Бақылау сұрақтары:
1. Балалар әдебиетінің өсу өркендеу жолдары қандай?
2. Балалар әдебиеті қандай салаларға жіктеледі?
3. Балалар әдебиетінің басты ерекшеліктері қандай?
2 ДӘРІС
Балалар халық ауыз әдебиеті
Жоспары:
1.Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні
2.Ертегілердің танымдық, тәрбиелік сипаты.
3. Бала тілін дамытуда жаңылтпаш пен жұмбақтардың орны
4. Өтірік өлеңдер
Қазақ балалар рухани мұрасына зерттеушілер арнайы ден қойып, ала бөтен зерттемегенмен де дәстүрлі мәдениеттің ажырағысыз құрылымы ретінде қай кезеңде де назардан тыс қалып көрген емес.
Сондықтан да оның там-тұмдап жинала бастауы жалпы фольклорлық үлгілер тәрізді ертеректен басталады. Оның жүйелі жүйелі түрде зерттеле бастауы XIX ғасырдың екінші жартасынан басталады.
Қазақ фольклорын жинаушылар ол кезеңде балалар фольклорына арнайы көңіл бөлген жоқ, халық мұрасының бір қыры ретінде бесік жыры, жұмбақтар, өтірік өлеңдер сияқты танымал жанрларды қағазға түсірді. Мысалы, В.Радловтың «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деп аталатын атақты еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томында өтірік үлгісі кезігеді. Сол сияқты М. Ибрагимов еңбектеріне баланың тууына байланысты ырымдар мен қазақ жұмбақтарының хатқа түскен нұсқалары бар.
Қазақ балалар әдебиетінің атасы болып саналатын Ы. Алтынсариннің 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» алғашқы оқулық ретінде ғана емес, жалпы қазақ балаларының рухани дүниесіне назар аударудағы алғашқы бетбұрыс еңбек болғаны белгілі. Төрт бөлімнен құрастырылған осы кітаптың бірінші бөліміне өлеңдер мен балаларға арналған ұсақ әңгімелер, ертегілер енгізілген.
Осыдан соң-ақ қазақ халқының алдыңғы қатардағы оқыған азаматтары, педагогтары қазақ балалар ауыз әдебиетін жинаумен шұғылдана бастады. С.Көбеев 1910 жылы бастырып шығарған «Үлгілі тәржіме» және 1912 жылы бастырып шығарған «Үлгілі бала» кітаптарына балалар ауыз әдебиетінен өлеңдер, ертегілер және Қожанасыр әңгімелерін енгізілген. Тайыр Жомартбаевтың 1912 жылы шыққан «Балаларға жеміс» деген кітабында да балаларға арналған көптеген шығармалар кездеседі.
Жалпы, балалар өміріне назар аударуда сол кезеңде елеулі еңбек болған Е. Покровскийдің «Детская игра преимущественно русские, в связи с историей, этнографией, педагогикой и гигиеной» атты еңбегінде біраз қазақ балалар ойындары қамтылған.
Қазан төңкерісінен кейін де, адамзат соғысы бітіп, ел экономикасы мен мәдениетінде біраз серпіліс кезеңі басталған жылдары фольклортану ғылымында да ілгерілеу қозғалысы жүріп отырды. Осы жылдары қазақ балалар ойындарына назар аударып, көңіл қойғандардың бірі – Н.А.Мелкова. Оның «Игры киргизов» деп аталатын мақаласында Торғай, Орал өңірінің балаларынан жиналған отызға жуық ойынға сипаттама беріледі. Жинаушы өзіне дейінгі бұл жөніндегі еңбектің тізбесін жасап, балаларға арналған қазақ және орыс тілдерінде анкета дайындап, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қараған. Сол сияқты А.Л.Троицкая мақаласында да сәбилік ғұрып жырлары жөнінде көп мағлұматтар келтірілсе, М.Ф.Гаврилов қазақ балаларының репертуарларындағы жаңылтпаштарға назар аударады.
Қазақ балалары үшін көптеген жылдар оқулық қызметін атқарған М.Дулатовтың «Қирағат» (оқу құралы) кітабында да фольклорлық үлгілер аса мол қамтылған.
Бұл кезеңдегі қазақ балалар фольклорына ықылас аударудың тамаша бір көрінісі І.Жансүгіровтің 1926 жылы шыққан «Балаларға тарту» атты кітабын ерекше атаған жөн. Бұл жинақта халық поэзиясының балаларға арналған үлгілері тұңғыш рет толығырақ топтастырылды. Мұнда бесік жырының, саусақ ойындарының, тақпақтар мен сұрамақтардың, арнау-тілек өлеңдерінің, қызықтамалардың, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың үлгілері жинақталған.
Қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі І.Жансүгіров құрастырған «Ел өтірігі» кітабы да осы жылдардағы бағалы жинақтардың бірі болды. Сондай- ақ, 1928 жылы Семейде жарық көрген «Ауылдағы жастар, жас ұландар үшін ойын» кітапшасында да балалар жыры мен ойындары топтастырылған.
Бұл кезеңде қазақ балалар фольклорының үлгілері жиналып, жарық көріп қана қойған жоқ, зерттеушілер назарына іліге бастады. Бұл орайда А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» дәлел болады. Ғалым ауыз әдебиетінің жанрлық түрлерін кеңінен саралай отырып, олардың балалар репертуарынан алатын орнына да назар аударып отырады.
Х. Досмұхамедовтің «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегінде: «Халық балалар әдебиетін зерттеу бала табиғаты мен тілінің дамуы жөніндегі мәселені анықтауға мол сәуле түсіреді, бұған қазақ педагогтары баса назар аударуы керек» деп берілген.
Осындай астарында үлкен емеурін жатқан салмақты сілтеме ойларды М.Әуезовтің «Қазақ әдебиеті тарихы», С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» кітаптарынан кездестіреміз. Әсіресе, қазақ фольклорын арнайы зерттеген С.Сейфуллин еңбегінде құнды барлау, бағалы толғамдар мол.
Бұдан кейінгі жылдары қазақ балалар фольклорының әртүрлі үлгілері «Балдырған», «Ақжелкен», «Ұлан» сияқты мерзімді басылымдарда жиі жарияланып, мектеп оқулықтарында кеңінен пайдаланылады. Сондай-ақ, «Балалар әңгімесі», «Бөбек жыры», «Толқын» тәрізді бірнеше жинақ та жарық көрді. Бұлардың ішінде балалар жырының халықтық үлгілерін кең қамтыған толымдысы – белгілі ғалым Б. Кенжебаев құрастырған «Бөбек жыры» атты жинақ болды.
Осы кезеңде жарық көрген Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Қ.Бекхожин сияқты белгілі зерттеушілер жазған еңбектерде де бұл мәселе белгілі дәрежеде сөз болды.
Ауыз әдебиетінің асыл мұралары, үлгілері – адамзатты мәңгі рухтандырар көркем шығармасының кәусар бұлағы. Оның балалар әдебиеті ғана емес, жалпы көркем өнер, мәдениет атаулымен тығыз байланысы белгілі. Бұл көптеп зерттеліп келе жатса да, әлі құпиясы мол тақырып.
Мақал-мәтелдер - ғасырлар шежіресі. Онда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі мол көрініс тапқан.
Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшелінеді. Онда өмірдің сан алуан құбылыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі қорытылады.
Ғалым Ә.Табылдиев «Халық тағылымы» атты еңбегінде «Мақал мен мәтелге өз тұрғысынан анықтама берген. Мақалдар – нақыл, өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері, сөз мәйегі. Мақалдар көбінесе өлеңдік өрнекпен, сабырлы, салмақты ырғақпен айтылады. Қара сөзбен яғни шешендікпен айтылатын мақалдар да бар. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» т.б.. Мәтелдер негізінен тұжырымы тұспалы өлеңде сыңар тармақты, қара сөзде нұсқаулы сөз ретінде айтылады. «Өлең сөздің патшасы» т.б. Қазақ халқы – сөз қадірін біліп, қасиеттісөзді қастерлеп, аузынан тастамай, өнеге ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен өрнектеп, зерлеп келе жатқына халық. Сөз зергерлерінің аузынан шыққан мақалдар мен мәтелдерді оқу-тәрбие үрдісінде үздіксіз пайдаланып, үлгі етіп ұрпақ тәрбиесіне шарықтап пайдалануды дәстүрге айналдырып отырмыз.
Халық даналығы үлкен ойды аядай қалыпқа сыйғызып, асқан шеберлік танытқан. «Көп сөз - көмір, аз сөз - алтын» дегендей, мақал-мәтелдің өн бойынан поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақты кездестіреміз. Онда басы артық бір сөз болмайды. Барлығы өз орнында. Мақал-мәтелде бәрі екшелген, сұрыпталған, жымдаса біріккен, ой- өрнек ажыраспас туыстық тапқан. Мысалы, «Қой шелді болмай, төлді болмайды», Осындағысөздердің бірін де өзгерту мүмкін емес. «Шелді мен төлді» ойымен де, үйлесімімен де іштей үндестік тауып тұр. Оның орнына майлы, семіз деген баламаны алсақ, мақал бүкіл шырай-көркінен, мән-мағынасынан айрылады, мақалдық қасиеті жұтаңдайды. Сол сияқты басқа сөздерді де өзгерте алмайсың. Олар осы бітімінде ғана үлкен ой жүгіне ие. Екінші бір мысал. «Ер дәулеті - еңбек». Мұндағы негізгі ой - еңбектің құдіретін, бүкіл игіліктің көзі екенін білдіру. Ой қазығы еңбек болған соң, мақалда «е» дыбысы ерекше естіледі. Мақалға саздылық, үнділік беріп тұрған да сол. Дәулет сөзінің мақал бітіміне кіруі де соған байланысты. Оның орнына ырыс, байлық молшылық т. б. сөздерді ала алмайсың. Онда мақал поэтикалық қасиетінен айрылады.
Мақал-мәтелдерде халық сөзді барынша үнемдеп қолданған. Кейде, тіпті, сөз тастап та кетіп отырады. Бірақ онан мақал-мәтелдің мазмұнына ешқандай нұқсан келмейді. Мысалы, «Ақыл жастан, асыл тастан» дегенде шығады сөзі қалып қойған, бірақ онан мақал ойсырап тұрған жоқ.
Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Ол халықтың әлеуметтік, шаруашылық, рухани өмірін түгел қамтиды. Мақал-мәтелдердің басты-басты Отан, туған жер, атамекенге байланысты. Елін, Отанын емірене сүйгені халық Отанын шексіз сүюді ұрпағына өсиет еткен. «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Өз елің - алтын бесік», «Өз елім - өлең төсегім», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» деген мақал-мәтелдерде халықтың туған жеріне, атамекеніне, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігі терең түйінделген.
Мақал-мәтелдердің үлкен бір саласы еңбекке арналған. Халық еңбекті әр уақытта ардақтап, бүкіл игіліктің көзі деп білген. Бұл «Еңбек түбі - береке, көптің түбі - мереке», «Еңбек етсең емерсің», «Ер дәулеті - Еңбек», «Бейнет, бейнет түбі - зейнет», «Еңбек ет те егін ек - жарымасаң маған кел, белді бу да бейнет қыл - байымасаң маған кел» деген мақалдардан айқын аңғарылады.
Халық еңбек пен бақытты егіз деп қараған. Адамды ер атандырып, құрмет-қуанышқа жеткізетін де - еңбек деп білген. «Еңбегіне қарай - құрмет, жасына қарай - ізет», «Еңбек - ерлікке жеткізер, ерлік - елдікке жеткізер», «Еңбек еткен - мұратқа жеткен», «Әрекет болмай - берекет жоқ, Еңбексіз - рақат жоқ», «Бір еңбектің - бір рақаты бар». «Біткен іс - піскен жеміс», - деп, халық еңбекті мейлінше дәріптеген. Сонымен қатар жалқаулықты, еріншектікті мінеген: «Тауық - құс емес, жалқау - кісі емес», «Ақымақ күлкіге тоймас, жалқау ұйқыға тоймас», «Жұмысы жоқтың - ырысы жоқ», «Еріншектің егіні піспес», «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді», «Жақсы болар жігіттің жұмыссыз жүрген күні жоқ, жаман болар жігіттің еш жұмысқа қыры жоқ», - деп жалқаулықты шеней отырып, еңбек адамын биіктеткен.
Мақал-мәтелдердің енді бір саласы ерлікке, батырлыққа байланысты туған. Халық ерлік пен елдікті бірдей көрген. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар». «Батыр туса - ел ырысы, жаңбыр жауса - жер ырысы», «Ер бір рет өледі, ез мың рет өледі», «Ер- елімен жақсы», «Елі жоқ - жер жетім, ері жоқ - ел жетім»,- деп халық ел қорғаны батырды мадақтаған. Мақал-мәтелдерде ер мен ез, батыр мен қорқақ қатар айтылады. Сөйтіп, елден туған ерді үлгі-өнеге етеді, қоян жүрек қорқақты сынайды. Жастарды ерлікке баулуды мақсат етеді.
Ынтымақ-бірлік туралы да мақал-мәтелдер көп. «Бірлік болмай- тірлік болмас»,- деп, елді бірлікке үндеген. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас»,- деп, елді бірлікке, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға шақырған. «Байлық - байлық емес, бірлік- байлық», «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді», «Ынтымақтың арты игі», «Ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды»,- деп, байлық та, ырыс-береке де, елдік те, күш те - бірлікте деген үлкен түйін жасаған.
Мақал-мәтелдердің бір алуаны достыққа, жолдастыққа арналған. «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Жақсы дос ашып айтар, жаман дос қасып айтар». «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады», «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты», «Доссыз - көңіл тұл, махаббатсыз - өмір тұл», «Жолдасы көптің - олжасы көп», «Жолдасы жақсы - жолды болар, жолдасы жаман- қолды болар»,- деп достық пен дұшпандықты, жақсы жолдас пен жаман жолдасты салыстыра отырып, адал досты, жақсы жолдасты үлгі етеді.
Қазақ халқының негізгі күн көрісі, кәсібі, тіршілігі малға байланысты болған, Сондықтан төрт түлік малға қатысты мақал-мәтелдер де өз алдына бір сала. «Мал - баққандікі, жер - жыртқандікі», «Ат - ер қанаты», «Өлкенің көркі - мал болар, өзеннің көркі - тал болар».
Сол сияқты егіншілік кәсібіне байланысты мақал-мәтелдер де аз емес. «Жердің сәні - егін», «Ексең егін, ішерсін, тегін», «Берген алар, еккен орар».
Енді бір алуан мақал-мәтелдерде өнер-білім, оқу, ғылым дәріптеледі. Халық олардың қоғамдық өмірдегі орнын ерекше бағалаған. Адамзат баласының дүние тіршілігіндегі қол жеткен табыстары адам еңбегінің, ғылым-білімнің жемісі. Сондықтан халық: «Білімді өлмес - қағазда аты қалар, ұста өлмес - істеген заты қалар», «Өнер - ағып жатқан бұлақ, ғылым - жанып тұрған шырақ», «ғылым - теңіз, білім - қайық», «Кітап оқығандікі, білім тоқығандікі», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ»,- деп өнер-білімге үндеген.
Адамгершілікке байланысты мақал-мәтелдер де қазақ мақал-мәтелдерінің ең бір қомақты саласы. «Әдептілік, ар-ұят - адамдықтың белгісі», «Жарлы болсаң да арлы бол», «Тәні ұлу - сұлу емес, жаны сұлу - сұлу».
Қоғамдағы қатынастарға, әлеуметтік мәселелерге, ата-ана, туған-туысқан, денсаулық т. б. қазақ мақал-мәтелдерінде кең орын алған. «Қойды құртаң бүлдіреді, елді сұлтан бүлдіреді»,- деп, үстем тап өкілдерін әшкерелейді. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің», «Бала -ата-ананың бауыр еті, көз нұры», «Ананың сүті - бал, баланың тілі - бал», «Баласыз ана - гүлсіз алма», «Ана алдында - құрмет, ата алдыңда - қызмет» деген мақалдар баланы ата-анаға сүйіспеншілікке баулуды көздеген. Ал «Денсаулық - зор байлық», «Денің сау болса, жарлымын деме», «Тазалық- саулық негізі, саулық - байлық негізі» деген мақалдарда да ғибрат мол.
Қазақ өміріндегі әлеуметтік-тарихи өзгерістерге байланысты мақал-мәтелдердің де мазмұны байып, өзгеріп отырады. Әрбір тарихи кезең мақал-мәтелдерде өзінің ізін қалдырған. Мысалы, «Базары жақын байымас», «Талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда», сол сияқты «ексең егін, ішерсің тегін» деген мақалдар қазақ даласына сауда, базар сияқты қарым-қатынастардың енуіне байланысты шыққаны, елдің экономикалық тіршілігіндегі өзгерістен кеп туғаны айқын.
Ақын-жазушылар шығармаларында мақал-мәтел болып кеткен жолдар да мол. Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлының көптеген өлең жолдары қанатты сөзге айналып кеткен. Мысалы, Ыбырайдың «Шегірткем бір секірдің құтылдың, екі секірдің құтылдың, үшіншіде тұтылдың», Абайдың «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да», «Күн жауғанда қойныңда, күн ашықта мойныңда», «Тұлпардан тұлпар озбас шабылса да, оған да үкі тұмар тағылса да», «Доссыз ауыз тұшымас», «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты».
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден т. б. шығармаларында да мақал-мәтел боп кеткен жолдар аз емес.
Мақал-мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасы болады. Мысалы, «Өнер алды - қызыл тіл», «Мал - жаным садағасы, жан - арым садағасы», «Ер қанаты - ат», «Елін сүйген ер болар» деген мақалдарда ешқандай астар, тұспал, ауыстырмалы мағына жоқ, ой ашық айтылған, ишаралау жоқ. Ал екінші бір мақал-мәтелдерде ой астарлы беріледі. Мысалы, «Не ексең, соны орарсың». Мұның тура мағынасынан гөрі жанама мағынасы басым. Халық бұл мақал арқылы істеген ісіңнің, берген тәрбиенің жемісі де, нәтижесі де сол ісіңе, тәрбиеңе орай болады дегенді білдірген. Сол сияқты «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер», «Тай атқа, ат мұратқа жеткізер», «Сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі», «Жауырды жаба тоқиды» деген мақалдарда да ишара, астар мол.
Мақал мәтелдер қосарлана айтылып, бір-біріне туыс болғанмен, екеуінің өзара айырмашылықтары да бар. Ол айырмашылықтар мақал мен мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да, құрылымы жағынан да байқалады. Мысалы, «Тоқпағы күшті болса киіз қазық жерге кірер» деген мақалды алсақ, бұл екі жай сөйлемнен тұрады. Мұнан мақалдар көбіне екі бөлімді болатынын білеміз. Оның үстіне мақалдарда ой тиянақты. Алдыңғы ой екінші түйінді пікірдің шарты түрінде келеді. Киіз қазықтың жерге кіруі тоқпағының күшті болуына байланысты. «Мезгіл жетсе, мұз да ерір» деген мақалдан да осыны айқын байқауға болады.
Мақалда бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар мен нәрселерді салыстыру арқылы ой-пікірді айқындай түсу тәсілі басым келеді. Мақал шендестіруге құрылады. Мысалы, «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді», «Ер жігіттің екі сөйлегені - өлгені, еменнің иілгені - сынғаны». Осы келтірілген мақалдардың өзінен өмір құбылыстары типтендіріліп, дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей жүріп отыратындығын байқаймыз.
Ал мәтел құрылысы жағынан мақалдан өзгешерек. «Әлін білмеген әлек», «Көппен көрген ұлы той» деген мәтелде тұспал ғана бар, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ.
Осы бейнелі сөз айшығы арқылы берілген ойды тыңдаушы өзі топшылайды, мәтелде дәлелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды.
Мақал мен мәтел бір-бірінен осындай белгілермен айрылады. Мақал-мәтелдің көркемдік ерекшелігі. Мақал-мәтел - сөз мәйегі, асылы, саф алтыны. «Мақал - сөз атасы». Олар сөз дәлдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді.
Мақал-мәтелдер нақыл сөз есебінде қызмет атқарады. Прозалық, поэтикалық құрылымды боп келеді. Олардың қайсысынан болсын проза, поэзияға тән ырғақ, үйлесім, саз, интонация - барлығы да бар.
Мақал-мәтелдер дыбыс үндестігіне негізделген. Сондықтан олар музыкалық саздылығымен оқушысына әсер етеді, мақалдағы негізгі ойға жетектейді. Мысалы, «Ердің ісі - келіс, ездің ісі - керіс» деген мақалды алалық. Осында «е, і» дыбыстары бірнеше рет қайталанған. Сол дыбыстар мақалдың саздылығын күшейтумен бірге, құлаққа жаттық та әсем үн естіледі. Мақалдағы негізгі ой ер мен езге байланысты. Әңгіме солардың бойындағы адамгершілік қасиет туралы. Дыбыстық өрнектер де соған орай. Сонан соң осы мақалдардағы сөздер үйлесе үн тапқан. Негізгі ұйқас жол аяғындағы «келіс» пен «керіс» сөздеріне негізделсе, мақалдағы басқа сөздер іштей үйлескен. «Ердің ісі» мен «ездің ісі» ішкі ұйқасқа сүйенген. Бұл ұйқастар мақалды ажарландырып тұр.
Сондай-ақ «Түсі игіден түңілме» деген мақалда жақсы жамандыққа бармайды, ол жақсылыққа әзір деген ойды «т, і» дыбысы арқылы өрнектеген. Екіншіден, сол ойды әрі кейіптеу арқылы жақсы білдірген. Мақал-мәтелдерде көп қолданылатын көркем өрнек - синтаксистік параллелизм. Мысалы, «Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді, елін сүйген еріне, ел тілеуін береді», «Жолдасын таппаған ер азады, қордасын таппаған жер азады», «Су кірді тазартса, оқу миды тазартады», «Сүңгінің жарасы бітер, тілдің жарасы бітпес». Айталық, жолдас қадірін білдіру үшін, сол ойын оқушысына жеткізу үшін ер мен жерді қосарлап алып, кесте жасайды. Ал «Сүңгінің жарасы бітер, тіл жарасы бітпес» деген өрнектерде «еттен өтіп, сүйекке жетер» тіл тәңірісін ғаламат өрнектеген.
Мақал-мәтелдерде бейнелі көркем сөз айшықтарының нелер асылы кездеседі. Оларда теңеу арқылы да көркем өрнек жасалынады.
Мысалы, «Түсіне қарасаң күндей, ішіне қарасаң түндей». Жүзі күйдей күлімдеп, іші мерез, сұм адамдарды «түндей» деген теңеу арқылы қапысыз танытқан.
Мақалдағы көркемдік тәсілдердің бірі -әсірелеу. Мысалы, «Тарыдан тау, тамшы данкөл». Мақал-мәтелдерден көркем сөз айшықтарының бәрін кездестіреміз. «Еңбек-ырыстың бұлағы, еңбек-бақыттың шырағы», «Еңбексіз-өмір тұл, ойсыз-көңіл тұл», «кітап-білім бұлағы, білім-өмір шырағы» сияқты метафора, «Талапсыз адам-табансыз, алымсыз адам-шалымсыз», «Өрлеген балық қуға жолығады, өркөкірек жігіт дауға жолығады». «От ауызды, орақ тісті» сияқты эпитет, «Кітап-көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа-маржан» сияқты метонимия мақал-мәтелдерде мол ұшырасады.
Жалпы, мақал-мәтелдер бейнелі өрнекке толы. Мақал-мәтелдер көркемдік бейнелі сөз айшықтарымен әсерлі. Олардың айтуға оралымдылығы, тілге үйіріле кететіндігі, ойдың өткірлігі, ұшқырлығы, тереңдігі мақал-мәтелдердің көркемдік осы сапаларымен байланысты.
2.Халықтық ертегілер – халық өмірін бейнелейтін фантастикалық негізге құралған оқиғалы көркем шығарма. Онда еңбекші халықтың ғасырлар бойы жасап келген өмір тәжірибесі, оның мәдениеті мен салты, әдеті мен ғұрпы, шаруашылық кәсібінің түрлері, тілінің шебер ерекшеліктері қамтылған. Табиғаттың адам баласына жұмбақ болып келген неше алуан қызметі айтылады. Жағымсыз кейіпкерлердің зұлымдық, қастандық әркеттері әшкере етіледі, күлкі-мазаққа айналдырылады.
Халық ертегісі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа айтылып, әбден екшелініп, халықтың даналық, тапқыр ой-пікірлері жинақталып, әрі көркем, әрі жеңіл тілмен беріледі. «...Домбыра шертуге үйренбек балаға үлкендер алдымен «құлақ күйін» үйреткенде, ертек, жұмбақ, өлең үйреткенде балаларға алдымен ертектің, жұмбақтың, өлеңнің «құлақ күйлерін», бастау сөздерін үйрететін болған» деп С. Сейфуллин айтуындағы «құлақ күйлер» «бар екнде, жоқ екен», «ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде» деген тәрізді болып келеді.
Халық ертегілерінің балаларды қызықтыратын тағы бір ерекшелігі ондағы адам бейнелері барлық жағынан әбден жетілген. «Кейіпкерлердің ең терең, ең айқын және көркемдігі жағынан әбден жетілген түрлері, типтері фольклорда, еңбекші халық ауыз әдебиетінде жасалған. Геркулес, Прометей, Микула Сельянинович, Святагор сияқты толық бейнелер, онан кейін ісі оңай келе беретін аңқау Иван сияқты толық бейнелерді және докторды, попты, полициейді, шайтанды, тіпті өлімді жеңетін Петрушка сияқты көркем бейнелерді жасауға халықтың ақыл ойы, үлгі тәжірибесі, сана-сезімі бірдей тегіс қатынасқан» дейді М. Горький. Ертек оқиғасындағы әр алуан толық кейіпкерлердің іс-әрекеттері, ол кейіпкерлердің тапқырлық, ерлік, айлакерлік, ісі оңынан келе беретін аңқаулық мінездері балаларды таң-тамаша қалдырып, сүйсіндіріп отырады. Ертегілердің осындай тамаша ерекшеліктері балалардың эстетикалық талғамдарын дамытуға зор әсер етеді.
Халық ертегілерінің ішінде кең тарағаны хайуанаттар жайындағы ертегі. Табиғат жайында ең бай түсініктер алғаш осы хайуанаттар жайындағы ертегілер арқылы берілген. «Бармақтай бала», «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Арыстан, қасқыр, түлкі, түйе, бөдене», «Кім неден күшті?», «Күшік пен мысық», «Қоянның ерні», «Түлкі мен бөдене», «Түлкі мен қоян», «Түлкінің арыстанды өлтіргені», «Түлкі мен тауық» т.б.
Хайуанаттар жайындағы ертегілерде балаларды қызықтырып, ой салаларлық екі түрлі сипат бар: бірінші, олардың мінез өзгешеліктерін, сырт көріністерін, күн көрісін байқайды. Екіншіден, хайуанаттар тіршілігінен мысал көре отырып, адамдар арасында болатын тартыстардың сыр-сипатын байқалады.
Басты кейіпкерлері бала болып келетін және балалар ұғымына жеңіл де әсерлі тиетін тазшалар жайындағы ертегілер көбіне балалар фольклорына жақын тұрады. Көркем бейнелері мол тазшалар жайындағы ертегілер тапқыр ойға құрылған шешендікті білдіреді.
Қазақ ертегілерінің көбі қиял-ғажайып, хайуанат жайында айтылады. Ал, жер кәсібіне байланысты диханшылық, бау-бақша тақырыбындағы ертегілер мүлде аз. Соған қарағанда, «Ғажайып бақ» ертегісі беріректе, қазақ халқы отырықшылық өмірге араласа бастаған кезде шыққан болу керек. «Ғажайып бақ» ертегісі балаларды адал ниетке, кіші пейілділікке, адамгершілікке, эстетикалық идеалға, еңбекке баулуға арналған.
Қазақ ертегілерінің аса бай, ең мол түрі - халықтың тұрмыс-салтына байланысты туған шыншыл ертегілер. Бұған «Аяз би» ертегісі де жатады. «Аяз би» ертегісінің оқиғалары қиялдан гөрі өмірге анағұрлым жақын.
Шыншыл ертегілерде бүкіл қоғамға тән әлеуметтік мәселелерден бастап, адамның жеке басына тән қасиеттерге дейін сөз болады.
Ақылымен бүкіл халықты табындырған Аяз бидің данышпандығы балаларды таң-тамаша етеді. Қиын-қыстау кездегі тапқырлық ой - адамды ажалдан да, қайыршылық халден де алып қалады. Адамды үлкен ойға шомдыратын даналық сөздер балаларды елтең-селтең жеңілтек мінездерден арылтып, парасатты болуға үйретеді. Еліне еңбек сінген қадірменді кісілердің қатарына қарай баулиды.
«Аяз би» ертегісінің құрылысы мен мазмұны, басты идеялары баланы ақыл парасаттылыққа, терең ойға, сабырлы да салқын қанды болуға, айтылған сертте тұруға, ойнаса да ойлап сөйлеуге тәрбиелеуге бағытталған.
3.Халық ауыз әдебиетінде ұсақ жанрлар деп аталатын жұмбақ, жаңылтпаш, өтірік өлеңдер мен мақал-мәтелдердің балалар фольклорынан алатын орны ерекше. Бала тәрбиелеуде бұл жанрлардың атқаратын үздік орны барлығына халық зор мән берген.
Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс та айқын сөйлеуге үйрететін, тілін дамытуға жаттықтыратын жанр – жаңылтпаш. С. Сейфуллин жаңылтпаш туралы: «Жастардың бала-шағаның жиналып ойын-күлкі құрған орнында айтылатын айтыстың бірі – жаңылтпаш. Бұл да ертек, өлең, жұмбақ айтысу тәрізді жастардың, балалардың тілге ұстануларына, ойнақы, қырлы сөздерді қақпақылша атқылап билеп, еркін сөйлеуге төселулеріне өз әлінше әдемі сабақ, тәжірибе болатын ойын. Ойнақы, қырлы, қиын дыбысты сөздерді билеп еркін сөйлеуге төселу ретінде балаларға, жастарға жас басынан ойын болатын нәрсе, әсіресе, осы – жаңылтпаш» дейді.
Жаңылтпаш – көбінесе жас өспірім балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына лайықты шығарма. Себебі, жеке дыбыстар мен айтылуы қиын кейбір сөздерді дұрыс сөйлеуге үйрету, көбінесе балаға тән нәрсе. Мұнда міндетті түрде оқыту арқылы ғана емес, баланы талғамы күшті эстетикалық әсер алатын қызық та көркем сөздерге әуестендіру, соған баланы еліктеу арқылы жаттығу жұмысын жүргізуге үлкен шеберлік керек.
«Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдіру, тіл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән білмейтін жастарға берілетін жаза есебінде қолданған» дейді академик М. Ғабдуллин.
Жаңылтпаш сөздер жайдан-жай айтыла салмайды. Оның да қоғамдық мәні бар. Баланы дұрыс сөйлеуге үйретумен қатар, оларды айналасындағы неше алуан көріністермен, өмірмен таныстыруға да жәрдем етеді.
Сөз мағынасын бұрмалап жібермеу үшін абайлап, байыптап, маңызды сөйлеуге жатықтырады. Жаңылтпаш сөздердің бірнеше сөйлемнен құралған күрделенген түрлері бар. Жаңылтпаштар жасалу жолымен бала тәрбиелеудегі өзіндік ерекшелігін танытады.
Жаңылтпаштардың құрылысы жағынан ықшам, жаттап айтуға жеңіл, ұйқасымы күшті, әуенді, сазды және мазмұны жағынан күлдіргі болып келеді.
Қазақтың жұмбақтары көркем әдебиетте сөздің әрін келтіретін, айтатын деген ойдың мағынасын толықтыратын, сонымен қатар ұтымды да, ықшам қолданатын әдемі форма.
Мұнда адам өмірінің бастан кешірген тарихи-әлеуметтік іс-әрекетіне, тіршілік тірегіне байланысты барлық мұрасы толық қамтылып, түгел айтылады. Халық, отан, ерлік, батырлық, еңбек, кәсіп туралы, қоғамдық, таптық хал жайлар және адамгершілік, достық, ынтымақ туралы, туысқандық, жанұя, адамның өмірі туралы, төрт түлік мал туралы, әдет- ғұрып заң туралы, ғылым, өнер, тәлім-тәрбие туралы, денсаулық, тазалық, аңшылық, табиғат құбылыстары туралы жан-жақты жинақталып түгел айтылған.
Жұмбақтардың айтылуы, сөз құрамы, әдемі ұйқасы, құрылысы, жинақтылығы, аз сөзбен көп нәрсені қамтитыны балаларға көп эстетикалық әсер береді.
Жұмбақтардағы терең ой, терең мағынамен қатар ондағы көркемдік шеберлікті қиыннан қиыстырып келтіреді.
Профессор М. Ғабдуллиннің: «Жұмбақ – оқушы балалар мен жастарға білім берерлік тәрбиелік мәні бар құралдың бірі» деуі жұмбақ жанрының ой ұшқырлығы мен ақыл-ой зеректігін ұштай түсетіндігін көрсетеді.
Жұмбақ өмірдің поэтикалық жақтарын қамтиды. Адамға өмірдің өзін қоршаған ортаның, табиғаттың поэтикалық көркем көріністерін танытады да, қай заттың, қай нәрсенің болса да, баламалы көріністерін тауып айтуға жаттықтырады.
Жұмбақтың балаларға пайдалы жағы – өз бойындағы құпияны шештіру, айтқызу арқылы оларға өмірді танытады. Айнала төңіректе болып жатқан түрлі құбылыстарға зер салуға, соның себебін іздестіруге үйретеді. Соның шешімін өз жолдастарынан бұрынырақ табамын деп өзін-өзі іске, әрекетке, терең ойға, қабілеттілікке жұмылдыра түседі. Өзі де көрген, білгенін жұмбақ етіп айтуға, сол арқылы өз жолдасының қабілетін арттыруға жәрдемдесіп, іскерлікке, қызметтің шеберлігіне төселе береді.
Сонымен, жұмбақ балалардың ойлау қабілеттілігін арттыра түсумен бірге, олардың көрген-білген нәрселердің бәріне де ой жіберіп, себептерін, өзгешеліктерін айырып, ұқсастықтарын салыстырып, оны сондай бір екінші затқа теңеп отыратындай шеберлікке үйрету үшін қолданатын халықтың шебер тапқыштық құралы. Қорыта айтқанда, дүние тану жолында баланы ойға, қиялға шомдыратын, іске, әрекетке баулитын және ой, қиялдың шама шарқын білдіретін құнды жанр.
Қорыта айтқанда, бала тәрбиелеуде, оған ана тілін үйретіп, анық та айқын сөйлеуге жаттықтыруда балалар фольклоры ішінде жаңылтпаш үлкен рөл атқарады.
4. Өтірік өлеңдер – қазақтың халықтық шығармаларында ертеден орын алған жанр. Мұның түп нұсқасы әзіл-оспаққа, өткір сынға құрылған. Сонымен қатар, қиыннан қиыстырылған тапқырлық және ойдың өткірлігі мен логиканың күштілігі арта түседі. Сөз еткен тақырыптардың бәрінде де адам күлерлік, бой сергітерлік әдемі, жарастықты әзіл-оспақтардың болуымен қатар, үлкен ойға шомдыратын, өмір танытарлық құбылыстар да қамтылып отырған. І. Жансүгіров: «Қазақтың өтірік өлең, өтірік ертегі дегендері расында кенеуі жоқ босқа өтірік емес, өте шеберлікпен, тілдің орамдылығымен өзгеше өңделген сөз... Өтірік өлеңде өмір көп. Салғастыру бар, сықақ мол. Әр жануардың, әр айтылған нәрсенің тұрмысқа байланысы бар» деген болатын.
Өтірік өлеңдерде өзінің көлемі жағынан үлкен, кішілігіне қарамай, бәрінде де елеулі рөл атқаратын кейіпкерлері болады. Сол кейіпкерлер арасындағы өмір құбылыстары мен қарым-қатынастарды бейнелеу, әсірелеу арқылы суреттеледі. Осындай ерекшеліктеріне қарай үлкен кісілермен қатар, мектеп жасындағы балалардың оқып айтуына, жаттап айтуына да лайықты баспада жарияланған. «Өтірік өлеңдер», «Кірпік шешен», «Бүркіт», «Кер бие, торы құлын», «Торы тай», «Шыбын», «Ағаш пен шөптің ажырасқаны», «Қамыстың жауабы» тағы басқа көптеген өтірік өлеңдер жинағы бар.
Бұрын халықтық шығармаларда өтірік өлеңдердің қамтыған тақырыптары көбіне шыбын-шіркей және жануарлар тіршілігіне байланысты айтылатын болса, қазіргі кезең әдебиетінде тақырыптар әлдеқайда зор мәселені көтере бастағандығын аңғаруға болады.
Ғылым, техника жаңалықтарына байланысты айтылып жүрген өтірік өлеңдер баспа беттеріне көптеп жарияланып жүр.
Ғалым М.Ғабдуллин: «Нақтылы деректерді мол шеберлікпен фантастикалық дәрежеге жеткізу, адамның ойына келмейтін «өтірік» әңгімеге айналдыру қазақ ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдер түрінің негізгі бір ерекшелігі болып табылмақ» дейді.
Қорыта айтқанда, біздің заманымызда туған өтірік өлеңдер – адам қиялының, арманының өрісін кеңейтетін, қиыннан қиыстырып, көп болжаулар жасауға мүмкіндік беретін және ұтымды пікір тудыратын қызықты жанр.
Ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің де алтын діңгегі. Онда арнайы балалар үшін шығарылғандай көптеген көркем туындылары бар. Осы тамаша туындылар балаларды ғажайып көркем әлем, ғаламат ұшқыр қиял тіршілігіне жетелейді. Фольклор бала қиял, жаңа, жас танымда осындай үлкен міндет атқарады. Демек, фольклор кай халық, қай ұлт мәдениетінде болмасын, балалар әдебиетінің бастауы. Бастау болумен бірге фольклор балалар әдебиетін үнемі байытып отырар қуатты қайнар бұлағы.
Негізгі әдебиеттер
1.Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. А,1974.
2.Ақтанова А. Балалар әдебиеті. Астана: «Фолиант», 2011.-200б
Қосымша әдебиеттер
1.Кемелхан Д.Ж., Ахбанбетова У.Ш., Сәлім Е.Қ. Қазақ әдебиеті. Оқу құралы. 2019.
2. Әуезов М. Әдебиет тарихы А. 1994
3. Сүйіншалиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті А. 1992
4.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті А. 1974
5.Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы . А. 1994
Достарыңызбен бөлісу: |