Өрт қауіпсіздігі саласында жіктеу 1. Өрттерді және оның қауіпті факторларын жіктеу
1. Өрттерді жанғыш материал түрі бойынша жіктеу өрт сөндіру құралдарын қолдану саласын белгілеу үшін қолданылады.
Өрттерді сөндіру қиындығына қарай оларды жіктеу өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің және өрттерді сөндіруге тартылған басқа қызметтердің күштері мен құралдарының қажетті санын анықтау кезінде пайдаланылады.
Өрттің қауіпті факторларын жіктеу өрт кезінде адамдар мен мүлікті қорғау үшін өрт қауіпсіздігінің қажетті шараларын негіздеу кезінде пайдаланылады.
2. Жанғыш материалының түрі бойынша өрттер мынадай кластарға
бөлінеді:
1) А - қатты жанғыш заттар мен материалдардың өрттері;
2) В - жанғыш сұйықтықтардың немесе балқитын қатты заттар мен
материалдардың өрттері;
3) С - газдардың өрттері;
4) D - металдардың өрттері;
5) Е - кернеуде тұрған электр қондырғыларының жанғыш заттары мен материалдарының өрттері.
3. Адамдарға және материалдық құндылықтарға әсер ететін өрттің
қауіпті факторларына мыналар жатады:
1) жалын мен ұшқындар;
2) жылу ағыны;
3) қоршаған ортаның жоғарғы температурасы;
4) жанатын және термикалық бөлшектенетін уытты элементтердің
жоғарғы концентрациясы;
5) оттегінің төменгі концентрациясы;
6) көшіру жолдарындағы түтіннің жоғарғы концентрациясы. Өрттің қауіпті факторларының құрылыс құрастырылымдарына, технологиялық жабдыққа және өрт сөндіру жөніндегі әрекеттерге әсер ететін, адамдардың өмірі мен денсаулығына, материалдық құндылықтарға зиян келтіретін екінші зардаптарына мыналар жатады:
1) бүлінген аппараттардың, агрегаттардың, қондырғылардың,
құрастырылымдардың сынықтары, бөліктері;
2) бүлінген аппараттар мен қондырғылардан шыққан радиоактивті және уытты заттар мен материалдар;
3) құрастырылымның, аппараттардың, агрегаттардың ток өткізетін
бөліктеріне жоғарғы кернеуді шығару;
4) өрт салдарынан болған жарылыстың қауіпті факторлары;
5) өрт сөндіретін заттардың әсері және өрттерді сөндіру жөніндегі өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің әрекеттері.
2. Өрт-жарылыс қаупі мен өрт қаупі бойынша заттар мен материалдарды жіктеу
5. Өрт-жарылыс қаупі мен өрт қаупі бойынша заттар мен материалдарды жіктеу өрт қауіпсіздігі талаптарының мазмұны мен атау тізімін оларды алу, қолдану, сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату кезінде белгілеу үшін қолданылады.
6. Өрт қауіпсіздігі бойынша құрылыс материалдарын жіктеу ғимараттарды (құрылымдарды) құрастырылымдық орындауға және олардың өртке қарсы қорғау жүйесіне қойылатын талаптардың атаутізімі мен мазмұнын белгілеу үшін пайдаланылады.
7. Заттар мен материалдардың өрт қауіпті заттар мен материалдардың агрегаттық жай-күйінің әрбір класы үшін белгіленген өрт қауіпсіздігі көрсеткіштерімен сипатталады.
8. Заттар мен материалдардың агрегаттық жай-күйіне байланысты олардың өрт-жарылыс қаупі мен өрт қаупі көрсеткіштерінің тізбесі осы Техникалық регламенттің 2-қосымшасының 1-кестесінде берілген.
9. Заттар мен материалдардың өрт қаупі көрсеткіштері оларды қолдану жөніндегі талаптарды нормалау үшін, өрттің қауіпті факторларының өсу динамикасын болжау үшін және заттар мен материалдарды өрт қауіпсіздігі бойынша салыстыру үшін пайдаланылуға тиіс.
10. Заттар мен материалдардың өрт қауіпсіздігі көрсеткіштерінің нақты мәні мен оларды анықтау әдістері осы Техникалық регламенттің, Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етілген мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық стандарттардың және өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес анықталады.
11. Өрт қауіпсіздігі бойынша заттар мен материалдарды жіктеу (құрылыс, тоқыма және былғары материалдарынан басқа) олардың қасиеттеріне және өрт пен жарылыстың қауіпті факторларының пайда болуына қабілеттілігіне негізделеді.
Заттар мен материалдар жанғыштығы бойынша мынадай топтарға бөлінеді:
1) жанбайтын - ауада жануға қабілетсіз заттар мен материалдар. Жанбайтын заттар өрт-жарылыс қауіпті болуы мүмкін (мысалы, сумен, ауа оттегісімен немесе бір-бірімен өзара әрекеттескен жағдайда, жанғыш өнімдер бөлетін қышқылдар немесе заттар);
2) қиын жанатын - жану көзі әсер еткен кезде ауада жануға қабілетті, бірақ оны жойғаннан кейін өздігінен жануға қабілетсіз заттар мен материалдар;
3) жанғыштар - өздігінен жануға, сондай-ақ тұтану көзі әсерінен жануға және оны жойғаннан кейін өздігінен жануға қабілетті заттар мен материалдар.
12. Сұйықтықтың жанғыштығы бойынша жанғыш сұйықтықтарға (ЖС)
және жанбайтын сұйықтықтарға (ЖбС) бөлінеді.
Жанғыш сұйықтықтардың класында тез жанатын сұйықтықтар (ТЖС) жеке топқа бөлінеді.
13. Газдың жанғыштығы бойынша жанғыш газдар (жарылыс қауіпті) және жанбайтын газдар болып бөлінеді.
14. Шаңның жанғыштығы бойынша жанғыш (жарылыс қауіпті және өрт қауіпті) және жанбайтын шаңдар болып бөлінеді.
15. Заттар мен материалдарды жанғыштығына сынау әдістері Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етілген мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық стандарттардың және өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес белгіленеді.
16. Құрылыс, тоқыма және былғары материалдарын өрт қаупі бойынша жіктеу олардың қасиеттеріне және өрттің қауіпті факторларының пайда болуына қабілеттілігіне негізделеді.
Құрылыс материалдарының өрт қауіптілігі мынадай сипаттамалармен сипатталады:
1) жанғыштық;
2) тұтану;
3) үстіңгі беті бойымен жалынның таралуы;
4) түтін түзу қабілеті;
5) жанатын өнімдердің уыттылығы.
17. Құрылыс материалдары жанғыш (Ж) және жанбайтын (ЖБ) болып бөлінеді.
18. Жанғыш құрылыс материалдары мынадай топтарға бөлінеді:
1) Ж1 (әлсіз жанатын) - түтінді газдарының температурасы 135 o С артық емес, сыналатын үлгінің ұзындығы бойынша бүліну дәрежесі 65 % артық емес, сыналатын үлгі салмағы бойынша зақымдалу дәрежесі 20% артық емес, өздігінен жану ұзақтығы 0 с артық емес құрылыс материалдары;
2) Ж2 (орташа жанатын) - түтінді газдарының температурасы 235 о С артық емес, сыналатын үлгінің ұзындығы бойынша бүліну дәрежесі 85 % артық емес, сыналатын үлгі салмағы бойынша зақымдалу дәрежесі 50% артық емес, өздігінен жану ұзақтығы 30 с артық емес құрылыс материалдары;
3) Ж3 (қалыпты жанатын) - түтінді газдарының температурасы 450 о С артық емес, сыналатын үлгінің ұзындығы бойынша бүліну дәрежесі 85 % артық, сыналатын үлгі салмағы бойынша зақымдалу дәрежесі 50% артық емес, өздігінен жану ұзақтығы 300 с артық емес құрылыс материалдары;
4) Г4 (қатты жанатын) - түтінді газдарының температурасы 450 o С артық, сыналатын үлгінің ұзындығы бойынша бүліну дәрежесі 85 % артық, сыналатын үлгі салмағы бойынша зақымдалу дәрежесі 50% артық, өздігінен жану ұзақтығы 300 с артық құрылыс материалдары.
19. Ж1 - Ж2 жанғыш топтарына жататын құрылыс материалдары үшін
сынау кезінде балқыған заттың ыстық тамшыларының түзілуіне жол беріледі.
20. Құрылыс материалдары өрт қауіптілігімен ғана сипатталады.
Жанбайтын құрылыс материалдары үшін өрт қауіпсіздігінің басқа көрсеткіштері анықталмайды және нормаланбайды.
21. Жанғыштығы бойынша жанғыш құрылыс материалдары (соның ішінде едендік кілем жабындары) жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің
шамасына байланысты мынадай топтарға бөлінеді:
1) Т1 (қиын тұтанатын) - жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің шамасы 35 кВт/м 2 артық емес жанғыш құрылыс материалдары;
2) Т2 (орташа тұтанатын) - жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің шамасы 20 кВт/м 2 кем емес, бірақ 35 кВт/м 2 артық емес жанғыш құрылыс материалдары;
3) Т3 (тез тұтанатын) - жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің шамасы 20 кВт/м 2 кем емес жанғыш құрылыс материалдары.
22. Үстіңгі беті бойынша жалынның таралу жылдамдығы бойынша
жанғыш құрылыс материалдары (соның ішінде едендік кілем жабындары) жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің шамасына байланысты мынадай топтарға бөлінеді:
1) РП1 (тарамайтын) - жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің шамасы 11 кВт/м 2 артық жанғыш құрылыс материалдары;
2) РП2 (әлсіз тарайтын) - жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің шамасы 8 кВт/м 2 кем емес, бірақ 11 кВт/м 2 артық емес жанғыш құрылыс материалдары;
3) РП3 (орташа тарайтын) - жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің шамасы 5 кВт/м 2 кем емес, бірақ 8 кВт/м 2 артық емес жанғыш құрылыс материалдары;
4) РП4 (қатты тарайтын) - жылу ағыны тығыздығының сыни бетінің шамасы 5 кВт/м 2 кем емес жанғыш құрылыс материалдары;
23. Түтін түзетін қабілеті бойынша жанғыш құрылыс материалдары
түтін түзу коэффициенті мәндеріне байланысты мынадай топтарға бөлінеді:
1) Д1 (түтін түзетін қабілеті аз) - түтін түзу коэффициенті 50 м 2 /кг кем емес, бірақ 500 м 2 /кг артық емес жанғыш құрылыс материалдары;
2) Д2 (түтін түзетін қабілеті орташа) - түтін түзу коэффициенті 50 м 2 /кг кем емес, бірақ 500 м 2 /кг артық емес жанғыш құрылыс материалдары;
3) Д3 (түтін түзетін қабілеті жоғары) - түтін түзу коэффициенті 500 м 2 /кг кем емес, бірақ 500 м 2 /кг артық емес жанғыш құрылыс материалдары.
