Дәріс №3
Дәріс тақырыбы:Батырлар жыры
Дәріс мақсаты: Батырлар жырын оқыту арқылы балалардың бойында адамгершілік, батырлық, Отансүйгіштік, адалдық, қайырымдылық, мейірімділік қасиеттердің қалыптасуына зор ықпал ететін құрал-халық қазынасы, халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы туралы түсінік беру. Батырлар жырының басты ерекшеліктері. Махамбеттің отансүйгіштік, отты поэзиясы. М. Өтемісұлының шығармаларының көркемдік ерекшеліктерімен таныстыру
Дәріс жоспары:
1.Батырлар жыры туралы түсінік. Жырдың тақырыбы, азаттық және бостандық идеясы, қаһармандық сипаты, елжандылық мәні. Гипербола туралы ұғым. Теңеу ұғымын дамыту.
2.XIX ғасырдың бірінші жартысындағы балалар әдебиеті: Махамбеттің отансүйгіштік, отты поэзиясы. М. Өтемісұлының шығармаларының көркем-дік ерекшеліктері. Дыбыс қайталау, риторикалық сұрау ұғымдарының анықтамасы.
Әдебиеттер:
1. Қ. Жұмалиев. «Әдебиет теориясы» А. 1974ж.
2. Ш. Ахметов. «Қазақ балалар әдебиеті» А. 1976ж.
3. Ғ. Мүсірепов «Қазақ халқының ауыз әдебиеті». А. 1974 ж.
4. Х. Суйіншәлиев. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері
5.Өмірәлиев Қ. XV- XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі.Алматы, 1976.
Ауыз әдебиеті шығармаларының халыққа көп тарағандарының бірі – батырлар жыры. Жыр әр батырдың әр кезеңдегі төтенше қайрат, асқан ерліктерін жырлаған жеке өлеңдерінің қосындысы. Батырлар жырының тақырыбы: тарихи оқиғалар, Отанды қорғау; елдің әдет-ғұрпы, салт-санасы. Олар бір-бірімен тұтас байланыста бейнеленеді. Батырлар жырларының тақырып таңдауында да, композициясында да, оқиғаны баяндап беру әдістерінде де өзіндік ерекшеліктері бар. Онда бір тапқа не бүтін халыққа ең қызықты деген оқиғалар суреттеледі. Кейіпкерлері – даңқты батырлар, ұлттық қасиеттерді бойына сіңірген халық қаһармандары.
Батырлар жыры – ауыз әдебиетінің маңызды да күрделі жанры. Оның оқытуға қиындығы – ұзақтығы, тілінің бүгінгі балалар үшін сонылығы, поэтикалық ерекшелігінде. Әсіресе, оны оқыту бастауыш сыныптар арасында мұғалімге көп еңбек сіңіруді қажет етеді.
Батырлық жырлар, батырлар жыры -ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі. Қаһармандық эпос деп те аталады. Батырлық жырлар халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі. Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді.
Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсетіп отырғанымен, оған көбіне түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру тән. Батырлық жырлардың осы өзгешелігіне байланысты ғылыми ортада көптен бері түрлі тұжырымдар орын алып келеді. Ресейлік зерттеушілер (Б.А. Рыбаков, Р.С. Липец, т.б.) және кейбір қазақ ғалымдары (Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, т.б.) эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек етсе, енді бір топ ғалымдар (В.Я. Пропп, Б.Н. Путилов, т.б.) эпостың нақты тарихи оқиғаларға қатысы жанама түрде ғана көрінеді деген пікірді алға тартады. Соңғы кездері, эпостық жырларда тарихтың да, көркемдік шарттылықтың да белгілі бір дәрежеде орын алатынын, бұл екеуінің үнемі бірге әдіптеліп отыратынын негіздеген зерттеулер жарыққа шықты (В.П. Аникин, В.М. Гацак, Р. Бердібаев, Ш. Ыбраев, т.б.).
Қалай болғанда да, Батырлық жырлар - ең алдымен көркем шығарма. Ол өзінің жанрлық нысанасына қарай шындықты өзінше қорытып, оны өзінің көркемдік өзгешелігіне қарай өріп отыратыны даусыз. Эпостық жырлар адамзат қоғамының тарихи даму үрдістерімен бірге жасап келеді. Осыдан болса керек, эпостық жырларды кейде тарихи кезеңдерге қарай топтастыру орын алып келе жатыр. Эпостық жырларды іштей саралап, жанрлық белгісіне, шығу дәуіріне қарай топтастырып отыру ғылымның жеткен деңгейін танытады және мұндай жинақтаушылық сипаты бар ой-пікірлер бұрын-соңды жүргізілген ізденістердің нәтижесіне сүйенеді. Қазақ эпосын пайда болған дәуіріне қарай топтастыру үлгісін Шоқан Уәлиханов, Г.Н. Потанин, В. Радлов, Ә. Диваев, Ахмет Байтұрсынұлы зерттеулерінің тәжірибесіне сүйеніп Марғұлан ұсынған болатын. Ол эпосты бес салаға бөлсе, кейіннен Қоңыратбаев эпосты он салаға бөледі. Мыңдаған жылдық тарихы бар қазақ эпосының шығу дәуірін, жанрлық түрлерін ішкі көптеген ерекшеліктеріне қарай топтастыру оңай іс емес. Батырлық жырларын пайда болу кезеңдеріне қарай ірі үш топқа жинақтауға болады:
1) “Ең көне заманғы эпос”, “ертегілік эпос”, “архаикалық эпос”, “көне эпос”, “мемлекетке дейінгі эпос” дейтін атаулар ғылымда алғашқы кезеңдегі эпостық жырларды атау үшін қолданылып жүр. Бұлардың қатарына “Ергенеқон”, Аттилла, Ер Төстік, мергендер туралы эпостық жырлар жатқызылады.
2) Тарихи кезеңдердің эпосы: Түрік қағанаты, Оғыз хандығы, ноғайлы дәуірі, Қазақ хандығы кезеңіндегі эпостар (“Қорқыт Ата кітабы”, “Алпамыс”, “Қамбар”, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, т.б.).
3) Жаңа дәуір эпосы (тарихи жырлар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жырлар, “Еспенбет”, “Өтеген”, “Нарқыз”, т.б.).
Батырлық жырлар байырғы көне эпостың жалғасы ретінде дами отырып, қоғамдық қарым-қатынастың, саяси-әлеуметтік жағдайлардың өзгеруіне, бұрынғы жекелеген рулар мен тайпалардың біртіндеп халық болып құрала бастауына сәйкес қалыптасты. Осыған байланысты бұрынғы мифтік түсініктердің іргетасы сөгілді. Қайшылық, күрес идеясының түпқазығы болып бұрынғы кездегідей дию-перілер емес, енді адамдар дүниесіндегі (басқа діндегі, тілдегі, мемлекеттегі) қайшылықтар тақырыбы алынды. Мифтік дәуірден бері қалыптасып келе жатқан батырға қаһармандық дәуірде жеке отбасы, үй-іші, қалыңдық үшін күреске шығу секілді әрекеттер жеткіліксіз еді. Енді оның ерлігі біртіндеп халықтың бостандығы, елдің бірлігі, көптің тілегі мен мүддесі үшін қызмет етуі керек болды. Мұның бәрі байырғы миф пен көне эпостың жанрлық белгілерін өзгертіп, мүлдем жаңа жанрдың - Батырлық жырлардың қалыптасуына жағдай жасады. Дегенмен, байырғы көне эпостың дәстүрі негізінде пайда болған батырлар жырының бірқатар архаикалық белгілерін сақтап та қалды. Солардың бірі - батырдың болашақ жарын іздеп шығуы және осы сапарда кейбір қиыншылықтарды жеңуі. Мәселен, “Қобыланды”, “Алпамыс” жырларындағы батырдың алғашқы жорықтары осымен байланысты. Алайда, бұл жорықтың мәні біршама бәсеңдеп, жырдың түпқазығы батырдың елі-жұртын азат етуге аттанған сапарларына ауысқан. Мысалы, “Қобыланды” жырындағы Құртқа - батырға ат таңдап, болашақта қандай қиындық боларын алдын ала болжап отыратын көреген адам. Қарлыға Қобыландымен бірдей дәрежеде ерлік көрсетіп, батырлардан асып түспесе, кем түспейді. Әйтсе де, әйелеркі (матриархат) дәуірімен байланысты орын алған белсенді әйел қаһармандардың қызметі кейінгі Батырлық жырларда біршама шектелген. Әйелдер отбасы, үй-ішінің ғана көркі болып қалған. Қолына қару алып, ерлермен бірге жүретін, болмаса аға-інілерін үйлендіріп, олардың орнына өзі кек алатын әйел қаһармандар мұнда жоққа тән. Батырлардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, тұлғасын әсірелеп, ұлғайтып көрсету батырлық жырларда маңызды орын алады. Аттың сөйлеуі, биік таулар мен қамал-қорғандардан ұшып өтуі, қысылғанда батырға ақыл-кеңес беріп, қиындықтан құтқаруы сияқты байырғы түсініктерге тән белгілер Батырлық жырларда үлкен орын алады. Алайда бұл да біртіндеп шындыққа, реалды өмірге жақындай бастаған. Батырдың жеңілмейтіндігі және оған зақым келмейтіндігі де - эпикалық дәстүр. Қаһарманның өліп-тірілуі, “атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді” сияқты ажалсыздық, батырға деген шексіз идеалдық түсінік, әрине, жалпы мифтерден бастау алатын “мәдени ілкі қаһарман” (Е.М. Мелетинский термині) ұғымымен төркіндес. Фольклордың өзге жанрларына қарағанда, Батырлық жырлардың көтерер жүгі анағұрлым үлкен. Халық тарихында орын алған, не орын алуға тиіс оқиғалар мейлінше жинақталып, әрі іріленіп суреттелумен бірге, олардың ел-жұрт, мемлекет тағдырындағы шешуші мәніне де көңіл бөлінеді. Елді біріктірген, немесе ынтымағын ыдыратқан оқиғалар саяси-әлеум. түп-тамырымен бірге ашылып көрсетіледі. Осының бәрінің бел ортасында халықтың аңсары ауған, әсіре мадақталған, мұраттас қаһарманы жүреді. Оның іс-әрекетінде қара басының қамынан мейлінше жоғары елдік, халықтық мүдде қашан да бірінші кезекте тұрады. Сондықтан болар, жырлардағы үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрі де сол қаһарманның іс-әрекеті мен түсінігі арқылы тізбектеліп өтіп жатады. Сол арқылы халық іс жүзінде тарихи оқиғалар мен қоғамдық-әлеум. жағдайларға өз көзқарасын білдіреді. Сөйтіп, қаһармандық эпос тарихтағы оқиғалардың халықтық тұрғыдан бейнеленген, оның халық санасындағы көркем тілмен баяндалған шежіресі қызметін атқарады. Батырлық жырлардың ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүрі бар. Оны жыр құрылымынан да, оқиғалардың орналасу ретінен де, кейіпкердің бастан-аяқ атқарған ісіндегі бірыңғай тектестіктен де көреміз. Қазақ қаһармандық эпосының әрқайсысын жалпылама белгілеріне қарай жинақтар болсақ, ең алдымен, олардың сюжеттік құрылымындағы ұқсастықтарды инвариант (қайталанатын мотивтің жалпы тобы мен рет тәртібі) түрінде төмендегіше жіктеуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |