ықтимал қатерлерiн, қауiпсiздiктiң тиiстi шараларын бағалау үшiн қажеттi iлеспе құжаттамамен (пайдалану бойынша нұсқаулармен, сапа паспортымен, сәйкестiк сертификатымен, сәйкестiк туралы декларациямен, техникалық немесе нормативтiк құжаттамамен және т. б.) қамтамасыз етуге;

      2) қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi өткiзген кезде iлеспе құжаттаманың құрамын өнiмнiң түрiне немесе ол орналасатын объектiнiң түрiне қарай анықтауға;

      3) қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi Қазақстан Республикасының нарығында шығарған кезде сатушыларды оларды өткiзу кезiндегi әрекеттерiнiң тәртiбi туралы ақпараттандыру, тұтынушылардың шағымдарын тексеруге;

      4) мемлекеттiк бақылаудың тиiстi органдарын олардың тұтынушыларды ескертуге арналған шаралар қабылдауы мақсатында өткiзуден кейiн анықталған тұрақты қауiптiлiктер туралы ақпараттандыруға мiндеттi.

      8. Қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi өткiзетiн сатушы:

      1) сақтаудың немесе жарамдылықтың өтiп кетпеген мерзiмi, бұзылмаған қабы мен орауынсыз, сондай-ақ пайдалану құжаттамасының толық жинағымен тек қана қауiпсiз өнiмдер мен құрылмаларды өткiзуге;

      2) дайындаушыдан, тұтынушыдан немесе мемлекеттiк бақылау органдарынан нақты материалдардың, өнiмдердiң және құрылмалардың техникалық регламентте белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкессiздiгi туралы ақпарат анықталған жағдайда, сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерiн өткiзбеуге;

      3) тұтынушыларға қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi пайдалану жөнiндегi нұсқаулар көлемiнде оларды пайдалану қауiпсiздiгi ережесi туралы кеңестi қамтамасыз етуге мiндеттi.

      9. Қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулер олар адам денсаулығына, жануарлар мен өсiмдiктерге және қоршаған ортаға зиян келтiрмеген жағдайда ғана Қазақстан Республикасының нарығына шығарылуы және пайдалануға енгiзiлуi қажет.

      10. Қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулер iлеспе құжаттамада көрсетiлген осы техникалық регламенттiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.

      11. Iлеспе құжаттардың құрамына мыналар:

      1) қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi дайындаушылар, өнiмдi дұрыс пайдалану немесе қолдану бойынша, олардың дайындалған күнi, пайдалану мерзiмi, қосылыстардың электрлiк сұлбасы (электрлiк тармақтану) туралы мәлiметтерi бар пайдалану жөнiндегi нұсқаулық

      2) өнiмнiң типтiк жинағына берiлген сәйкестiк сертификаттарының көшiрмелерi енуi қажет.

      12. Iлеспе құжаттардың құрамы олар орналасатын өнiмнiң немесе объектiнiң түрiне қарай өзгеруi мүмкiн.

      13. Жұмыс берушi немесе ұйымның әкiмшiлiгi:

      1) қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жағдайларына сүйене отырып объектiлердегi қауiптiлiктiң түрлерi мен орындарын анықтауға;

      2) қауiптiлiктiң түрлерi мен орындарын, сондай-ақ сигналдық түстердiң, белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерiнiң ықтимал қауiптi жағдайларын белгiлеуге;

      3) тиiстi қауiпсiздiк белгiлерiнiң түрлерiн анықтауға (қажет жағдайда қауiпсiздiк белгiлерiнде түсiндiрме белгiлердi таңдап алуға);

      4) сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерiнiң өлшемдерiн, түрлерiн, орындалуын, қорғаныш деңгейiн және орналастыру орындарын анықтауға;

      5) қауiпсiздiк белгiлерiнiң көмегiмен жеке қауiпсiздiк құралдары мен өрт, апат немесе басқа төтенше жағдайлар туындаған жағдайда ықтимал материалдық шығынды азайтуға ықпал ететiн құралдарды орналастыру орнын белгiлеуге мiндеттi.

      14. Қауiпсiздiк белгiлерiнiң өлшемдерi мен жабдықтарда, машиналар мен механизмдерде орналастыру (орнату) орындары өнiмге арналған техникалық құжаттамада қарастырылуы қажет.

      15. Қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi жабдықтарда, машиналар мен механизмдерде орналастыруды (орнатуды) дайындаушы кәсiпорын орындайды.


      Қосымша қауiпсiздiк белгiлерiн пайдалану жабдықтарында, машиналары мен механизмдерiнде орналастыруды (орнатуды) пайдаланушы ұйым жүзеге асырады.
      Учаскелерде немесе объектiнiң уақытша қауiптiге жатқызылған орындарында оларды пайдалану мерзiмi бiткен соң алып тастайтын, тасымалданатын қауiпсiздiк белгiлерi орнатылады.

      16. Объектiнi және (немесе) өндiрiстiк процестi қайта құрғаннан кейiн сигналдық түстер, белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерi осы техникалық регламенттiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.



4. Өнiмнiң қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар

4.1. Жалпы талаптар

      17. Пайдаланған кезде сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерi құлаған немесе басып қалған жағдайда адамдардың денсаулығына, жабдықтарға, зауытiшiлiк көлiктерге зиян келтiрмеуi қажет.

      18. Сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерiн жасау кезiнде пайдаланылатын материалдар үшiн (полимер қабыршақтар мен пластиктер үшiн) Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлген мемлекеттiк, мемлекетаралық, халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес өрт қауiптiлiгi көрсеткiштерi анықталуға тиiс.

      19. Iшкi немесе сыртқы электр жарығы бар сигналдық белгiлеулер және қауiпсiздiк белгiлерi электр қауiпсiздiгi талаптарын, сондай-ақ "Қазақстан Республикасында электр жабдықтарын орнату ережелерiн" (бұдан әрi - ЭОЕ) сақтай отырып орындалуы керек.

      20. Жарылыстан қорғалған орындауда жасалған қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулер ЭКОЕ 7.3-тарауының талаптарына, өрт қауiпсiз орындауда жасалғандар ЭКОЕ 7.4-тарауының талаптарына сәйкес келуi қажет.

      21. Сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерiн жасау үшiн пайдаланылатын материалдар тұтану немесе жарылыс көздерi болуға қабiлеттi статикалық электрлiк разрядтарының туындауын болдырмайтын немесе алдын алатын электрлiк статикалық қасиеттерге ие болуы қажет.

      22. Сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерi пайдаланған кезде және орындарда қауiпсiздiк және еңбектi қорғау ережелерiн сақтаған кезде қоршаған ортаға улы және адамдардың денсаулығына зиянды заттарды бөлмеуге тиiс.

      23. Адамдардың денсаулығына зиянды элементтердiң бөлiнуi Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлген мемлекеттiк, мемлекетаралық, халықаралық стандарттарда келтiрiлген белгiлерден аспауы қажет.

      24. Сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерiн жасау үшiн пайдаланылатын материалдар қауiпсiздiк көрсеткiштерi бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға, сондай-ақ өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк құжаттарға сәйкес келуi керек.

      25. Қауiпсiздiк белгiлерiнiң өндiрiсi кезiндегi жұмыс аймағының ауасындағы зиянды заттардың шектiк рұқсат етiлген концентрациялар бөлiнуi Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлген мемлекеттiк, мемлекетаралық, халықаралық стандарттардың талаптарынан аспауы қажет.

      26. Сигналдық белгiлеулер мен қауiпсiздiк белгiлерiн өндiру үшiн пайдаланылатын жабдықтардың қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлген мемлекеттiк, мемлекетаралық, халықаралық стандарттардың талаптарға сәйкес келуге тиiс.

4.2. Сигналдық түстерге қойылатын талаптар

      27. Осы техникалық регламент мынадай сигналдық түстердi белгiлейдi: қызыл, сары, жасыл, көк.


      Қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердiң түстiк графикалық бейнелерiн көзбен қабылдауды күшейту үшiн қарама-қарсы - ақ немесе қара түстермен үйлестiрiп қолданған жөн.
      Қарама-қарсы түстердi графикалық символдар мен түсiндiрме жазуларды орындау үшiн пайдаланған жөн.
      Сигналдық түстердiң мағынасы, қолданылу саласы және оларға сәйкес контрасты түстер техникалық регламенттiң 1-қосымшасында келтiрiлдi.

      28. Сигналдық түстердiң арналуы мен қолдану тәртiбi

      1) сигналдық түстер:
      адамдар үшiн қауiптiлiк көзi болуы мүмкiн жабдықтардың, машиналар мен механизмдердiң жақтарын, құрылмаларын (немесе құрылма элементтерiнiң), бұйымдарын, түйiндерi мен элементтерiн, қоршаулар мен басқа да қорғаныш құрылғылары мен бұғаттау жүйелерiнiң жақтарын белгiлеу;
      өрт техникасын, инвентарьды, өртке қарсы және жеке қорғаныш құралдарын, олардың элементтерiн, белгiлеу, өрт автоматикасы қондырғыларының, түтiнге қарсы қорғаныш жүйелерi мен өзiн қорғау құралдарының қолмен iске қосу түймелерiн табу;
      қауiпсiздiк белгiлерi, сигналдық белгiлеулер, эвакуация жоспарлары және қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң көзбен шолу құралдары;
      жарық беретiн (сәулелiк) қауiпсiздiк құралдарын (сигналдық шамдар, табло);
      эвакуация жолдарын белгiлеу үшiн қолданылуға тиiс.

      2) сигналдық қызыл түс:


      механизмдер мен машиналардың ажырату, оның iшiнде апатты құрылғыларын белгiлеу;
      жабдықтардың, машиналар мен механизмдердiң ашық тоқ жүргiзу элементтерi бар шкафтарының қақпақтарының (есiктерiнiң) iшкi жақтарын;
      крандардың саптары, қысымды апатты (мәжбүрлеп) түсiру, түтiн - және жылуды жою жүйелерiнiң түймелерiн;
      кернеу асты жұмыс күйiнде тұрған май ажыратқыштардың тұрғын;
      өрт техникасының алуан түрлерiн, өртке қарсы қорғаныш құралдарын, жедел тануды талап ететiн олардың элементтерiн (өрт машиналары, гидрант-бағаналардың жер бөлiктерiн, от сөндiргiштер, баллондар, өрт автоматикасын қолмен iске қосу жүйелерiнiң (қондырғыларының) құрылғыларын, хабарландыру құралдары, өртке қарсы қызметпен тiкелей байланыс телефондары, сорғылар, өрт стендтерi, суға арналған бөшкелер, сондай-ақ шелектер, күректер мен балталар) белгiлеу;
      өрт саймандары мен от сөндiргiштердi бекiтуге арналған ақ түстi өрт қалқандарының жиектерi. Жиектерiнiң енi 30 мм бастап 100 мм шамасында болуға тиiс;
      от сөндiргiштiң, қолмен iске қосатын өрт сөндiру қондырғысының, өрт сигнал беру жабдығының түймешiктерiн табу орындарын белгiлеуге арналған жолақтардың көлденең орналасқан кесiндiлерi түрiндегi құрылыс құрылмаларының (қабырғалар, бағаналар) элементтерiнiң өрнектерi;
      Жолақтардың енi 150 мм бастап 300 мм шамасында болуы керек. Жолақтар жұмыс орындары мен өтпе жолдардан көзбен қабылдауға қолайлы биiктiкте қабырғалар мен бағаналардың жоғарғы бөлiгiнде орналасуы қажет;
      сигналдық шам және технологиялық процестiң бұзылғаны немесе қауiпсiздiк жағдайларының бұзылғаны туралы хабар беретiн "Дабыл", "Ақаулылық" деген ақпараты бар табло;
      қарпығыш құрылғыларды, өндiрiстiк қондырғылар мен өнеркәсiптiк роботтарды белгiлеу;
      уақытша қоршауларды немесе қауiптi аймақтардың, учаскелердiң, аумақтардың, шұңқырлардың, котловандардың, химиялық, бактериологиялық және радиациялық ластану орындарының уақытша қоршауларының, сондай-ақ кiруге уақытша тыйым салынған басқа да орындардың, аймақтардың, учаскелердiң шекараларында орнатылатын уақытша қоршаулардың элементтерiн белгiлеу;
      тыйым салатын қауiпсiздiк белгiлерi мен өрт сөндiру, өрт кезiнде адамдарды құтқару құралдары орналасқан орындары, өрт автоматикасы, қол өрт хабарландырушылар және өртке қарсы сумен жабдықтау көздерiнiң қондырғыларын (жүйелерiн) iске қосу туралы ақпараттары бар өрт қауiпсiздiгi белгiлерi үшiн қолданылады.