Жанатын өнімдердің уыттылығы бойынша жанғыш құрылыс материалдары мынадай топтарға бөлінеді:
1) Т1 (аз қауіпті);
2) Т2 (орташа қауіпті);
3) Т3 (жоғары қауіпті);
4) Т4 (төтенше қауіпті).
Жанатын өнімдердің уыттылық көрсеткішінің мәні бойынша жанғыш құрылыс материалдарын жіктеу осы Техникалық регламенттің 2-қосымшасының 2-кестесінде берілген.
24. Құрылыс материалдарының өрт қауіптілігі топтарына байланысты өрт қауіптілігі кластары осы Техникалық регламенттің 2-қосымшасының 3-кестесінде берілген.
25. Тұтануы бойынша тоқыма материалдары мен былғары материалдары тез тұтанатын және қиын тұтанатын материалдарға бөлінеді.
3. Технологиялық орталардың өрт қауіптілігін жіктеу және оның көрсеткіштері
26. Өрт-жарылыс қаупі мен өрт қаупі бойынша технологиялық орталарды жіктеу технологиялық процесті жүргізудің қауіпсіз параметрлерін белгілеу үшін қолданылады.
27. Технологиялық орталардың өрт қауіптілігі технологиялық процесте қолданылатын заттардың өрт қауіптілігі көрсеткіштерімен және технологиялық процесс параметрлерімен сипатталады.
28. Технологиялық орталардың құрамына кіретін заттардың өрт қауіптілігі көрсеткіштерін анықтау әдістері осы Техникалық регламенттің, Қазақстан Республикасы аумағында қолдану үшін рұқсат етілген мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық стандарттардың және өрт қауіпсіздігі саласында нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.
29. Өрт-жарылыс қауіптілігі мен өрт қауіптілігі бойынша технологиялық орталар мынадай топтарға бөлінеді:
1) өрт қауіпсіз;
2) өрт қауіпті;
3) өрт-жарылыс қауіпті;
4) жарылыс қауіпті.
30. Технологиялық орталардың өрт-жарылыс қауіптілігі көрсетілген орталардың (технологиялық жүйеде қолданылатын шикізат заттары мен материалдарының, шала өнімдері мен өнімдерінің) физикалық-химиялық қасиеттері мен параметрлеріне байланысты өрттің және (немесе) жарылыстың туындау және (немесе) даму мүмкіндігімен анықталады.
31. Технологиялық орталарды өрт-жарылыс қауіптілігі бойынша топтарға жатқызу тәртібі осы Техникалық регламенттің, Қазақстан Республикасы аумағында қолдану үшін рұқсат етілген мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық стандарттардың және өрт қауіпсіздігі саласында нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес анықталады.
4. Жарылыс қауіпті және өрт қауіпті аймақтарды жіктеу
32. Жарылыс қауіпті және өрт қауіпті аймақтарды жіктеу көрсетілген аймақта өрт-жарылыс қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін параметрлері бар электр-техникалық және басқа жабдықты таңдау үшін қолданылады.
33. Аймақтарды өрт қауіпті немесе жарылыс қауіпті аймақтарға жатқызу тәртібі және осы аймақтардың класын анықтау "Қазақстан Республикасы электр қондырғыларын орнату ережелері" талаптарына сәйкес анықталады.
34. Өрт қауіпті аймақтар мынадай кластарға бөлінеді:
1) П-І - тұтану температурасы 61 о С жоғары жанғыш сұйықтықтар қолданылатын үй-жайларға орналасқан аймақтар;
2) П-ІІ - тұтанудың төменгі концентрациялы шегі ауа көлеміне 65г/м 3 артық жанғыш газдар немесе талшық бөлетін үй-жайлардағы аймақтар;
3) П-IIa - қатты жанғыш заттар қолданылатын үй-жайлардағы аймақтар;
4) П-ІІІ - тұтану температурасы 61 о С жоғары жанғыш сұйықтықтар немесе қатты жанғыш заттар қолданылатын үй-жайларға орналасқан аймақтар.
35. Жарылыс қауіпті аймақтар мынадай кластарға бөлінеді:
1) В-І - қалыпты жұмыс режімдерінде ауамен қосылып жарылыс қауіпті қоспалар түзе алатын мөлшерде және қасиеттермен тез тұтанатын сұйықтықтардың жанғыш газдарын немесе буларын бөлетін үй-жайлардағы аймақтар;
2) В-Іа - қалыпты пайдалану кезінде ауамен қосылып тез тұтанатын сұйықтықтардың жанғыш газдарының (тұтанудың төменгі концентрациялы шегіне тәуелсіз) немесе буларының жарылыс қауіпті қоспалары түзілмейтін, апаттар немесе бұзылу нәтижесінде ғана пайда болуы мүмкін үй-жайлардағы аймақтар;
3) В-Іб - қалыпты пайдалану кезінде ауамен қосылып тез тұтанатын сұйықтықтардың жанғыш газдарының (тұтанудың төменгі концентрациялы шегіне тәуелсіз) немесе буларының жарылыс қауіпті қоспалары түзілмейтін, апаттар немесе бұзылу нәтижесінде ғана пайда болуы мүмкін және төмендегідей ерекшеліктерінің бірімен ерекшеленетін үй-жайлардағы аймақтар:
Осы аймақтардағы жанғыш газдардың тұтанудың өте төменгі концентрациялық шегімен (15% және одан артық) және шекті рұқсат етілетін концентрациялар кезінде кенет иісі болады;
Технологиялық процесс шарттары бойынша үй-жайдың бос көлемінің 5 % асатын көлемде жарылыс қауіпті қоспаның түзілуін болдырмайтын, газ тәрізді сутегіні қолдануға байланысты өндірістердің үй-жайларының үй-жайдың тек жоғарғы бөлігінде ғана жарылыс қауіпті аймақ болады;
4) В-Іг - сыртқы қондырғылардағы кеңістік: жанғыш газдар немесе тез тұтанатын сұйықтықтар (сыртқы аммиакты сығымдағыш қондырғылардан басқа) бар технологиялық қондырғылардың, тез тұтанатын сұйықтықтары немесе жанғыш газдары бар (газгольдерлер) жер бетіндегі және жер астындағы сұйыққоймалардың, тез тұтанатын сұйықтықтарды төгуге және құюға арналған эстакадалардың, ашық мұнай орларының, қалқымалы мұнай үлдірі бар тоған-тұндырғылардың.
Ескертпелер:
1. Жарылыс қауіпті аймақ еден деңгейінен, егер болса, кран жолынан жоғары емес деңгейден бастап үй-жайдың 0,75 жалпы биіктігі белгісінен шартты қабылданады.
2. Осы ерекшелік қалыпты ортасы, табиғи ұйытқитын сорғыш желдеткіші бар электр машиналық үй-жай қамтамасыз етілген жағдайда сутегімен салқындайтын турбогенераторы бар электр машиналық үй-жайларға таратылады.
3. Осы аймаққа сондай-ақ ішінде жанғыш газдар мен тез тұтанатын сұйықтықтар үй-жайдың бос көлемінің 5 % аспайтын көлемде жарылыс қауіпті қоспа жасау үшін жеткіліксіз шағын көлемде болатын және жанғыш газдармен және тез тұтанатын сұйықтықтармен жұмыс ашық отты пайдаланбай жүргізілетін зертханалық және басқа үй-жайлар аймақтары да жатады. Егер жанғыш газдармен және тез тұтанатын сұйықтықтармен жұмыс сору шкафтарында немесе сорғыш зонттар астында жүргізілсе, осы аймақтар жарылыс қауіпті аймақтарға жатқызылмайды.
5. Өрт-жарылыс қауіптілігі мен өрт қауіптілігі бойынша электр жабдығын жіктеу
36. Өрт-жарылыс қауіптілігі мен өрт қауіптілігі бойынша электр жабдығын жіктеу оның қауіпсіз қолданылатын саласын және электр жабдығын таңбалаудың тиісті осы саласын анықтау үшін, сондай-ақ электр жабдығын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын анықтау үшін қолданылады.
37. Өрт-жарылыс қауіптілігі дәрежесіне байланысты электр жабдығы мыналарға бөлінеді:
1) өрт-жарылыс қорғау құралдары жоқ электр жабдығы;
2) өрттен қорғалған электр жабдығы;
3) жарылыстан қорғалған электр жабдығы.
38. Өрттен қорғау және жарылыстан қорғау деңгейлері бойынша өрт-жарылыс қорғау құралдары жоқ электр жабдығы жіктелмейді.
39. Өрттен қорғау деңгейлері бойынша өрттен қорғау электр жабдығы мынадай электр жабдықтарына бөлінеді:
1) өрттің туындауына қарсы сенімділігі жоғары;
2) өрт қауіпсіз;
3) ерекше өрт қауіпсіз.
40. Өрттің туындауына қарсы сенімділігі жоғары электр жабдығы оның қалыпты жұмыс режімі кезінде жану көзіне айналмауға тиіс.
41. Өрт қауіпсіз электр жабдығы осы жабдықтың қалыпты жұмысы кезінде де, сол сияқты апаттық жұмыс режімінде де жану көзіне айналмауға тиіс.
42. Өрттен қорғалған электр жабдығы апаттық немесе штаттан тыс жұмыс режімдерінде қорек көздерінен жабдықты автоматты ажыратуға және оның мыналарды болдырмайтын бір немесе бірнеше қорғау түрлері болуға тиіс:
1) жабдық құрастырылымының жанғыш материалдары бар қызған
элементтердің (соның ішінде, ұшқындардың, доға тәрізді разрядтың) түйіспесі;
2) үй-жайда жанғыш материалдары бар жабдықтың қызған элементтердің (соның ішінде, ұшқындардың, доға тәрізді разрядтың) түйіспесі;
3) жабдық ішінде түзілетін тұтану көздерінен сұйық және қатты жанғыш материалдардың жану мүмкіндігі;
4) электр жабдығы шегінен тыс жерлерге жанудың таралуы.
43. Өрттен қорғалатын электр жабдығының түрін және оның таңбасын анықтау тәртібі "Қазақстан Республикасы электр қондырғылары орнату ережелері" талаптарына сәйкес келуге тиіс.
44. Жарылыстан қорғалған электр жабдығы жарылыстан қорғау деңгейлері бойынша мынадай электр жабдығына бөлінеді:
1) жарылысқа қарсы сенімділігі жоғары;
2) жарылыс қауіпсіз;
3) ерекше жарылыс қауіпсіз.
45. Жарылысқа қарсы сенімділігі жоғары электр жабдығы қалыпты жұмыс режімі кезінде ғана жарылыстан қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
46. Жарылыс қауіпсіз электр жабдығы қалыпты жұмыс режімінде де, сол сияқты оның жарылыстан қорғау құралдарының бүлінуінен басқа бүлінген кезінде де қамтамасыз етілуге тиіс.
47. Жарылыстан қорғалған электр жабдығында мынадай жарылыстан қорғау түрлерінің бірі болуға тиіс:
1) жарылыс өткізбейтін қабықша;
2) қабықшаны қорғау газымен артық қысыммен толтыру немесе үрлеу;
3) ұшқын қауіпсіз электр тізбегі;
4) ток жіберетін бөлшектері бар қабықшаны кварцпен толтыру;
5) ток жіберетін бөлшектері бар қабықшаны маймен толтыру;
6) жарылыстан қорғаудың арнайы түрі.
48. Жарылыстан қорғалған электр жабдығының таңбасында мынадай
белгі болуға тиіс:
1) электр жабдығын жарылыстан қорғау деңгейінің;
2) электр жабдығының жарылыстан қорғалған жабдыққа қойылатын
белгіленген талаптарға сәйкестігінің;
3) жарылыстан қорғау түрінің;
4) электр жабдығының топтары немесе қосалқы топтарының;
5) электр жабдығының температуралық класының.
49. Жарылыстан қорғалған электр жабдығының таңбасын топтарға
(қосалқы топтарға) температуралық кластарға жатқызу тәртібі "Қазақстан Республикасы электр қондырғылары орнату ережелері" талаптарына сәйкес келуге тиіс.
6. Сыртқы қондырғыларды өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша жіктеу
50. Сыртқы қондырғыларды өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша жіктеу өрттің алдын алуға және сыртқы қондырғыларда өрт пайда болған жағдайда адамдар мен мүлікті өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған өрт қауіпсіздігі талаптарын белгілеу үшін қолданылады.
51. Сыртқы қондырғыларды өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша жіктеу күрделі құрылыс және қайта құрастыру объектілеріне арналған жобалық құжаттамада көрсетіледі, ал санаттарының белгісі қондырғыларда көрсетіледі.
52. Өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша сыртқы қондырғылар мынадай санаттарға бөлінеді:
1) А н (өрт-жарылыс қауіптілігі жоғары);
2) Б н (өрт-жарылыс қауіптілігі);
3) В н (өрт қауіптілігі);
4) Г н (өрт қауіптілігі орташа);
5) Д н (өрт қауіптілігі төмен).
Сыртқы қондырғылардың өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі санаттары қондырғылардағы жанғыш заттар мен материалдардың өрт қауіпті қасиеттеріне, олардың санына және технологиялық процестерінің ерекшеліктеріне сүйеніп анықталады.
53. Сыртқы қондырғылардың санаттарын анықтау аса жоғары қауіпті санаттардан (А н ) аса төмен қауіпті (Д н ) санаттарға тиістілігін жүйелі түрде тексеру арқылы жүзеге асырылады.
54. Өрт-жарылыс қауіптілігі мен өрт қауіптілігі бойынша сыртқы қондырғылардың санаттарын анықтау тәртібі осы Техникалық регламенттің 3-қосымшасы талаптарына сәйкес келуге тиіс.
7. Ғимараттарды, құрылымдарды және үй-жайларды өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша жіктеу
55. Ғимараттарды, құрылымдарды және үй-жайларды өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша жіктеу өрттің пайда болу қаупін жоюға және ғимараттар мен құрылымдарда өрт пайда болған жағдайда адамдар мен мүлікті өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған өрт қауіпсіздігі талаптарын белгілеу үшін қолданылады.
56. Ғимараттарды, құрылымдарды және үй-жайларды өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша жіктеу олардың тиісті санатқа тиістілігін анықтауға негізделеді.
57. Өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша ғимараттардың, құрылымдардың және үй-жайлардың санаттары күрделі жөнделетін және қайта құрастырылатын объектілерге арналған жобалық құжаттамада көрсетіледі.
58. Өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша функциялық арналымына байланыссыз үй-жайлар мынадай санаттарға бөлінеді:
1) А (өрт-жарылыс қауіптілігі жоғары);
2) Б (өрт-жарылыс қауіптілігі);
3) В1 - В4 (өрт қауіптілігі);
4) Г (өрт қауіптілігі орташа);
5) Д (өрт қауіптілігі темен).
59. Өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша үй-жайлардың санаттары аппараттар мен үй-жайлардағы жанғыш заттар мен материалдардың түріне, олардың санына және технологиялық процестерінің сипаттамаларына сүйеніп анықталады.
60. Үй-жайлардың санаттарын аса жоғары қауіпті санаттардан (А) аса темен қауіпті (Д) санаттарға үй-жайдың тиістілігін жүйелі тексеру арқылы анықталады.
61. Өрт-жарылыс қауіптілігі және өрт қауіптілігі бойынша ғимараттардың, құрылымдардың санаттары осы ғимараттағы, құрылымдағы осы не басқа санатты қауіпті үй-жайлар үлесіне және оның жинақтық ауданына сүйеніп анықталады.
62. Өрт-жарылыс қауіптілігі мен өрт қауіптілігі бойынша ғимараттар мен үй-жайлардың санаттарын анықтау тәртібі мен әдістемесі осы Техникалық регламенттің 3-қосымшасы талаптарына сәйкес келуге тиіс.
8. Ғимараттарды, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлмелерін өрт-техникалық жіктеу
63. Ғимараттарды, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлмелерін өрт-техникалық жіктеу олардың функциональдық арналымы мен өрт қауіптілігіне байланысты ғимараттар мен құрылымдардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелеріне қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптарын белгілеу үшін қолданылады.
64. Ғимараттардың, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлмелерінің отқа төзімділігі, олардың атқарымдық және құрастырылымдық өрт қауіптілігі класы күрделі жөндеу және қайта құрастырылу объектілеріне арналған жобалық құжаттамада көрсетіледі.
65. Ғимараттар, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлмелері:
1) отқа төзімділік дәрежелері;
2) құрастырылымдық өрт қауіптілігі кластары;
3) функциональдық өрт қауіптілігі кластары бойынша бөлінеді.
66. Ғимараттардың, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлмелерінің отқа төзімділік дәрежесі оның құрылыс құрастырылымдарының отқа төзімділігімен анықталады.
67. Ғимараттардың, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлмелерінің құрастырылымдық өрт қауіптілігі класы өрттің дамуына құрылыс құрастырылымының қатысу және оның қауіпті факторларының түзілу дәрежесімен анықталады.
68. Ғимараттардың, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлменің функциональдық өрт қауіптілігі класы олардың арналуымен және оларды пайдалану ерекшеліктерімен, соның ішінде оларға орналастырылған технологиялық процестердің ерекшеліктерімен анықталады.
Ғимараттар, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлмелері отқа төзімділік дәрежелері бойынша:
1) І дәрежелі отқа төзімді;
2) II дәрежелі отқа төзімді;
3) III дәрежелі отқа төзімді;
4) IIIа дәрежелі отқа төзімді;
5) IIIб дәрежелі отқа төзімді;
6) IV дәрежелі отқа төзімді;
7) ІVа дәрежелі отқа төзімді;
8) V дәрежелі отқа төзімді ғимараттарға, құрылымдар мен өрт
бөлмелеріне бөлінеді.
Ғимараттар, құрылымдар мен өрт сөндіру бөлмелері құрастырылымдық өрт қауіптілігі бойынша мынадай кластарға бөлінеді: С0, С1, С2 және С3.
69. Пайдаланылу тәсіліне және өрт болған жағдайда ішіндегі адамдардың қауіпсіздігі олардың жасын, дене жағдайын, ұйқыда болуы мүмкіндігін, негізгі функциональдық контингенті түрін мен оның санын ескеріп, қандай шамада қауіпте тұрғандығына байланысты функциональдық өрт қауіптілігі бойынша ғимараттар (құрылымдар, өрт бөлмелері мен ғимараттардың бөлімдері - бір-бірімен функциональдық байланыстағы үй-жайлар, үй-жайлардың топтары) мынадай кластар мен қосалқы кластарға бөлінеді:
1) Ф1 - адамда тұрақты тұруға және уақытша болуға арналған
ғимараттар:
Ф1.1 - мектепке дейінгі балаларға арналған мекемелер, мамандандырылған қарттар мен мүгедектер (пәтерлік емес) үйлер, ауруханалар, мектеп-интернаттардың және балалар мекемелерінің ұйықтауға арналған корпустары;
Ф1.2 - қонақ үйлер, жатақханалар, жалпы типтегі санаторийлер мен демалыс үйлерінің, кемпингтердің, мотелдер мен пансионаттардың ұйықтауға арналған корпустары;
Ф1.3 - көп пәтерлі тұрғын үйлер;
Ф1.4 - бір пәтерлік, соның ішінде бұғатталған тұрғын үйлер;
2) Ф2 - көру және мәдени-ағарту мекемелерінің ғимараттары:
Ф2.1 - театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, клубтар, цирктер, трибуналары бар спорттық құрылымдар, кітапханалар және жабық үй-жайларында келушілерге арналған отырғызу орындарының есептік саны бар басқа мекемелер;
Ф2.2 - мұражайлар, көрмелер, би залдары және жабық үй-жайлардағы басқа осыған ұқсас мекемелер;
Ф2.3 - ашық даладағы Ф2.1 көрсетілген мекемелер;
Ф2.4 - ашық даладағы Ф2.2 көрсетілген мекемелер.
3) Ф3 - халыққа қызмет көрсету жөніндегі кәсіпорындардың ғимараттары:
Ф3.1 - сауда кәсіпорындарының ғимараттары;
Ф3.2 - қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының ғимараттары;
Ф3.3 - вокзалдар;
Ф3.4 - емханалар мен амбулаториялар;
Ф3.5 - келушілерге арналған отырғызу орындарының есептік емес саны бар тұрмыстық және коммуналдық қызмет көрсету кәсіпорындарының келушілеріне арналған үй-жайлар;
Ф3.6 - денешынықтыру-сауықтыру кешендері және көрушілерге арналған трибуналары жоқ спорттық-жаттықтыру мекемелері, тұрмыстық үй-жайлар, моншалар;
3) Ф4 - ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелерінің, жобалық ұйымдардың, басқару органдары мекемелерінің ғимараттары:
Ф4.1 - мектептер, мектептен тыс оқу орны, орташа арнайы оқу мекемелері, кәсіби-техникалық училищелері;
Ф4.2 - жоғарғы оқу орындары, біліктілікті арттыру мекемелері;
Ф4.3 - басқару органдары мекемесі, жобалау-конструкторлық ұйымдар, ақпараттық және редакциялық-баспа ұйымдары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, банктер, конторлар, кеңселер;
Ф4.4 - өрт депосы;
5) Ф5 - өндірістік немесе қойма мақсатында арналған ғимараттар:
Ф5.1 - өндірістік ғимараттар және құрылыстар, өндірістік және зөртхана үй-жайлары, шеберхана;
Ф5.2 - қоймалық бөлмелер және құрылыстар, техникалық қызмет көрсетусіз және жөндеусіз автомобильдерге арналған тұрақтар, кітап қоймасы, мұрағаттар, қоймалық үй-жайлар;
Ф5.3 - ауылшаруашылық ғимараттары.
Өндірістік және қоймалық ғимараттар, оның ішінде Ф1 - Ф4 классты зөртхана және шеберхана ғимараттары Ф5 класына жатады.
9. Құрылыс құрастырылымдары мен өртке қарсы кедергілерді өрт-техникалық жіктеу
70. Құрылыс құрастырылымдары белгілі бір дәрежедегі отқа төзімді ғимараттарда, құрылыстарда және өрт бөлігінде оларды қолдану мүмкіндігін белгілеу немесе ғимараттардың, құрылыстардың және өрт бөлігіндегі отқа төзімділігі дәрежесін анықтау үшін отқа төзімділігі бойынша жіктеледі.
71. Құрылыс құрастырылымдары өрттің ұлғайып кетуіне және олардың қауіпті өрт факторларын туғызу қабілеттілігіне құрылыс құрастырылымдарының қатысу дәрежесін анықтау үшін өрт қауіптілігі бойынша жіктеледі.
72. Өртке қарсы кедергілер сәйкесінше қауіпті өрт факторларының таралуын болдырмау тәсілі бойынша, сондай-ақ құрылыс құрастырылымдарын таңдау және отқа төзімділігінің қажетті шектері және өрт қауіптілігі класы болатын өртке қарсы кедергілердегі ойықтарды толтыру үшін отқа төзімділігі бойынша жіктеледі.
73. Стандарттық сынау шарттарында өрт әсеріне және оның қауіпті факторларын таратуға қарсылық көрсететін қабілеттілігіне қарай ғимараттар мен үй-жайлардың құрылыс құрастырылымдары отқа төзімділігі шектері болатын құрылыс құрастырылымдарына бөлінеді:
1) нормаланбайтын;
2) 15 мин. кем емес;
3) 30 мин. кем емес;
4) 45 мин. кем емес;
5) 60 мин. кем емес;
6) 90 мин. кем емес;
7) 120 мин. кем емес;
8) 150 мин. кем емес;
9) 180 мин. кем емес;
10) 240 мин. кем емес;
11) 360 мин кем емес.
74. Құрылыс құрастырылымдарының отқа төзімділік шектері стандарттық сынау шарттарында анықталады.
75. Стандарттық сынау шарттарындағы немесе есептеу нәтижесіндегі көтергіш және қоршау құрылыс құрастырылымдарының отқа төзімділік шегінің басталуы мынадай белгілерінен тұратын жүйелі бір немесе бірнеше шекті жағдайлардың жету уақытымен белгіленеді:
1) R (көтергіш қабілеттілігін жоғалту);
2) Е (тұтастықты жоғалту);
3) I (жылу оқшаулағыш қабілеттілігін жоғалту).
Стандарттық сынау шарттарындағы немесе есептеу нәтижесіндегі өртке қарсы кедергілердегі (оның ішінде өртке қарсы есіктер мен терезелер) ойықтарды толтыру отқа төзімділік шегінің басталуы тұтастықты (Е), жылу оқшаулағыш қабілеттілігін (I) және (немесе) газ түтінін өткізбеуді (S) жоғалту уақытымен белгіленеді.
76. Құрылыс құрастырылымдары өрт қауіптілігі бойынша мынадай
кластарға бөлінеді:
1) К0 (өртке қауіпті емес);
2) К1 (өрт қауіптілігі аз);
3) К2 (өрт қауіптілігі орташа);
4) К3 (өртке қауіпті).
77. Құрылыс құрастырылымдарының өрт қауіптілігі класын анықтау тәртібі мен әдістемесі Қазақстан Республикасында қолдану рұқсат етілген мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келуге тиіс.
78. Өрттің қауіпті факторларының таралуын болдырмау тәсіліне қарай өртке қарсы кедергілер мыналарға бөлінеді:
1) қабырғалар;
2) қалқалар;
3) аражабындар;
4) үзілулер;
5) перделер мен экрандар;
6) су бүркеулері;
7) минералданған жолақтар.
79. Өртке қарсы кедергілер отқа төзімділігімен және өрт қауіптілігімен сипатталады. Өртке қарсы кедергілердің отқа төзімділігі, оның элементтерінің отқа төзімділігімен анықталады:
1) қоршау бөліктері;
2) кедергі тұрақтылығын қамтамасыз ететін құрастырылымдар;
3) құрастырылымдарға тірейтіндер;
4) олардың арасындағы бекіту тораптары.
80. Өртке қарсы кедергілердің отқа төзімділік шектері мен өртке қарсы кедергілердегі ойықтарды толтырудың отқа төзімділік шектері осы Техникалық регламенттің 4-қосымшасының 1 және 2-кестелерінде келтірілген мәндеріне сәйкес келуге тиіс.
10. Басқыштар және басқыш шабақтарын өрт-техникалық жіктеу
81. Басқыштар мен басқыш шабақтарын көлемді-жоспарлы және құрастырылымдық шешіміне қойылатын талаптарды анықтау үшін, сондай-ақ адамдарды көшіру жолдарында оларды қолдануға қойылатын талаптарды регламенттеу үшін жіктеледі.
82. Өрт кезінде адамдарды ғимараттар мен үй-жайлардан көшіруге арналған басқыштар мынадай типтерге бөлінеді:
1) 1 типті - басқыш шабақтарында орналасқан ішкі басқыштар;
2) 2 типті - басқыштың іштей ашылуы;
3) 3 типті - басқыштың сырттай ашылуы.
83. Өртті сөндіру және құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету үшін мынадай типті сыртқы өрт басқыштары қарастырылуға тиіс:
1) П1 - шатырға шығу кезінде, ауданы болатын, 2,5 м биіктіктен басталатын, ені 0,7 м тік болат басқыштар;
2) П2 - кем дегенде 8 м сайын ауданы болатын және тұтқалары бар, жер деңгейінен 2,5 м биіктіктен басталатын, ені 0,7 м, көлбеуі 6:1 артық емес болат марш басқыштар.
84. Өрт кезінде түтіндеп кетуден оларды қорғау дәрежесіне қарай
басқыш шабақтары кәдімгі және түтінделетін болып бөлінеді.
Кәдімгі басқыш шабақтары жарықтандыру тәсіліне қарай мына типтерге бөлінеді:
1) Л1 - әр қабаттағы сыртқы қабырғалардағы әйнектеу немесе ашық ойықтар арқылы табиғи жарықтандыруы болатын басқыш шабақтары;
2) Л2 - әйнектеу немесе жабындағы ашық ойықтар арқылы табиғи жарықтандыруы болатын басқыш шабақтары.
Өрт кезінде түтіндеп кетуден қорғау тәсіліне қарай түтінделмейтін басқыш шабақтары мына типтерге бөлінеді:
1) Н1 - ашық өтпемен, түтіндемейтін сыртқы ауа аймағы арқылы
қабаттан басқыш шабағына кірісі болатын басқыш шабақтары;
2) Н2 - өрт болған кезде басқыш шабағына ауа тіреуі болатын басқыш шабақтары;
3) Н3 - үнемі немесе өрт кезінде ауа тіреуімен қамтамасыз етілетін тамбур - шлюзы арқылы әр қабатта оларға кірісі болатын басқыш шабақтары.
11. Өрт техникасын жіктеу
85. Арналуы мен қолданылу саласына қарай өрт техникасы мына
түрлерге бөлінеді:
1) өрт машиналары (автомобильдер, мотопомпалар, тіркемелер);
2) өрт сөндіру қондырғылары;
3) өрт сөндіруге сигнал беру құрылғылары;
4) өрт сөндіруге арналған жеке қорғау құралдары;
5) өрт сөндіру құралдары;
6) өрт сөндіретін құтқарғыш құрылғылар;
7) қолмен басқарылатын өрт сөндіру құралдары мен жабдықтары;
8) өрт сөндіргіш.
Объектілерді қорғау үшін өрт техникасының түрлерін жіктеу "Объектілерді қорғау үшін өрт техникасының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті талаптарына сәйкес келуге тиіс.
"Өрт қауіпсіздігіне қойылатын
жалпы талаптар" техникалық
регламентіне
2-қосымша
1-кесте
Достарыңызбен бөлісу: |