Бақылау сұрақтары:
1.ХІХ ғасырдағы балалар әдебиетінің дамуы.
2. М.Өтемісұлының шығармаларының тәрбиелік мәні.
3. Риторика ұғымын қалай түсінеміз.
4.Махамбет жырларының тілдік нышандары
5.Махамбет өлеңдерінің тәрбиелік мәні.
5- ДӘРІС
Тақырыбы
1.Абайдың табиғат лирикасы, қара сөздері, аудармалары. Лирика ұғымын кеңейту.
2.Шәкәрім - Абайдың шәкірті. Шәкәрімнің өнер-білім, адамгершілік туралы өлеңдері.
Дәріс мақсаты:
Абайдың табиғат лирикасы, оның ерекшеліктері, Абайдың қазақ поэзиясына қосқан жаңалықтарына тоқталу.
Абайдың қара сөздерінің философиялық, тәрбиеләк мәні
Абайдың аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәнін ашу.
Шәкәрімнің өнер-білім, адамгершілік туралы өлеңдерін талдау.
Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдеріндегі өнер-білім, рухани-адамгершілік қағидаларымен танысу,өлеңдеріне талдау жасау. Шәкәрім жырларының бүгінгі таңда тәрбиелік маңызы зор екендігін дәлелдеу.
1.Абай өлеңдерінің бір алуаны - табиғат лирикасы. Табиғат - адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Бар байлық, қазына, тіршілік, табиғат дүниежүзі әдебиетіндегі ірі классик ақындардың барлығының да шығармаларынан орын алды. Әр дәуір, әр жағдайға лайықты табиғатты әркім әртүрлі жырлады. Біреулер табиғат арқылы өмір сүретін, табиғатты суреттеу арқылы көңіл-күйін, өз көзқарасын айтып берді. Ал кейбіреулер белгілі бір кезеңдерде өмірдегі күрес-тартыстардан безіп, табиғатты ғана жырлап, өмірден безу көргенін тартты. Қайткенмен де, табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алды.
Абайдың да айрықша жырлағанының бірі табиғат болды. Ол табиғат аясында өсіп, оны сүйе білді. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың. Мысалы, «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде:
Желсіз түнде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі, - деп, жазғы түннің әдемі суретін алдыңа тартады, жаз кезінің желсіз тымық күні, аспандағы жарық айдың суға түскен сәулесі, жазғы ауыл, оның жанындағы терең сай, гүрілдеген өзен суретшінің бояуы арқылы тұтас бір картина ретінде көз алдыңа келеді.
Ақын жайнаған жаздың әдемі көркін осылай суреттесе, сол сұлу сурет өзгеріп, гүл, жапырақ солып, түсі қашқан күздің суық кескінін:
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін, тойғаны ма, тоңғаны ма?
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай, - деп, күз түсумен бірге бәйшешек солып, ағаштардың сидиып, жапырағынан айрылғанын, ерке жазда мәз-мейрам болып келген жастардың, асыр салып ойнаған балалардың көрінбейтіндігін, қысқасы, көңілсіз күздің бейнесін тамаша түрде елестетеді.
Абай қыстың кескінін де аса шеберлікпен суреттейді. Үскірік бораны бұрқырап тұрған қысты рақымсыз адам бейнесіне ұқсатады. Қыстың малға да жағдайсыз соқыр, мылқау күш екендігін аңғартады.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де, ең алдымен оның шындық бейнесін береді. Жоғарғы үзіндіде келтірген өлеңдердің қайсысын оқысақ та, сол кездің суреті көз алдыңда тұрады. «Қылышын сүйреткен қыс», «Масатыдай құлпырған жаз» өз кескінімен көрінеді. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғаттың өз әдемілігінің мына жері кем қалыпты деп ешкім таласа алмастай етіп суреттелінеді.
Ақын өлеңдерінде табиғаттың тек жалаң суретін ғана беріп қойған жоқ, оны адам өмірімен нық байланыстыра білді. Мал бағумен күн көріп, көшіп-қонып жүрген қазақ елінің өмір шындығын дәлме-дәл көрсетіп, жылдың әрбір мезгілінің мал баққан елге қандай әсер ететіндігін баяндады:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, - деп, Абай күн көрісі табиғатпен нық байланысты болған елдің алты ай қыста бүрсең қаққан, қалт-құлт еткен кейпі жаз келе жадырап, басқа түрге енгенін, мал баққан ел қандай қуанышпен жазды қарсы алатындығын, оның өзі өмір тіршілігімен байланысты екендігін көрсетеді. Сондықтан да ол осы өлеңінің екінші бір жерінде:
Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер, - дейді.
Ақын қазақ даласындағы жазғытұрғы кездің барлық суретін толық берумен бірге, бұл кезді қазақ халқын еңбекке жұмылдыратын, тіршілік үшін күресінің қайнар көзі деп таниды.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзат көңілі өсіп, көтерілер.
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң, тәңір ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер, - деп, жаздың суретін өзі де сүйеді және оны жалпы жұрттың көңілін шарықтатып, жігерін туғызатын маусым деп ұғады.
Абайдың тағы бір өлеңі - жазғы шілде кезін суреттеген өлеңі. Ақын бұл өлеңінде жаздың дәл кемеліне келіп тұрған кезін көрсетпек болады. Жаздың әдемі көрінісін:
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда,
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер,
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Арасында құлын, тай,
Айнала шауып бұлтылдап, - деп суреттейді.
«Күз» өлеңінде шөп қуарып, күн салқындап, көңілсіз кездің келу суретін бұлжытпай берумен қатар, мал баққан көшпелі, шала көшпелі ел үшін күздің жағдайсыз кезең екендігін айқындайды.
Кемпір, шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең, - дейді. Жалғыз бұл ғана емес, қай жерін оқысаң да, көзіңе күзгі кедей ауылдың көңілсіз сүреңі елестейді.
Табиғатты оқиғамен байланыстыра суреттеу халық ауыз әдебиетінде де болды. Бірақ қазақ әдебиетінде табиғаттың өзін жеке тақырып етіп алып, Батыстың классик ақындарының үлгісімен суреттеу Алтынсарин мен Абайдан басталады. Әсіресе оны жоғарғы сатыға көтерген - Абай.
Абай «Қыс» деген өлеңінде қысты адам бейнесінде суреттеп береді. Бұрын қысты бұлай суреттеу болмаған-ды. Абай оны қазақтың ұғымына сай «кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деген тәрізді байырғы сөздер арқылы образдар жасайды. Қысты ақ сақалды шал бейнесінде суреттеу бұрынғы қазақ әдебиетінде, Абайдан басқаларда кездеспейді. «Қыс» деген өлеңнің басқа жағын былай қойғанда, бұл шығармадан қыстың қырдағы елге қандай әсері барлығын, мал баққан жылқышыға, жалпы шаруаға жылдың ең бір қолайсыз кезі екендігін айқын көруге болады. Өйткені қыс өз тұлғасында толық берілген. «Қыс» өлеңін оқығанда, аязды қыстың суық лебі бетке тигендей болады. Табиғат тақырыбында жазылған бұл өлеңдері - ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел
Абай жылдың төрт мезгілін, табиғаттың әсем көріністерін адам өмірімен тығыз байланыстыра суреттеу арқылы оны жастарға тіршілік тірегі деп түсіндірді. Адам өзіне қажетті барлық заттарды, жаратылысты зерттеу, игеру арқылы табатынын, адам өмірі соған байланысты екенін суреттейді.
Абайдың табиғатты суреттеп жазған бір топ өлеңдері тек түр жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да өзгеше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен қамтып көрсетеді. “Желсіз түнде жарық ай”, “Қыс”, “Жаз”, т.б. өлеңдерінде жыл мезгілдерінің әрбір кезеңін қазақ аулының өмір тіршілігіне қабыстыра суреттейді.
Абай лирикалары - алуан сырлы, мазмұнға бай, адам жанын тебірентерлік нәзік. Ақын лирикасы - нәзік сезімді толғауымен ғана емес, сонымен бірге, өзінің әлеуметтік рухымен де, терең ойлылығымен де , асқан суреттілігімен де жаңа мәнді реалистік шығармалар.
Абай - терең ойдың ақыны. Ол әрбір шығармасын жүрек тебіренте тереңнен толғайды.Кемеңгер ақын өлеңдерін сыдыртып оқып шығып, толық түсінік алдым деу қиын. Әрбір өлең жолдарының өзіне үңіле, ойлана оқу ғана дегенге жеткізеді. Оқыған сайын бұрын оқыған Абай сөздерінің жаңа сырын ашып отырасың.
Шынын айтсақ, Абай қазақ поэзиясында нағыз реалистік образ, шебер сурет, жаңа көрініс жасаған білімді, мәдениетті жазушылардың тұңғышы.
Абай суреттеген әзірейілдей қыс, жадыраған жаз бейнелері, күн-күйеу мен жер-қалыңдық, қалғыған тау, дел-сал дала, сыбдырлаған жапырақ, күлімдеген аспан, ойланған жер, ақ қардың үстінде түлкі алып жатқан бүркіт, т.б. нағыз реалистік әдебиетке тән шын өнерлік қасиет. Бұл тұстағы озық шығармалары оны сыншыл реализм өкілдері тобына қосты.
Абай өлеңдері – мазмұны мен түрі біріне-бірі сай, ең асыл сөзді поэзия. Ақын поэзиясы мазмұны жағынан қандай салмақты болса, түр жағынан да сондай көрікті. Абай өлеңінде артық сөз, орынсыз пікір кездеспейді. Бәрі де белгілі өлшемге сай, терең ойға құрылып, етек жеңі жинақы келеді.
Абай өлең теориясына қатысты бірнеше шығарма жазып, поэзияның мазмұны мен түріне ерекше көңіл бөлген. Өлеңнің көркемдік түрі мен мазмұнының бірдей тартымды шығуында екенін тереңінен ұғынды.
Абай - XIX ғасыр ағартушыларының озық идеясын қазақ жеріне алғаш әкелуші, олардың тамаша шығармаларын өз халқы тіліне аударып, таратушы.
Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз өз ғұмырын тек өлең жазуға, орыс және басқа да тілдерден аудармалар жасауға арнамаған. Сонымен қатар публицистикалық шығармаларын яғни "қара сөздерін" жазып қалдырғаны белгілі.
Ең алғашқы қара сөзінде алдағы өмірінде нені кәсіп қылып, қайтіп өткізетіні жайлы талқылап, жазған. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, балаларды бағу - қажып, жер ортасы жасқа келгенде бұлардың ешбірін кәсіп қылғысы келмеді. Осы уақытқа дейін қылып жүрген істерінің байлаусызын, баянсызын, барлығының қоршылық екенін 1-ші қара сөзінде атап көрсетеді.Қорытындысында ойына келген нәрселерді қағазға жазып, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылуды жөн көреді: "Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын,я оқысын,керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ",- деп ойын түйіндейді.
Жоғарыда айтылғандай ол өз өмірінде, жалпы қазақ елінің өміріндегі кемшіл тұстарды айқындап жазып, тіпті қазақтардың бойындағы жаман қасиеттерді жіпке тізіп осыдан жиреніңдер деп өсиет етеді. Бір сөзінде мақтаншақтық жайлы сөз қозғаса, енді бірінде иман жайында жазады, ал енді бірінде қазақтарда кең қолданысқа ие болған алайда еш мағынасы жоқ, мағлұм болған мақалдарды сынай отырып оқырманға оның дұрыс бұрыстығын нұсқап көрсетеді. Қара сөздерінің қайсысы болмасын қазақты жақсылыққа, игі істерге шақырады, жамандық пен жалқаулықтан жирендіру үшін түрлі әдіспен сөздерден маржан түзіп әсерлі етуге барын салғандығы маған ерекше ұнады.
Қара сөздің барлығын публицистикалық шығарма деп тануға әбден болады. Себебі қайсы-бірін оқысаңыз да санаңызға қозғау салып, ойыңызды шымырлата түспегі анық. Тіпті білім-ғылым жайында жазылған қара сөздерден ерекше қуат алып, мотивация алатын жандар да баршылық. Әрбір қазақ азаматы осы қара сөздерді оқып шығуға міндетті деп санаймын. Әлбетте ол ұлтының нағыз жанашырын тәрбиелеп шығаратыны анық. 45 қара сөздің барлығын да жаттап алған жастардың саны бүгінгі күні аз болса да алдағы уақытта көбейетініне сенемін.
Әрбір елде сонымен қатар қазақ халқында адамдардың бір-біріне деген іштарлығы, бір-біріне көралмаушылығы көптеп кездеседі. Абай атамыз өзінің «Үшінші сөзінде осы жайлы қозғаған» әрбір жалқау кісі қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрама, өзі тойымсыз, тиымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейткенімен басқа ойының жоқтығынан өзге егін, сауда, өнер, ғылыми- сияқты нәрселерге салынса, бұлай болмас еді.
Бүгінгі қазақ қоғамы – дана Абай айтқан дерттерден толық арылып кетті ме? Абайды шерлі еткен қоғам мерездері біздің қоғамымызда толық жойылды ма?Абай заманындағы күрделі саяси-әлеуметтік ахуал, жаңа Қазақстанның басынан толықтай тәркі етілді ме?
Әрине, Абай заманынан бері, қазақ елі өте үлкен ғаламдық өзгерістерді басынан өткерді. Патшалық Ресей билігінен кейін, Кеңестер Одағы тұсы халқымыз үшін тәлкекті, нәубетті болса да, ауыртпалықтарды қайыспай көтере білген ел дамудың даңғыл жолына бет алған кезеңдер болды. Қазақ жері формацияларды алмастырды, индустриализацияны, ғылыми-техникалық прогрессті, ғылым мен білімді игерді, кешегі заманнан елдің тұрмыс-тіршілігі мен санасы елеулі өзгерді. Тәуелсіздігін алған қазақ елі жаһандық ықпалдасу көшінен кейін қалмай, шекарасы айқын, әлемнің барлық елдерімен терезесі тең қарым-қатынас орнатқан, өз алдына серпінді мақсаттар қойған, даму сатысынына жаңа белесіне қадам басқан мызғымас ел.
Алайда, Абай шығармашылығына өзек болған мәселелер олар – мәңгілік тақырыптар. Жан мен тәнмен жаратылған адам баласының рухани өмірінде мәңгілік болатын діңгекті мәселелер. Материалдық, техникалық тұрғыдан адамзат қоғамы қаншалықты дамып, өмір сүру тым қолайлы әрі жеңіл, ыңғайлы болғанымен, адамның жан мен тәннің қосындысы екендігі, оның санасы, ақыл-ойы, ішкі жан дүниесі, руханияты мен ділі қатпарлы болатындығы белгілі.
Абай заманынан бері, адамзат ақыл ойы, әсіресе, әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті елдерінде жаңа деңгейге көтерілді. Ол елдерде дамыған азаматтық қоғам мен құқықтық сана, құқықтық мәдениет адам баласының бақытты өмір сүруіне мол мүмкіндіктер беруде. Қазақ қоғамы – адами қасиеттер, менталдық, руханияттық тұрғыда қаншалықты ілгері дами алды?
Абай шығармашылығына арқау болған – жалған құндылықтар, жалған намыс, надандық ұяты, қызыл сөз, өсек, өтірік, мақтаншақтық, аярлық, күншілдік, надандық қасиеттерден толық арыла алдық па? Абай сынды ұлы қаламгерлердің ойларының құдіреті әрбір жеке адамның жеке қасиеттерін қозғаумен қатар, тұтас бір ұлттың, мемлекеттің адамгершілік келбетін таразылайды, тіпті ол шеңберден де шығып, тұтас адамзат баласының адамдық қасиеттерінің сапасын анықтайды. Ақынның этикалық мөлшерлерінің адамзат баласына ортақ мәңгілік құндылықтарға негізделгендігі себебінен оның көтерген мәселелері қазақ баласы үшін ғана емес, барлық адамзат баласы үшін өте өзекті болып қала бермек.
Ақынның жиырма бірінші қара сөзінде айтылатын – мақтан деген қасиет бар. Қазақ халқының бойындағы мақтан сезімі туралы Абайдың айтқандары бүгінгі күні жаңа сатыға көтеріліп, мемлекетіміздің стратегиялық бет-пердесіне айналды. Жауырды жаба тоқу, кілең жылт еткен жақсыны ғана термелеу, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегендей түймедейді түйедей етіп жарияға жар салу, қоғам үшін істелуі керек қажетті дүниелерді қоғам игілігі, азаматтардың бақытты өмір сүруі үшін емес, ұпай жинау, мансап, көрініп қалу, жағыну, елді алдау үшін істейтін даңғаза деңгейіне жеткізу белең алып кеткені жасырын емес.
Мақтаннан мақтанқұмарлық, мақтансүйгіштік пайда болып, ол асқынған кезде мақтаншақтық қасиетке ұласады.
Дана Абайдың ұлылығы сол – жеке адамға қатысты өте нәзік, шетін қасиеттерді талдай отырып, ұлттық мінезден де осы қасиеттердің көрініс алатындығын аңғартады. Қырық төртінші қара сөзінде «адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды.
Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы - Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, өзінше қысқартып жазған поэма. Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр. Олардың ішінде лирикасы да, баснясы (мысал өлеңдер) да, ұзақ өлеңдері де, сатиралық лирикалары да бар. (Солардың ішінде «Қарға мен түлкі» атты басня екі түрлі вариантта аударылған).
Орыстың атақты жазушы, ақындарын аударуда Абай тек қана қазақ емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде 1889 жылға шейін Пушкиннің «Евгений Онегині» тек Әзірбайжанда ғана аударылған. Евгений Онегинді сонан кейінгі аударған - Абай. Қазақпен салыстырғанда, ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек, тағы басқа көршілес елдердің бәрінен бұрын Сарыарқада жатқан Абайдың дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған Пушкинді танып, Татьянаның үнімен даланы жаңғырықтыруы - қазақ үшін мақтанарлық іс.
Абайдың өмірбаянын жазған тарауда Абай 70-80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, орыстың ол кездегі алдыңғы қатардағы идеясымен танысып, оларға Сарыарқадан үн қосушы бірінші ақын да Абай еді дедік. Демек, болашағы мол ұлы орыс халқының тез ілгерілеуіне бөгет болып отырған аграрлық-патриархалдық патшалық Россияның құрылысын, әлеумет өміріндегі әртүрлі кемшіліктерді қатты шенеп, соларды жою арқылы Россияны алға апаруға күш салған, ол жолда шатқалаң қиын соқпақтарға кездесіп, талай қиыншылықтарды бастарынан кешірген Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларының Абайға ұнауы, олармен өзінің мұңдас болуы, осы елдердің ұлы ақындарының идея-тілектерінен туды. Крылов жазған «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі» оқиғалары ол кездегі қазақта да аз емес болатын. Сонымен қатар орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әртүрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келді. Екінші, Пушкин, Лермонтовтардың шын мәніндегі искусство иелері екендігін Абай жақсы ұғынды.
Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, жоғарғы ақындардың кез келген өлеңдерін аудара бермей, таңдап, талғап аударғанын көреміз. Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не философиялық терең ой, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Крыловтың мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын», «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары, тағы басқа осылар тәрізді атышулы өлеңдер.
Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Екінші, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, әдеби сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын әперді. Оларды қазақ өз ақындарындай сүйді. Абайдан кейін әдебиетті сүйетін қазақтардан хат білсін, білмесін «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» («Кинжал»), «Жалғыз жалау жалтылдап» өлеңдерін білмейтін адам аз шығар. Сөйтіп Абайдың аудармалары мәдениетті, үлкен идеяны қолдаушы басқа елдердің ұлы ақындары мен қазақ жұртшылығы араларындағы дәнекер болды. Абайдың ұлттық шеңберден шығып, жалпы адам баласына ортақ идеяны көксеген, интернационалдық жүректің иесі ақын екендігін орыс жазушыларына көзқарасының өзі-ақ дәлелдейді. Жастарға үлгі ал, өнеге үйрен дегенде қазақтан емес, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқтыларды мегзеді:
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой.
Бұл сөзден Абай өз халқын жек көрді деген ұғым тумайды. Абай айналасындағы әлеумет өмірін, «ел еркесін» сынағанда, өмір уын ішіп, бүк түсе қайғырғанда сол халық үшін қайғырып, халық қамы үшін өмірден тыныштық көре алмайды. Бар өмір, бар асылын сол халық үшін жұмсады.
Енді аударманың құрылысы жағына келсек, Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі - дәл аударма, екіншісі - ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда, Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлеңінің буындарына дәл келе бермейді. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастырып, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады.
Қазақшасы:
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол дағы
Сыбдырламас жапырақ,
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ...
Жоғарғы аталған өлеңдердің қайсысын алсақ та, осы жүйені берік сақтайды.
Дәл аударманың осы соңғы түрімен байланысты айтылған «Қанжар», «Дұға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» бәрі де «Онегиннің сипаты» тәрізді ұйқас, буын сандарын сақтамағанмен, мазмұнын, образдарын бұлжытпай дәл беру әдісімен аударылған.
Екінші түрі - ерікті аударма. Бұған жататындар - «Онегиннің Татьянаға жазған хаттары», Крыловтан аударған кейбір мысалдар және қара сөзді өлеңмен аударған «Вадим» поэмасы. Бұлардың негізі ғана орысша. Абай олардың жалпы мазмұнын өз сөзі, өз ұғуынуынша әдемілеп айтып береді. Солардың үлгісін ғана алып, өзінше жазады. Бірақ жалпы сарыны, ізі сақталынады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар қосып, кейбір жерлерін мүлде тастап кетеді.
Бірінші, бұл - қазақ әдебиетінің даму жолындағы күрделі жаңа адым. Екінші, қазақ жұртшылығын ұлы идея, үлкен қор, жоғарғы сатыдағы әдебиетпен таныстырып, екі елдің рухани тіршілік, мәдениеті мен әдебиеттерін байланыстыруға берік дәнекер болды. Үшінші, орыс әдебиетін жақсы аудару, олардың үлгісінде жаңа образ, жаңа сөз, сөйлем, қазақ әдебиетінде бұрын жоқ әртүрлі әдістерді әдебиетке кіргізіп, қазақтың әдеби тілін бұрынғыдан да байытып дамытты, ілгерілетті. Төртінші, шет тілден өлеңдерді қалай аудару керек екендігінің бірінші рет жолын салып, кейінгілерге үлгісін пішіп берді. Абай аудармалары - бүгінгі аудармашылар үшін де көрнекті үлгі.
Абай жасаған аудармаларды түпнұсқамен салыстыра қарап отырсақ, Абайдың орыс тілін өте терең меңгергенін байқаймыз. Сонда Абай орыс тілін қайдан, қалай үйренген?
Көптеген адамдарға Абайға орыс тілін үйреткен демократ-революционер Михаэлс секілді болып көрінеді. Бұған Абайдың: «Өмірге көзімді ашқан Михаэлс»,-деген сөзі себеп болған секілді.
Ғылым үшін ұсақ-түйек нәрсе жоқ,-деген қағиданы еске алсақ, Абайдың орыс тілін қайдан, қалай үйренгенін білу ұсақ-түйек нәрсе емес. Сонда Абай орыс тілін қайдан үйренген?
Бұл орайда біздің айтарымыз мынау:
Біріншіден, Абайдың әкесі Құнанбай аға сұлтан, тобықты руының старшыны болып ел басқарғанда, сол кездегі қазақтан шығып ел басқарған болыс-сұлтандардың көбі секілді сауатсыз әрі орыс тілін білмегендіктен, ел басқарудағы іс-қағаздарды орыс тілінде жүргізіп отыратын хатшылары, тілмаштары болған. Абай өз ауылындағы осы аудармашы-хатшылар арқылы бала кезінен ауылда орыс тілін естіп өскен. Бұл Абайдың орыс тіліне деген қызығушылығын ерте оятуы ғажап емес. Лингвист-ғалымдардың пікірінше тілді үйрену үшін оған құлақты ерте кезден жаттықтырып, сол тілдегі сөздерді түсінбесе де естіп жүрудің маңызы зор.
Екіншіден, Абай үш ай «приходская школада» оқыған. Абайдың баласы Тұрағұлдың естелігінде айтылғандай, табиғат Абайға өмірде сирек кездесетін қайталанбас ғажайып жады (память) сыйлаған. Сондықтан да Абай үш ай орыс оқуында, тіл үйренуде жұрттың 1-2 жылда жететін жетістігіне бірден жетуі бек мүмкін.
Үшіншіден, Абайдың тоқал шешесі Айғыздан туған Халиолла деген бауыры орысша оқыған. Тарихи-мұрағаттық құжаттарда расталғандай, ол 1863- 1869 жылдары Омбыдағы Шоқан Уәлиханов оқыған Кадет корпусына түсіп, оны бітіріп, "корнет" атағын алып, офицер болып шығады. Бұдан соң, Халиолла Москвадағы Павловский ковалерский школды бітіреді.
Орыстың атақты оқымысты-ғалымы Г.Н.Потанин Халиолла туралы мынандай мәлімет келтіреді: «Маған Омски-Кадетский корпусын бітірген, кейін Семейдің қасындағы туған жері-қырда тұрған, қырғыздың бір сұлтаны (осы күнде қайтыс болған Өскенбаев) туралы біреу әңгіме айтты. Ол кешке жақын өзінің жерлестеріне орыс романдары мен повестерінің мазмұнын түсіндіруші еді, ал қырғыздар оны сондайлық ынтамен елти тыңдап, одан айтқандарын жазып беруді сұрайтын, соның нәтижесінде Тургенев, Лермонтов, Толстой, тағы басқалардың шығармасын ойша аударған дәптерлер пайда болған. Кей уақыттарда мұндай әдебиет кештерінде кигіз үйдің ішінде өзара таластар туатын, сол мезгілде дейді көрген адам Өскенбаев орыс беделіне сүйенетін де: "Тыңдаңыздар, бұл жөнінде орыстың беделді сыншысы Белинский не дейді екен",- не болмаса "бұл жөнінде орыстың сыншысы Добролюбов былай деген",- деп түсінік беріп отырады екен.
Cанкт-Петербургтегі мемлекеттік мұрағаттан Әлкей Марғұлан тапқан деректерге қарағанда Халиолла Өскенбаев жастығына қарамай үлкен оқымысты болған секілді. Ол профессор И.Н.Березинге және Шоқанның ұстазы Н.Ф.Костылецкийге қазақ халық ауыз әдебиетінің Жиренше шешен, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек» секілді нұсқаларын жазып беріп, олармен тығыз ғылыми қарым-қатынаста болған.Оның үстіне Абай әкесі Құнанбай арқылы ел басқару ісіне ерте кірісіп, орыс ұлықтарымен де ерте араласқанын есте тұтып, жоғарыда келтірген дәйектерге сүйене отырып айтарымыз: Абай орыс тілін біз ойлап жүргендей отыздан асқанда емес, одан көп ерте білген деуімізге толық негіз бар секілді.
Михаэлс арқылы ғылымды сала-сала бойынша кейінірек меңгерген Абайдың: «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»,- деген сөзін перде етіп, Абай орыс тілін кеш үйреніп, орыс классик-жазушыларымен кеш танысқан деген пікір қалыптасып кеткен. Абайдың бұл жерде "қолымды мезгілінен кеш сермедім"- деп өкінуі, орыс тілін білуге байланысты емес, жалпы ғылымды меңгеріп игеруде кешіктім, уақытты босқа өткізіп, кеш бастадым,- деп өкінуі екенін дұрыс түсінгеніміз мақұл. Қалай десек те, Абай орыс тілін өте жақсы біліп, терең меңгерді. Оған дәлел Абайдың аудармалары. Абай өзінің аудармаға арналған шығармашылық жылдарында үлкенді-кішілі 50-ден астам шығарманы орыс тілінен қазақшаға аударыпты. А.С.Пушкиннің "Евгений Онегин" романынан 7 үзінді, М.Ю.Лермонтовтан 27 өлең, И.А.Крыловтан 12 мысал және әр түрлі авторлардан 7 өлең аударған.
Ал, Абай түпнұсқаны бар қалпында жеткізуді мақсат етпеген. Аударған шығармаларының көбін, Абай өз көңіл-күйіне үйлестіре қысылмай, қымтырылмай еркін әңгімелейді. Ақынның кейбір аударма өлеңдері түпнұсқамен жолма-жол бірдей келсе, ал кейбір өлеңдері түпнұсқаға мейлінше жақын келіп үндес шығып жатады.
Ал, еркін аударылған аудармалар өлеңнің мағынасын бастан-аяқ дәл, тура жеткізбей, аудармашы ақын Абайдың сол кездегі көңіл-күйіне сәйкес еркін жырлап кететіні бар. Біз мұны Абай аудармаларының өзіндік ерекшелігі дейміз. Абай орысша тексті көбіне-көп дәлме-дәл аударуды алдына мақсат етіп қоймаған секілді. Мұның негізгі себебі, ақын сол кездегі қазақ оқырмандарының білімін, ұғым-түсінігін, ойлау ерекшелігін ескерсе, екіншіден өзі жақсы білген Шығыстың классикалық поэзиясының "Назира" үлгісін пайдаланған ақын, оқиға желісінің негізін сақтай отырып, мысалдағы жағдайларды қазақ өміріне, түсінігі мен ойлау ерекшелігіне жанастыра отырып, өзінше бейнелеуге ұмтылған. Мысал үшін, Шығыс ақындары жырлаған "Ескендір" тақырыбын Абай "Назира" үлгісінде өзінше жырлап, "Ескендір" поэмасын жазған. Шығыс әдеби дәстүрін жақсы білген Абайға және сол кездегі қазақ оқырмандарына бұл қалыпты жағдай болып көрінген сияқты. Бұл айтылып отырған "Назира" үлгісі қолын байлайтын, шеберлігіне шек қоятын жағдай деп емес, керісінше, алдыңғы ақында айтылған ойдың, сөздің орамын өзінше келтіріп,кейінгі ақынның тың, жаңа өрнек табуына мүмкіндік беретін жағдай деп түсінген жөн.
Абайдың аудармалары туралы айтқанда, ең бірінші айтарымыз Абайдың қазақ тілімен қатар, орыс тілін өте терең, жетік білгені көрініп тұр. Ол түпнұсқадағы ақын ойының нәзік иірімдерін мейлінше терең түсініп, аударып отырған ақынның айтам деген ойын өрнектей отырып, одан әрі биіктете, құлпырта аударады.
Орыс әдебиетіне зер салғанда Абайдың назары алдымен Пушкинге түседі. Неге? Себебі, Пушкин орыс әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлде жаңа классикалық әдебиетінің басы болды. Ол орыс әдебиетінде қоғамдық ой-өрісі, дүниетанымы, эстетикалық көркемдік – барлық сипат қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастыра отырып, орыс әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды. XIХ ғасырдағы орыс өмірін, сол ортада өмір сүріп жатқан кейіпкерлер арқылы орыс қоғамын шынайы суреттеген Пушкиннің "Евгений Онегин" секілді реалистік шығармасын, қазақ әдебиетінде реализмнің негізін салған Абайдың қазақшаға аударуы заңды құбылыс секілді. Себебі, Батыс пен Шығысты тең меңгеріп, данышпан хакім дәрежесіне жеткен ұлы Абайдың, Европалық әдебиеттің озық үлгісі реализм әдісі арқылы, халқын тәрбиеге, өнер-білімге шақырып, "тіл ұстартып, өнер шашуды" анық мақсат еткен шағы еді.
Абай Пушкиннің "Евгений Онегин" романын толық аудармаған, һәм оны алдына мақсат етіп қоймаған да сияқты. Абайдың "Евгений Онегиннен" аударғандары:
"Онегиннің сипаты"(Жасынан түсін билеп сыр бермеген)
"Татьянаның Онегинге жазған хаты"(Амал жоқ қайттым білдірмей)
"Онегиннің Татьянаға жауабы"(Таңғажайып бұл неткен хат)
"Онегин сөзі"(Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін)
"Онегиннің Татьянаға жазған хаты"(Құп білемін сізге жақпас)
"Татьяна сөзі"(Тәңір қосқан жар едің сен)
"Ленский сөзінен"(Барасың қайда, қайда болмай неге)
"Онегиннің өлердегі сөзі" - бұл түпнұсқада жоқ, ақынның өзі шығарған. Санамалап айтқанда Абай, "Евгений Онегин" романынан 7 үзінді аударған.
Пушкиннің "Евгений Онегин" секілді, орыс қауымының сол кездегі өмірін жан-жақты суреттейтін күрделі романын терең түсініп оқитын мәдениетті оқушы қауымды қазақ жұртшылығынан табу қиын еді. Сондықтан да Абай, жалпы халыққа түсінікті, Онегин және Татьяна арасындағы қарым-қатынастарға байланысты тарауларды ғана еркін аударды, Татьяна тілімен қазақ қызының жүрегін жырласа, Онегиннің ойлы-сырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге тәрбиелейді. Осылайша аудару өз заманындағы оқушылар үшін тәрбиелік үгіт жағынан қажет еді. Абай аударған үзінділерді бір жүйеге келтіріп, ең соңында оқушыға түсінікті болсын деп "Онегиннің өлердегі сөзі" деген тарауды өзі қосқан.
Аудармадағы Татьяна бейнесінің де, орысша түпнұсқасындағы басты ерекшелігі сақталып, тамаша суреттелген. Мысалы:
Келмесең егер сен бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге
Түспесем мұндай бейнетке, - деп қазақшалаған.
Татьянаның осы хатынан орыс қызының ашық мінезділігі, адалдығы, сезімталдығы, сенгіштігі бәрі де айқын көрініп тұр.
Абай Татьяна хатының терең мазмұнын толық жеткізуді көздей отырып, бұл ойын қазақ жастарының ұғым түсінігіне сай етіп жүзеге асыруды мақсат еткен.
Қаймақ еді көңілімде
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірінде,
Мен де сорлы бақыты кем,- деп дворян қызына "қаспақ жегізген" Абай, Татьяна мінезіндегі еркіндікті, адалдықты қазақ қыздарына өнеге ету үшін, Татьянаның сол кездегі көңіл-күйін қазақ қызының ұғымына сай етіп аударады:
Шеш көңілімнің жұмбағын
Әлде бәрі алданыш.
Жас жүрек жайып саусағын
Ұмтылған шығар айға алыс,- деген шумақтағы қыз жүрегінің аңқау да пәк тілегін аспандағы алыс айға саусағын жайып ұмтылған жас бейнесінде суреттейді. Татьяна тілегінің пәктігін, оның орындалмас арман екенін, Абай осындай ғажап теңеу-сурет арқылы, қайталанбас сұлу көркемдік тәсілмен жеткізеді. Сөзбен салынған бұл жанды сурет Абайдың ақындық ұлылығының дәлеліндей.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем,
Тірі қалдым өлмей әрең
Қатты батты тырнағың, - деген еркін аударма арқылы ақын қазақ жастарына түсінікті, "жаралы жолбарыс", "киіктің лағы" деген теңеулерді қолдана отырып, шебер аударады.
Ал, жалпы алғанда Татьянаның адал, бірақ кісіге сенгіштіктен арылып, өзіне сенімділігі артқан, сертіне берік, алған бетінен қайтпайтын жан етіп сипаттауы жағынан Абай Пушкинмен толық үндес шыққан. "Татьяна сөзі" (Тәңір қосқан жан едің сен) Абайдың өзі шығарған әнімен ерте кезден ел арасында айтылып келеді. "Куда, куда Вы удалились " деп басталатын Ленскийдің монологын Абай, "Ленский сөзінен" деген атпен (Барасың қайда, қайда болмай маған) аударғанда мазмұн жағынан көп өзгертпей аударған. Жекпе-жекке шығар алдындағы Ленский монологы бар болғаны сегіз жолға сиып тұр. Абайдың Ленский монологына назар аударуына қарағанда ақын оны қазақ жұртшылығына Онегин, Татьянамен қатар таныстырмақ ниетте болған секілді. Бірақ, Ленский туралы жазғаны осы ғана ма, жоқ әлде жалғасы бар ма, ол жағын дөп басып айту қиын.
Абайдың "Евгений Онегин" сарынымен шығарған өлеңдері, дәлме-дәл немесе еркін аударғандары бар, жанынан қосқаны бар – түгелдей алғанда бәрі бір желіге түсірілген, біртұтас топтама шығарма деуге лайық. Сондықтан да М.Әуезов: «Абай версиясында "Евгений Онегин" эпистолярлық роман түріне айналған»,- деуі тегін емес.
"Евгений Онегиннің" кейбіреуі хат түрінде, ал бір тобы кейіпкерлер монологы және автордың атынан айтылған сипаттама түрінде аударылса да, бұлардың барлығы біртұтас шығарма деп ұғып түсінуіміз қажет. Мешеу қалған қараңғы феодалдық патриархалдық қоғамда өмір сүрген Абайдың сол заманда Пушкин поэзиясының қыр-сырын терең танып, бағалай білуі, Абай ұлылығының жарқын бір көрінісі екендігіне дау жоқ
2.
Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген Шәкәрім Құдайбердіұлы келер ұрпағына мол мұра қалдырған ақын. Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыс тауы бөктерінде қазіргі Семей облысының Абай ауданында дүниеге келген. Шәкәрімнің туып-өскен шаңырағына да қазіргі біраз жұрт қанық. Қанық болғанда Құнанбайды, Абайды оның ұрпақтарын білу арқылы таныс.
Құнанбайдың бір әйелінен – Құдайберді, екінші әйелінен Абай туған. Шәкәрім – Құдайбердінің кенже ұлы, шешесі Күңке. Яғни Шәкәрім – Абайдың жақын інісі. Абайдан 13 жас кіші. Абайдың ақын балалары Ақылбай мен Мағауиядан үлкен. Жас шақтарында бұлар бірге тәрбиеленген. Әсіресе Абай тәлімін тәрбиесін қатар меңгерген. Болашақ ақындардың балалық бесігі, ұшқан ұясы – Абай мектебі. Сонымен қатар ол ауыл мектебінде оқып, білім алады. Әкесі жас шағында қайтыс болғанымен, жетімдік көрмей, емін – еркін өседі. Құнанбай шаңырағының болашақ бір иесі есепті бетқақпай көрмей өседі. Оның үстіне, Шәкәрім жас шағынан пысық, ұғымтал, алғыр болған. Сондықтан оған Абай ерекше көңіл қойып, өз жанына жақын ұстайды.
Ойшыл ақын оңаша толғанып, өлең жазып, өмірдегі, айналасындағы болып жатқан әр қилы құбылыстар мен өзгерістерді бағдарлап, саралау үшін 1909-1910 жылдары Шыңғыстау өңіріндегі Шақпақ деген жерден сая табады. Көптеген шығармаларын ақын осы кезде жазады.
Сауатын ашып, жазу өнерін игеру, кітап оқу мүмкіншілігі жетілген кезден бастап, кемеңгер Абай оны терең білім алуға бағыттап отырады. Өз тарапынан Шәкәрім де білім салаларының ілкі басқыштарына тез жетіліп, ерекше үлгеріп, ынта-жігер көрсетеді. Бойына туа біткен талантын да ерте танытады. Есіткенін ескергіштік, айтқанды тез ұғып алғыштық, ерекше ынта-жігерлілік байқалмай, есті адамдардың назарына ілінбей қалмайды. Әсіресе оқығанын тез жаттап алғыштығы. Абай ағасының шығармаларын оқып, жадында ұстағыштығы ерекше көңіл аудартқан. Шәкәрімнің өмір жолын, шығармашылығын зерттеуші Қайым Мұқаметхановтың жазуы бойынша, Шәкәрім 7 жасында-ақ ақындығынан белгі берген. Алғашқы өлеңін әкесінің өліміне байланысты шығарған. Өлеңге әуестігі ерте оянғаны ақынның өз сөздерінен де байқалады. Әуелі домбыра, гарьмонға қосып қосып дағдыланған. Қол шеберлігімен, түр ою, сурет салу өнерлерімен де ерте айналысыпты. Шәкәрімнің ақын болып айналасына танылуы 15-20 жас шамасы. Ал өздігінен ізденіп ғылымға берілуі де, өнерге ден қойып, жазушылыққа бел бууы одан кейінгі кезең еншісі. Содан әрі қарай ел аралап, ірі қалаларда болып, кітапханаларда отырып, өткен-кеткен тарихқа үнілу, тіл үйрену, ақылдың, азаматтық кемелдену баспалдақтары биіктей берген.
20-30 жастар шамасында жазған өлеңдерінің көпшілігін Абайға тікелей еліктеп шығарады.
Жастық, махаббат тақырыптарына жазған шығармалары Абай өлеңдеріне әсіресе көбірек ұқсайды. Рас ара – тұра гауһар, лағыл, пейіш, хор қызы, ай, жұлдыз сияқты халықтық теңдеулерді қолданады. Бірақ ғашық жарға деген жүрек сырын, ақ – адал ниетін, бойын билеген шын сезімдерін ұстазынша жырлайды.Шәкәрім өмірінің біраз жайы өз шығармаларында, әсіресе, «Мұтылғанның өмірі» деген поэмада жазылған.
Жасынан – ақ өлең жазуға машықтанған Шәкәрімнің алғашқы кезде жазған өлеңдерінің тақырыбы – жастық, махаббат, ауыл жастары өмірінің жақсысын насихаттап, нашарын сықақтап өлеңдер жазады. Шәкәрімнің алғашқы кітабы – 1912 жылы Семейде «Япдам» деп аталатын татар баспасынан шыққан «Қазақ айнасы» деп аталатын өлеңдер жинағы. Ақынның өлеңдерінен айтайын деген ойын тура айтатын Абай әңгімесін мирас еткені байқалады… Сондықтан өзі талай елдерді аралаған, қажы атанған ақын, «Тәңір-Құдай» деген сөздерді тура қолданады, кейбір баспадан шыққанда ондай сөздерді алып тастап, баспа өз ойларынан сөздерді алып тастап, баспа өз ойларынан сөздер қосқан.
Шәкәрімнің жан – жақты қаламгер болып қалыптасуына қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, Шығыс пен Батыстың әдебиеті, сонымен бірге замандасы әрі ағасы ұлы Абайдың құдіретті де қуатты поэзиясы тікелей әсер етті. Шәкәрім қазақ әдебиетінде Абай қалыптастырған реалистік дәстүрді жалғастырушылардың бірі болды. Сол дәуірдің қоғамдық – саяси және әлеуметтік қайшылықтарын көре білуде, халықының қамын жеп, жастарға жол көрсетуде ол ұлы Абайдың талантты шәкірті болды.
Шәкәрім өмір сүрген дәуір қазақ халқы үшін күрделі кезең болатын. ХІХ ғасырдың екінші жартысы Қазақстанның қоғамдық – саяси, әлеуметтік – экономикалық және рухани өмірінде маңызды оқиғаларға толы болды. Мыңдаған орыс шаруаларының қазақ жеріне қоныстануы, қазақ даласын басқаруда енген өзгеріс көшпелі елдің өміріне жаңа экономикалық қатынастар әкелді. Тарихи - әлеуметтік жағдай қазақтың әдеби, мәдени өміріне де әсерін тигізбей қалған жоқ.Шәкәрім шығармашылығы осы кезеңге тұспа-тұс келді. Халқының мұңын жырлап, адам бойындағы игі қасиеттерді қастерлеп, өлеңдерінің өзегі ету- Шәкәрім лирикасының басты мұраты еді. Ақын айналасындағы жайттарды тек жырлап қана қойған жоқ, ол барлық нәрсеге терең бойлап, жамандығынан жирене біліп,жақсылыққа ұмтыла білді.
Шәкәрім – осы тарихи кезеңнің талантты перзенті. Бұл жағынан ол халқымыздың зиялы қайреткерлері Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Омар Қарашев, Бернияз Күлеев, Шәңгерей Бөкеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұқамеджан Сералин тағы басқаларымен тағдырлас күрескер болды. Туған халқының мәдениеті, азат ел болып, еркін еңбек етіп, бейбіт өмір сүруін армандады. Сол үшін жан сала күресті, сол мақсаттан жазушылық арнасын тапты.
Қырық жасқа дейін Шәкәрім ел жұмысымен айналысып дала, қара жайларын өз көзімен көріп, ондағы әр түрлі тартыстар, қайшылықтар сырына үңіледі. Бөтен жұрт өмірін, мәдениетін білуге, ғылым жетістіктерін тануға талап қылады. Білім мен мәдениет, өнер салаларының жетістіктеріне назар аударады. Қазақ қоғамындағы үстемдер өктемдігіне, надандық кесепаттарына, қулық – сұмдықтарға қарсы шығады. Әділдік, адамгершілік, мәдениет, оқу – білім ұрандарын жырлайды. Айтып, уағыздап қана қоймай шамасы келгенінше, өзінің ізгі ойларын іске асырып та жүреді, Халықты жақсылыққа үндеп, ар – ұят сақтауға, жоқ – жітікке қарасып, қайырымдылық жасауға тырысады. Жиырма бес жасында болыстыққа сайланған тұсын еске әділ басшылық, ізгі әкім үлгісін көрсетем бе деп қиялдаған кездері де болды. Бірақ ол ойларын іске асыра алмайды. Керісінше, өзінің ырқымен жұмыс жүргізу мүмкін емес екеніне көз жеткізеді.Болыс болған кісі жоғары ұлықтар әмірін орындап отыруға тиісті болады. Ал бұл оны азаматтық еркінен айырып, әкімдер құлына айналдырады. Өзі қаласын – қаламасын, басқа болыстар сияқты, жемтікке қонған күшігіндей бұл да алым алып, салық салуға мәжбүр.
Басқа елдерде саяхат шегу ілімге, білімге зәру, өнерге сусап барған ойшыл дарынға үлкен әсер етеді. Ол аздап орысша, түрікше, арабша, парсыша білгені болмаса, батыс тілдерін білмейтін еді. Әйтсе де, зерек ақын әуелі тілмаш арқылы,кейін аударма сөздіктер арқылы өз бетімен оқығандарын түсінетін дәрежеге жетеді. Ол көзбен көріп, құлақпен естігендерін, оқып білгендерін көңіліне мықтап тоқиды.
Өнер – білім жолына белін бекем буады. Қайда білгір ғалым, өнер өрнектері бар десе, соның жөнін тануға асығады. Өмір, өнер, қоғам, жан, тән туралы жаңаша байыптай бастайды. Өз халқының болашағын ойлап, өткен-кеткеніне көз жібереді. Тарихына үңіледі. Шығыс, орыс, Батыс классик әдебиетін шұқшия зерттей оқиды. Абай мұраларына қайта үңіліп, оның тереңіне бойлап, асыл сырына қаныға түседі. Оқыған шығармаларының халқына үлгі болар дегендерін қазақ тіліне аударады.
Халық поэзиясы жасаған қаһармандық бейнелер мен лирикалық сюжеттер ақынның көңіліне қонып, жүрегіне берік ұялайды. Нәтижесінде: «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» лирико-эпикалық дастандарын жазады. Дастандардың оқиғалары сол заман әдет – салтына негізделіп, сенімді баяндалады. Кейіпкерлерінің ішкі сезіміне құрылған оқиға өрісі жинақы да әсерлі шығады.
Абай сияқты Шәкәрім де: Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Тургенов, Толстой, Некрасов, Салтыков – Щедрин т.б. алыптарды оқып, көзі ашылып, көкжиегі кеңіген. Ол ар – ұждан, жақсылық, әділдік, кісілік жолын нұқсайтын шығармалар жазды. «Насихат», «Тойымсыз нәсіп», «Өлген көңіл – нысапсыз өмір», «Талап пен ақыл» және т.б. өлеңдері («Қазақ айнасы» жинағы) мен «Бояулы суыр», «Қанішер мен бөдене», «Ақылшы торғай», «Қасқыр, түлкі, бөдене» сияқты мысалдары сондай туындыларға жатады. Оларда әр кез ар – ұждан, адалдық, шындық жолы жеңіл, жұғымсыздық, әділетсіздік әшкере болып, мазаққа айналады.
«Алмас қылыш жатпайды қын түбінде» демекші қара күш қанша құлыптап ұстаса да, қара құлыпты қақ жарып, өнер нұры жарқ етті.
Иә, өнерді қапаста ұстауға, немесе мүлде жойып жіберуге болмайды деген осы. Шын көркем туынды мәңгі өмір сүреді. Ол өзінің иесіне – халқына қайта оралады екен. Кезінде жасампаз жақсы жырларымен елге әйгілі болған жазықсыз ақын ақталады. Атақты ақынымыз Шәкәрімнің асқақ үні ұзақ жылдар бойы өзін аңсап күткен қазақ даласын қайта жағыртты. Жақсылықтың жаршысы, ақыл – парасаттың кемел иесі, адамгершіл ақынның жарқын жырлары халқының игілігіне қайтарылады. Шәкәрім оқу, өнер – білімді уағыздай отырып, оған да сын көзбен қарау керектігін айтады. Шын ғылым, нағыз ғалым болады, соны тап та, содан айрылма, ал дүниені бұзатын жалған ғалымнан, залым оқымыстыдан аулақ бол деп кеңес береді.
Ғасырлар бойы Абай тәлімі адамзатты адастырмай алдына жарық салар шырағданы болды. Абай ізін жалғастырушы адамдық жолын айнытпай танытқан Шәкәрім жырлары бүгінгі ұрпақтың бойтұмары болмақ. Шәкәрім өлеңдерінің тақырып ауқымы өте кең. Соның ішінде ойып орын алар тақырып – рухани адамгершілік мәселесіне қатысты ойлары. Ол адамгергершілік ар-ұяттты жоғары қояды. Оның өлең жолдарынан кісіліктің келбетін танытар асыл қаситтерімен сусындауға тұту, бауырыңа тарту бұл да адамгершіліктің жоғары түрі. Осы Шәкәрім өлеңдерінде қалай көрініс тапқан?
Бұл тұрғыда Шәкәрім атамыз: «Ойлансаң, барша адамзат – туған бауыр»- дейді. Ол өлеңдерінде қазағым, ұлтым, алашым деп өз жұртын бүйрегіне бұрса, барша адамзатты бауыр тұтады. «Анадан алғаш туғанымда….» өлеңінде:
Еңбекке шыда, ебін тап та,
«Сабырдың түбі – сары алтын».
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі - өз халықтың.
Ынсап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп, жан сақта.
Ол жолда өлсек неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та.
- деп туған жұртына өнерге ұсынады. «Ақын кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек анық бақ» деп білді. Оның өзі де «Жолама қулар маңайға» өлеңінде:
Адамдық борыш ар үшін,
Барша адазат қамы үшін
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін
– деп өз өмірінің бүкіл мәнісі еңбекте жатқанын айтады. Ал, «Адамдық борышың» өлеңінде бұл идеяны тиянақтай түседі.
Шәкәрімнің «Үш анық» атты еңбегінде ынсап, әділет, мейірім үшеуі қосылып, ұждан, ар, ақыл сөздері жиі кездеседі.
Ақыл білім осындай ар жақтарлық
Айласыз, өтіріксіз жан сақтарлық
Үзіп – жұлып ұятсыз атанбай – ақ,
Ақылмен жол табалық ел бастарлық, немесе
…Ғылымсыз болса ақыл тұл
…Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр.
…Дұрыс деме құр сөйлеп
Ақылға санат, сабыр қыл, десе ар туралы
Ақ жолдан айнымас
Ар сақта, оны біл,
немесе
Арың сатпа, теріңді сат, адалды ізде
Ғибадат пен адалдық ар үшін жи,- деп адамды нұрландыратын ақылы, не нәрсені де ақылға жеңдірсең адаспассың, бірақ ғылымсыз ақыл кем десе, ар-ұжданның ақ жолдан айнытпас серігің болатынына сенім білдіреді. «Ақылды болсаң арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта» деп ар- ожданды қастерлеп, оны адамгершіліктің туы санайды.
Шәкәрім өлеңдерінің негізгі объектісі – адам.Ол адамды жақсылыққа жетелеп, жақсы қасиеттерді қалыптастыруға ұмтылды. Адам мінез – құлқындағы салақтық, еріншектік, бойкүйездікті сынады. Бұл тұста оның «Сәнқойлар», «Қылжақпас», «Еріншек» деген өлеңдерін жазды.
Мысалы:«Еріншек» өлеңінде:
Еріншектен – салақтық,
Салақтықтан – надандық…
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар содан адамдық, -деп надандықты, еріншектікті сынап, адам деген атыңа қалам десең, күн-түн демей ғылым ізде дейді.
Өмір және ақындық тәжірибесі толыққан кезде Шәкәрімнің ерекше тоқталатын тақырыптарының бастысы – адам тағдыры,адам өмірінің мәні. Бұл тақырып «Адамшылық», «Адамнан артық жәндік жаралмаған», «Адам немене?» деген өлеңдерінде көрініс тапқан.
«Адамшылық»өлеңінде:
…Мейірім - жақсы,зұлымдық жаман дейсің,
Қасқырлыққа қайтесің құр дөңгелеп?
Жаны ашып жәрдем қылмай өткен адам -
Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек,- деп түйін жасайды.
Міне, осы сипаттың бәрін өмірдегі шынайы бейнесі, жан дүниесі, кеудесі шалқақ, асқақ пенде, мейірімді, әділ, адамгершілігі мол жас ұрпақтың бойында қалыптасқанын тілеген Шәкәрім өлеңдерінің тұнығы-рухани тәрбие
Достарыңызбен бөлісу: |