      3) сигналдық қызыл түстi:


      жедел тануды қажет етпейтiн (өрт хабарландырушылары, өртке қарсы сумен жабдықтау желiлерiнiң құбыржолдары, өрт сөндiру қондырғыларының суландырғыштары) өртке қарсы орнатылатын стационарлық қорғаныш құралдарын (олардың элементтерiн) белгiлеу үшiн;
      түсiнбестiк пен абыржудан аулақ болу үшiн эвакуация жолдарына (тыйым салатын қауiпсiздiк белгiлерi мен өрт қауiпсiздiгi белгiлерiнен басқа) пайдалануға тыйым салынады.

      4) сигналдық сары түстi:


      жұмыс iстейтiндердiң жарақат алуына себеп болуы мүмкiн құрылыс элементтерi мен олардың құрылмаларын: төмен бөренелердi, еден жазықтығының шығыңқы жерi мен төмен түсiп кетуiн, аса көрiнбейтiн баспалдақтарды, пандустарды, құлау қаупi бар орындарды (тиеу платформалары, жүк түп асты, қоршалмаған алаңқайлардың, люктердiң, ойықтардың жиектерi және т.б.), өтулердiң тарылуын, аса көрiнбейтiн тiрек таяныштарды, түйiндердi, бағаналарды, зауытiшiлiк көлiктерiнiң қарқынды қозғалыс орындарындағы тiректер мен тiреулердi белгiлеу;
      адамдардың абайсыз жұмыс iстеуi кезiнде қауiптiлiк төндiретiн жабдықтардың, машиналар мен механизмдердiң түйiндерi мен элементтерiн: қозғалмалы ашық түйiндердi, биiктiкте жүргiзiлетiн жұмыстарға, сондай-ақ үнемi төбеге iлiнген немесе жұмыс кеңiстiгiне шығыңқы технологиялық арқаулар мен механизмдердiң алаңдардың қоршау құрылмаларының қозғалмалы элементтерiнiң (тегiстеу шеңберлерiнiң, жоңғыштардың, тiстi дөңгелектердiң, жетектi белдiктер мен шынжырлардың) толық жабылмайтын қоршауларының қоршау құрылғыларының жиектерiн белгiлеу;
      пайдаланған кезде көлiк құралдарының, көтергiш-көлiк жабдықтарының және жол-құрылыс машиналарының элементтерiнiң, жүк көтергiштердiң алаңшаларының, электрокар бамперлерi мен бүйiр беттерiнiң, экскаватор тиеуiштерiнiң, арбаларының, бұру платформалары мен жебелерiнiң бүйiр беттерiнiң, автотиеуiштердiң қарпығыштары мен алаңшаларының, ауыл шаруашылығы машиналарының жұмыс мәрiмдерiнiң, жүк көтеру крандарының элементтерi мен жүк iлгектерiнiң құрсамаларының қауiптi элементтерiн белгiлеу;
      жылжымалы жинақтау құрылғыларының, олардың элементтерi мен жүк қарпығыш айлабұйым элементтерiнiң, аударғыштардың, маңдайшалардың, көтергiштердiң қозғалмалы бөлiктерiн, жинақтау мұнаралары мен сатыларының қозғалмалы бөлiктерi;
      қақпақтардың, есiктердiң, қаптамалар мен бақылау, жөндеу және реттеу үшiн мерзiмдi қолжетiмдiлiктi қажет ететiн жабдықтардың, машиналардың, механизмдердiң қозғалмалы түйiндерi мен элементтерiнiң орналасқан жерiн жауып тұратын басқа да қоршаулардың iшкi жақтары;
      тұрақты немесе уақытша қоршаулардың немесе қауiптi аймақтардың, учаскелердiң, аумақтардың: ойықтарда, шұңқырларда, котловандарда, шығару алаңдарында, сатылардың, балкондардың, аражабындардың және биiктен құлау мүмкiн болатын тұрақты қоршаулардың шекараларында орнатылатын қоршаулардың элементтерi;
      сыйымдылық және құрамында қауiптi немесе зиянды заттары бар технологиялық жабдықтарды белгiлеу;
      эвакуациялаған жағдайда үнемi бос тұруға тиiстi алаңшаларды (өрт дабылын беру орнының жанындағы, өртке қарсы қорғаныш, хабарлау, алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт сатылары құралдарына келу орнының жанындағы эвакуациялық шығу мен кiру алаңшаларын) белгiлеу;
      ескертетiн қауiпсiздiк белгiлерi үшiн қолданылуға тиiс.
      Өту жолында болуы мүмкiн жол-құрылыс машиналары мен көтеру-көлiк жабдықтары үшiн көлбеу 45 о бұрышта 1:1 бастап 1,5:1 дейiнгi қатынасында сигналдық қызыл және сары түстердiң, сигналдық сары және қара түстердiң кезектесетiн жолақтары түрiндегi ескерту бояуларын қолдануға рұқсат етiледi.
      Олар тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде өту жолында болған жағдайда көлбеу 45 о бұрышта 1:1 бастап 1,5:1 дейiнгi қатынасында сигналдық қызыл және сары түстердiң, сигналдық сары және қара түстердiң кезектесетiн жолақтары түрiндегi жарық қайтарғыш материалдардың көмегiмен ескерту белгiсiн қолдану қажет.
      Жолақтардың енi табиғи (әдеттегi) және бос көру қабылдауы жағдайларына қарай белгiленедi.

      5) сигналдық көк түс:


      жарқырайтын (жарықтық) сигналдық индикаторларды және нұсқаулық немесе рұқсат беруге арналған басқа сигналдық құрылғыларды бояу үшiн;
      ұйғарымдық және нұсқау беретiн қауiпсiздiк белгiлерi үшiн қолданылуы қажет.

      6) сигналдық жасыл түс:


      қауiпсiздiктi (қауiпсiз орындарды, аймақтарды, қауiпсiз жағдайды);
      жабдықтардың қалыпты жұмыс режiмi мен технологиялық процестердiң жай-күйi туралы хабар беретiн декомпрессорлық камераларды, сигналдық шамдардың орналасқан жерлерiн;
      эвакуация жолдарын;
      "ШЫҒУ", "ЕХIТ", "ВЫХОД" деген ақ жазулары бар жарық таблоларға немесе шырақтарға шығуларды;
      медициналық және санитарлық мәндi эвакуациялық қауiпсiздiк белгiлерi мен қауiпсiздiк белгiлерiн белгiлеу үшiн қолданылады.

      29. Сигналдық және қарама-қарсы түстердiң сипаттамалары

      1) сигналдық және қарама-қарсы түстер жарқырамайтын, жарық қайтарғыш және фотолюминесценттi материалдарда, сондай-ақ жарқырайтын (сәулелiк) объектiлерде (жарықтың сигналдық көздерiнде) көзбен қабылданады және суреттеледi.

      2) жарқырамайтын, жарық қайтарғыш материалдар мен жарқырайтын объектiлердiң сигналдық және қарама-қарсы түстерiнiң колориметрлiк және фотометрлiк сипаттамалары техникалық регламенттiң 2-қосымшасының талаптарына сәйкес келуi қажет.

      3) фотолюминесценттi материалдардың сигналдық және қарама-қарсы түстерiнiң колориметрлiк және фотометрлiк сипаттамалары техникалық регламенттiң 3-қосымшасында келтiрiлген талаптарға сәйкес келуi керек.

      4) техникалық регламенттiң 29-тармағы бойынша беттердi, түйiндер мен элементтердi бояу үшiн немесе қауiпсiздiк белгiлерi мен сигналдық белгiлеулердi дайындау үшiн пайдаланылатын сигналдық және қарама-қарсы түстердiң материалының әрбiр түрiне техникалық регламенттiң 2 және 3-қосымшаларының талаптарына сәйкес осы материалдың бақылау (эталондық) үлгiлерiн әзiрлеу керек және жылтырын, бетiнiң фактурасы мен материалдың химиялық құрамын ескере отыра рұқсат етiлетiн түстен ауытқуын белгiлеу қажет.

      5) бақылау (эталондық) үлгiлерiн әзiрлеген және материалдарда сигналдық және қарама-қарсы түстердi шығарған (өткiзген) кезде техникалық регламенттiң 4-қосымшасында келтiрiлген нұсқауларды пайдаланған жөн.
      Сигналдық және қарама-қарсы материалдардың бақылау (эталондық) үлгiлерi келiсiлуге және белгiленген тәртiпте бекiтiлуге тиiс.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет