Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік Фармацевтика академиясы Техникалық және кәсіби білім беру факультеті «Гигиена-1, дене шынықтыру және валеология»



бет8/11
Дата19.06.2016
өлшемі1.23 Mb.
#148451
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Стафилококты токсикоз

Cтафилакокты этиологиялы тағамммен тағаммен улану дүние жүзінің барлық жерлерінде тіркеледі, тағаммен уланудың жаратылысы микробты түрлерінің қоздырғышы арасында бірінші орын алады. Тағаммен уланудағы стафилококк рөлін 1899 жылы П.Н.Лащенков сипаттаған. Стафилококтар қоршаған ортада жақсы сақталады, кептірген кезде де ұзақ сақталады, шаң құрамында 6 айға дейін сақталады, 70-80 градус температурада, сұйық ортада 20-30 минуттан кейін өледі. 1% хлорамин ертідсінде 2-5 минуттан кейін өледі.

Адамдар мен жануарлардың денесінде стафилакоктар үнемі болады. Сау адамның терісінде, түкірігінде, тамағында және денесінде іріңді жара болса, сол іріңде стафилококк болады. Стафилококтың ең тұрақты және маңызды патогенді белгісі ол- плазмокоагуляциялау қасиетінің болуы, яғни адамның немесе қоянның қан құрамындағы плазманы ұйыту қасиеті.

Ауа, су, ақпайтын су стафилакоктың өмір сүретін ортасы болып табылады.

Қоршаған ортадағы стафилакокктардың көбісі сапрофиттер, яғни патогенді қасиеті жоқ. Стафилакокктың патогендік белгісі тұрақты емес, ол белгілі бір жағдайларда өзгеріп тұрады.

Тамақпен улануды кез келген стафилакокк түрі тудыра бермейді, улануды тек энтеротоксин бөліп шығаратындары ғана тудырады.

Стафилококк бөліп шығарған энтеротоксин қоршаған ортада жақсы сақталады, жоғары және төмен температураға өте төзімді. Қышқылдар мен сілтілердің әсеріне өте төзімді, 100° С температураға дейін қыздырғанда өлмейді. Мұндай энтеротоксинді жою үшін 2,5-3 сағат қайнатады немесе 120° С температурада 20 минутта жойылады.

Стафилококтар протеолитикалық ферменттер құрады, көмірсуларды ыдыратады, оттегінің қатысуымен әр түрлі дақтар түзеді: алтын сары, лимон – сары және ақ. Дақтың түріне қарай алтын тәріздес, лимон-сары, ақ стафилококк болып бөлінеді.

Стафилококтар ά, β, γ және δ- лизиндер деген экзотоксиндер бөліп шығарады. Алтын тәріздес және ақ стафилококктар энтеротоксин құрайды және сол тағамдық интоксикация себебі болады.

Стафилококты энтеротоксиннің 6 серологиялық түрі сипатталған: А, В, С, Д, Е, Ғ. Жеке патогенді стафилококк штаммасы бір түрлі ғана токсин бөліп шығармайды, ол екі немесе одан да көп токсин бөліп шығарады.

Стафилококты энтеротоксин қоршаған ортада жақсы сақталады, жоғары және төменгі температура әсеріне, рН 4,5 - 8,2 арасында сілтілер мен қышқылдардың әсеріне, хлордың әсеріне төзімді

Эпидемиологиясы. Тамақ тағамдарын патогенді стафилококпен ластау көзі адамдар және жануарлар болып саналады. Пиодермит, әр түрлі іріңді процестер , әсіресе қолда және саусақтарда орналасқан және жоғары тыныс алу жолдарының жедел және созылмалы аурулары: ринит, ангина, тонзилит және т.б. кезінде ауру адамның қоршаған ортаға бөлетін стафилококтың мөлшері едәуір көбірек болады.

Сау адамдардың арасында да энтеропатогенді стафилококты тасымалдаушылар болады. Олар да әр түрлі қоршаған орта нысандарын ластаулары мүмкін.

Стафилококк көмірсулы және ақуызды ортада жақсы көбейеді. Тамақ тағамының кез келген түрі тағамдық стафилококты токсикоз тудыруы мүмкін (сүт, сүт тағамдары, балмұздақ, кремі бар торттар). Тағам құрамында қант 60% көбейсе, ол стафилококтың көбеюін тоқтатады. Стафилококтар тағам құрамында натрий хлоридінің 7-10%-ы бар тағамдарда жақсы көбейеді.

Стафилококты токсикоз болу үшін тағам құрамына түскен стафилококктар энтеротоксин бөліп шғару керек.

Стафилококтар көбейетін оңтайлы температура 22°С, 10-12°С температурада олардың көбеюі нашарлайды, ал мұздатқышта -4 -6°С температурада көбеюін тоқтатады.

Энтеротоксин бөліп шығару жылдамдығы алғашқы тағамға түскен стафилококк мөлшеріне байланысты емес, ол тағамды сақтау жағдайы және тағамның химиялық құрамына (құрамындағы ақуыздар, майлар, көмірсулар) мөлшеріне, ортаның қышқылдығына да байланысты болады.

Стафилококтар энтеротоксин бөлуге бөлме температурасында сақталған сүт және сүт тағамдары жақсы орта болып саналады. Бұл жағдайда энтеротоксин 5-8 сағаттан кейін пайда болады. Стафилококпен ластанған сүтті мұздатқышта сақтағанда 18 күннен кейін де оның құрамында энтеротоксин табылған. Сүт қышқыл тағамдарының құрамында энтеротоксин жиналмайды, өйткені олар стафилококтың көбеюін тоқтатады.

Жаңа дайындалған стафилакокпен ластанған ірімшік құрамында энтеротоксин бесінші күні анықталған.

Энтеротоксиннің көбеюіне жақсы қоректік орта - ол пісірілген кремі бар, яғни құрамында қанттың концентрациясы 50%-дан кем тағамдар: торт, пирожный. 37°С температурада энтеротоксин пісірілген кремді кондитерлік тағам құрамында бір сағаттан кейін пайда болады, егер бұл тағамды мұздатқышта сақтаса, энтеротоксин жиналмайды.

Еттен жасалған фаршта, порцияларға бөлінген сырларда, піскен ет құрамында 35- 37°С температурада 14-26 сағат ішінде энтнеротоксин жинала бастайды, дайын котлет құрамында 3 сағаттан кейін, ыстықтай қақталған балық құрамында 6 сағаттан кейін жинала бастайды.



Клиникасы. Ең алғашқы белгілері тамақ жегеннен кейін 2-3 сағат, кейде 6 сағаттан кейін пайда болады. Стафилококты токсикоздың ең басты белгісі: гастроэнтерит. Ауру аяқ астынан басталады, адам бірнеше рет құсады, кейде қан аралас, жүректің жұмысы нашарлайды, іші ауырады. Іш өту сирек кездеседі. Дене қызуы қалыпты. Адамды суық тер басады.

Диагностикасы. Стафилококтың ошағын анықтау. Күдікті тамақтың қалғанына, құсыққа, асқазан жуған суға, нәжіске зерттеу жүргізіп, стафилококтың энтеротоксигенді штаммасын анықтау. Осы мақсатта плазмакоагуляция реакциясын және коагулаза оң стафилококты фаготиптеу реакциясы қойылады. Инфекция көзін табу үшін объектіде күдікті тамаққа қатысы бар барлық жұмысшыларды іріңді жарасы, жарақаты, ангинасы бар-жоқтығына тексереді. Стафилококк тасымалдаушыларды анықтау үшін мұрыннан және тамақтан жұғынды алынады.

Алдын алу.

    1. тасымалдаушыларды анықтау, оларды емдеу жүргізу арқылы азайту;

    2. тағамдарды және дайын тамақтарды ластау жолдарын тоқтату;

3) тағамды дайындағанда, сақтағанда, сатқанда санитарлық талаптарды орындау.

Тағам дайындауға ангинасы бар, тұмаумен, жоғары тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруларымен ауырып жүрген адамдарды, қолдарында және денелерінің ашық жерлерінде іріңді жаралары бар адамдарды араластырмау. Жұмыс орнында санитарлық ереже және жеке бас гигиенасы қатаң сақталу керек. Термиялық өңдеу жеткілікті болу керек, тез бұзылатын тағамдардың сақталу мерзімін қатаң орындау.



Тамақтан уланудың микробсыз түрі

Микробсыз тамақтан улануға өсімдіктермен улану (саңырауқұлақтар, улы өсімдіктер, дәнді дақылдардың тұқымы), жан-жануарлардың өнімдері (балықтың мүшелері, ара балы) және азық-түліктердің құрамындағы улы қоспалармен улану жатады.

Микробсыз тамақтан улану, тамақтан уланудың басқа түрлеріне қарағанда сирек кездеседі; барлық тамақтан уланудың 5-10%-ын ғана құрайды.

Өсімдік өнімдерімен улану

Саңырауқұлақтармен улану. Саңырауқұлақтармен уланудың маусымдық сипаты бар, әсіресе ерте көктемде және жаз айларының соңында байқалады. Ерте көктемде өтқұлақпен улану көп болады, оны жеуге жарамды тыржыңқұлақпен шатастырады. Ал жаз соңында боз уқұлақпен, шыбынжұтпен улану байқалады. Саңырауқұлақпен улану жеке немесе жанұялық өршу болып сипатталады. Топпен улану сирек кездеседі. Бұл қазіргі уақытта саңырауқұлақтарды өнеркәсіптік дайындауда арнайы оқытылған адамды бақылауға қойылғандықтан деп түсіндіріледі. Саңырауқұлақ дайындау орындарында халықтан тек жеуге жарамды усыз, санитарлық қадағалау орындары жеуге жарамды деп белгілеген саңырауқұлақтар ғана қабылданады.

Өтқұлақтар. Оның улылығы құрамындағы гельвелл қышқылы мен гиромитринге байланысты. Гиромитриннің әсер етуі боз уқұлақтың уының әсеріне ұқсас. Өтқұлақпен улану тек көктем айларында болады.

Жасырын кезеңі 8-10 сағат, бірақ 3 сағаттан 20 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Өтқұлақтың уы бауырға әсер етеді, улану белгілері өте жай басталады. Асқазан шаншып ауырып, жүрегі айнып, құсады, іші өтеді. Ал 2-3 күн өткенде ауыр улану кезінде адам сарғаяды, есінен танып, сандырақтайды, құрысады.

Саңырауқұлақпен бұлай улану, саңырауқұлақты алдын ала қайнатып, суын төкпегенде болады. Өтқұлақ шартты түрде жарамды саңырауқұлақтарға жатады. Олардан тағам дайындар алдында оны үш рет қайнатып, суын төгіп, содан соң салқын сумен мұқият шайып, қолданады.

Боз уқұлақ. Боз уқұлақ және оның түрлері әр түрлі жеуге жарамды саңырауқұлақтармен ұқсас келеді, олар: қозықұйрықтармен, жасыл және ақ сазқатпарлармен. Көбінесе қозықұйрықтармен шатастырады.

Боз уқұлақта аманитин, фаллоидин улы заттары бар. Бұлар өте күшті жасуша улы, бауырға және жүйке жүйесіне әсер етеді. Боз уқұлақтың уы өте тұрақты және саңырауқұлақ ұлпаларымен берік байланыста, сондықтан саңырауқұлақты қайнатып суын төксе де, кептірсе де улылығы азаймайды.

Боз уқұлақпен улану құрамындағы аманитиннің әсеріне байланысты және өзіндік сипаты бар. Жасырын кезеңі 7 сағаттан 40 сағатқа созылады, орташа 12 сағат. Ауру кенеттен басталады. Адамның іші ауырып, қайта-қайта іші өтеді және тоқтамай құсады. Нәжісі сілемейлі су тәрізденеді және иісі жоғалады. Адам қатты шөлдей бастайды. Ауру кісінің басы ауырып және басы айналады. Өлім көрсеткіші 50%. Өлгенге дейін ауру есін сақтайды. Ауру 2-3 күні өледі. Қолайлы жағдайда ауру белгілері азайып, ауру өте жайлап жазыла бастайды. 70-ші жылдары Парижде Пастер институтында боз уқұлаққа қарсы антитоксин тиоктидаза алынған.

Шыбынжұттар. Қызыл, пантералдық және порфиралық түрлері бар.

Бұл жеуге жарамсыз саңырауқұлақтармен улану өте сирек кездеседі, өйткені олар жеуге жарамды саңырауқұлақтардан айырмашылығы көп ұқсамайды.

Шыбынжұтың улылығы құрамында мускарин мен мускаридинге байланысты, олар орталық жүйке жүйесіне әсер етеді.

Жасырын кезеңі өте қысқа – ½ -2- 4 сағат. Уланудың клиникалық көрінісі: сілекейі ағып, құсу, іші өтеді, көздің қарашығы кішірейеді, ал өте ауыр жағдайда көзіне әр нәрсе елестеп, сандырақтайды, құрысады.

Басқа улы саңырауқұлақтарға жалған томарқұлақ, сары қозықұйрық, қабанқұлақ, улы трихоломдар жатады.

Алдын алу. Саңырауқұлақпен уланудың алдын алу үшін көктем, жаз және күз айларында халық арасында түсініктеме жұмысын жүргізу. Әсіресе бұл жұмысты жүргізу мектептерде және басқа балалар мекемелерінде, жазғы демалыс сауықтыру орындарында, саяжайларға жүрер алдында жүргізудің маңызы зор.

Саңырауқұлақ дайындау орындарында саңырауқұлақтарда түрлеріне қарай мұқият сұрыптау керек. Пластинкалы саңырауқұлақтарды тұздау және маринадтау алдында тұзды суда 5-7 минут қайнатып, содан соң ағын сумен шаяды. Пластинкалы саңырауқұлақтарды кептіруге болмайды.

Базарларда саңырауқұлақтарды сатуға арнайы орын бөліну керек. Саңырауқұлақ түрлерін араластырып сатуға болмайды, оларда түр-түрімен сортталған болуы керек. Пластинкалы саңырауқұлақтар түбірімен сатылуы керек; олай болмаған жағдайда олардың түрлерін ажырату қиындайды. Базарда саңырауқұлақты майдалап жасалынған тағамдар сатуға тыйым салынады.

Улы өсімдіктермен улану

Улы өсімдіктермен улану көбіне балаларда кездеседі, олардың назары жабайы өсімдіктердің жемістеріне тез ауады. Жүзден аса жабайы және мәдени өсімдіктер улануға себеп болады. Олардың ішінде өте кең таралған қара меңдуана, сасық меңдуана, утамыр, теңбіл убалдырған, ит ақжелек, уқорғасын, қасқыр жидек, олеандр, итжидек, қоза және т.б.

Барлық улануларға тән, ол өте қысқа жасырын кезеңі, өйткені улы заттектер асқорыту жүйесінен тез қанға сіңеді.

Алдын алу, санитарлық-насихаттау сипатында болады: балалар мен жасөсіпірімдерді сол жерлерде өсетін улы өсімдіктермен таныстыру.

Балалар мекемелерінің жері және балалар үнемі қыдырып демалатын жерлерде улы өсімдіктер өспеуін қадағалап отыру керек. Бұл үшін топырағын аударып, улы шөптерді орып және жұлып тастап, соңынан жойып отырған жөн.

Дәнді дақылдардың арам шөптерінің тұқымдарымен улану

(арам шөптердің токсикозы)

Триходесмотоксикоз

Құрамында боз триходесманың тұқымдары бар ұннан нан дайындағанда пайда болады. Бұл ауру өте күрделі, орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен, энцефалит немесе менингоэнцефалит белгілерімен сипатталады.



Боз триходесма - көпжылдық өсімдік, Орта Азияда кеңінен таралған. Триходесма тұқымында алколоидтар инканин, триходесмин, инканин тотығы және т.б. бар.

Боз триходесма тұқымының өте жоғары улылығы және алколоидтардың жүйке жүйесіне қатты әсер етуінен, олардың дәнді дақылдар құрамында өте аз мөлшері болса да улануға әкеледі.

Алдымен ауру жалпы әлсіздіктен, бас ауру, қимыл қозғалыстың нашарлауынан, жүрістің бұзылуынан басталып, содан соң энцефалит немесе менингоэнцефалиттің белгілері пайда болады. Кей жағдайда асқазан ішек жолдарының жұмысы бұзылады (құсады, іші өтеді).

Бұл ауруда температура көтерілмейді. Ауру жеңіл түрде болса бірнеше күннен кейін жазылады, ал ауыр түрінде – бірнеше айларға созылады.

Алдын алу үшін егіс даласын арам шөптерден тазарту керек және боз триходесманың улылығы жөнінде түсініктеме жұмысын жүргізу. Дәнді дақылдардың құрамында боз триходесманың тұқымы болмауы керек.

Гелиотропты токсикоз. Бұл тамақтан улану тамаққа гелиотроп тұқымдарымен ластанған дәнді дақылдарды қолданғанда болады. Олардың тұқымында алколоидтар тобы бар (цина жоссин, жүйке жүйесін зақымдап – салға әкеледі, гелиотрин және лазиокарпин бауырға қатты әсерін тигізеді).

Ауру басталғанда ішінің жоғарғы жағы мен оң жақ қабырға тұсы ауыра бастайды, содан соң жүрегі айнып, құсады, бауыры ұлғаяды және көзі сарғаяды.

Алдын алу шараларына, дәнді дақылдарды гелиотроп тұқымдарынан тазарту және топырақтағы өсімдік тамырларын жұлу. Дәнді дақылдардың құрамында бұл өсімдіктің тұқымы болмау керек.

Есіртпе үйбидайықпен улану. Есіртпе үйбидайық - арам шөп, қара бидайда кездеседі. Улылығы тұқымында болатын темулин алколоидына байланысты. Сонымен қатар улылығы тұқымындағы паразит, микроскопиялық саңырауқұлағына (Stromatinia temulenta) байланысты болуы мүмкін.

Есіртпе үйбидайықпен улануда клиникалық көрінісі басы айналады, жүрегі айниды, құсады, жүргенде аяғы шалынысады және басқа белгілері бар, олар алкогольмен мас болғандағыдай болады.

Қазіргі уақытта үйбидайықтың тұқымының дәнді дақылдардың құрамында болуы өте аз кездеседі. Тұқымдарының көлемі кіші болғандықтан дәнді дақылдарды тазалау машиналарында түгелімен бөлініп алынады.

Балықтың улы тіндерімен улану

Қазіргі уақытта шармай балықпен улану белгілі, олар Орта Азияның су айдындарында Балхаш көлінде, Ыстықкөлде, Сырдария мен Амудария өзендері мен Арал теңізінде кездеседі. Ол балықтың уылдырығы мен сүтенінің улы қасиеті бар. Балықтың ішек-қарнынан тазаласа зиянсыз.



Қаяз. Еліміздің көптеген өзендерінде кездеседі.

Бұл балықтармен уланудағы клиникалық көрінісі жедел гастроэнтерит белгілерімен сипатталады, іші ауырады, құсады, іші өтеді.



Белгілі бір жағдайда улы болатын азық-түліктермен улану

Белгілі бір жағдайда улы болатын азық-түліктермен улану өте сирек кездеседі. Бұл топқа өсімдіктерден алынған өнімдермен (шикі үрме бұршақ фазині, жеміс сүйектеріндегі дәннің амегдалині, бук жаңғағының фагині, картоп соланині) және жан-жануарлар өнімдерімен (балық ұлпаларымен, мидиямен, арабалы) улану жатады.



Амигдалин

Өрік пен шабдалы дәнектерінде көп болады. Амигдалин гидролизденгенде синиль қышқылы бөлінеді.

Улануда бас ауырады және жүрегі айниды. Ауыр жағдайда ерні көгеріп, құрысу пайда болады, есінен танады. Өрік пен шабдалы дәнегін сығып май алғанда қалған күнжара қолданғанда улануы мүмкін. Сүйегі бар жемістерден дайындалған мұраппаны пайдалану қауіпсіз, өйткені қайнатқанда фермент өз белсенділігін жоғалтады да, синиль қышқылы пайда болмайды.

Өрік пен шабдалы дәнектерін сатуға тыйым салынады, оларды тек май алуға пайдаланады.



Фагин. Фагин шамшат жаңғағындағы әсер етуші болып табылады. Термиялық өңдеуде фагин белсенділігін жоғалтады. Шикі шамшат жаңғағымен уланғанда адамның жалпы көңіл-күйі нашарлап, ауырады, жүрегі айнып, ішек қызметі бұзылады.

Шамшат жаңғағы температурасы 120-1300С-та 30 минут термиялық өңдеуден кейін пайдалануға рұқсат етіледі.



Соланин. Картоп соланинімен улану сирек кездеседі, өйткені көп бөлігі картоптың қабығын тазалағанда кетеді.

Картоптағы соланин қасиеті соланин мен глюкозидтерге жақын және гемолитикалық уларға жатады.

Соланиннің көлемі картоп жасыл түске боялғанда және көктегенде шұғыл көбейеді. Картоп өскіндерінде соланиннің көлемі 0,42-0,73% дейін көбейеді. Адамды уландыратын соланиннің көлемі 200-400 мг.

Соланинмен улануда адамның жүрегі айнып, құсады және ішек қызметі бұзылады.

Көктеп кеткен картопты қабығымен қайнатып өте көп мөлшерде пайдалану уландыру мүмкіндігін жоғарылатады.

Балықтың ұлпаларымен улану. Кейбір балықтың уылдырығы мен сүтінен улану бұрыннан белгілі. Бұл балықтардың етін пайдалану толық қауіпсіз болғанымен, тағам ретінде уылдырығы мен сүтенін пайдаланғанда адам уланады, жедел гастроэнтерит белгілері пайда болады. Ол кей жағдайда тырысқақ белгілеріне ұқсас болып келеді.

Химиялық заттардың араласпалары әсерінен болатын тамақтан уланулар. Бұл микробсыз тамақтан уланудың тобына, пестицидтермен, нитриттермен және басқа тағамдық қоспалар көп қосылғанда, тағамдарға құрал-жабдықтардан, мүліктерден, ыдыстардан, қаптамалардан өткен араласпалармен уланулар жатады.

Нитриттермен және басқа тағамдық қоспалар азық-түліктерде көп мөлшерде болғанда пайда болатын уланулар да жатады.



Нитриттермен улану. Тағам өндірісінде қолданылатын нитриттермен және басқа да кейбір тағамдық қоспалар аз мөлшерде үнемі ағзаға түсіп отыруы, созылмалы тамақтан улануға әкеледі.

Ағзаға нитрозо қосылыстарының түсуімен, созылмалы ауқаттық нитратты-нитритті метгемоглобинемия дамиды.

Ауқаттың нитратты-нитритті метгемоглобинемия дамуына тек қана шұжық және ысталған өнімдер ғана емес, сонымен қатар өсімдіктен алынғане өнімдер қызылшада, картопта, сәбізде, қырыққабатта нитриттердің, нитрозолиндердің мөлшерінің жоғары болуы да көп әсер етеді. өсімдіктен алынған өнімдерге олар минералды азоты бар тыңайтқыштармен түседі.

Нитраттар мен нитриттер шұжық өнімдеріне, ысталған өнімдерге, ірімшіктерге және басқа азық-түліктерге тағамдық қоспалар ретінде қосылады. Нитрозолиндер-салдарлық аминдердің нитриттермен өзара әрекеттесуінен пайда болады, олардың канцерогенді қасиеті өте жоғары. Кейбір нитрозоқосылыстардың мутагенді және тератогенді белсенділігі бар.

Нитриттер ағзаға түскесін қандағы гемоглобинмен әрекеттесіп метагемоглобин пайда болады, ол оксигемоглобиннің белсенділігін төмендетеді. Тіпті аздаған метгемоглобинемияның өзі гемоглобиннің белсенділігін төмендетеді, ол оттегінің тіндерге түсуін азайтып денсаулыққа кері әсерін тигізеді.

Бұл уланудың алдын алу үшін нитриттерді қолданатын тағам өндірісінде, нитриттерді қатаң есепке алып және оларды дұрыс сақтау, тарату ережелерін сақтау қажет. Сонымен қатар шұжық өнімдерін дайындау технологиялық процестерін қатаң бақылауға алу, шұжық құрамындағы нитриттерді мөлшерін қалыпты болуын бақылап отыру.



Этиологиясы белгісіз тамақтан улану

Белгісіз этиологиялы тамақтан улануға юксовско-сартланд ауруы (Гафф ауруы) жатады. Бұл ауру бірінші рет 1924 жылы Балтық теңізінің Фришес Гафф бұғазындағы балықшылардың арасында анықталған, сондықтан Гафф ауруы деп аталған. Бұл улану тамаққа шортанды, алабұғаны, көксеркені пайдаланғанда пайда болған. Бұл балықтардың құрамындағы улы заттың химиялық құрамы анықталмаған. Улы зат балық майында шоғырланып, жоғары температураға тұрақты, 120˚С – де бір сағат қыздырғанда бұзылмайды. Барлық тексерушілердің шамалауымен бұл балықтардың улылығы жергілікті жағдаймен және тамақтану сипатына байланысты. Балық ұлпаларының улылығы суға жағалауда өсетін улы өсімдік (пикульник) тұқымының гүлінің түсуімен байланыстырады.

Ауру кенеттен басталады, ауырған адамның бұлшық еттері өте қатты ауырғандықтан, ауру қимыл - қозғалысын толық жоғалтады. Бұл жағдай 6-7 рет қайталанады. Бүйрек қызметі бұзылғандықтан миоглобинурия пайда болып, аурудың кіші дәреті қоңыр – қызыл түске боялады. Ауру ұстаған уақытта ауру адам тыныс алуы тоқтап қалуынан өліп кетуі де мүмкін, өйткені көкет пен қабырға аралық бұлшық еттері зақымданады. Ауру кезінде температура көтерілмейді.

Ауру негізіне қаңқа еттерінің зақымдануы жатады, бұлшық еттерде балауыз тәрізді дегенерация дамиды, бұл ет ұлпаларының (негізінен миоглобиннің) ыдырауынан пайда болады.



11. Оқушылардың өз бетінше атқаратын жұмысы: 31 минут (35%)

12. Жаңа тақырыпты бекіту: 9 минут (10%)

13. Сабақты қорытындылау: 2 минут (2%)

- оқушылардың білім деңгейін бағалау

- келесі сабақтың тақырыбын хабарлау

14. Үйге тапсырма беру: 2 минут (2%)
9- тақрып

1. Сабақтың тақырыбы: Денсаулық топтарын анықтау. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулық топтары. Дене шынықтыру. Әр түрлі жастағы балалардың анатомо- физиологиялық ерекшеліктері.

2. Сағат саны: 2 сағат

3. Сабақ түрі: түсіндірмелі, аралас сабақ

4. Сабақтың мақсаты:

- оқыту: оқушыларға атмосфералық ауа гигенасы пәнінің мақсатын міндетін оқыту және үйрету

- тәрбиелік: берілген тапсырмаларды дұрыс және сауатты орындау

- дамыту: білім берудің жаңа әдістерін қолдану және оқытудың тәжрибелік дағдыларын дамыту

5. Оқыту әдісі: тақырыпты түсіндіру және сұрау

6. Материалды-техникалық жабдықталуы:

- техникалық құралдар: интерактивті тақта, мультимедиялық құрылғы

- көрнекі және дидактикалық құралдар: плакат, кеспе, тест тапсырмалары

- оқыту орыны: оқу бөлмесі

7. Әдебиеттер:

негізгі

1. У.И. Кенесариев, Р.М.Балмахаева, Ж.Д. Бекмагаметова, К.К. Тогузбаева, Н.Ж. Жакашов.<<Гигиена>> Алматы 2009

3. ҚР « Халықтың санитарлық- эпидемиологиялық салауаттылығы » туралы №361 заңы, 04.12.2002 ж.

3. Алтынбеков Б.Е., Бөлешов М.Ә.,Торгаутов Б.К., « Балалар мен жасөспірімдер

гигиенасы», Шымкент, 2000 ж.

4. Шарманов Т.Ш. - «Экономика здавоохранения и перспективы

государственной службы охраны здоровья в Казахстане», Алматы-Женева-

Вашингтон, 2000 ж.

5. Габович Р.Д.- « Гигиена», Мәскеу, « Медицина», 1990 ж.

қосымша

1. Шарманов Т.Ш. – « От здорового образа жизни к долголетию без болезней»

2. Сералиева М.Ш., Илақбаева Ү.С. - « Тағам гигиенасы », Шымкент, 2009 ж.

3. Көшімбаева С.А. - « Ауыз судың сапасын нормалаудың гигиеналық

негіздері», Алматы, 2002 ж.

4. Неменко Б.А. - « Коммуналдық гигиена », Алматы, 2005 ж.

5. Момынов Т.А., Рақышев А. - Медициналық орысша – қазақша сөздік,

Алматы, 1999 ж.

6.Подунова Л.Г. - « Руководство к практическим занятиям по методам

санитарно- гигиенических исследваний » Москва, « Медицина» 1990



8. Ұйымдастыру кезеңі: 5 минут (6%)

Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру

Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру

Сабақтың мақсаты мен міндетін хабарлау



9. Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімін тексеру:

Сұрау арқылы білімін тексеру. 14 минут (15%)



10. Жаңа сабақты түсіндіру: 27 минут (30%)

Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын зерттеу

Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен физикалық жетілуін қадағалау үшін оларға жылда медициналық тексеру жүргізіледі. Тексеру кезінде денсаулық жағдайына баға беру үшін қарапайым клиникалық әдістер (антропометриялық және физиометриялық ) қолданылады.

Антропометриялық әдіс кезінде баланың денесінің параметрлерін өлшейді: бойын, салмағын, дене қуысының шеңберін, өкпенің өмірлік сыйымдылығын, арқаның және қолдың бұлшық еттерінің күшін, жетілу сатысын және әр түрлі аномалияларды, мысалы, омыртқаның қисаюы және түйетабандылықтың ерте белгілерін анықтайды. Ал физиометриялық әдіс кезінде кейбір функционалды пробалар жасап, жүрек - қан тамыр жүйесіне және басқа да жүйелердің жұмысына баға береді. Антропометриялық және физиометриялық көрсеткіштердің қорытындылары бойынша баланың физикалық жетілуіне объективті баға береді.

Белгілі бір балалар мекемесінде ( 150 адамнан кем емес жерде ) антропометриялық өлшеу жүргізіп, әр жас және жыныс үшін бойдың, салмақтың және басқа да көрсеткіштердің орташа мөлшерін анықтап, олардың физикалық жетілуіне баға береді. Ол көрсеткішті сол аймақтың орташа көрсеткіштерімен салыстырады. Әр баланы медициналық тексеруден кейін төмендегі топтардың біреуіне жатқызады:

1 - топ – сау балалар;

2 - топ – сау балалар, бірақ аурудан кейін функционалды өзгерістері бар, жедел аурулармен жиі ауыратын, көру қабілеті орташа дәрежеде бұзылған балалар;

3 - топ – созылмалы аурулармен ауыратын, физикалық жетіспеушіліктері бар, бірақ оқуға, өмір сүруге және еңбек етуге бейімделген балалар;

4 - топ – созылмалы аурулармен ауыратын, субкомпенсациялық жағдайда, өмір сүру және еңбек етуге бейімділігі жоқ балалар;

5 - топ - декомпенсация, яғни ағза қызметінің бұзылуы анықталған ауру балалар, 1 - және 2 - топтағы мүгедектер.

Балалардың денсаулықтарын жақсарту бойынша әр топқа жеке - жеке профилактикалық, емдік, сауықтыру жұмыстары және денсаулықты нығайту бойынша шаралар жоспары дайындалады.

Соңғы 100 жылдықта балалардың өсу және даму процесі жылдамырақ жүре бастады. Мұны акселерация деп атайды. Ол бір жағынан жақсы болса, балалардың жасына байланысты қимылдау мүмкіншілігі артады, екінші жағынан олардың арасында көру қабілетінің нашарлауы (миопия), жасөспірімдер гипертензиясы ауруы көбейіп отырғандығын көрсетеді. Осыған байланысты акселерация гигиеналық қамтамасыз ету бойынша бірсыпыра өзекті мәселелерді алға қойды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет