ОңТҮстiк қазақстан мемлекеттiк



бет11/24
Дата27.12.2023
өлшемі383.21 Kb.
#488165
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24
дәрістер БӘ

Дәріс мақсаты
1. С. Торайғыровтың өмірлік жолы. Ақынның шығармаларының тақырыптық ерекшеліктері, балалар әдебиетіндегі орнына тоқталу
2. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы. Қазақ балаларына арналған шығармаларына талдау жасау


С.Торайғыров та екі дәуір тоғысында, аса күрделі кезеңде тіршілік кешті. Кезең оқиғалары ақынның дүниетаным көзқарасына, шығармаларының тақырыптық мазмұны мен түріне, жанрына әсер етті. Іргелі оқу орнынан білім алу, халқының қызметіне жарайтын азамат болу – оның ынта-тілегіне айналады. Ақын «Шәкірт ойы» деген өлеңінде «Іздегенім табылды, енді дегеніме жетем, халқыма жұлдыз емес, ай емес, күн болам» деген ойға келеді. Оның лирикалық кейіпкері Қараңғы қазақ көгіне Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда, кім болам! дейді. Бұл – жаңа заман жасының өр талабы. Отан, халық алдындағы борышын түсінген адамның батыл ойы мен шын ықыласының көрінісі. Мұндай жырлардың балаларды отаншылдық рухта тәрбиелеудегі маңызы ешқашан кемімек емес.
Көргені мен білгені аз, өмір тәжірибесі жоқ жастар үшін ақын-жазушылардың қызықты шығармалары өмір мектебіндей көрінеді. Ақыл-есінің тез жетілуіне жәрдемдеседі. Оларға өмір сүру, білім алу жолдарын танытады. Жақсы өмір сүрудің жақсы жолдарын айтады. Талаптану, үздіксіз іздену,ойлаған мақсатқа жетудің қиын-қыстау кездеріне қарсы тұрып, төзе білу жолдарын үйретеді.
Балаларды қызықтыратын осындай ерекшеліктер Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларынан да, өзінің өмірбаянынан да көп кездеседі.. Адамның ақылдылығы мен парасаттылығы оның еңбегінен, істеген ісінен танылатыны да сөзсіз. Кім не нәрсені ардақтай білсе, сол нәрсенің қадіріне жетіп оны қолдай да алады, жақсысын асыра да біледі. Сауат ашу, хат тану барысында Сұлтанмахмұт алдымен өзінін, ана тілін қадірледі, соның барлық ерекше қасиеттерін танып білді. Соның асыл мұрасын бойына сіңіріп, жақсылығын мақтан етті.
Сүйемін туған тілді, анам тілін.
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен «құлыным, жаным» деген.
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным.
Ол өзінің ақыл парасатының қандай дәрежеде екенін осындай дана пікірлерімен- ақ таныта алған. Ана тілін құрметтеп, сол тілде сөйлей алу, хат тану, сауат ашу, жазу-сызуды үйренудің бәрі де соған, тек қана соған байланысты екенін бойға сіңіріп айта алу, оқушыға түсіндіру ақындық қасиеттің ен жоғарғы сатысы, дарындылығы деп айтуға болар еді.
Баланы тәрбиелеу, оқыту барысында көп сөзділіктің, құрғақ өсиеттің қажеті аз. Баланын санасына жеткізіп, ішкі дүниесіне қозғау салатындай, өзіне патриоттық жігер-қайрат, рух беретіндей уытты, әдемі осы сияқты ақыл сөздер айтылып отырса, ол саған рухани азық болады. Өзінің сана-сезімінің өсуіне, білімінің тез толығуына әсер ететін осы сияқты мәнді сездерді, өлеңдерді балалар жатқа біліп, сахнада, сауық кештерінде мақтанышпен серпілте айтады.
Балалар әдебиеті деген балаға рухани азық боларлық, қанатына су бүркіп, аспандатып отыратын, өмірді үйрететін, еңбек майданына белсене араласып кетуге жұмылдыратын, болашағын, алдағысын танытатын өмір оқулығы дәрежесінде болуға тиісті. Әр ақын-жазушылардың шығармаларын зерттегенде осы айтылған ерекшеліктердің әртүрлі элементтері не тұтас күйінде, не соның бір көрінісі ретінде айтылып отырады. Өйткені балаға мейірімі түспейтін, өз шығармасы арқылы баланы қызықтырмайтын, балаға арнай айтылған сөзі болмайтын бір де бір жазушы жоқ десек, қателеспеген болар ек.
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Омбы уезінің Шағырай болысында, Қарауыл Шабар аулында, Үлкен Қарой көлінің маңында дүниеге келген. (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы жері) Нағашылары осы елден болса керек. Анасы екі жасында өмірден өткен соң әкесі Шоқпыт ата мекені Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қоныс аударады. Сұлтанмахмұт алты жасар күнінде әкесінен оқып хат таниды. Бұдан кейін ол ауылдағы молдадан, бертін келе Тройцк, Семей, Томск қалаларына білім іздеп сапар шегеді. Ауыр азап пен көп қиыншылықтарға төзген, тұрмыс өгейлігін көп көрген болашақ жас ақын ауру-сырқаулы да болады. Бірақ Сұлтанмахмұт мұның бәріне де мойымайды. Тұрмыстың жарқын болашағын аңсап, соны көруге үміттенеді. Әрі өжет, әрі зерек, талабы таудай болған Сұлтанмахмұт өзге елдердің тілі мен мәдениетін білуге құштар болады. «Өмірімнің уәдесі» деген өлеңінде:
Оллаһи, ант етемін Алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи тірі болып жүрмеспін мен.
Келгенше осыларды отыз жасқа,
Иншалла бәрін түгел ұғам басқа.
Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,
Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа,-
деп ант етеді, білім алу жолына түседі. Талапты жас азамат білім алу жолындағы таланты мен өзінің жақсы үлгісін көрсетеді. Өзін өзі үлкен іске міндеттейді. Өзінің қайратына, күшіне, талантына сенеді. Өмірдің өгейлігін көп көрген ақын «Отыз жасқа келгенше ұға алмасам, жер басып жүрмейін деп өмірімен ант етіп, уәдесін береді. Бұл талапты ердің қажымай, талмай ізденуінің өнегелі үлгісі еді. Кейбір ақын-жазушылардың шығармаларымен қатар өмірбаяны да балаларға үлкен үлгі, мол тәрбие береді дейтініміз де осындай ерекшеліктерден келіп шығады.
Сұлтанмахмұт білім алу жолындағы іздену сапарында көп қиындық көреді.Қанша ізденіп, қанша талаптанса да, жоқшылық оның қолын байлайды, аяғына тұсау болып шырмала береді.
Малдылық, маскүнемдік, қарны тоқтық,
Деуші едім неге керек дүние боқтық.
Қазақтың каны-жаны сонда екен ғой,
Діңкемді міне құрттың әттең жоқтық,-
дегенді Сұлтанмахмұт өзі де талай айтып, көп қайғырды. «...Жұмасында екі ғана обед етем (ет татам); құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті: халым осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Осыдан соң тұрмыс қандай жүк салса да көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ...» дейді Сұлтанмахмұт бір хатында. Қайғырып қасірет шегіп қала берген жоқ, оған да қарсы күресті. «Оқыл жүрген жастарға» деген өлеңінде:
Үмітпенен жоқ қуған,
Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда,
Біздер қайтып қаламыз.
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ бәрін шаламыз!
Іс істейік бір болып
Ашылмасын саламыз!-
деп, өзі сияқты жоқшылықты көп көрген жастарға қажырлы қайрат бере жырлап, оларды өнер-білімге шақырды. «Талаптыларға», «Шығармын, тірі болсам адам болып», «Шәкірт ойы» деген өлеңдерінің бәрінде де Сұлтанмахмұт өнер-білім, оқу жайын көп мадақтайды. «Ақтармын оқып шығып адам атын» деп өзіне өзі қатты талаптар қояды. Сұлтанмахмұттың бұл өлеңдері балаларды білім алу, іздену жолында қажырлылыққа, төзімді болуға, қиындықты жеңе білуге үйретеді. Сонымен қатар оларды халық алдында қызмет етуге міндеттейді. Сұлтанмахмұт өзінің 18 жасында жазған «Оқу» деген өлеңінде:
Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек қана оқуменен өнер білмек.
Өнер-білім, адалдық, ар, намысты,
Жоятын надандық қой емсіз індет.
Оқыса басқа елдердей қатарға енбек.
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілу аз-ақ жылда жоғары өрлеп,-
дейді.
Өнер-білімді игеру адам баласын бақытты болуға бастайды, надандықтан арылтады, өмір сүруді жеңілдетеді дегенді жастардың ұғымына жеткізе айтады.
Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің,
Ала ауыз азғын болсаң қоян жүрек,-
деп жастардың намысына тие, арына қозғау сала сөйлейді. Өнерлі, білімді болумен қатар ынтымақшыл, көпшіл болудың қажеттілігі барын түсіндіреді. Мұнымен қатар, өнерлі, білімді болу қара бастың қамы үшін емес, ел қамы, халықтың қамқоршысы болу үшін жұмсалуы керек екенін тағы да қатты ескертеді.
Ел үшін еңбек етсең халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп,
Ер өлсе де енбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек,-
деп халық үшін қызмет етудің игілігі өшпес даңққа, құрметке бөлейтінін, тарихтан орын алып, халық аузында айтылатын аңызға айналатындай ететінін ескертеді. Оқудың мақсаты мен халық алдында істейтін адал қызметтің игілігі осындай болмақ деп түсіндіреді. Оқудың, өнер-білімнің қымбаттылығын, қолға оңай түспейтінін, бүл жолда ұзақ жылдар қажымай, талмай, қиындығына төзе жүріп, еңбек етудің қажеттігін айтады.
Ақын қазақ халқының өзгелермен қатар тұруын армандаған. «Анау-мынау»деген өлеңінде былай дейді:
Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Қастарында азап тұр,-
дегені сол кезеңдегі қазақ қалпын дәл білдіретін замана шындығы еді.
Тұрмыстың қиыншылығын көріп жүрсе де ақын ерекше төзімділік таныта білді, алған бетінен еш қайтпады. «Шәкірт ойы» атты өлеңінде:
Қараңғы қазақ көгіне ,
Өрмелеп шығып күн болам,
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам!-
деп асқақ идея ұсынады. Алаш туының астына елін сүйген ерлер жиналғанда Сұлтанмахмұт сол топтан табылады. «Алаш» гимнін жазысады.
Абзал ақын меңдеткен ұзақ науқастан 1920 жылы 21 мамырда қайтыс болады.
XX ғасырдың бас кезіндегі демократтық, ағартушылық әдебиеттің көрнекті өкілдерінін бірі - Сәбит Дөнентаев. Ол Абайдың реалистік дәстүрін берік ұстап, әдебиеттің халықтық принциптерін ілгері дамытқан, өз дәуірінің манызды проблемаларына үн қосқан, сол кезең шындығын сыншылдық бағытта жырлаған ақын. Сәбит кейін Кеңес заманында да жаңа әдебиетке қызмет етіп, бір қатар елеулі шығармалар жазды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет