Ә. Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романы және қазіргі қазақ жерінің өзекті экологиялық проблемалары
Оның «Соңғы парыз» роман-дилогиясы – Тәуелсіздік кезең әдебиетіне өзіндік көркемдік-идеялық жаңалық әкелген модерндік үлгідегі, мың қатпарлы шығарма«Соңғы парыз» дилогиясында қаһармандардың өзін-өзі тануына ерекше мән беріледі. Алғашқы аты «Сең» болған.
Романның «Сондай да бір күн болған» бірінші кітабы Жәдігердің өзін-өзі тануына бағытталса, «Сондай да бір түн болған» екінші кітабы Жәдігер-Бәкизат-Әзімнің ішкі монологтеріне құрылады..
Үш басты кейіпкер – Жәдігер, Бәкизат, Әзім – арасындағы адами-психологиялық тартыс тек жеке бастық құндылықпен шектелмей, ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы қоғамдық-әлеуметтік, экологиялық өткір мәселелермен ұштасқан. Жалпы, жазушыны ерекше толғантқан басты мәселе – ХХ ғасырдың 60- жылдарынан бастап Арал теңізінің сол кездегі биліктің солақай саясатының ықпалымен құрғай бастауы. Теңізге құятын суы мол Амудария, Сырдария өзендері халық шаруашылығы – мақта, күріш деп жан-жаққа каналдармен есепсіз бөлінді.
Жәдігер – Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп, балықшы ауылына басқарма басшысы болып оралады. Жанкештілік пен жауапкершілік, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік – Жәдігер образының басты болмысы. Экологиялық апаттан төнген барлық қайғы-қасіретті ол балықшы ауылдың қарапайым адамдарымен тең көтереді. Азапты жайлар мен қауіпті сәттерді тайсалмай басынан бірге өткереді. Бірақ сонда да жеңілдеп жатқан бейнет жоқ. Жәдігер тұлғасының көркемдік концепциясы – адалдық, қайсарлық және жанкештілік. Сырттай томырық, онша көп ашылып сөйлей бермейтін оның жүрегі таза.
Бәкизат – Жәдігердің әйелі, мектепте мұғалім.Екі балалары бар, бір баласы кемтар (экологиялық апаттың кесірінен), бір қызы оқушы.Күйеуінің жұмысына көңілі толмайды.
Әзім – академик атағы дүркіреген Бәкизаттың бұрынғы «сүйгені».Пасықтық пен мансапқұмарлықтың белгісі.
Әзіммен Бәкизат Алматыға курортқа барғанда кездеседі.
Романның екінші кітабында Жәдігер, Бәкизат, Әзімнің түнде ашық теңізде сеңмен ығуы, аласапыран теңіз бейнесі мен ышқынған дауылдың соғуы, қаһармандардың әр алуан әрекеттері мен психологиясы шебер суреттелген. Осы қиын сәтте Бәкизаттың көңілінде «аспандап» тұрған Әзімнің шын бейнесі, сипаты ашылады. Ыққан сең теңіз қойнауындағы түбекке бір сәт тірелгенде, жанын қайттаған ол «сүйгені» Бәкизатқа қарамай, жағаға ышқына қашады. Теңізде қайта дауыл көтеріліп, сең ашық теңізге қарай ыққанда, табиғаттың аласапыран дүлейімен Жәдігер мен Бәкизат тағы да бетпе-бет қалады. Арпалысты сәтте мұз ойылып, «ұзын қара кісі» аяғын ұйыққа белуарына дейін тығып алған. Ол сіресіп мұз болып қатады. Бәкизат оның амандығын тілеп, қанша әрекет жасағанмен, бәрі кеш еді. Осы эпизодтағы Бәкизаттың шындыққа жете алмай дағдарған көңіл-күйі мен күйзелісі романда кеңінен бейнеленген. Жанын сауғалап, алды-артына қарамай тұра қашқан Әзім Бәкизаттың көңілінде шын келбетін ашса, Жәдігердің адалдығын, ерік-жігерінің мықтылығын, азаматтығын, мәрттігін таниды. Құдайдан ендігі жерде оның амандығын тілейді. Бірақ бәрі кеш, бос-мағынасыз болатын. Шығармадағы буырқанған теңіз, ыққан сең сөйтіп аяусыз сынақ алаңына айналған.
Адам әрекеті нәтижесінде табиғи кешендердің
өзгеруі
Достарыңызбен бөлісу: |